[:kz]
Қазақ тарихында талай атымтай жомарттың аты аталады. Бірақ бірегейі санаулы ғана. Үш жүздің басын қосып, алты алашқа сауын айтқан, ұлы дүбір той жасаған, ел ішінде есімі аңызға айналған сондай тұлғалардың артында «Сағынайдың асы», «Ырғызбайдың тойы» деген сияқты аңызға айналған әңгіме қалды. Тіпті, бүгінде соларды ел-жұрты әлі ұмытқан жоқ.
Ас беру, той өткізу – байлығын бауырына басып жататын сараңдардың қолынан келмейді. Әйтпесе, қазақ тарихында жылқысы Сарыарқаға сыймаған, қойы Алатаудың қойнына толған қаншама бай-бағландар, көпестер өтті?! Бірақ олар тышқақ лақ сойып той жасап, серке сойып көкпар беріп көрген жоқ. Оны басы артық шығын санайды. Өмірбойы жиған малын көзінен таса қылмай сараңдықпен ғұмыр кешкен қызылкөздер қаншама?!
Десе де, қазақта жомарт жандар да аз емес. Жомарттық қазақтың қанында бар қасиет. Жоққа жәрдем беру, кедей мен кембағалға көмектесу – бұрыннан қалған салт. Сондай дәстүрді қанына сіңірген, бүгінде тұтас қазақ даласына аты жомарттықпен жақсы таныс, үндемей жүріп, талай жанға жақсылық жасап жүрген кәсіпкердің бірі, бірегейі – Болат Әбішұлы Назарбаев.
Өткен аптада атымтай жомарт, алаштың арда ұлы Шардарада ұлына сүндет той жасап, күллі оңтүстікті дүбірлеткен той өткізді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас екен, 10 мың адамдық көкпардың аңысы әлі басылмай жатыр. Әр той мен қуаныштың өзіндік қызығы болады. Болат Әбішұлының отбасы өткізген күнгейдегі тойдың басты мақсаты – сүндет той жасап ат шығару немесе көксерке тартып ат шаптыру емес, қайырымдылық қылып, ел-жұртына игі іс жасау болды. Той – соның бір себепкері.
Қайырымдылықты да анау-мынау адам жасай алмайды. Қолында байлығы бар қай кәсіпкер жұртқа шүлен таратып жатыр? Ал меценаттың отбасы Шардарадағы сүндет тойда өз әулеттерінің атынан өңірдегі 10 мүмкіндігі шектеулі жан мен 10 көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға 1 миллион теңгеден қаржылай ақша таратты. Көмек алғандардың ішінде Арыс тұрғындары да бар. Ақшалай және заттай сыйлық алғандардың сол сәттегі қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын. Болат мырза келген қонақтар мен ауыл ақсақалдарына да шапан жауып, қомақты қаражат ұсынды.
Қазір оңтүстіктегі ағайын той мен көкпарды ғана емес, той иесінің атымтай жомарттығын көбірек сөз етуде.
Атшабарда Түркістан облысының атқамінерлері мен бірге, белгілі миллионер Серікжан Сейтжанов пен көкпар федерациясының Президенті Мұхтархан Ділдәбеков де бой көрсетті. Игі жақсы бас қосқан ұлы той болды.
Талай байды, талай миллионерді көріп жүрміз. Байлығын шетелдің банкінде сақтап, той-томалағын сол жақта жасап, қазаққа тамшы тамызбайтын сараңдармен салыстырғанда, бұл той көпке үлгі болғаны анық. Өйткені, өз елінде, өзінің қара орман қазағының ішінде мұндай аста-төк дүбірлі той өткізу байлықтың-барлықтың ісі емес, жомарттықтың, қайырымдылықтың, шынайы жанашырлықтық, қамқорлықтың ісі. Көкпар да, осы жолғы дүбірлі қуаныш та соның дәлелдеді.
Әлеуметтік желілерде тараған әртүрлі видеодағыдай, меценат миллион доллар төлеп, орыстың әншілерін шақырған жоқ. Керісінше, отандық жұлдыздардың жұлдызын жақты. Белгілі әншілер оңтүстік жұртының алдында әуелетіп ән салып, елдің мерейін бір көтеріп тастады. Олардың арасында Қайрат Нұртас, Мақпал Жүнісова сияқты халықтың сүйкімді өнер майталмандары болды. Тіпті, аламан айтыс та ұйымдастырылды.
Көкпар қазақ халқының ұлттық спорт ойындарының ішіндегі төресі. Жігіттің батырлығы мен батылдығын, жылқының қазанатын сынайтын дода. Халқымыздың ұлттық бренді саналатын қымыз бен көкпарды басқа халықтар меншіктеп жатқан тұста, мұндай спортқа жанашырлық жасау – көп адамның қолынан келе бермейтін іс. Ал Шардарада ұлттық спортты қазық еткен той – қазақ спортына көрсетілген құрмет, берілген баға сияқты көрінді.
Болат Әбішұлының көпке жарияламай-ақ, үндемей жасап жүрген қайырымдылық шаралары көп. Бұрынғыларын айтпағанда, осыдан он күн бұрын ғана меценат өзінің кіндік қаны тамған өңір – Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына Қарасай батырдың айбынды ескерткішін тұрғызып берді. Сондай-ақ, Қаскелең қаласындағы мәдениет үйіне құрылыс жұмысын жүргізіп, қала көшелері мен жолдарын жөндеп берген. Көптеген отбасыға өз қалтасынан қаржылай қол ұшын да созды.
Міне, Үшқоңырда туған қазақтың болаттай берік бір ұлы Болат Әбішұлы өз халқының ортасында, өз елінде осындай жақсылықтар жасап жүр. Қазақта «Қарға жемін басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген мақал бар. Болат мырзаның жүрген жерінде қайырымдылық жасап, кедей мен жоққа, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасап жүрген жақсылығының бәрі – сол сұңқар мінезінің, ер көңілінің айқын көрінісі.
Автор: Салтанат Шырынxан
*PR құқығында
[:]