[:kz]
Бүгінгі таңда түрлі жазбалармен бөлісіп, әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып қана қоймай, енесінен үйренген түрлі лайфхактарымен, яғни пайдалы кеңестермен ұдайы бөлісіп отыратын блогер келін де бар.
Айтып отырғанымыз, Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Талапты ауылының тұрғыны Меруерт Нышанова. 26 жастағы келіншек университеттің биология факультетін бітіргенімен қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр. Бүгінде ол 3 қыздың анасы.
«Іnstagram» желісінде бір жылдан бері блогерлікпен айналысатын Меруерт өзі салатын пайдалы жазбаларын лайфхактар деп атайды және оның әрбірінің қазақ келіндерінің кәдесіне жарайтынына сенімді. Бүгінде 10 мыңнан астам оқырмандары бар.
«Әуелде «Іnstagram»-ға жеңгем кіріп жүретін, мен де соған қызығып парақша ашқанмын. Содан соң «Асыл шаңырақ» деп аталатын Гүлжан Қайназарқызы ұйымдастырған жобаға қатыстым. Сол кезден бастап-ақ ауылдың тұрмыс-тіршілігімен бөлісіп, суреттер салып, жазбаларыммен толықтырып отырдым. Мен істеген шаруаларымды «адамдарға бір пайдасы тисін» деген оймен салып жүрдім. Кейіннен оқырмандар тарапынан сұраныс көбейгесін пост салуды жиілеттім. Ара-тұра өз басымнан өткен қызықтар туралы да жазып қоямын. Өкінішітісі, бізде ғаламтор нашар жұмыс істейді. Әлеуметтік желіге ғаламтор желісі жақсы ұстаған кезде ғана кіремін.
Қазір ауылда қиналатын тірлік жоқ, бастысы, газ, су бар. Шаруам қазан-ошақтың, бала-шағаның маңынан аспайды. Қолым босаған сәтте желіге 2-3 сағатымды арнаймын», – дейді Меруерт. Ол сиыр сауып та, айран ұйытып та, құрт-май жасап та үлгереді екен. Онымен қоймай ол әр 2-3 күн сайын ауладағы тандырға нан жабады. Бір жапқанда кейде 10-11 данасын бір-ақ пісіретін көрінеді.
«Менен көпшілігі «нанды қалай жабасыз?» деп сұрап жатады. Мен дүкеннің ашытқысын да, қолдан арнайы даярланған ашытқыны да пайдалана беремін. Нан жауып жатқан кездегі суреттерімді желіге салсам, жерік келіншектер «сала бермеңізші» деп ауыздарының суы құрып жатады. Көпшілігі тандырға нан жапқан көп уақытты алады деп ойлайды, керісінше, электрлі пешке емес, тандырған нан жабу мен үшін оңай әрі тез», – дейді ол.
Ата-енесімен бірге тұратын келіншек атасының аулаға еккен бақшасында біраз нәрсе бар екенін айтады. Сөз арасында Меруерт: «Атамыз аулаға алма, өрік, шие, бадан жаңғағына дейін еккен. Көкөністерден қияр, қызанақ, болгар бұрышы да табылады. Міне, қазір қиярларымыз пісіп те қалды», – дейді.
Меруерттің парақшасында ас үйге қатысты пайдалы кеңестер жетерлік. Ол оның барлығын ғаламтордан емес, енесінен үйренгенін жасырмайды. Оның лайфхактары – күнделікті өз өмірінде көріп-біліп және жасап жүрген дүниелері.
«Әдетте құрт қалтаны ілген кезде оны құстар тесіп, айранның жартысы сыртқа төгіліп қалып жатады. Мен мата қалташаларды емес, ұннан, қанттан босаған қаптарды пайдаланамын. Одан су жақсы сорғиды. Содан соң құстар шоқымақ түгілі, сырғанап, қона да алмайды.
Сондай-ақ ет қатты болмас үшін оны алдын-ала он минуттай «Кока-кола» сусынына салып алса, жұмсарып піседі. Тұзы ащы болып кеткен сорпаға салқын су құюға болмайды, себебі қайнаған соң тұзы одан сайын еселене түседі. Ондай кезде сорпаға тек қайнаған су құю керек.
Пияздың өткір иісі мен ащы дәмін кетіру үшін оны ірі бөліктерге бөліп, он минуттай салқын суға салып қойған дұрыс.
Менен тағы бір лайфхак: ыстық шай суымай жатса, тот баспайтын болат қасықтардың 2-3-еуін шай құйылған кесеге немесе бокалға салып қойса, тез суиды. Мұндай әдісті сорпаға, басқа да сұйық тағамдарға пайдалануға болады.
Сонымен қатар жеміс-жидектер мен көкөністерді мұздатқышқа сақтап қойған тиімді. Қыстыгүні жей беруге ыңғайлы. Дәл сол секілді фаршты да, түшпараны да, самсаның қамырларын да солай салып қоямын. Қонақ келіп қалғанда тез дайындап жіберуге болады. Мен мұздатқышқа іші фаршқа толтырылған болгар бұрышын да, әсіпті де, еттен жасалған рулеттер мен котлеттерді де жартылай дайындап салып қоя беремін. Тіпті пісірілген қазы мен жілік-жілік сүйектерді де солай сақтауға болады. Бұлар бірнеше айға дейін тұра береді. Дәл осылай мұздалып сақтаған шиені қыстыгүні өзім жерік кезімде сүйсіне жедім.
Қазір оразаның кезі болғандықтан желінбей қалған шұжық, ірімшікті мұздатқышқа қоя беремін. Қалаған уақытта шығарып, балаларға пицца жасап беремін», – дейді ол.
Көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққан Меруерт әңгіме барысында өзінің бақытты екенін де айта кетті.
«Күйеуім екеуміз құрдаспыз. Бір жылда туғанбыз. Отырыста танысқанбыз. Ол да, мен де әзілге жақынбыз. Содан да болар, арамызда ұрыс болмаған. «Тете адамдар көп ұрсысады» деген сөзге сенбеймін. Айтқымыз келген нәрсені қалжыңдап жеткізуге тырысамыз», – дейді үш қыздың анасы.
Міне, блогер келіншектің бізге айтқандары осындай. Істің көзін, отбасының тілін таба білетін мұндай жандар басқаларға шынында да үлгі боларлықтай екен.
[:]