АЛТЫНОРДА
Иносми

БАШАР ӘЛ-АСАД ӘЛЕМДІК САЯСАТ САХНАСЫНА ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

imagesОңай жеткен олжа: рахат өмір әлде машахаты көп тағдыр

Қазіргі сириялық басшы 1965 жылы 11 қыркүйекте Дамаск қаласында дүниеге келген. Башар туылғанда әкесі Хафез Асад бригадир генералы болатын. Ал, 1970 жылдың қарашасында Қорғаныс министрі қызметінде болған ол, мемлекеттегі әскери төңкеріс кезінде билік басына келіп, 1971 жылдың наурызында президент болып сайланды. 

Башар Асад Хафездің үшінші баласы: оның Бушра есімді әпкесі, Басиль есімді ағасы және Маджид, Махер деген інілері болды. Дәстүрге сай тақ басына сириялық басшының үлкен ұлы Басиль Асад келуі керек-тін. Оның бойынан болашақ президенттік қырын ашып, мақсатты түрде дайындауға қаншама күш жұмсалған болатын.

Ал, Башар Асад болса, қазіргі мансабына еш дайындалмаған еді. Өз кезегінде, ол Дамасктағы «Хуррия» таңдаулы араб-француз лицейінде білім алды. 1982 жылы француз, ағылшын тілдерін мінсіз меңгеріп шыққан ол, әскерге кетеді. Аз ғана әскери кідірістен соң, ол оқуын жалғастырды. 

 

Офтальмолог болуды таңдаған Башар Асад, Дамаск университетінің медициналық факультетіне түседі. 1988 жылы аталмыш жоғарғы оқу орнын үздік аяқтап, Дамасктағы «Тишрин» ірі әскери госпиталінде офтальмолог болып қызмет атқарады.

Төрт жыл қатарынан дәрігер болып жұмыс істеген Башар Асад, өзге президенттік ұлдар секілді білім ордасы Лондонға қарай бет алды. Әулие Мария ауруханасының Western Eye Hospital офтальмологиялық орталығында ешбір саяси кедергіге жолықпай оқу үшін, ол тіпті өзіне лақап ат қойып алды.

Тыныш өмірді көздеген Башар, 1994 жылы орын алған қайғылы оқиға болмаса, офтальмолог болып, әрі кетсе Сирияның Денсаулық сақтау министрі болып қалар ма еді, кім біледі?! 1994 жылы 21 қаңтарда Башардың ағасы Басиль отырған көлік аэропортқа барар жолда жартасқа соғылып, болашақ президент жол апатында қаза табады. Кейбір сарапшылар бұл түсініксіз өлімді әлі күнге дейін қолдан жасалған деп пікір айтады.

Қысқасы, билік басына өзі де, өзгелер де күтпеген Хафез Асадтың екінші ұлы Башар келді. Ол өзінің Лондондағы рахат өмірін кенет тоқтатып, оны Дамасктағы «зеріктіретін» президенттік өмірге айырбастады. Мемлекеттік ғылымдардың «шұғыл курсын» оқып бітірген Башар, 2000 жылы әкесінің өлімінен кейін «Баас» партиясының сириялық бөлімін басқарып, нәтижесінде мемлекет президенті болып сайланды. 

 

Осылайша, офтальмологиядан президенттік басқаруға бір-ақ көтерілген Башар әл-Асад 2011 жылға дейін қазіргі «зұлым» деп бекітілген беделінен әлдеқайда алшақ еді. Батыспен серіктес болып, оның қысымымен тіпті Ливаннан сириялық әскерді де алып шыққан кездері болды. Одан қалса, бұрынғы премьер-министр Ливан Рафик Хариридің өлімінде сириялық арнайы қызметтен күдіктенген БҰҰ тергеушілерімен де Башар Асад серіктестік қызметте болды.

Ендеше, осыншалық «мейірімді» Башар «аяусыз диктаторға» қашан және қалай айналды? 

 

Мұны түсіну үшін оның биографиясынан келесі бір ерек деректі келтірейік.

Асад өзінің Лондондағы тағылымдамасы барысында болашақ жары Асма Ахраспен танысты. Ол сириялық сүнниттердің белгілі отбасынан шыққанымен, Ұлыбританияда өсіп, сонда білім алған ару болатын. 

 

 

2001 жылы «Таймс» газеті оқырмандар назарын 25 жастағы ұлыбританиялық экономист қыздың күрт өзгерген тағдырына, оның ақылына көркі сай ару екендігіне аударады. Демек,  БАҚ-тағы бұл көріністен Асадты «өркениетті қоғам» жақсы қабылдайтынын анық көруге болады.

Кейіннен, Башар мен Асманың екі ұлы мен бір қызы дүниеге келді.

Сириялық басшының жолдасы әлі де мінсіз еді. Ол туралы бұл уақытта «Elle» журналы жазған болатын. 2008 жылдың желтоқсанында басылым ең сұлу әрі ең ақылды президенттік серіктердің рейтингісін жасады. Бірінші орын кімге тиесілі болды деп ойлайсыз?! Иә, бұл уақытта да «өркениетті заман» мен сириялық үкіметтің арасы игі бастамаларға толы болатын. Аталмыш рейтингте бірінші орынға Башар Асадтың, екінші орынға Николя Саркозидің, үшінші орынға Обаманың әйелі тұрақтаған еді. Қазіргі саяси жағдайда Асадтың әйелі бірінші орын тұрмақ түгілі жалпы рейтингте де болмас еді.

2010 жылдың соңында АҚШ-тың Қиыр Шығысқа қарай бағытталған желі кенет 2011 жылдың көктемінде Дамаскта соға бастады. АҚШ «араб көктемін» бастап, билік басына әл-Каиданы әкеле бастады. Бұл туралы Башар Асадтың өзі ВВС-мен былай бөліскен еді: «Мен батыста оқыдым. Францияда да, Англия да мені демократ, реформатор деп атайтын. Осыншалық аз уақытта жауыз патшаға, аяусыз тиранға қалай айналғанымды өзім түсінбеймін», — деп, күліп айтқан болатын 2012 жылы мамырда берген сұхбатында.

«Араб мемлекеттерінде не болып жатқаны сіздерге белгілі. Билікке ислам емес, исламдық радикалды топтар келуде. Ал құрбан болғандар – мыңдаған жазықсыз халық. Біз күресіп отырғандар да – сол исламистер: бұл белгілі бір партиялардың немесе саяси қозғалыстардың бір-біріне қарсы тұруы емес, исламизмнің билікке ұмтылуы», — деп те мәлімдеме жасаған еді сириялық басшы сол кездері. 

Бүгінгінің айнасы

Қазіргі таңда батыс БАҚ-тарының сириялық соғыс жайында жазып һәм көрсетіп жатқандарына сүйенетін болсақ, мемлекет басшысы Башар әл-Асадтың жүргізіп отырған саясаты реттілігі мен жүйелілігі жөнінен мүлдем түсініксіз құбылыс: оның бірде күйреу қауіпіне ұшырап,  бірде жеңуіне аз қалатынына не дерсіз?.

Шындығына келгенде, Сириядағы соғыстың бағыты да, барысы да үнемі өзгеріп отырғанына қаншама рет куә болдық. Мәселен, 2011 жылдың наурызынан 2013 жылдың қазанына дейін Асад бұл соғыста жеңіліп келген болатын. Бұл мерзімнен кейінгі бір жарым жыл бойы оның қадамы, бәлкім, сәтті болды, бәлкім, қолдаушылар қатары көбейді, қысқасы жеңіс серігіне айналды. 2015 жылдың сәуірінен бастап, сириялық қарсы барлау басшысы Рустум Ғазалидің өлімінен кейін және Қауіпсіздік басқармасының директоры Әли Мәмлүктің қатты сырқаттануына байланысты үй қамауында болуы сириялық басшыны біраз тығырыққа тіреген еді.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, сол заматта Асадтың жеңілуі сөзсіз орнайтын көрініс еді. Себебі, ол бақылауда ұстағысы келген біраз аймақтан қол үзіп қалды. Одан қалса, қаншама жауынгерлік күш пен қажетті ресурстардан айырылуы тағы бар, оларды мемлекет тіпті тиісінше алмастырып үлгермей жатты.

Бірақ, Асадтың ең осал тұсы – экономика болатын, әлі де солай. Асад «Аддуниа» арнасы арқылы шетелде тұратын сириялықтарды әлсіреген ұлттық валюталарды жаппай сатып алуға да шақырған еді. Мұнай бағамының төмендеуіне байланысты мемлекеттегі ауыр жағдайды бірінші болып батыстық санкциялар кенет сезінген болса, Иран мен Ресей қаржылық көмегін қысқартуға мәжбүр болды. Оқиғаның осылай өрбуі, экономикалық тұрақсыздықтың салдары сол замат биліктің жеңілуіне әкелер ме еді, кім біледі?! Бірақ, Ресей қаржылық көмегін қысқартқанымен, әскери көмектен аянып қалмады.

Батыс БАҚ-тарында Асадтың және сириялық соғыстың шынайы көрінісін тұман басты. Даттап қана жазатын бұл басылымдардан бір сәтке алшақтасақ, Сирияның азаматтық соғыс шаңынан беймәлім бұлыңғыр болашаққа ұмтылған қадамдарын ғана көруге болады. Оның үстіне, қазіргі жағдайда қайсының жеңіс, қайсының жеңіліс екенін ешкім де ұға алмайтын халге жетті. Тіпті гипотетикалық сценарий аясында Асадтың өлімі, я Дамасктан біржолата қашуы орын алған жағдайда да, президенттің қарулы күштері ешқайда жоғалмайды. Жауынгерлердің бір бөлігі әскерден қашып, енді бірі қаза тапса да, қалғаны жаңа хаосқа ұласып, соғыс жалғасын таба береді, таба береді…

Назгүл Назар

«Қамшы» сілтейдi

Cуреттер«Қамшы» поталынан алынды