[:kz]
11 жастағы Өркен Азаматұлыны өлтірді деп айыпталған Шарипа Ақбердиеваға қатысты сот үкімі шықты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Өркен Азаматұлының өгей шешесі Шарипа Ақбердиева кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 125-бабы және 132-бабы бойынша айыпты деп танылды. Ал оның ұлы Темір Ақбердиев 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Өгей ағасы Қадыржан Гулямов 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Шарипа Ақбердиеваның қызы — Айдана Ақбердиева 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Такси жүргізушісі Руслан Муталипов 17 жылға қамалатын болды. Сондай-ақ, оның автокөлігі тәркіленді. Айта кетейік, Өркен Азаматұлының әкесі сот отырысына келмеді. Сотқа өлтірілген Өркен Азаматұлының анасы мен әжесі ғана келді.
Осыған дейін Шарипа Ақбердиева өзінің соңғы сөзінде соттан ұлына 5 жыл қосуын сұраған болатын. Сондай-ақ, әйел соңғы уақытта балалардың тәрбиесімен айналыспағанын айтып өткен болатын. Осыған дейін Шәрипа Ақбердиева сот кезінде баланы өлтіруге кінәлі екенін мойындап, өлтіруге екі себеп болғанын айтқан еді. Айта кетейік, 24 қаңтарда баланың өгей шешесі және тағы да төрт күдікті екі айға қамауға алынған болатын. Сондай-ақ, осыған дейін полицейлер баланың өліміне қатысты жаңа деректерді жариялаған еді. Сол мәліметтер бойынша, Өркен Азаматұлының өгей шешесі мен оның төрт сыбайласының осы қылмысқа қатысы бар. Күдіктілердің арасында әйелдің қызы мен баласы бар екені белгілі болды. Тергеу мәліметінше, ол баланың әкесінен кек алу үшін осындай қылмысқа барған. Әйел қылмыс жасамай тұрып, Шымкенттен бірінші некедегі 1995 жылғы ұлын шақыртқан. Содан ол досымен бірге сонда келіп, әйел оларға баланы ұрлау үшін 100 мың теңге ұсынады. Кейінірек әйелдің 1997 жылғы қызы, ұлы және оның досы баланы аңдып, 19 қаңтарда ұрлап кетеді. Сонымен қатар, ІІД ресми өкілі баланың өгей шешесі мен оның досының Шымкентке кетпекші болғанын айтты. Алайда олар ұсталды, себебі баланың әжесі арыз жазған. Айта кетейік, 11 жастағы Өркен осы уақытқа дейін әжесімен бірге тұрған екен. Әжесінің айтуынша, Өркен жауапкершілігі бар бала болатын және ол ешқашан кешікпейтін. Ал кейінірек өлтірілген Өркен Азаматұлының анасы мәлімдеме жасаған болатын.
Толығырақ: https://kaz.tengrinews.kz/
[:]