АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]12 балалы отбасы аш-жалаңаш отыр[:]

[:kz]

Осыған дейін «Замана» газетінде түрлі адам тағдырлары туралы жазылғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бұл біздің басылымның қиналған жанның мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтындығынан болар.

Иә, қоғамда тағдыр азабын тартып, өмірден теперіш көрген жандардың күн санап артып келе жатқанына жанымыз ауырады. Шындығында, қап арқалаған ана мен қайыр сұраған баланың көбейіп кетуіне кім кінәлі?

Бүгін тағы бір өзгеше тағдыр иесі Айсұлу Жәлелқызы туралы әңгіме етпекпіз. Айсұлу – Шымкент қаласының тұрғыны. Жасы – 34-те. Бүгінде ол 12 баланың анасы. Үлкені  20 жаста, одан кейінгісі 18-де, үшіншісі 17-де, төртінші баласы 16-да, бесіншісі 15 жаста, одан кейінгілері егіз, 12-де, сегізіншісі 11-де, тоғызыншысы 6-ға келген, оныншысы 5 жаста, он біріншісі 3-те. Ең кішісіне 1 жасқа толыпты. Өкініштісі сол, осынша баласы бар отбасы қазір ішерге ас, киерге киім таппай титықтап отыр, пәтерден пәтерге көшіп, қарыздана-қауғалана өмір сүріп жүр.

 

Айсұлу 13 жасында тұрмысқа шығып, үлкенін 14 жасында босаныпты. Ерте күйеуге кетуінің де себебі жоқ емес. Анасы мұның небәрі жеті жасында өмірден озған. Ал әкесі екінші рет үйленгенімен отбасының берекесі болмай, ырың-жырыңмен өмір кешеді. Айсұлу 13 жасты енді иектеген кезінде әкесінің досы оны өзінің 18-дегі ұлына айттырады. «Бәлкім көзімнің тірісінде қызымды құтты орнына қондырайын деген шығар», – дейді Айсұлудың өзі.

 

Содан қызы 14 жасқа келген шағында әкесі де дүние салады. Ананың  орны осындайда білінеді екен. Айсұлу 13 жасында біреудің босағасын аттағанымен мектеп табалдырығын аттамамаған. Ол сол бойы оқушы атанбай, әріп те, сан да білмеген күйі өмір кешіп келеді.

Айсұлудың жалғыз інісі болған екен, ол да біраз уақыт төсек тартып жатып, жақында аты жаман аурудан қайтыс болыпты. «Туған-туыстан да жұрдаймын», – дейді Айсұлу. Таусыла сөйлегеніне қарап «жалғызбасты болып қалмады ма екен» деген күдік туып, одан күйеуі туралы сұрадық.

– Иә, күйеуім бар ғой. Бірге тұрамыз. Бірақ денсаулығы нашар. Қан қысымы көтеріліп кетсе, басы айналып, көзі қарауытып, құлап қалатыны бар. Жұмысқа жарамсыз. Қазір барлығы менің мойнымда. Өзім әрекет жасап, балаларымды сүйреп келемін. Одан ешбір қайыр жоқ. Кейде Атырауға вахталық жұмысқа кетеді,  кейде ұсақ-түйек бірдеңелер жасайды. Бірақ ақша әкелмейді. «Бермеді», «алмадым» деген сылтауы көп. Қазір де Атырауда.

 

Үлкенім «Парасат» колледжінде оқып жүрген болатын. Ай сайын оқу ақысына 27 мың теңге құйып тұратынмын. Қалтам көтермей: «Әйтеуір бір оқырсың. Жұмыс істеп, бізге жәрдемдес», – деп оны да оқудан шығарып алдым. Бастапқы кезде аздап қарайласып жүрген еді, қазір ол да жұмыссыз отыр.

Өзім де әр жерде бір жұмыс істеймін. Ешқашан үйде қарап отырған емеспін. Босана сала да өзімді аямай жұмысқа жегетінмін. Әжетхана жуып, күндігіне 1000 теңге алып жүргенмін. Барып-келу жолым бар, сонда небәрі 700-800 теңгеге күнелтетінмін. Ол да болса күнделікті нан-пұлымызға жарап тұрған. Міне, бір апта болды, ол жұмыстан шығарып жіберді. Менің орныма өзінің бір танысын кіргізетін болыпты. Енді ешқандай кіріс көзі жоқ. Ішіп-жемсіз отырмыз. Енді жан-жақтан басқа да жұмыстар қарастырып жатырмын. Жазу-сызу білмеген де қиын екен, оның да кедергісі көп болып тұр. Қазір елдің ең соңында қалдық. Мен жұмыс істесем үйге мардымсыз тиын-тебен кіреді, істемесем ол да жоқ. Шиеттей бала-шаға тек өзіме қарап тұр, – дейді Айсұлу.  

 

Оның күйінетіндей де жөні бар. Жалғыз өзі жандалбасалап, бір қора баланың аузына не тосарын білмей жүр емес пе? Әттең, осындайда ерлеріміз мықты болса ғой деген ой келеді. Демография деп дүр сілкінген мемлекетпіз, бірақ он екі баланы өмірге әкелген жап-жас ананың жайы жан сыздатады. Осы тұрғыда Айсұлудың мемлекет тарапынан қандай көмек алатынын да білгіміз келді.

 

– Иә, жәрдемақы алатынмын. Бірақ қазір одан да қағылып отырмын. Себебі 6-7 ай болды, соттың шешімімен есеп-шотым бұғатталып қалған. 8 және 9-сынып оқитын екі қызым былтыр мектепке киіп баратын қыстық аяқ киімдері мен күр­тешелері болмай, сатып әперуге жағдайым келмей, қатты қиналып жүрген кездерім еді. Сөйтіп бір айдай сабақтан қалып қойған болатын. Содан өткізген сағаттары көбейіп кетті деп айыппұл салған. Енді бұғаттал­ған есеп-шотымды ашу үшін 60 мың теңге ақша төлеуім керек. Әзірге оған шамам келер емес, – дейді Айсұлу.

Өздері қаланың «Қайтпас» шағын ауданында пәтер жалдап тұрады. Ішіп-жеуге азық таппай отырғандары аздай, пәтерақысының да қарызы жиналып, қинап тұрғанын айтады. Ата-енесінен ешқандай көмек жоқ көрінеді. Өйткені өздері де бір зейнетақыға қарап, құлағалы тұрған үйде өлместің күнін кешіп отырған жандар екен.

 

– Тіршілігіміз осы. Жан қиналысымды сөзбен жеткізе алмаймын. Маған сенбейтіндер де табылатын шығар. Бірақ басқа түспеген адам білмейді. Әзірге қинап тұрғаны – пәтер мәселесі. Айына 35 мың теңге төлеп тұру оңай емес. Бар тапқан-таянғанымызды пәтерақыға беріп, азық-түлік, киім-кешек жағынан тарығып қаламыз, – деп қамығады Айсұлу.

 

Бала-шағаның қамын қалай жасарын білмей шырқырап жүрген ол енді көпшіліктен үміт күтеді. Мүм­кіндігі бар жандар болса, осы отбасыны сәл демеп жіберсе, сауабы мол іс жасаған болар еді. Ел арасынан Айсұлудың жанұясына жәрдем етер жандардың табылатынына сенеміз. Себебі қазақ деген халықтың жүрегі қашан да кең ғой. Тығырыққа тірел­ген жанға көмек қолын созайықшы, ағайын!

Айсұлу Жәлелқызының байланыс телефоны: 8-778-520-15-11.

zamana.kz/

 

[:]