[:kz]
2020 жылға қарай ақылы жолдардан 33 млрд. теңге кіріс түседі. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
«Бүгінде көптеген автомобиль жолдары жаңғыртылып, салынып жатыр. Сондықтан жолдарды сапалы күтіп ұстау және жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қала бермек. Мемлекеттік бюджетке жүктелімді төмендету әрі жолдарды күтіп ұстау өзін-өзі өтеуін қамтамасыз ету мақсатында Астанадан Щучьеге дейінгі ақылы жол үлгісінде жаңғыртудан өткен барлық автомобиль жолдарын ақылы жүйеге кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Мұндай шара 2020 жылға қарай ақылы жолдардан алынатын алым көлемін 33 млрд. теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр.
Оның айтуынша, 2022 жылға қарай Қазақстандағы ақылы жолдардың ұзындығы 7 мың шақырымға дейін жететін болады. Осы ретте ол еліміздегі ең бірінші ақылы болған Астана-Щучье автжолының орташа жылдық қарқындылығы тәулігіне 8 мың көлікті құрайтындығын атап өтті. Бұл ретте түскен қаржының 30 пайызы жеңіл көліктен алынады. Ал қалғаны жүк көліктеріне тиесілі.
«Қолданыстағы тариф шетелдермен, оның ішінде көршілес Ресей мен Қытаймен салыстырғанда біршама төмен. Бұл елдерде жеңіл көліктер үшін сәйкесінше 5 және 15 теңгені құрайды. Жүк көліктері үшін тариф шақырымына орташа есеппен 50 теңге. Ағымдағы жылы 1,2 млрд. теңге жиналады деп жоспарлануда. Бұл аталған жолды күтіп ұстауға кететін шығындарды жабуға толық жетеді», — деді Қасымбек
[:]