[:kz]
Фейсбук әлеуметтік желісінде Алматыда күні кеше орын алған оқиғаның видеосы тарады. Нөмірі 23 автобустың жүргізушісі мүмкіндігі шектеулі баласы бар әйелді автобусқа кіргізбей қойған. Умму Хадижа Абдусамат деген фейсбук қолданушысының түсірген бұл видео халықтың ашу-ызасын тудырды. Құрбан айт кезінде адамгершілік танытып, мейірімді болуға ұмтылудың орнына қатыгездік танытқан автобус жүргізушінің тиісті жазалануын сұрауда. Умму Хадижа Абдусаматтың байланыс нөмірін тауып, сол күнгі оқиғаны егжей-тегжейлі айтып беруін сұрадық.
-Өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Умму Хадижа Абдусамат деген сіздің шын есіміңіз бе?
– Аты-жөнім — Ләззат Қозыбаева. «Хадижа», «Абдусамат» деген балаларымның есімдері. «Умму» деген «ана», «анамын» деген мағына білдіреді. Хадижа мен Абдусаматтың анасымын яғни. Жалпы, өзімнің үш балам бар. Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында тұрамыз.
-Сол күнгі оқиғаны еске алыңызшы. Қайда бағыт алған едіңіз?
– Бұл 20-тамыз күнгі оқиға. Сағат 11-лер шамасы болатын. Орталық мешітті көмек көрсетеміз деп шақырған болатын. Өзімнің балаларымды, көрші әйелдің балаларын ертіп алған едім. Жанымда мүмкіндігі шектеулі көрші әйел болды. Барлық базарынан Орталық мешітке баратын қоғамдық көлікке отырмақшы едім. 11 автобусты көрмеген мен 23 автобусқа кірмекші болдым. Аялдамаға келіп тоқтаған автобустың есігі ашық болды. Іші толған адам. Менің мүмкіндігі шектеулі баламнан басқа барлық балалар кіріп үлгерген болатын. Ендігі кезекте көрші әйел кірмекші еді. Кенеттен автобустың есігі жабыла қалды. Мүмкіндігі шектеулі әйелдің аяғы қысылып қалды.
-Ескертпестен есікті жабуына не түрткі болды? Кондуктор көмекке келді ме? Көрші әйелдің аты-жөні кім? Ол кісі қазір қандай жағдайда?
– Балалардың арасында мектеп жасына жетпеген балалар да бар. Оларға ақша төленбейді ғой. Мектепке баратын балалар үшін құнның жартысын төлейміз. Осыны алға тартқан болуы керек. Әйтеуір қоғамдық көлікке оның көзінше жағдайы нашар біздің кіруімізге қарсылық танытты. Көршімнің есімі Тоқшабаева Ұлжалғас. Жағдайы қалыпты. Ұлжалғастың аяғы қысылып қалғанда қатты қорықтым. Көмек сұрап, айғайға бастым. Кондуктор көрінбеді.
-Елеңдеген біреу табылды ма? Автобустың іші лық толы дедіңіз.
– Бәрі түк болмағандай отыра берді, өкінішімізге қарай. Мен болсам, арбада отырған баламмен шыр-пыр болдым. Жүргізуші ескертпестен есікті жаба салғанына, әйелдің аяғына зақым келтіре жаздағанына кешірім сұрамақ түгілі менің баламмен ішке кіруіме тыйым салды.
– Сол кезде ұялы телефонның көмегіне жүгіндіңіз ғой?
– Амал жоқ, видеоны қостым. Қол-аяғым дірілдеп, бойымды шок биледі. Сондықтан да дұрыстап түсіре алмадым. Негізі, адам сияқты кешірім сұраса, арбаға тағылған баламды жұрттың көзінше өзінің ыңғайсыз сезінуіне жол бермесе, мен бұл видеоны түсірмес едім. Ғаламторға салмас едім. Осындай қадамға баруыма өзі мәжбүр етті. Әйтпесе, бес уақыт намазымды қаза қылмайтын адаммын. Біреудің ала жібін аттамайтын қазақпын. Автобус жүргізушінің қатыгездігі, дөрекілігі жүрегім ауыртты, көңіліме қаяу түсірді.
– Ары қарай оқиға қалай өрбіді?
– Кенеттен кондуктор пайда болды. «Видео түсірмесеңіз. Бұл автобусқа ешкім отырмайды. Нөмірі 11 автобусқа не үшін отырмадыңыз?», — деді ол. Аялдамаға келіп тоқтаған, онымен қоса адамға лық толы, «отырыңдар» деп артқы есігі ашылған қоғамдық көлікке біздің отыруымызға бұлар неге сонша қарсы болды деп қайран болдым. Автобус жүргізушісі жұмсарудың орнына бет бақтырмады. «Маған не істей аласыңдар? Керек болса әкімиятқа, Назарбаевыңа айт. Сенің балаңды мүгедек қылған мен бе?» — деп ұрсыса жөнелді.
-Орталық мешітке жете алдыңыздар ма?
Иә, ақыры сол 23-ке отырдық.
—Полицияға шағымдандыңыз ба?
– Орталық мешітке барып келген соң балаларды үйге қалдырып, Барлық базарындағы полиция бөлімшесіне бардық. Арызымызды қабылдамады. Олар бұл жағдай бойынша іс қозғай алмайтынын айтты. Қажет болса жүргізушімен сөйлесетіндерін, жүргізушінің кешірім сұрайтынын жеткізді. Маған оның ұялысын берді. Бірақ автобус жүргізушісі қоңырау шалмады, кешірім сұрамады. Мен не үшін оған өзім звондаймын!?
– Автобустың нөмірін айтыңызшы
– 23 автобус. Нөмірі – 491MLA05
Баяғыда үнді киносын көріп отырғанда ұрыс-төбелес, айғай-шу орын алып жатқанда араша түсіп, көмек көрсетпейтін, немқұрайлық танытатын үнділерді көріп таң қалатынмын. «Қалайша құр қарап тұрады?», «Неге жедел жәрдемге звондамайды?», «Неге көмектеспейді» деген заңды сұрақ туындайтын. Мына видеоны көріп отырып, өкініштен бармағымды тістедім. Айырмашылығымыз жоқ екен.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ләззат Қозыбаеваның басынан өткен жағдайын жалпы жұртқа жария ете отырып, әдепсіздік, арсыздық танытқан алматылық жүргізушінің тиісті жаза алуына себепкер болғысы келеді.
[:]