АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]4 өгей шеше көріп, балалар үйін ашқан Әминә қажы: Бәленің бәрі қазақтардан шығады[:]

[:kz]

 

Әминә қажы Әжібаева – «Перзент» балалар үйінің президенті. Ашылғанына биыл 26 жыл толған үйде балалар тек қана ислам заңдары бойынша тәрбиеленеді. Ғұмырында бала жақсы көрмеген Әминә қажының балалар үйін ашуына не себеп болды? Бұл туралы жаңа «Бірге оянайық» жобасында айтылды, деп жазады Stan.kz.

Перзент» балалар үйінің тәрбиеленушілері шариғат заңдарымен тәрбиеленеді. Ұлдардың басында тақия, қыздардың басында ақ жаулық. Әке-шешесі керек қылмаған баланы тәрбиелеудің, дұрыс жолға салудың жалғыз жолы – исламда деп біледі Әминә қажы.

 

«4-5 жастағы бала бүкіл жамандықты біледі. Әкесінің істегенін, шешесінің көшеде жүргенін біледі. Шешесі баласын ойламайды, әкесі баласы барын білмейді де. 26 жылда түсінгенім, балаға жақсылап тәрбие беру тек қана – исламнан. Басқа балалар үйінен неше түрлі балалар келеді. Ауызда темекі, ә десең, мә деп шығады. Соларға: “У ислама два берега», – дедім. – Олар қазақша да білмейді. Қайсысын аласыңдар? Оң жақ – исламды таңдап, намазға тұрып, сүннетке жатсаңдар, менімен қаласыңдар.

Болашақтарың жарқын болады деп уәде беремін. Ал екінші жол – дала. Кеткендердің көбі жаман жолға түсіп кетті. 4-5 ай тұрды, шыдамады. Менің намазыма, тіршілігіме шыдамады.

Ал қалғандарының 2-3-тен балалары бар. Менің шартым сондай», – дейді Әминә қажы Әжібаева.

Дінді берік ұстанатын балалар өмірдің өзге салаларынан да шет қалмайды. Ел қатарлы мектепке барады. Басқа балалар сияқты толыққанды өмір сүреді.

«Театрға да, циркке де барамыз. Ешнәрседен қалмаймыз. Ислам дініндеміз деп ештеңеден қалмаймыз. Жаз бойы Қапшағайда жүреміз. Ән де, би де, компьютер де, бәрі бар. Тек басқа балалар үйінен айырмашылығы – бес уақыт намаз, басындағы жаулығы мен тақиясы. Ислам тәртіп әкеледі», – дейді Әминә қажы.

16 жасында анасынан айырылып, үш сіңлісіне бас-көз болып қалған Әминә апай 4 өгей шеше көрген. Басынан өткен ауытрпашылық әсер етті ма екен, ғұмырында балаларды жек көргенін айтады.

«Әкеміз 46 жасында қалды. Мамамыздың 1 жылы өткеннен кейін бір әйелді әкелді. Ол кісі бізді тоқпақтады. Іше бастағаннан кейін, әкем шығарып тастады. Басқасын әкеледі. Сөйтіп 4 өгей шеше көрдік. Соның ішінде біреуі ғана жақсы болды.

Ол кісі үлкен қызметте болды. Ішіп кетіп, кішкентай қызын тастап кетті. Ол қыз әлі күнге дейін менің төртінші сіңлім болып есептеледі.
Осы балалар үйінің ашылуына қарсы тұрғаны үшін мен күйеуіммен ажырасып кеткен адаммын», – дейді қажы.

Балаларды жек көрген кісі қалай балалар үйін ашты деген сұрақ елді мазалайтыны сөзсіз. Оны қажы былай деп түсіндірді: 

«1993 жылы бірінші болып Алматыда үйден асхана аштым. Барахолка жанымызда болды. Бүкіл ұйғырлар, Қытайдан келген қазақ жігіттер менің қолымнан тамақ ішетін болды. Неге десеңіз, бұл бір ғана ислам асханасы болды. Қойды көзінше соямыз. 7-8 қойдан кәуәп жасайтынбыз. Қол деген «гүп» болып ісіп кететін.

Ораза кезінде зекет дейді. Қолымдағы ақшаны қайда апарсам болады деп отырғанда, қолымда істеген келіншек: «Апай, жақын маңда балалар үйі бар, қазақ балалар көп» деді. Сондай намыстандым. Бірінші рет бардым. Ешқандай сөйлей алмай, жылай бердім. Көбіне бәленің бәрі бізден шығады екен ғой», – деп еске алды ол.

Бұдан кейін жетім балаларға көмектесуді ойлап, 50 гектар жер алып, көкөніс еккен. Күндердің күнінде балалар үйінің 50 жылдығында басшылық Әминә қажы Әжібаеваны демеуші ретінде жариялаған. Содан бастап, Әминә апайдың табалдырығында тастанды балалар көбейген.

Бүгінде Әминә қажы қанша бала бағып-қаққанын білмейді, себебі есептемейді. Туған әке-шешесі іздеп келсе, бетін қайтармайды. Себебі ислам бойынша, оған құқығым жоқ дейді. 

 

 

[:]