АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]5 баласымен үйсіз – күйсіз жүр[:]

[:kz]

«Замананың» элек­тронды почтасына Сарыағаш ауданынан хат келді. Хат иесі өзінің басындағы қиын жай туралы айта келіп, көмек қолын созуымызды өтініпті. Ол кісі былай дейді:

«Мен, Айша Мақсатқызы 37 жастамын, оралманмын. 5 шиеттей баламен әліге дейін баспанасыз, үйсіз-күйсіз тірлік етіп келемін. Жұмыссызбын, үй немесе учаскелік жер алуға да ақшам жоқ. Күйеуім Тазабек іліккен жұмысты істеп, нанпұл табады.

Бұдан 10 жыл бұрын 2007-жылы шілде айында Сарыағаш қаласы әкімдігіне үй салу үшін учаскелік жер сұрап өтініш бергенмін. 1723-ші болып кезекте тұрмын. Бірақ, міне, 10 жылдан асты, осы күнге дейін сол учаскелік жерге қолымыз жетпей келеді.

Қалалық әкімдікте жер кезегінде тұрғандардың тізімі құлаштай болып 10 жылдан бері тұр. «Шөп үстінде ит жатыр, не өзі жемейді, не біреуге алғызбайды» дегендей, қағаздағы тізім бізге баспана бола ма?

Халықтың санын көбейту қажет дейді, көбейтіп жатырмыз. Үйіміз жоқ. Мен, күйеуім және 5 баламен 7 адамбыз. Әпкем Эльвираның бір бөлмелі барак пәтерінде тығылысып әрең отырмыз. Ол да жуырда келеді, пәтерді босат деп жатыр. Енді қайтпекпіз?

Сарыағаш қаласының әкімі соңғы жылдары 7 мәрте ауысты. Бәрінің айтатыны – инфрақұрылым бітсін дейді. Сол адыра қалғыр инфрақұрылымы қашан бітеді, тағы қанша жыл күту қажет?

Құрметті редакция! «Замана» – ел газеті. Маған жерді алуға, баспаналы болуға көмектессеңіздер екен, 5 баламның атынан, Алланың атынан жалынып көмек сұраймын.

Осы өтініш хатыма 5 балам, отбасыммен бірге арнайы газет үшін түскен суретті де қоса тіркеп отырмын. Талай жандарға қолғабыс жасадыңыздар, мен оны жақсы білемін. Сондықтан мен де енді тек қана Сіздерден жәрдем күтемін.

Сәлеммен, зор үмітпен – көпбалалы үйсіз ана Айша Мақсатқызы».

…Сарыағаштан хат жолдаған әйел осылай деп жазыпты. Біз бұған орай Сары­ағаш қаласы әкімдігіне хабарласқан едік. Әкім аппаратының іс басқарушысы Сүндет Белқожаев ол жақта расында да әзірге жер телімдері беріліп жатпағанын айтты.

«Бүгінде қала бойынша жер алу кезегінде 5543 адам тұр, тағы да 376 адамнан өтініш түскен. Жалпы, жер берілуі үшін ол аумаққа инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуі керек деген бұйрық бар. Жұмыстар жүргізіліп жатыр, әзірге жолдар салынуда. Қажетті қаржы бөлінсе, басшылар тарапынан шешім болса, жер беріледі. Бұл келесі жылы мүмкін болатын шығар. Әзірге біздің бар айтарымыз осы», – дейді ол.

Сарыағашта жер теліміне өтініш бергендер әлеуметтік жағдайына қарай іріктелмей, жалпы тізімге алынады екен. Қалада соңғы рет 2006-жылы жер берілгенде бірден кезекте тұрған 2 мың адам қамтылыпты. Егер А.Мақсатқызының тізімде 1723-ші кезекте тұрғаны рас болса, жаппай жер беріле қалған жағдайда ол кісілерде жер теліміне алғашқылардың бірі болып қол жеткізуге мүмкіндік бар сияқты.

Дегенмен де… А.Мақсатқызы бізге жолдаған хатында әпкесінің үйінде уақытша тұрып жатқандарын, оны таяу арада босатуы тиіс болатынын жазып отыр. Яғни пәтерден шықса, далада қалмақ. Күн суытып, алдымызда қыс келе жатқанда бір үйлі жан осындай қиын халге душар болғалы отыр. Ендеше Сарыағаш қаласындағы тиісті басшылар бұл отбасыға қандай да бір жолын тауып жәрдемін жасаса екен дейміз. Жер теліміне қолдары жетсе, әрекетін жасап, баспана тұрғызып алар, ал оған дейін көмегін көрсетіп, демеп жіберсе дұрыс болар еді. Біздің сарыағаштық басшылар тарапынан осындай бір азаматтық әрекет жасаларына сенгіміз келеді.

Біз бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстайтын боламыз.

Д. НҰРПЕЙІС

zamana.kz

[:]