АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]5 жастағы Бекзадаға жомарт жандардың көмегі керек[:]

[:kz]

Барлық ана баласының аман-есен болғанын, күліп-ойнап жүргенін қалайды. «Баламның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» деп тілейді. Ал бала ауырса оның сауығып кетуі үшін кез келген ананың тау қопаруға әзір екені белгілі. Таяуда біздің редакцияға Айгүл Шекерова есімді осындай бір әйел хабарласты. Ол «Замана» газеті арқылы көпшіліктен көмек сұрауды ұйғарыпты.

 

«Мен 1991-жылы туылғанмын. Шым­кенттікпін, анам мен сіңлім «Зеленая балкада» тұрады. Өзім Түлкібас ауданындағы Дәубаба деген ауылға тұрмыс­қа шыққанмын. Бірақ қазір екі қызыммен қалада пәтер жалдап тұрамын, – дейді Айгүл. – Себебі таудың баурайындағы ауылдың ауа райы аурушаң қызыма жақпады. Талма ауруы бар еді, сонысы асқынып кеткесін қалаға көшуіме тура келді.

 

Тарқатып айтар болсам, менің үлкен қызым Бекзада 2013-жылы дүниеге келген. Сал дертінің ең ауыр түрімен ауырады, эпилепсиясы тағы бар. Негізі туылған кезде сап-сау еді. Тек невропатологтар гидроцефалия (бас сүйек куысында ми-жұлын сұйықтығының көлемі нормадан көп) деген диагноз қойған болатын. Сосын біз оған қарсы дәрі-дәрмектерді қабылдадық. Қорқынышты емес, жазылып кетеді деп ойладық. Бірақ қызым күндіз-түні жылай беретін. Оның себебін дәрігерлер: «Қызыңыз «черепное давлениемен» ауырады, әрі басында суы бар болғасын жылайды. Басқа ештеңесі жоқ», – деп түсіндірді. Осылай Бекзадам 1 жастан асты. Бірақ ешбір қимыл-әрекет жасамайды. Өзге балалар секілді жүруге, отыруға талпынбады. Содан бастап жан-жаққа тексерте бастадық. Басын «МРТ»-ға түсіріп едік, бас сүйектің ортасы ашық тұрғанын көрдік. Оны көрген жергілікті учаскелік емхананың невропатологы: «Ашық тұрған жер – су. Дәрілеріңізді жалғастырып іше беріңіз, су кетеді», – деп шығарып салды. Алайда менің оларға көңілім толмады да, қызымды Ташкентке апарып, сонда тексеруден өт­кіздім. Ондағылар мүл­дем басқа диагноз қойып берді. «Орталық ми жүйесінің екі жағы да дамымаған», – деді. Түсінгенім, қызымның миы 3 айлығынан кейін дамуын тоқтатқан. «Сол кезден бері массаж, басқа да керекті ем-домдарды алғанда мұндай халге жетпейтін едіңіздер», – деді ташкенттік мамандардың бірі. Қысқасы, Бекзадамыз осылай дәрігерлердің салғырттығынан, дер кезінде тиісті ем қабылдамағандықтан мүгедек болып отыр».

 

Айгүлдің өзінің де жағдайы мәз емес. Өзі 2-топ мүгедегі. Осыдан бірер жыл бұрын туберкулезге шалдыққан. Қазір екі қызымен пәтер жалдап тұрады. Өзінің мүгедектігіне байланысты 44 мың және қызына бе­рілетін (қараушысына бері­летін жәрдемақымен қосқанда) 69 мың теңгемен күнелтіп отыр. «Оның өзі пәтерақы мен дәрі-дәрмектен артылмайды», – дейді Айгүл.

 

«Күйеуімнен, оның туыстарынан, өзімнің төркін жағымнан ешқандай көмек жоқ. Күйеуім екеуміздің үйленген деген атымыз болмаса, бірге тұрмаймыз. Ол қазір ауылда, ата-анасымен бірге. Анда-санда келіп-кетіп тұрады, болды. Шамасы менің туберкулезбен ауырғаным, қызының сырқаты оның да жүйкесіне тиіп, бізден шаршаса керек деп ойлаймын.

 

Өзім жыл сайын мүге­дектігіме байланысты диспансерде ем аламын. Осы жылы емделгенімде дәрігерлер жағдайымның тым нашарлап кеткенін, тіпті бұлай кете берсе, екі-үш жылда асқынып, өміріме қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты. «Күтінуің керек, ауруханаға жатып ем ал», – деді. Бірақ қазір менің оған жағдайым келмей тұр. Қызым отырмайды, сөйлемейді, тіпті қолына бөтелкесін ұстап су ішпейді. Жиі талып қалады. Әбден маған бауыр басып қалған, басқа адамға көнбейді», – дейді Айгүл.

 

Олардың жағдайы осындай. Кіш­кентай Бекзаданы мемлекеттік квотамен емдетуге де мүмкіндік жоқ екен. Себебі бала талма ауруымен ауырады. Оның үстіне анасының туберкулезге шалдыққаны да аяққа тұсау боп тұр.

 

«Жекеменшік клиникалардың бәріне хабарласып, қызымның медициналық құжаттарын жіберіп көрдім, – дейді Айгүл Шекерова. – Көбісі қызымның тым құрығанда отыра алатын жағдайға жететініне кепілдік бере алмайды. Бірақ Алматыдағы «Мақсат мед» деген жекеменшік клиниканың мамандары ғана қызыңызды өздігінен затты ұстайтындай, отыра алатындай жағдайға жеткіземіз, емдейміз деп отыр. Ол үшін аталмыш клиникада 18 күн ем алуымыз керек. Құны 300 мың теңгені құрап отыр.

 

Осы себепті мен көпшіліктен, жомарт жандардан жәрдем сұраймын. Алла разылығы үшін кішкентай Бекзадама көмек беріңіздерші! Егер оны емдейтін қандай да бір емхананы, қызымның жағдайының сәл де болса жақсаруына кепілдік беретін мамандарды білсеңіздер, онда хабар берсеңіздер екен. Бекзаданың диагнозы мынадай: «ДЦП: екіжақты гемиплегияның ауыр түрі, микроцефальді, эпилептиформалы синдром».

 

…Шымкенттік Айгүл Шекерова осылай дейді. Біз бауыр еті – баласы үшін шырылдаған анаға жәрдемдесемін дейтін азаматтар үшін оның байланыс телефоны мен есепшот нөмірін жариялап отырмыз.

 

Бекзададай бүлдіршінге қол ұшын бергісі келетіндер оның анасы Айгүл­мен 8-771-144-43-89 нөмірлі телефон арқылы хабарласа алады. Ал оның банктегі шоты:«KASPІ Gold»: 5169 4931 2685 5546. ИИН: 890626301401.

 

С. МАҚҰЛБЕК.

.zamana.kz

[:]