[:kz]
Бүгінгі таңда елімізге келген шетелдік азаматтардың жергілікті такси жүргізушілеріне жиі алданып қалып жататынын айтады. Осы орайда YouTube желісінде Danny Y атымен танымал блогер кезекті әлеуметтік эксперимент жүргізіп, мұның қаншалықты рас екенін анықтап көрді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Эксперимент барысында шетелдік азамат Гагарин-Төле би және Мақатаев-Масанчи көшелерінің бойынан әуежайға дейін такси ұстайды.
Алайда көлік жүргізушілерінің сұраған бағалары ақылға қонымсыз болып шықты. Таксистердің басым бөлігі ер адамнан бес мың теңге талап еткен. Бірі айтқан бағасын үш мыңға дейін түсіруге тырысса, енді бірі жігіттен 500 доллар сұраған.
Ал шетелдік азамат 500 доллардың орнына 500 теңге беретінін айтқанда, біраз таксиситер күліп, ондай бағаға ешкім ол жерге бармайтынын алға тартты. Десе де, олардың арасында жігітке бейәдеп сөздер айтқандар да табылған.
Айта кететін жайт, бұл мекен жайлардан әуежайға дейінгі баға 2000 теңгені құрайды. Ал ұялы телефондағы арнайы қосымшаның көмегімен, тіпті, 1400 теңгеге де жетуге болады екен.
Десе де, такси жүргізушілерінің арасында шетелдік азаматты әуежайға 2000 теңгеге жеткізіп тастайтынын айтқандар да болды.
Эксперимент соңында шетелдік азамат бұған дейін жол жөнекей кетіп бара жатқан таксистерге алданып қалғанын, содан кейін оларға жоламағанын сөз етті.
Желі қолданушылары ақылға қонымсыз баға ұсынған таксистерді сынға алды.
«500 доллар деген ұят енді», «Иманымыз берік болсыншы, бауырлар, ақшаға сатылмайық», «Мен адамдарды кейде тегін жеткзіп саламын, жақсы амалдар жасау керек екені жадисте де жазылған ғой», «Ұятсыздар, 500 доллар дегені несі», «Масқара», «Енді мынау ұят», — деп жарыса жазды олар.
Ескерту! Видеода бейәдеп сөздер кездеседі!
[:]