АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Жезқазғанда «ақша алмайтын» супермаркет бар

Қарағанды облысының Жез­қазған қаласында ерекше супер­маркет ашылды. Ерекшелігі сол – бұл сауда орталығында сатушылар сату орнын жалдауға еш ақы төлемейді һәм тауары айтарлықтай арзан. Мұндай жеңілдікке облыс әкімдігінің осы өңірдегі ірі ком­паниямен жасасқан мәмілесінің арқасында қол жеткізіліп отыр. Жезқазған қаласында ашылған қос қабатты әлеуметтік супермаркетте азық-түлік қаланың басқа дүкендері мен ба­зарларындағыдан 20%-ға арзанға са­тылады. Бағаның белгіленген межеден аспауын жергілікті әкімдік қатаң қа­дағалайтын болады. Аумағы 1700 шаршы метрді құрайтын коммуналдық супермаркеттің іші-сырты талапқа сай жабдықталған. Бір ғажабы, осындай үлкен сауда орталығы ешқандай пайда түсірмейді, тапқаны осы мекеменің жұмыс істеп тұруына жетсе, соған қанағат етеді. Са­ту­шылардан мұнда тұрып азық-түлік сау­далағаны үшін ешқандай ақы алын­байды.

– Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» өкілдері қол қойған мемо­рандумның арқасында компания өткен жылы осы ғимаратты сатып алуға және оған күрделі жөндеу жүргізуге 70 миллион теңге бөлді. Биылғы жылы сауда жаб­­­дық­тарын сатып алуға тағы 30 миллион теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек, біз тауарды қотара сатушы кәсіпорындармен келі­­сім-шарт жасасудамыз, – дейді қала әкімі Бауыржан Шыңғысов. Қала тұрғындары әлеуметтік су­пер­маркеттің ашылуы қарапайым халық үшін үлкен көмек болғанын қуана жет­кізуде.

– Бұл – қарапайым жұртшылық үшін үлкен демеу. Қарап отырсаңыз зат­тың барлығы қымбаттап жатыр. Оның ішін­де азық-түлік бағасы жиі өсуде. Осындай­­­да мынандай дүкен ашу – дер кезінде қол­­ға алынған шаруа. Халыққа нақты қажет­ті тауарлардың барлығы бар. Оның үстіне бағасы басқа дүкендердегіден 20 пайыз­­ға арзан. Бұ­дан артық не керек? – дейді қала тұр­ғыны Байғабыл Бабашев. Сауда орталығының бірінші қаба­­тын­да ет-сүт тағамдары, көкөніс, жеміс-жи­дек сатылса, екінші қабат макарон, конди­тер өнімдеріне, тұрмыстық заттарға сықап тұр. Ғимаратта ветеринарлық зертхана да, тоңазытқыш, мұздатқыш та қарасты­рыл­ған. Жезқазған әкімдігі қазірдің өзінде 19 азық-түлік тасымалдаушымен шарт жа­сасып үлгеріпті. Болашақта жергілікті би­­лікпен әріптестік орнатушы бизнес құ­ры­лымдар қатарын арттыру көзделіп отыр. Әлеуметтік супермаркет үзіліссіз жұ­мыс істейді. Алдағы уақытта дүкен­нің маңы абаттандырылмақшы. Халыққа аса қажетті деген азық-түліктің бағасын қымбаттатпай ұстап тұру мақсатында екі жыл бұрын қала­лық әкім­дік азықты мол көлемде сақтауға мүм­кіндік беретін қойма әзірлеген бо­ла­тын. Ондағы тауарлар әлеуметтік па­вильон­­дар мен арнайы дүкендерде және апта са­йын­ғы жәрмеңкелерде саудала­нып келеді. Айтпақшы, осы жылы «Қазақмыс» Жезқазғанның іргесіндегі тағы бір кен­шілер шаһары – Сәтбаевта да осындай сауда орталығын тұрғызуды жоспарлап отырған көрінеді. Ол үшін 70 миллион теңге бөлінбек.

Қамбар АХМЕТОВ
Қарағады

Айкын газетiнен алынды