Қытай. 25 шілде. BAQ.KZ – Қытайда өтіп жатқан халықаралық би фестивалінде қандастарымыздың қойған «Көрікті Іле мекенім» қойылымы көргендердің көңіл төрінен орын алып, тамашалағандардың таңдайын қаққызды,-деп хабарлайды «Шыңжаң» газетінің тілшісі Қалиәкбар Үсемқанұлы.
Іле қазақ автономиялы облысының ән-би театры дайындаған «Көркті Іле мекенім» атты қойлымының бұл би бәсекесінде алар орны өзгеше. Аты «Көркті Іле мекенім» деп аталғанымен, заты тұтас қазақ халқының тұрмыс тіршілігін, өмір кешіресін мифтік көзқарастарын бейнелеп, «дарқандығы даладай, ақ құшағы анадай» қасиетін, батырлығы мен парасаттылығын айшықтай түседі.
Бас-аяғы 70 минутқа жуық бұл қойылым «Бәйтерек», «Сайын дала», «Көркті мекен» сияқты үш үлкен бөлімнен құралады. «Бәйтерек» бөлімінде жер, дүниенің жаралуы, Жаратқанның Адам ата мен Хау ананы жаратуы, олардың кіндігінен адамзаттың өсіп-өрбуі және тіршілік дүниесінің өркен жаюы, төтемдік танымы қазақ ұғымындағы тұтас адамзаттың арғы ортақтығы ретінде бейнеленсе, «Сайын дала» бөлімі қазақтың тіршілік тарихы мен ген тарихында өсіп жатқан Сақ, Ғұн, Үйсін ұлыс-тайпаларының тұрмыс-тіршілігін тіліне тиек етеді. Төрт тек тәліматын, «Ойсыл қара», «Қамбар ата», «Зеңгі баба», «Шопан ата» сынды төрт түліктің төркінін түгендеумен қатар, қазақ халқының өсіп-өнуінде өзгеше рөл атқараған бағымшылық, аңшылықты таныстрады. Ал «Көрікті мекен» — кешегінің жалғасы, бүгінгінің кемел келбетін сөз етеді. Бай, бақытты, берекелі дәуірді, келешекке деген сенімді жырлап, ағыл-тегіл ақтарылады. Ошақтың үш бұтындай тарамдалып келіп ұлттық құндылық дейтін үлкен шеңберге тұтасатын шығарманың сыртқы тұлғасы осы.
Әрине, анмен әрленіп, жырмен жиектеліп, бимен бейнеленген бұл шығарманың өн бойында жоғарыдағыдан басқа ұлттық құндылығымызды әйгілейтін бояулар да баршылық. Қазақтың ұлттық киім-кешегі, музыка аспаптары, тағам мәдениеті, әдет-ғұрпы, өмірлік ұстанымы, махаббаты мен ғадауаты да қағыс қалмағанын былай қойғанда, қазақтың ақындар айтысы, жыраулық, күйшілік сияқты бөгенайы бөлек ұлттық өнерлеріне де өзгеше тәсілмен бейнелеудегі үлкен шеберлігі де бірден көзге түседі.
Бізше, жазушы, аудармашы Еркеш Құрманбекқызының қолынан шыққан «Көрікті Іле мекенім» атты көркем туынды Қытайдағы қазақтардың бар болмысын ашуға тырысқан.
– Жаңалық жасау ұлттық дәстүрді шетке қағу емес, керсінше, сол ұлттық дәстүрді осы заманға лайықтай отырып, осы заманның тілімен, осы заманның техникасымен, осы заманның көзімен, осы заманның ойлау тәсілімен бейнелеу деп түсінген дұрыс. «Көрікті Іле мекенім» қойылымының сценариіндегі енді бір ерекшелік — ұлттық дәстүрді сахналық тұрғыдан жаңаша тасылмен бейнелеп бере алды деп ойлаймын, дейді Е.Құрманбекқызы.
Айта кетерлігі, Шыңжаңның Іле қазақ автономиялы облыстық ән-би үйрмесіндегі өнерпаздәрдің жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуінде сәтті сомдалған қойылымға Қытай бюджетінен 5 миллион юань бөлініпті.