АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]66 жастағы апа таксиді жүйткітіп жүр[:]

[:kz]

 

Шымкентте Сәбира Сабырова есімді апа тұрады. Ол кісінің жасы – 66-да, бірақ зейнеткермін деп қарап отырған жоқ, бүгінде өзінің меншігіндегі көлігімен жұртқа такси қызметін көрсетіп жүр.

Біз бұл ерекше апа жөнінде қаланың Абай ауданындағы «Әжелер алқасының» төрайымы Бибіфатима Хамитбековадан естідік. Ол кісі осы алқаның мүшесі, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады, бүгінде №51 мектептің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы болып істейді екен. «Ол апаларың таңертең немерелерін баратын жеріне апарады, күндіз такси айдайды, кешкісін отбасы мүшелеріне, немерелеріне тамақ пісіріп, тағы басқа жағдайларын жасап дегендей, бәріне де үлгеріп жүретін мықты әйел», – деп сипаттады бізге оны Бибіфатима апай.

Арада көп өтпей «таксист» Сәбира апамызбен де жолығудың сәті түсті. Ол кісіге өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

«Көлік айдауды студент кезімде үйренгенмін. Кейін өз бетіммен айдап, тәжірибе арттырдым. Ал бұл жұмысты бастағаныма биыл 6 жыл болады. Көңіл-күй бұзылып, ауырып-сырқай қалсам, көлікке отырғасын бәрі де жайына қалады», – дейді Сәбира апа.

Айтуынша, таңертеңнен кешкі сағат 7-нің шамасына дейін 5 мың теңге төңірегінде табыс табады екен. Соған қанағат. Ал қас қарайғанша, сағат 10-дарға дейін әрекет етсе, бұдан екі есе, тіпті одан да көп табуға болады. Бірақ апаның үйде өзіне қарайлап отырған жолдасы, немерелері бар, соларға жағдай жасауы керек.

Жалпы алғанда апа «күреп» ақша табуға аса қызыға қоймайтын сияқты. Такси қызметін көрсету – ол үшін адамдарды айтқан жеріне жеткізіп салу ғана емес, олармен әңгімелесіп, жаңалықтар білудің көзі. Өзгелермен келісе алмай жатқандарды керек жеріне арзан ақыға жеткізіп салатын кездері көп.

 

«Адамдар әртүрлі ғой, – дейді Сәбира апа. – Қазір көбінің жағдайы онша емес. Соған қарай арзан бағаға, кейде тегін де жеткізетін кездерім болады.   Мысалы, кеше ғана «Айна» базары   жақтан «Бекжан» базары жаққа үш-төрт баланы тегін апарып тастадым. «200 теңгеміз бар», – дейді. Өздері жүдеу, тойынып тамақ іш­пегендері көрініп тұр. Айтқан жер­леріне жеткізіп, қайтарда өздеріңе керек болады деп бергендерін алмай кеттім. Ондайларға қарайласуға болады ғой.

Дегенмен алдап кететін суайттар да кездесіп тұрады. Өткенде бір қыздарды супермаркетке жеткізіп салған едім, көліктен түскесін қазір келеміз деп алдап кетті.

 

Анау күні де бір ер кісі такси ақы­сын бермей кетпек болды. Жанында әйелі бар еді, қуып жетіп, айт­қанымда ұяттан өртенердей болды. Такси ақы­сын өзі төледі.

Жалпы, таксистің өмірінде түрлі оқиғалар, түрлі адамдар кездеседі ғой. Әйтеуір қатардан қалмай, өзге таксистермен бірдей әрекет жасап жүрген жайым бар».

Сәбира апа 1952-жылы 7-сәуірде қазіргі Отырар ауданының Шілік ауы­лында өмірге келген екен. Әкесі Сабыр қаржы саласында, анасы Қатира мектепте еңбек етіпті. Олар отбасында 7 қыз, 3 ұл өсіріпті, бәріне жо­ғары білім әперіпті.

 

Сәбира апа 1974-жылы Алматыдағы Қыздар педагогика институтын бітірген. Кейін Алматы облысындағы аудандық мектепте, сосын Шымкент қаласындағы мектепте еңбек еткен, талай шәкірттерді шыңдаған. Ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызмет­кері» атанған. Зейнеткерлікке 2010-жылы шығыпты. Сосын қаладағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетте оқытушы болып істеген.

Сәбира апа сонымен қатар өнерлі жан екен. Кезінде би ансамблін бас­қарыпты, бірнеше фестивальдерге қатысқан, бірқатар ТМД елдеріне де барып қайтыпты. Мәдени іс-шараларда қатардан озып, гала-концерттерге қатысып, лауреат атанған.

Ал апаның қосағы Шәріптің мамандығы – техник-механик. Ол бүгінде зейнеткер. Сәбира апа жарымен бірге бір ұл, екі қызды өмірге әкеліп, тәрбие­леп өсіріпті, олардың жоғары білім алуына жағдай жасаған. Ұл-қыздары бүгінде өз алдарына үйлі-жайлы, өмірдің әр саласында қызмет атқарып жүр. Олардан тараған оншақты немере мектепте, оқу орындарында оқиды.

 

Сәбира апа бүгінде өзінің менші­гіндегі «Киа» көлігімен такси қызметін көрсетіп жүр. Ол кісіні бірінші көрген жанның таңырқай қарайтыны сөзсіз. Ал такси тұрағындағылар мен базар-ошарға барушылар апаны жақсы таниды. Ол кісіге қызыға қарап, үлгі алушылар аз емес.

 

…Тарихқа көз жіберсек, алғашқы таксилер сонау 1907-жылғы 22-нау­рызда Ұлыбритания астанасы – Лондон қаласында қызмет көрсете бастаған екен. Яғни 22-наурыз Халық­аралық таксистер күні ретінде жыл сайын аталып өтеді. Осы орайда «таксистер армиясының» қатарындағы Сә­бира Сабырова апаны кәсіби мере­кесімен құттықтаудың да еш айыбы жоқ сияқты. Сондай-ақ бұл күн – Ұлыс­тың ұлы күні – күн мен түн теңе­ле­­тін Наурыз мерекесі. Ендеше біз Сәбира апаны осы қос мерекемен құттықтаймыз, ол кісінің көпшілікке үлгі-өнеге болып, ұрпақ қызығын көріп жүре беруіне тілектестігімізді білді­реміз.

 Zamana.kz 

[:]