[:kz]
Меруерт Түсіпбаева карантинде Нұрғали Нүсіпжановтың хал-жағдайын біліп қайтса, Рамазан Стамғазиев өнердегі ұстазы мен оның жас келіншегіне қатысты мәлімдеме жасады.
Күні кеше карантинге қарамастан өнердегі ағасы Нұрғали Нүсіпжановтың хал-жағдайын сұрап барған Меруерт Түсіпбаева халық әртісінің жас келіншегі жылы лебізін білдіріп, әншінің ұлына тәтті дәм беріп жіберген көрінеді. Отау құрғалы жұрт назарынан жырақтаған өнер иесін көрген әлеуметтік желідегілер, жасарып кеткенін жазып, жарыса пікір жолдады.
«Ағамыз еш қартаймайды. Осыдан 20-30 жыл бұрын мен бала кезде осындай еді. Әлі сол түрі», «Жеңгеміз жақсы кісі боп тұр. Ағамыз жасарған», – деді желі қолданушылары.
Ал төл шәкірті Рамазан Стамғазиев Халық әртісінің үнемі жас көрінуінің сыры көрегендігінде екенін айтады. Қандай жағдай болмасын адами қалпын жоғалтпаған жанға әркез демеу болатын да өзі.
«Ағамыздың да ішінде елге айтпайтын үлкен құпиясы бар. Сосын ағамыз мүжілген кезде, басы тасқа тиіп, сүрінген кезде, жығылған кезде елге жария салатын адам емес. Не болса да ішінде. Табиғатын бұзбаған, адами қалпын бұзбаған, ұстаздық биікте тұратын жан. Азаматтық жолынан адасып кетіп, таба алмай жүрген адам емес. Өзінің биігінде тұрған мықты ұстаз», – деді Рамазан Стамғазиев.
Айта кетейік, өткен жылдың тамыз айында Халық әртісі өзінен 45 жас кіші қызды жар етіп, көптің таңданысын тудырғаны бар. Егде жаста отау құрған Нұрғали ағаның таңдауы, журналист Жадыра Сейдешке түскен еді. Алайда сол мезетте сахна саңлағын сынағандар да, қолтығынан демеп қуанғандар да табылды.
«Бір жағынан мақтандық. Бір жағынан қуандық. Бір жағынан отбасы жағдайы туралы әңгіме боп жатты. Түсінуге тырыстық. Дегенмен ағамыз жалғыз емес, қасында келіншегінің жүргені меніңше дұрыс деп есептеймін», – дейді Өмірқұл Айниязов.
«Ол өздерінің сезімдері, жүректері біледі. Бәрі жүректің қалауымен. Сыртынан ел айта береді. Сүйіп тұр ма? Болды. Оның жасы нешеде маңызды емес», – дейді Жігер Ауыпбаев.
Айқын да махаббат жасқа қарамайтынын алға тартады. Себебі әншінің екінші жары Жұлдыз да өзінен әжептәуір кіші.
«Махаббат деген екі адамның сезімі. Танысқан кезде жасына қарамайды ғой. Енді 40-50 жас қиындау шығар. Бірақ 10-15 жас болса, ештеңе етпейді», – деді әнші.
Әйтсе де үйлену Нұрғали ағаға жақса керек, араға уақыт салып стилін өзгертті, шаш үлгісінде де ерекшелік байқалады. Мұны Нүсіпжановтың өнердегі іні-қарындастары да, қырағы көрермен де байқаған. Несі бар? Әншінің ендігіде қартаюға хақысы жоқ, себебі жас жұбайлардың жоспары көп көрінеді.
«Қазіргі уақытта ағамызға денінің саулығын тілеймін. Бұ кісілердің алдына қойған үлкен жоспары бар. Сол жоспарлары орындалсын. Әрқашан қасында жүретін тілекші бауырларының бірімін», – деді Рамазан Стамғазиев.
[:]