[:kz]
Оқиға 30 мамыр күні мектеп ғимаратында болған. Бүгінде күдікті мен жасөспірім қыз некелерін қидырып, отбасы құрғаны белгілі болды, — деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Экспресс К»-ға сілтеме жасап.
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында 9-сынып оқушысымен жыныстық қатынасқа түсті деп күдікке ілінген педагог видеомәлімдеме жасады.
Бұл туралы күдікті делінген мұғалім өзінің Facebook парақшасына жүктеген видеоүндеуінде айтты.
Педагогтың мәліметінше, ол оқушы қызбен атастырылып, кейін некелерін қиған. Ол бұл оқиға бойынша жергілікті журналист жалған ақпарат таратты деп отыр. Өзге тілшілерддің де оның отбасылық шаруасына араласпауын сұрады.
Видеода жәбірленуші болып отырған оқушы қыз да өз еркімен тұрмысқа шыққанын, ешкім оны мәжбүрлемегенін айтады және тату-тәтті өмір сүріп жатыр екен.
Қыздың анасы болса, перзентін өз еркімен тұрмысқа бергенін айтады.
Алайда «Неке және отбасы» туралы заңның 10-бабында көрсетілгендей, елімізде 18 жастан бастап қана некеге тұруға рұқсат етілген. Егер жастардың ата-аналарының рұқсаты және белгілі себептері көрсетілсе, 16 жастан бастап некеге тұруға рұқсат.
Ал Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулет Ақатовтың айтуынша, оқушы қыздың жасы 15-те.
Бұл жағдайда 16 жасқа толмаған қызын тұрмысқа берген ата-ана жауапқа тартыла ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Себебі полицейлер бұл мәселе бойынша әзірге іс тіркемеген.
Экспресс К бұған дейін Сарыағашта мектеп мұғалімінің 9-сынып оқушысымен жыныстық қатынасқа түскені үшін күдікті болып отырғаны туралы жазды. Бұл туралы қыздың анасы полицейлерге арызданған.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-бөлігі (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша қылмыстық іс тіркелгенін айтты. Күдікті жас жігіт анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Бірақ ол қамауға алынбады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.
[:]