АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Газ бен тежегіш: маңызды машық

49ecad3888a46bcd9a1499b54d0baf0dАлматыда Land Cruiser мінген әйел балабақша ауласын қиратқан кешегі оқиғадан кейін, бұл мәселенің әлі де өзекті екенін түсінгендеймін. Мәселе деп отырғаным – газ бен тежегіш басқышын шатастырып алу. Әйел де куәгерлердің сөзінше осы екі педальдан шатасып, сәбидің өліміне себепші болыпты.Автомектеп өткізетін практикада бұған арнайы уақыт бөлінеді. Басқаларын білмедім, өзім үйренген оқыту мекемесінде газ бен тежегішті алма-кезек басып үйретуге ерекше көңіл бөлінді. Осы тақырыпқа қатысты бірнеше жылдық тәжірибемде үйренген жүргізушілік дағдыларыммен бөліспекпін.

Айтпақшы, газ бен тежегішті шатастырып алу әйелдер арасында ең көп кездесетін қателіктердің бірі. Бірақ, ерлер арасында да бұндай жайттар болып тұрады екен. Америкада жүргізілген зерттеу нәтижесіне сенсек, педаль шатастырушылар 20 жасқа дейінгі жастар мен жасы 70-тен асқан қариялар арасында көбірек кездеседі. Бірінші жағдайға бозбалалардың желікпе мінезі себеп болса, қарияларда керісінше – мидың басқаруға жауап беретін бөлігінің деградацияға ұшырай бастауынан екен.

Бәрі түсінікті болу үшін сөзімізді жүргізудің «әліпбиінен» бастасақ. Автоматты беріліс қорабы бар көлікті ешқашан екі аяқпен басқаруға болмайды, бұл шатасуға алып келетін ең бірінші әрекет. Сол аяғыңызды бір шетке жайғастырыңыз, ол керек емес. Педальдар тек оң аяқтың ұшымен басқарылады. Оң жақ басқыш – газ, сол жақ басқыш – тежегіш. Бұл әлемдік стандарт, басқаша болуы мүмкін емес.

Өз бетімен рөлге отыруға толыққанды көшкенге дейін, аяқты басқыштарға ауыстыру дағдысын мықтап меңгеріп алу керек. Аяқтың өкшесі міндетті түрде еденде болады. Бір басқыштан екіншісіне ауысқан кезде де өкше еденнен көтерілмейді. Сосын ешқашан аяқ астына қарауға болмайды, педальді аяғыңыз өзі тауып алуы керек. Яғни, көліктегі басқару тетіктері түйсікпен, автоматты түрде сенімді басқарылатындай күйге жету керек.

Автодромда, немесе елді-мекеннен алыстап шығып, көлікті жүргізіп-тоқтатып үйрету дағдысын қалыптастыру қажет. Қасыңызда серігіңіз болғаны дұрыс, қасыңыздағы адамның «Тоқта», «Жүр» командасын орындайсыз. Жиі тоқтап, жиі қозғалу керек және серігіңіз аталған командаларды қашан беретінін сіз білмеуіңіз керек. Әр тоқтаған сайын беріліс қорабын жүріс бөлігінен ажыратуды («Нейтралға» немесе «Паркингке» ауыстыру) ұмытпаңыз. Бұл әрекеттер кешені толық орындалмаса, педальға үйрену дағдысынан нәтиже жоқ.

Автокөліктен тысқары жерде ойша жаттығу жасап тұрған дұрыс. «Оң аяғым қайсы?», «Сол аяғым қайсы?», «Газ басқышы қай жағында?», «Тежегіш қай жағында?» деген сұрақтармен өзіңізді іштей тексеріп тұрасыз.

Мамандар механикалық беріліс қорабы бар машинаға үйрену әлдеқайда оңайырақ дейді. Бұл жағдайда оң аяқ газ бен тежегішті басқарады, ал сол аяқпен тек ілініс басқышын басқарамыз. Механикада басқыштардың орналасу реті былай: ілініс, тежегіш, газ.

Есте ұстаңыз – автокөлікті қозғалу мен тоқтау тетіктерін басқаруда өзіңізге сенімді болғанда ғана айдау керек.

http://aynaline.kz/archives/5370