Әлемде тұрақты өмір сүретін баспанасы жоқ, үй-күйсіз жүргендердің саны жыл сайын өсіп келеді. Тұрақты өмір сүретін мекені жоқ адамдарға «бомж» (без определенного места жительства) деген атты КСРО милиционерлері берген, құжаттарды осылай толтыратын болған. Бомждары жоқ бірде-бір ел жоқ шығар. Еуроодақта да бұл өзекті проблемаға айналған. Бүгінгі бомждар – көбінесе дағдарыстың құрбандары. Адамдар табыс көзін жоғалтады да, баспанасынан айырылады. Үйсіз жүргендердің қатары экономикалық дағдарысқа ұшыраған мемлекеттерде ғана емес, халқы жақсы тұратын елдерде де көбеюде. Қазіргі заманның қаңғыбас бомждары мен көше кезген қайыршылары бұрынғылардан көп ақылды, олар үнемі ізденісте жүріп ақша табудың неше түрін игерген. Олардың арасында тасы өрге домалап, бизнесі дамығандары да бар. Шетелдерден келген қайыршы-кәсіпкерлер, бомж-бизнесмендердің ісі біздің елде де өркендей бастап еді, дер кезінде жаңа заң шығып, жолдарына тосқауыл қойылды.
Германияда 2010 жылы бомждардың саны 250 мың болса, қазір ол екі есеге дейін өсіпті. АҚШ-та үй-жайынан айырылған отбасындағы оқушы, студенттердің саны 2012 жылы 1,2 млн болған екен. Баспанасыз балалар мен жастарға білім берумен айналысатын ұлттық қауымдастықтың сарапшысы Барбара Даффилдтің мәлімдеуінше, шын мәнінде олардың саны бұдан бірнеше есе көп. Өйткені баспанасыз ата-аналар балаларын жетімдер үйіне алып қояды деп қорыққандықтан есепке тұрмайтын көрінеді. Халқының әлеуеті жақсы саналатын Финляндияда тұрақты өмір сүретін жері жоқ 25 жасқа дейінгі жастардың саны көбейген. Баспанасы жоқ жастар әр жерді паналап күнелтуде, сондықтан оларды баспанамен қамтамасыз ететін бағдарлама жасау керек деп бастарын қатыруда суоми жұрты. Бүкіл Финляндия бойынша баспанаға зәру жастардың саны екі мың адам ғана екен. Бұл экономикалық жағдайы жақсы елдегі ахуал, ал өмір бойы дамушы елдердің қатарында келе жатқан қара құрлықтың бірқатар мемлекеттерінде бомждардың саны қанша екенін ешкім білмейді. Олардың жағдайын ойлап жатқан да ешкім жоқ болуы керек, бомждар өздерінің ашық аспан астындағы мекенжайларын сырттан келген туристерге көрсетіп ақша тауып жүр.
Сиэтл қаласында 62 жастағы америкалық бомж Майк Момэни бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген бизнестің жаңа түрін ойлап тауыпты. Ол өзін баспанасыз, қайыршы сезінгісі келетін кез келген адамға қызмет көрсетеді. Жаңа бизнестің иесі «өмірде түк көрмеген адамдарға» үш күн бойы бомждардың қалай өмір сүретінін көрсетеді. Ол бұл қызметі үшін клиенттерінен үш күнге 2 мың доллар жалақы алады, деп жазады Mignews басылымы. Бомж-бизнесмен жұмысына кіріспестен бұрын өзінің клиенттерімен алдағы жұмысының егжей-тегжейлі жоспарын жасап алады. Майк Момэни үш күннің ішінде клиентін қалай ақша, ішетін тамақ, киетін киім табуға, қаладағы бомждардың арасынан өз орнын табуға үйретеді. Тапқыр бомж қайыршылардың көп жүретін жерлеріне апарып, Сиэтлдегі бомждардың арасындағы аты аңыз болып, атағы шыққан бұрынғы ірі тұлғалармен таныстырады.
Бомждардың ең көп тараған жері Африка құрлығында болар. Мұнда жыл он екі ай күн жылы, далада үсіп қалатындай қатты аяздар болмайды. Африканың оңтүстігіндегі Блумфонтейн қаласы маңындағы отель клиенттеріне оңтүстікафрикалық лашықтарға орналасуларына жарнама жасайды. Inopressa сайтына берген жарнамада отель әкімшілігі «Миллиондаған адамдар ең төменгі қайыршылық жағдайда өмір сүріп жатқан Оңтүстік Африкада жасалған қонақжай» деп көрсете отырып, клиенттеріне мейрамхана, конференц-зал, спа-салон сияқты қызметтерін ұсынады. Отельдің бесжұлдызды корпусынан орын алатын болсаңыз, оның бір күндік бағасы 100-170 еуро болады, ал лашықтардың бірін алсаңыз, тәулігіне 75 еуро төлейсіз. Бағалардың айырмашылығы аса алшақ емес. Сонда отель клиенттерін немен қызықтырып отыр дейсіз ғой? Отель әкімшілігі бұған «ішіне жылу тартылған және сымсыз интернеті бар әлемдегі жалғыз лашық осы» деп жауап береді.
Әлеуметтік жағдайлары, тұрмыстары өте нашар африкалықтар Америка, Еуропа құрлықтарынан келетін бай туристерден әртүрлі тәсілдермен ақша түсіріп қалғысы келеді. Көрсететін аса қызықты ештеңелері жоқ болса, өздерінің қалай өмір сүріп жатқандарын, тұрмыс-жайымен таныстырып, қалталылардан көмек сұрайды. Қазіргі кезде Африкада «қайыршылық-турлары» сәнге айналған. Кейптаун, Йоханнесбург және Найроби қалаларында қара нәсілділер тұратын қауіпті, жоқшылық жайлаған жерлерге арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады, америкалық, еуропалық байлар сол жерлерге барып суретке түседі, бейнетаспаға жазады және сол үшін көп ақша төлейді. Осылайша африкалықтар өздерінің қайыршылық жағдайларын, жұтаң тұрмыстарын алыстан келген туристерге көрсетуді бизнеске айналдырған.
Италиялық Луиджина деген турист былай деп жазады: «Біз Роббен аралындағы түрмені көру үшін билет сатып алдық, өйткені оған барудың басқа жолы жоқ екен. Бізді ол жаққа апармастан бұрын қала шетінде кедейлер тұратын елді мекенге экскурсия жасатты». Амалсыздан кедейлер тұратын жерге тап болған туристер оларға қосымша ақша беруге мәжбүр болған. Қайыршылық күй кешіп жатқан елді мекеннің тұрғындары осылайша шетелдік туристердің қолына қарап отыр. Соуэто қаласының кейбір аудандары нағыз қайыршылық музейіне айналған. Келіп көргені үшін әрбір адамнан 50 еуро алатын көрінеді. Жергілікті балалар жиі қолданылатын шет тілдерін жаттап алып, туристерді шаужайлап ақша алуға үйренген. Өйткені Африка елдерінің барлығы дерлік қиын жағдайда өмір сүруде, мысалы, Кенияның 70 пайызы өте кедей болып саналады. Кейптаун университетінің зерттеулері бойынша, шетелдік туристердің 83 пайызы экскурсиядан кейін басқаларға барып көруге кеңес береді екен. Кедейліктің шегінен асқан Африка тұрғындары ел кезіп қайыр тілемей-ақ, өз үйлерінде отырып қайыршылықты бизнес көзіне айналдырған.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, кедейлер өздерінің жұпыны өмірін көрсетіп ақша тапқысы келеді, ал кейбіреулері олар кедейлігін көрсетіп емес, ежелгі тайпалардың қалай өмір сүргенін көрсеткісі келеді дейді. «Олай болса массайлар неге аяқтарына кроосовки киіп, қолдарына ұялы телефон ұстап жүреді» деп қарсы пікір айтады біріншілері. Бұдан елу жыл бұрын Африкаға барған неміс туристерінің бірі «Мен Африкаға бірінші рет келгенде адамдар жалаңаш жүретін. Содан кейін бұл елдер тәуелсіздік алғаннан кейін бірінші кезекте жаппай киіне бастады. Енді қарап отырсам бұлар қайта шешіне бастапты – туристер үшін» деп жазады.
Қайыр тілеп күн көретін халықтың бірі – үндістер. Топырлаған жалаңаяқ, жалаңбұт балалар туристердің алдын кес-кестеп, артынан қалмай, шұбырып жүреді. Біреуіне ақша берсең болғаны, әп-сәтте маңайыңа қалың тобыр жиналып, адымыңды аштырмайды. Көше-көшенің бойында, демалыс күндері үй-үйді аралап, есікті қағып қайыр сұрайтындар бізде де бар. Бұлар – көрші елдерден осы «кәсіппен» айналысу үшін арнайы келетін келімсектер. Оларды бомж деп атауға да келмейді, өйткені олар Қазақстанда көшеде өмір сүргенмен, өз елдерінде үй-жайлары, отбасы бар адамдар. Бұдан былай шет елдерден қайыр сұрап, бизнес жасау үшін келетіндерге жол жабылды.
Қазақстандағы қайыршылардың 80 пайызы шет елдерден табыс табу үшін арнайы келетіндер екен. Олармен полиция әңгіме өткізеді де қоя береді, өйткені олардың әрекеттерін тоқтататын заң болмады. Енді жаңа заң бойынша Қазақстанда қайыр-садақа сұрауды кәсіпке айналдырған келімсектер өз елдеріне қайтарылады және бес жылға дейін Қазақстанға келуге тыйым салынатын болды. «Қоғамдық орындарда қайыр сұрап, жыныстық қызметті ұсынып, жұрттың мазасын алғаны үшін жауапкершілікті қарайтын Кодекстің 449 бабы бойынша, мұндай әрекеттер үшін 5 АЕК мөлшерінде, ал екінші рет 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады» деп мәлімдеді өткен аптада Ішкі істер министрлігіндегі Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха. Шет елдік азаматтар немесе азаматтығы жоқ адамдар мұндай заң бұзушылыққа баратын болса, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және елден аластатылады. Мұндай жағдайда бес жыл бойы ол шекарадан бері өту құқынан айырылады. Бұл баптың талаптары жолаушының алдын кес-кестеп, жолын бөгеп өз қызметін ұсынатын таксистерге де қатысты.
Шетелдерден келетін қайыршыларға тосқауыл қою тәжірибесі бірқатар ТМД елдерінде, сондай-ақ дамыған шет елдерде бұрыннан бері бар. Осы кезге дейін Қазақстанда ондай заң болған жоқ, сондықтан біздің елге өзге елдерден келетін қайыршылар көп болды. Белгілі бір санаттағы адамдар үшін бұл өте қолайлы жағдай жасады, мықты бизнес көзіне айналды. Игорь Лепеханың айтуынша, олардың табысы тұрақты жұмыс істеп жүрген еңбеккерлердің табысынан артық. Мұның тағы бір маңызды жағы бар, біздің елдің экономикалық даму деңгейі бірқатар мемлекеттердің деңгейіне қарағанда жоғары тұр, басқа елдерден қайыршылардың көп келетіні сондықтан.
Кайыржан Торежан