АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН. Қазақстан газ импортына тәуелді болмайды

скачанные файлы (3)Қазақстандағы газ тасымалдау және газ тарату жүйесі, бұған дейін магистральдық, транзиттік газ құбырларын пайдалану және оларға қызмет көрсетумен айналысып келген «Интергаз Орталық Азия» АҚ берілетін болды. Енді магистральдық газ құбырларынан еліміздің барлық елді мекендеріндегі соңғы нүкте – тұтынушыға дейінгі бүкіл газ тарату желілері компанияның пайдалануына беріледі. Жаңадан салынған газ құбырлары да «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қарамағына өтеді.
Алайда, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тауарлық газды ішкі нарықта бөлшек саудадағы негізгі оператор болып қала береді. Енді ол ішкі нарықта тауарлық газды бөлшек саудада өткізуге және тікелей тұтынушылармен жұмыс жасауға көшеді. Компания бұдан былай газ тасымалдауға, газ тарату желілеріне жауап бермейді. Қазір «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұтастай аймақтарды газдандыруға және газбен жабдықтау желілерін жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды іске асырумен айналысатын болады. Компанияның мақсаты – отандық газ саласын одан әрі ықпалдастыру мен дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру, газ экспортынан және транзиттік әлеуетті пайдаланудан барынша көп кіріс алу. Бұл бағытта компания қарқынды дамып келеді. Мысалы, өткен жылы 23,5 млрд текше метр тауарлық газ өндіріліпті. Ішкі нарыққа 12,4 млрд текше метр газ жеткізілген. Мұндай газ көлемі бір жыл бойы аумағы 100 текше метрлік 4 млн жеке тұрғын үйді немесе көппәтерлі үйлердегі 40 млн пәтерді қамтамасыз етуге жетеді екен. Магистральдық газ құбырлары арқылы газ тасымалдау көлемі
105,431 млрд текше метр газды құрайды. «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының «С» желісінің желілік бөлігін салу аяқталды, биылғы жылы газ құбырының үшінші желісі пайдалануға берілмекші. Бұл жылына
55 млрд текше метрге дейін газ тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«ҚазТрансГаз» АҚ Бас директордың трансформация және дамыту жөніндегі орынбасары Ерқанат Уақбайұлы Темірхановтың айтуынша, ҚазТрансГаз «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабаттарындағы метанды барлау жобасын іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қоылған. Ақтөбе облысының әкімдігімен ынтымақтастық туралы, осы өңірдің үш жер қойнауын пайдаланушыларының ілеспе мұнай газын кәдеге жарату жобасын іске асыру жөнінде меморандум жасалыпты. Енді алаулап жанып жатқан «Қожасай» кен орнындағы табиғи газ тұтынушыларға жеткізіледі. Демек, тұтынушылар жылына қосымша 250-300 млн текше метр көгілдір отын алады деген сөз.
ҚазТрансГаз жаңа инвестициялық жобаны – Жамбыл облысында табиғи газды сұйылту жөнінде зауыт салуды іске асыруға қатысады. Бұл облыстың шалғай аудандарын газбен қамтамасыз етуге, өңірдегі экологиялық ауыртпалықты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Жобаға шамамен
100 млн АҚШ долларын салуды жоспарлап отырған «Астана-Транс-Ойл» компаниясы инвестор ретінде қатысып отыр. ҚазТрансГаз, өз кезегінде, газ құбырларына қосуды қамтамасыз етеді және зауыттың іркіліссіз жұмысы үшін газдың қажетті көлемін жеткізетін болады. Биылғы жылы «Бейнеу-Бозой» МГ, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» учаскелері іске қосылған соң Қазақстан импорттық газға тәуелділіктен толықтай құтылады.
– Мемлекет басшысының шешімдерін жүзеге асыра отырып, биыл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының «Бейнеу-Бозой» учаскесін салуды аяқтаймыз. Бұл Қытайға газ экспортының баламалы бағыты, ол біздің экспорттық және транзиттік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, компанияның кірісін арттырады және ол қаражат елді мекендерді газдандыру мен бүкіл газ тасымалдау жүйесін жаңғыртуға бағытталатын болады, — дейді Ерқанат Темірханов.
Қазір ҚазТрансГаздың бүкіл автокөлігін газмотор отынына көшіріліп жатыр. «ҚазМұнайГаз Қайта өңдеу Маркетинг» компаниясымен май құю желілерінде автомобильдік газ толтырғыш компрессорлық станциялар орнату туралы келісім жасалған. Компания осы станциялардың желісін дамытудың 2022 жылдарға дейінгі перспективалық жоспарын әзірледі. Қазір осындай 11 газ толтыру станциясы жұмыс істейді. Компанияның еншілес ұйымы «ҚaзТрансГаз Өнімдері» ЖШС «Аллюр Авто» ЖШС мен «Сарыарқа АвтоПром» АҚ компаниялар тобымен Қостанай автокәсіпорнында сығымдалған табиғи газбен жұмыс істейтін отандық көлік шығаруды ұлғайту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
ҚазТрансГаз – Ұлттық оператор, сондықтан оған үлкен әлеуметтік жауапкершілік жүктелген. Сондықтан ішкі резервтерді оңтайлы пайдалану есебінен компания баға теңгерімі мен тарифтік саясатты сақтап қалуға тырысады. Алдағы уақытта компания газ бағасын белгілеудің бірыңғай қағидаттарын енгізуді, барлық өңірлерде газға бірыңғай тариф және ыңғайлы баға белгілеуді жоспарлап отыр.
Өткен жылы Үкімет республиканы газдандырудың Бас схемасын бекітті. Ол бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанда 13 облыс газдандырылады, тұтынушылар саны 12 млн адамға дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бүгінде ҚазТрансГаз айтарлықтай жұмыс көлемін атқарып, газдандырудың өңірлік схемаларын әзірледі, тауарлық газ бойынша жаңартылған ресурстық база жасалды. Компания «Алматы қаласын және қала маңы аймағын газдандыру» жобасын іске асыруды аяқтады, 1226 шақырым газ құбыры салынды. Шығыс Қазақстанда, Зайсан қаласын газдандыру жобасы бойынша іске қосу кешінінің бірінші кезегі тапсырылды, 1100 абонентке және 100-ден астам коммуналдық-тұрмыстық сектор объектілеріне газ құбырлары өткізілді. Түркістан қаласы газдандырылуда, ондағы мыңдаған тұрғындар ең ыңғайлы және экологиялық таза отынды пайдалана бастады.Шымкент қаласындағы газ тарату желілерін жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру басталғалы 1962 шақырым, Таразда 376 шақырым жаңа газ құбырлары салынды.
– Бұрын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газ тарату жүйесіне қызмет көрсету үшін өзінің операторлық, диспетчерлік пунктін, үлкен мамандар штатын ұстады, яғни мұның бәрі еншілес «Интергаз Орталық Азияда» бар нәрселер. Жаңа өзгерістер енгізілгеннен кейін, екі жөндеуші бір бағытта жүрмейтін болады немесе бір жұмысты екі дәнекерлеуші атқармайтын болады. Біз сатылай біріктірілген басқару схемасы негізінде барлық компаниялар үшін бірыңғай әкімшілік-басқарушылық персоналдың тиімді құрылымын құру жөніндегі процесті толық аяқтадық. ҚазТрансГаз компаниялар тобының және бес еншілес компаниялардың орталық аппараттары тұтастай бір ғимаратқа көшті. Осындай құрылымдық оңтайландыру көп еселі үнем берді және офистерге, әкімшілік-шаруашылық қызметтеріне, кеңсеге, күзетке, паркингтер мен автотұрақтарға қызмет көрсету және жөндеуге жұмсалатын шығындарды азайту есебінен үлкен үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, егер бұрын еншілес кәсіпорындардың өңірлік өкілдері әртүрлі офистерде орналасып, оларды жалға алып, әкімшілік ғимаратты сатып алып, оларды ұстауға қаражат жұмсап келді. Ал қазір трансформация шеңберінде олардың барлығы бір офисте орналасатын болады. Ендігі жерде өңірлерде екі кәсіпорынның орнына бір-бірден филиал және бір-бірден басқару аппараты қалады. Бір нүктеде орналасқан бірыңғай орталық аппарат құрылады, бұл дегеніміз барлық өндірістік шығыстар екі есеге қысқартылатын болады. Бүгінде осындай жұмыстар «Интергаз Орталық Азияның» және «КазТрансГаз Аймақтың» барлық филиалдарында жүргізіліп жатыр. Біз құрылымды ғана өзгертіп қоймаймыз, қолда бар ресурстарды оңтайлы пайдалану үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Компания басшылығы қолда бар материалдық-техникалық базаны ұқыпты пайдалану мәселелеріне жаңаша тұрғыда келу қажет деп санайды. Мысалы, біз қазір консервацияға қойылған газ құбырларын газдандыру жөніндегі жобалар іске асырылып жатқан өңірлерге көшіру мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Ал бұл дегеніңіз, беріктігі өте жоғары мыңдаған километрге жететін құбырлар. Болат құбырлар сапасына әрқашан өте жоғары талап қойылады. Сондықтан олардың құны да жоғары, біздегі тасымалдау құбырларының біраз бөлігі консервацияда тұр. Егер оларды бір учаскеден екіншісіне көшірсек, заманауи станоктар мен жабдықтарда оларға диагностика жасап, тазартып, өңдеп және қайта оқшаулайтын болсақ, олар тағы 20-25 жыл бойы қызмет етеді. Осы жұмыстың барлығы миллиардтаған теңгені үнемдеуге бағытталады, демек – елімізді газдандыру жөніндегі инвестициялық жобаларды арзандатуға, тарифке түсетін салмақ пен газ бағасын азайтуға бағытталған, — дейді Ерқанат Темірханов.