АЛТЫНОРДА
Региональные новости

Баба жұрт

426cfea560560e0bdaf1530d51ec056c_XLТүркі халықтарының ішінде түріктер Қазақстанды баба жұртымыз деп есептейді. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан тұтас түркілердің басын қосқан қасиетті қала саналады.

– Біздің Отанымыз – Қазақстан. Осында дүниеге келдік, өстік-өндік, көбейдік, бақыт таптық. Әр перзент өз отанының дамуына қолдан келген үлесін қосуы тиіс. Біздің де басты міндет осы. Оңтүстіктегі түріктердің 95 пайызы қазақ тілін біледі, осы тілде сөйлейді. Жалпы, Қазақстан – құт мекен. Осындай елде жүргенімізге қуанамын,– дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық түрік этномәдени орталығының төрағасы Латифша Асанов.
Осы Латифшаның айтуынша, депортация түріктерге де оңай тимеген. Ахыска түріктерінің қазақтардың арасына келуі сонау 1944 жылдан бастау алады. Міне, осы кезде Грузияның Ахыска аймағында қоныстанған түріктерді Қазақстан жеріне күштеп қоныстандырды. Отырған жерінен су шыққандай асығыс-үсігіс жолға шыққаннан соң да әрі мал, жүк артатын вагондарға мінгізгендіктен де 100 мыңдай адамның 17 мыңға жуығы жол азабын көтере алмай өмірмен қоштасады. Ахыскадан түре көтерілген түріктерді Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне шашыратып тарқатады. Бірі әкесінен, екіншісі шешесінен, үшіншісі бауырынан айырылып, шілдей бытырап кетеді.
Сол кездің сұмдық суреттерін түрік азаматы Бәдір ақсақал былайша еске алады.
– Ол кезде мен небәрі 17 жаста едім. Бір күні таңертең бәрімізді «жиналыс бар» деп қырманға жинады. Түсінбегеніміз, бізді сыртымыздан әскери адамдар қоршап алды. Олардың 50-ден астам пулеметі бар екенін әлі де ұмытпаппын. Бізді қырманға жинағандар: «Сендерге 24 сағат уақыт беріледі. Осы уақытта түгел жиналып бітіңдер. Орталық Азияға жібереміз. Жолға тек құжаттарыңды ғана алып шығыңдар. Қолдарыңдағы жүк 16 келіден аспауы керек» деді. Сонымен, 24 сағат уақыт қай жүгімізді жинап үлгеруге жетеді деп тұрғанда, 4 сағаттан соң қайта жинады. Бәрімізді жүк мәшинесіне қой тиегендей тиеп алды да жөнеп берді. Қайда барамыз, алдағы тағдырымыз не болады, біліп болмайды. Адамдарды асығыс жинағаны, машинаға топырлатып артқаны бар, кімнің кім, кімнің қайда екенін білуден қалдық. Жиналған, улап-шулаған адамдар, мұндайда ит үріп, сиыр мөңіреп кетеді екен ғой. Айналадағы у-шудан басымыз айналды. Артымызда маңырап қалып бара жатқан малға, пәлен жыл жылы ұямызға айналған баспанамызға қарай алмадық. Оған батылымыз да жетпеді.
Теміржол вокзалына келген соң қойша иіріп, екі-үш күн ұстады. Ашық аспан астында. Сосын бәрімізді 60 жүк вагонына тиеді. Шынды­ғында отырғыз­ған жоқ, тиеді. Пойыз пысылдап жөнеп берді. Алғашқы екі-үш күнді нан, сусыз өткердік. Вагон есіктерін сыртынан мықтап құлыптап тастады. Пойыз әр-әр жерге аялдайды, бірақ бізді одан түсірмейді, азық-түлік те бермейді. Күн болса қақап тұр. Жуынатын су болмаған соң адамдар биттеп кетеді екен. Оны да қойшы, вагонда дәретхана жоқ. Сосын вагонның бір шетін жамылғымен жауып қойдық. Әжетханамыз осы. Адамдар бөріткен, сүзекпен ауыра бастады. Вагоннан бір айға жуық уақыт түспедік. Осындай қиындықтан көп адамнан айырылдық. Көптеген отбасылар дымы қалмай өліп кетті, ошақтары сөнді. Жол-жөнекей ауырған адамдарды жинап әкететін болды. Олардың тағдырының немен тұйықталары жұмбақ. Бізде үлкен әпкем қатты ауырды. Тексерушілер келгенде әпкемді көріп қоймасын деп төсенішке орап, сыртынан тігіп қоятынмын. Сосын тексерушілерге «біздің вагонда ауру адамдар жоқ» деймін. Бірде өлген адамдарды арттағы бос вагондарға жинап жатыр деп естідік. Күндердің-күнінде біз мінген пойыз бір жерге келіп тоқтады. Бұл жерде сойқан соғыс болған екен. Зеңбірек оғынан, минадан, бомбадан ойдым-ойдым болып қалған жер көп. Өлген адамдарды сол жерге сұлатып-сұлатып тастай салды. Біз көрмеген қорлық қалмады. Небір қиын күндерді басымыздан өткердік.
Әр адамға күніне 200 грамм ғана нан береді. Осылайша, өліп-талып Алматы маңына келіп тоқтадық. Естерхан деген жерде өлілерді құдыққа тастады. Алматыдан да өтіп, алға кеттік. Ақыры Өзбекстанға аялдадық. Құдай сақтап, бізге сабыр, күш берді, шыдап бақтық. Өлгендерге салауат. Қалғандарымыз тырбанып тіршілік қамына кірістік,– дейді Бәдір қарт.
Латифша Асанов түріктер Ахыскадан көшірілгенде 40 мыңы Қазақстанда қалғанын айтады. 1944 жылы соғыстың бет қаратпай лапылдап жанып тұрған кезі. Ер-азаматтардың барлығы дерлік майданда. Елде қалғандардың да ауыздағысын жырып алып, майданға жөнелтіп жатқан қиын-қыстау кезең. Ел іші ала-құла, ашқұрсақ. Қыс болса екі өкпені сығып барады. Осындай ауыр кезеңнің өзінде жергілікті тұрғындар үйлерінен орын берді. Қолындағы бір жапырақ нанының жартысын қонақтарының ауызына тосты.
Ахыска түріктері Қазақстанның оңтүстік аймағына Қызылорда, Жамбыл және Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарына сіңісіп кеткен. Өйткені, Ахыска түріктері ауыл шаруашылығын жақсы меңгерген. Олар егін егіп, мал ұстағанды ұнатады. Қазақстанның оңтүстігі шаруаға қолайлы. Сондықтан Ахыска түріктері осы өңірді қолайлы көрген. Екіншіден, бұрынғы мекендерінің ауа райы да осы жақтағыға келіңкірейтін. Ең бастысы – қазақтардың қонақжайлылығы, ешкімді де өзекке теппейтін бауырмалдығында. Қазақтар мейірман, меймандос халық.
Қазақтар қолтығына келіп тығылған халықтардың ешбірін шет қақпай еткен емес. Бәріне бірдей тең қарады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облыстық түрік этномәдени орталығы да өзге де ұлттар тәрізді өз тілін үйрететін жексенбілік мектеп ашқан. Мұнда тек Ахыска түріктері ғана емес, кез келген ұлттың өкілдері түрік тілін үйренемін десе есік ашық. Оңтүстіктегі Ахыска түріктерінің көпші­лігі шағын және орта кәс­іп­керлікпен, егін және мал шару­ашылы­ғымен айналысады. Әрине, олар бір ғана кәсіппен шектеліп қалмаған. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, ұстаз­дар, басқа да кәсіп иелері көп. Баба жұрт
Түрік этномәдени орталығы Түркиядан Қазақстанға инвестиция тарту ісіне де хал-қадірлерінше атсалысып отырады. Түркиялық инвесторларды Қазақстанға келуге үгіттейді. Мұндағы инвесторларға жасалатын жеңілдіктерді түсіндіреді.
Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында Ахыска түріктерінің саны 70 мың адамға жуықтады. Олардың басын қосатын түрік этномәдени орталығы 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық өзінің шама-шарқынша көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын ұсынып отырады. Айталық, жуырда Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 500 мың теңге көлемінде қаржылай көмек жіберген. Ал бұдан бұрынырақ Батыс Қазақстан облысы мен Оңтүс­тік Қазақстан облысындағы Ордабасы су тасқынының ортасында қалған отбасыларға, Қызылағаш апатында қиындыққа тап болған адамдарға да дер кезінде көмек қолын созды. Түрік этномәдени орталығы жалғызілікті қарттар мен асыраушысынан айырылған жетімдерге де қарайласып келеді.

Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысы

http://jasqazaq.kz/