Алматы қаласындағы «Inter Continental» қонақ үйінде «Әкімшілік әділ сот: тәжірибе және проблемалар» тақырыбындағы халықаралық конференция кеше өз жұмысын аяқтады. Екі күнге созылатын конференцияны Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Бүкіләлемдік банкпен, GIZ Халықаралық Ынтымақтастық қоғамымен және Қазақстандық заңгерлер одағымен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуәр Түгел, Жоғарғы соттың, облыстық және оған теңестірілген соттардың судьялары, сондай-ақ Судьялар Одағының және Қазақстандық заңгерлер одағының өкілдері қатысты. Шетелдік мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардан – Бүкіләлемдік Банк жобасының жетекшісі Амит Мукерджи, GIZ өңірлік бағдарламасының жетекшісі Йорг Пуделька, Беларусь Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Валентин Сукало, Германия Федералдық Жоғарғы Сотының вице-президенті Вольфганг Шлик, Ресей Федерациясы Жоғары Соты Төрағасының орынбасары Татьяна Петрова қатысты. Бұған қоса, Әзірбайжаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан келген делегаттар, Халықаралық заңгерлер одағы мен басқа да бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.
Конференцияның мақсаты – әкімшілік әділеттің азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау және олардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл институты ретіндегі даму мәселелерін талқылау. Бұл мәселелер халықаралық конференцияда Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған бес институционалдық реформаны іске асыру тұрғысында талқыланды.
Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанда жаңа Әкімшілік процестік кодекстің әзірленіп жатқандығын атап өтті. Аталған заң жариялы-құқықтық сипаттағы шиеленістерді шешу тәртібін процессуалдық реттеуге, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық сот өндірісімен қатар әкімшілік сот төрелігін толыққанды жүзеге асыруды көздейді.
– Бүгінгі форум Қазақстанда әкімшілік әділетті енгізуге қосымша серпін береді деп сенемін. Шет елдерде бұл институт екі жүз жылдан астам жұмыс істеп келеді. Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдар аралығындағы құқықтық саясат концепциясын қабылдауы біздің елдің осы бағыттағы маңызды қадамы болып табылады. Оған мемлекетпен арақатынастарда азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандығын, мүдделерін қорғау маңызды элемент ретінде әкімшілік әділеттің негізі қалайтын принциптердің қалыптасуы енгізілген. Барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Жоғарғы сот Әкімшілік-процессуалдық кодекстің жобасын жасады. Болашақта әкімшілік сот істерін жүргізу сот әділдігін жүзеге асырудың толыққанды формасы болады. Әкімшілік әділет жүйесі билік пен басқару органдарының лауазымды тұлғалары тарапынан жасалған кез келген құқық бұзушылыққа тиімді және жедел мән беретін болады. Мұндай механизм мемлекеттік басқару сапасын елеулі арттарады. Бұл Президент жарияланған бес институционалдық реформаның біріне сәйкес келеді». Қазір біз алдағы уақытта судья болуға үміткерлерді іріктеу механизмін кеңейтіп, квалификациялық талаптарды күшейтуді қолға алмақшымыз. Әділетті сот институтының мәртебесі өзгереді. Ол Жоғарғы Соттың құрамында жұмыс істейтін болады. Судьялардың тәртіптік жаңа кодексі жасалып жатыр. Азаматтық сот ісіне прокурордың қатысуы міндеттілігі алып тасталатын болды. Шетелдік инвесторлардың мүддесін қорғау үшін, Дубай тәжірибесін пайдалана отырып, Астана қаласында халықаралық AIFC арбитраждық сот құрылатын болады. Жоғарғы сотта инвестициялық дауларды қарайтын, судьяларға кеңес беретін шетелдік беделді судьялар мен заңгерлерден Халықаралық кеңес құрылады, — деп түсіндірді Қайрат Мәми жобасы дайындалып жатқан жаңа Әкімшілік процестік кодекс жайлы.
Конференция шеңберінде Германия Федералды Жоғарғы Сотының өкілдері өз елдеріндегі әкімшілік әділет жүйесін құру тәжірибелерімен бөлісті, әкімшілік соттардың дамуы, олардың құрылымы және қызметтері туралы әңгімелеп берді. Олар Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесін енгізу іскерлік ортаны жақсартуға, елдің инвестициялық тартымдылығын, азаматтардың құқықтық санасын және мемлекетке деген сенімін арттыруға ықпал ететіндігін атап өтті.
Ресейден, Беларусиядан, Түркия мен Әзербайжаннан келген сарапшылар әкімшілік органдардың қатысуымен дауларды қарау, әкімшілік-құқықтық қарым-қатынастардан туындайтын істер бойынша әділ сотқа деген құқықты жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Армениядан және Қырғызстаннан келген делегаттар өз елдеріндегі заң және әкімшілік істер бойынша соттардың тәжірибесімен бөлісті. Конференция аясында өзге елдердің тәжірибесінің негізінде Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесін енгізудің практикалық мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасу өрбіді. Іс-шара ағымдағы жылғы 5 маусым күні де өз жалғасын табады. Сарапшылар әкімшілік процестегі өкілдік институтын дамыту, процессуалдық мәжбүрлеу және әкімшілік сот өндірісінде сот медиациясы институтын қолдану мәселелерін талқылады.
Конференцияның соңында қатысушылар Қазақстан Республикасында Әкімшілік процестік кодекстің жаңа жобасын дайындау жөніндегі алдағы жұмысқа арналған тәжірибелік ұсынымдар әзірлейтін болады.