АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН. ӘР НАГРАДАНЫҢ АРТЫНДА ЕРЛІК ТҰР

images (1)Қай заманда да Отаны үшін сын сағатта басын қатерге тігіп, көзсіз ерлікке баратын хас батырларын халқы ерекше құрметтеген. Соғыста солқылдақтық танытпай, қасқайып жауға шапқан ержүрек ұлдарына мемлекет кеудесіне орден, медальдар тағып, ақшалай, бағалы заттай сый-сыяпаттар көрсетті. Жақында болатын Жеңістің 70 жылдық мерейтойын Ұлы Отан соғысының ардагерлері майданда қан кешіп жүріп алған орден, медальдарын кеуделеріне тағып тағатсыздана күтуде. Бұл мереке тек майдангерлердікі ғана емес, сол бір ауыр жылдарда өздері ашқұрсақ жүріп майданға азық-түлік,  қару-жарақ, оқ-дәрі дайындаған тыл еңбеккерлері мен соғыс балаларына да ортақ. Соғыстың негізгі ауырпалығы осылар иығына түсті. Сондықтан Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай оларға үкімет тарапынан көптеген наградалар, сыйлықтар әзірленіп жатыр. Соғыс кезінде берілген  наградалардың тарихын, бағасын қазіргі жастар біле бермейді. Бұл мақала мұражайларда сақталған тарихи деректерге негізделген.

Кеңес үкіметінің алғашқы декреттерінің бірі 1917 жылғы 10 қарашадағы «Таптық атақтар мен азаматтық шендерді жою туралы» құжат бойынша, 1720 жылы Петр I енгізген Ресей империясының марапаттау жүйесі жойылды. Жаңа биліктің қолында ұрыс кезінде ерекше көзге түскен қызыләскерлерді марапаттайтын орден, медальдар болмағандықтан, ондайларды бағалы сыйлықтармен көтермеледі. Қызыл Армия құрылған алғашқы жылдарда большевиктер партиясы жеңіске жеткен ротаны, тіпті тұтастай батальондарды қол сағаттармен, ағылшын немесе немістің тапаншаларымен, жапон карабиндерімен, австрия семсерлерімен, былғары етік, тері куртка немесе революциялық қызыл шалбарлармен марапаттаған. 1918 жылдың қыркүйегінде ең алғашқы кеңестік награда – «Қызыл Жұлдыз» ордені бекітілді. Осыдан былай әрбір адамды көрсеткен ерлігіне қарай орден, медальдармен жекелеп марапаттай бастады.

1936 жылы 7 мамырда КСРО Орталық атқару комитеті мен Халық комиссариаттары комитеті Кеңес Одағының ордендері туралы ережені бекітті. Онда орден үшін төленетін ақшаның көлемі және тәртібі белгіленді. Мемлекет Ленин орденімен наградталғандарға  ай сайын – 25 сом, «Қызыл Жұлдыз» орденіне – 20 сом, «Қызыл Жұлдыз» және «Еңбек Қызыл Ту «ордендеріне – 15 сом, «Құрмет Белгісіне» – 10 сом төленетін болды. Артынан бұл заңға толықтырулар енгізіліп, «За отвагу» медаліне – 8 сом, «За боевые заслуги», «Нахимов», «Ушаков» және басқа бірқатар медальдарға 5 сомнан берілді. Алайда, соғыс жылдарында майдангерлерге ақша табудың басқа да көздері болды. Мәселен жау кемесін суға батырған экипаждың әрбір теңізшісі 25 мың сомнан сыйақы алған. Осылайша  тылдағыларға қарағанда майдандағылар көп табыс тапты. Кейіннен Ұлы Отан соғысында марапатталғандардың саны көбейіп, соғыстан кейінгі жылдардағы мемлекет бюджетінің жұқаруына байланысты орден, медальдарға берілетін төлемдер 1947 жылы тоқтатылды.

1941 жылдың 8 тамызында Сталин бірінші болып Берлинге бомба тастаған Балтық флотының ұшқыштарына ақшалай сыйақы беру туралы бұйрыққа қол қойды. «Ұшуға қатысқан экипаждың әрбір мүшесіне 2 мың сомнан берілсін. Бұдан былай Берлинге бомба тастаған әрбір экипаж мүшесіне 2 мың сомнан берілетін болып бекітілсін» деп жазылған бұйрықта. Осы бұйрық бойынша ДБ-3Ф ұшағының командирі полковник Е. Преображенский және экипаж мүшелері бірінші ақшалай сыйлыққа ие болды. Соғыс енді басталған жылы рейхтың астанасын бомбалау психологиялық жағынан біздің әскердің, халықтың рухын көтерді. Майданнан жағымды хабар күтіп қара репродуктордың алдына жиналған халық Левитанның «… біздің бір топ ұшағымыз Берлиндегі әскери-өндіріс объектілерін бомбалады» деген дауысын естігенде қандай қуанышқа бөленгенін елестете беріңіз! Ал 1943 жылы біздің әскер батысқа қарай жылжығанда қарсыластардың  Берлин, Бухарест, Будапешт және Хельсинки сияқты астаналарын бомбалаған ұшақтардың командирлері, штурмандары және борттехниктері ғана екі мың сомнан алатын болды, ал қалған экипаж мүшелеріне мың сомнан тиді. Жаудың әскери эшалонын құртқан ұшқыш пен штурман – 750 сом, қалғандары 500 сомнан алды.

Қазақстандық батыр-ұшқыштар – Талғат Бигелдинов, Иван Кожедуб,  Сергей Луганский, Нүркен Әбдіровтер осындай ақшалай сыйлықтардың талайын алды. Бомбалаушы ұшақтарды қорғайтын жойғыш ұшақтағылар жаудың үш ұшағын атып түсірсе немесе 25 рет жауынгерлік тапсырмамен әуеге көтерілсе – 3000 сом ақша және орден, ал жаудың он ұшағын құлатса немесе 40 мәрте жауынгерлік ұшуға шықса – 5000 сом және КСРО Батыры атағы берілетін болған.

Бәрінен жоғары бағаланған жаудың әскери кемелері болды. Фашистердің эсминецін немесе сүңгуірін суға батырған біздің кеменің командиры 10 мың сом, ал қалған экипаж мүшелері 25 мың сомнан сыйақы алатын болған. Ал жүк кемелері үшін командир – 3000, қалғандары 1000 сомды иемденді. Кремль жау тылында шайқасатын десантшыларды да ұмытқан жоқ. 1941 жылдың 29 тамызындағы № 0329 бұйрықты қарасаңыз: «…әрбір жауынгерлік десанттық операцияға қатысқаны үшін… …басшылық құрам айлық жалақы көлемінде, қатардағы және кіші командирлер құрамы – 5000 сомнан алады» деп көрсетілген. Ал 1942 жылдың 1 маусымындағы № 0528 бұйрықта «…әрбір жойылған танк үшін зеңбірек командирі мен көздеушіге – 5000 сомнан, ал қалғандарына – 2000 сомнан берілсін» дейді.

Зеңбірекшілер арасында соғыс жылдарында «Ұңғымыз ұзын, өміріміз қысқа» деген әзіл-шыны аралас сөз болған. Шындығында соғыс кезіндегі норматив бойынша жерді қазып орнатылған зеңбірек бір ғана танкті алуға есептелген, содан кейін жау оның өзін жоқ қылады. Ұрыс кезінде зеңбіректі жерге батыру оңай болып па, олар кез келген ашық жерге тұра қалып ата беретін. Осылайша олар бір емес, бірнеше жау танктерін құртқан. Мысалы, зеңбірек расчетының командиры Қашаған Жаманғараев шегініп келе жатқанда артынан өкшелеп келген жау такілерін бұрыла салып атқылаған ғой! Осы ерлігі үшін атамыз КСРО Батыры атағын алған. Тағы бір жерлесіміз КСРО Батыры Мәлік Ғабдуллин зеңбірекпен дәл көздеп фашистердің фауст-патрон қоймасын тұтастай көке ұшырған. «Ұзын ұңғылы» екеуі де майданнан аман-сау еліне оралып, ұзақ ғұмыр сүрді. Бұл екі ақсақалмен де бірге болып, әңгімелерін өз ауыздарынан есту құрметіне ие болған кейінгі ұрпақ өкілдерінің бірі менмін.

Ал енді окопта жатқандардың әмиянында қанша ақша болды дейсіз ғой? Қатардағы жауынгер мен командирдің жалақыларының айырмашылықтары едәуір болғанмен әртүрлі үстемелер оның арасын жақындататын болған. Мысалы, аға сержант, КСРО Батыры 1200 сом – оклад, оған ай сайын 25 пайыз үстеме, 10 пайыз майдандық үстеме, барлығын қосқанда 1920 сом қолына алады. Бұл полк командирінің айлығынан көп. «Снайперлерге әрбір атып түсірген «бас» үшін ақша төлейді екен» деген әңгімені еститінбіз, бірақ олай емес екен. Ефрейтор-мерген алғашқы екі жылда ай сайын 30 сом алатын болған, ал үшінші жылдан бастап, егер тірі жүрсе жалақысын 200 сомға көтерген.

Майдандағы айлық жалақының көлемі мынандай болыпты: корпус командиры, генерал-майор – 2500 сом, батальон командиры, майор – 1100 сом, взвод командиры, лейтенант – 800 сом, жаяу әскер, қатардағы жауынгер – 17 сом.  бұл ақшаны қажетіне қалай жаратқан деген заңды сұрақ туады. Ол кезде алдыңғы шептегі бөлімдермен жұмыс істейтін «Военторг» жүйесінің 600-дей автолавкалары болған. Мұндағы сатылатын тауарлар  – открыткалар, ішінде қағазы бар конвертер, қарындаш, тіс жуатын ұнтақ пен щетка, қырынатын жабдықтар, айна, тарақ, ине-жіпілгектер мен түймелер, темекі салатын шақшалар, трубкалар мен мундштуктер, погондар мен жұлдызшалар, эмблемалар. «Военторг» жүйесіндегі тауарлардың құны: нан – 1 сом, «Красный мак» сабыны – 1,50, «Казбек» папиросы – 3,15 тиын, «Весна» шоколадының келісі – 20 сом, жарты литр арақ – 11,40 тиын, «Краков» шұжығы – 17,50 тиын тұрған. Сонда  қатардағы жауынгердің айлық жалақысы бір шұжыққа да жетпейді екен.

Алайда тылдағылардың жағдайлары бұдан да нашар болды. Деректерге қарағанда, тылдағы өндіріс орындарындағы орташа жалақы – 573 сомды құраған. Шахтерлер – 729, металлургтер – 697, инженер – 1200 сом алса, колхоздағылардың қолына тиетіні 150 сом болған. Ал базардың бағасы соғысқа дейінгі бағадан 13 есеге өсті. Ал енді осы ақшаға не алуға болатынын есептеп көрейік. Базардағы бір шөлмек арақтың құны – 400-800 сомның аралығында, бөлке нан – 200-ден 500 сомға дейін, картоптың келісі – 90 сом, шошқаның бір келі майы – 1500 сом, қолдан еккен темекінің бір стақаны – 10 сом тұратын болған. Соғыс кезіндегі базар нарқына қарап отырсақ колхозшалардың бір айдағы табысына жарты бөлке нан ғана келеді екен. Соғыс кезінде тылда, колхозда еңбек еткен әжемнің зейнетақысы  жетпісінші жылдары 20 сом болғанын білемін. Осы жағынан алғанда тыл еңбеккерлерінің көрген қиыншылықтарына әлі де орынды баға берілмей жатқан сияқты.

Тылдағыларға майдандағылар ақшалай көмек көрсеткен деген деректер бар. Мысалы, офицерлер өздерінің қаржы аттестаттарын туыстарына жібереді, жалақысы мен қиратқан танктеріне берілетін үстеме ақшаларды майдангердің отбасы алып отыруға мүмкіндік берілген. Соғыс аяқталғаннан кейін еліне қайтқан майдангерлерге соғыста болған әр жылы үшін ақша берілді, сержанттар мен старшиналар 300-900 сом көлемінде алды. Соғыста бір жыл болған офицерлерге екі айлық жалақы, екі жыл болғандарға үш айлық көлемде берілді. Немістердің басып алған жерлерде қираған үйлерді қалпына келтіру үшін бес, он жылға 5000-нан 10000 сомға дейін несие берілді. Майданда қаза тапқандардың отбасына жәрдемақы, зейнетақы тағайындалды. Қаза тапқан генералдың зайыбына бір мәрте 50000 сом,  полковник, подполковник, майорларға – 10 000 сом жәрдемақы берілді. Отбасында еңбекке жарамсыз екі адам болса жәрдемақы көлемі бір жарым есеге, үш адам болса екі есеге өсті. Жесір қалған әйелдер мен жетім балаларға пәтерлер бөлініп, азық-түлік және зейнетақы берілетін болды. Жау қолына тұтқынға түскен генералдардың отбасына да осындай жағдайлар жасалды. Егер ол жауға қызмет етті деген мәлімет болмаса…

Дені ауылдық жерлерде тұрған қазақтар соғыстан кейінгі жылдарда мұндай көп ақшаны көрмеуі мүмкін. Өйткені бұл жеңілдіктердің барлығы қалада тұратындарға жасалды. Ал ауылдағыларға көрсетілген ақшаның жартысы ғана бөлінді.