Кеше түнгі сағат екі шамасында Алматы қаласының Наурызбай ауданы аумағындағы Қарғалы өзені суы деңгейінің көтерілуінен сел жүрді.Ал сағат таңғы үш шамасында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Қарағайлы және Таусамалы ықшамаудандарына ағынды судың келіп жеткендігі туралы шұғыл ақпарат келіп түскен. Сөйтіп, Алматы қалалық төтенше жағдайлар (ТЖД) департаменті мен құтқарушылар командасы дереу оқиға орнына жетіп, іске жұмылдырылды.
ТЖД қызметкерлерінің айтуынша, сел Алатаудың осындағы шың-құзына орналасқан атаусыз көл суы деңгейінің шамадан тыс көтерілуінен туындаған. Ал көл суының беймезгіл асып-тасуына соңғы күндері ауа райының күрт ысуы ықпал еткен. Оқиға орнына шұғыл жеткен ТЖД мамандары мен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері судың ағысын азайту мақсатында көлден ағып жеткен суды осындағы өзендерге бұруды қолға алды. Осылайша, қауіптің алдын алу барысында Алматы қаласы мен тұрғындарға ешқандай қауіп төнген жоқ. Ең бастысы, бұл маңдағы плотинаға да ешқандай зақым келмеген. Оқиға орнында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ю.Ильиннің пікірінше, бастапқыда тасқын судың салдарынан Қарғалы өзені арқылы секундына 10-
т залына орналастырылды. Олар қажетті ыстық тамақпен, ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілді. Бұған қоса, мұнда аудан аумағындағы бірнеше емхананың дәрігерлерінен арнайы көмек тобы құрылып, олар көмек сұрағандарға ем-дом жасап көмектесуде» деді Ильин.
Сондай-ақ кеше таңертең Алматының әкімі Ахметжан Есімов пен Наурызбай ауданының әкімі Қуанышбек Қашқынбаев оқиға орнын тікұшақпен барлап қайтты. Журналистермен жүздескен қала басшысы: – «Таңертең таңғы 6 сағат 20 минутта біз әуеге көтерілгенде, мұздақтар орналасқан 3500 метр биіктікте ауа температурасы 11 градус болды. Мұның салдарынан бірқатар аты жоқ көлдер пайда болып, сондай көлдердің бірі арнасынан асып кетті. Қарғалы өзенінде үлкен бөгет бар, қазір плотинаның суы жартысына да жеткен жоқ. Мұның өзі қалаға ешқандай қауіп жоқ екенін білдіреді.
Сел болған аудандарда арнайы жедел штаб құрылып, олар келтірілген шығынның көлемін анықтауда. Мен қала аумағында төтенше жағдай жарияладым. Өйткені мұндай жағдайда зардап шеккен тұрғындарға заңдық құжаттарға сәйкес белгілі бір көлемде қаржылай көмек беріледі» деп мәселенің мән-жайды түсіндірді.
Ал біз «Айқынның» фототілшісі Айтжан Салықұлы екеуіміз кеше таңертеңгілік оқиға орнына барып, лай-көшкіннен зардап шеккендермен әңгімелесіп, оларға жергілікті әкімдіктің қалай көмектесіп жатқанын өз көзімізбен көріп қайттық. Ә дегеннен байқағанымыз Наурызбай ауданындағы Құрамыс және Қарғалы ықшам аудандарындағы бірталай көшені лай-көшкін басып қалыпты. Тұрғындар бала-шағаларымен жабылып, үйлерінің аулаларын лай-батпақтан тазартуда. Қарғалыдан асып, плотинаға барар жолда жол-көлік полициясы тосқауыл қойып, арнайы көліктерден өзге көліктердің жоғары жаққа көтерілуіне жол бермеуде. Дегенмен біз олардың рұқсатымен лай-көшкіннен зардап шеккен бірқатар аймақты аралап, зардап шеккен тұрғындардың жай-күйін білдік. Айтпақшы, Осындағы Надыров көшесі арқылы плотинаға барар жолдағы өзенның бойына орналасқан Рақым Сәрсенбаев атындағы №192 мектептің ауласын толықтай лай-батпақ басып қалыпты. Бір таңғалғанымыз, мектептің ауласын батпақтан тазартып жатқан жан баласы көрінбейді. Тек жол жөндеушілер ғана Надыров көшесін батпақтан арылтуда. Ал бір жекеменшік үйдің қожасы ауласына толған лай-көшкінін бульдозермен тазалаттыруда. Осы үйдің қожайынын әңгімеге тарттық.
– Шамамен түнгі екі-үштерде шырт ұйқыда жатқанбыз. Қатты гуілден оянып далаға шықсам, бір көліктегі адамдар «далаға шығыңдар, көшкін келе жатыр, қашыңдар» деп айғайлап келеді. Сөйтсем, олар осы ауылдың жоғарғы жағындағы тұрғындар екен. Содан дереу қолға түскен құжаттарымызды алып, бала-шағаны оятып, көлікке отырып төмен қарай қаштық. Бала-немерелерімізді көп қабатты үйдегі туыстарға апарып тастап, өзіміз осында қайтып келдік. Қазір, міне, көріп тұрсыз үйдің ауласын жарты метрлік лай-батпақтан тазалатудамын. Осында түнде құтқарушылар келіп, плотинаға барар жолға қойылған шлагбаумнан өте алмады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, осындағы шағын өзендердің арнасының қоқыстан бітеліп қалуынан сел орын алды деп ойлаймын, – дейді қарғалының тұрғыны Абдулазиз Курдаев. Өзен жағалауымен бірнеше шақырым жаяулап жүрген біз Құрамыс ауылында бірнеше үйдің лай-көшкін астында қалғанының да куәсі болдық. Көше толған лай-батпақ, тұрғындардың басым көпшілігі балақтарын түріп алып, жалаң аяқ жүр. Кері қайтар жолда бізге Абдулазиз қария бізге Алатау ауданы, Алғабас ауылындағы бірнеше көшедегі үйлерді де лай-көшкін басып қалғанын жеткізді. Содан біз Алғабас ықшамауданына барып, осындағы лай-көшкін басқан үйлер тұрғындарының ахуалымен таныстық.
Мұндағы жағдай да құдды Құрамыс пен Қарағайлыдағыдай, бірнеше көше мен үйлерді қалыңдығы жарты метрлік лай-батпақ басып қалған. Тұрғындар болса, «кімнен көмек келер екен?» деп арлы-берлі өткен көлікке көз салады. Олар жағдайларын кімге айтарын білмей дал.
– Біз отбасымызбен 2003 жылдан бері осы Алғабаста тұрамыз. Содан бері біздің үйіміз бен ауламызды қатарынан төртінші рет лай-көшкін басып отыр. Әр кез көмекке ТЖ-ны шақырдық, бірақ, ешкім келген емес. Биыл, міне, көріп тұрсыз, таңғы бесте үйіміздің бірінші қабаты мен ауламызды көшкін су басып кетті. Бала-шағамызбен белден батпақ кешіп, тазалап жатырмыз. Басқа амал жоқ. Ал әкімдіктегілерге өкпем қара қазандай. Тым болмаса осы жолы келіп, көмек қолын ұсынса болмай ма?.. Сонда олар не бітіріп отыр, түсінбеймін, – деп қынжылды Баян Туғанбаева.
Ал №176 мектеп гимназияға орналастырылған 200-ге жуық зардап шегушілердің басым көпшілігін туған-туыстары келіп, үйлеріне алып кетіпті. Мұнда тасқын судан зардап шеккендерге осы аудандағы №18 емхананың бас дәрігері Елшат Тілекеев бастаған дәрігер-мамандар қажетті медициналық көмек көрсетуде. Ал Қазақстан Қызыл ай қоғамының қызметкерлері осы мектепке орналасқандарға гуманитарлық көмек көрсетіп, балаларды күйзелістен шығаруға ат салысуда.
«Айқынның» анықтамасы: Сол күні таңертең Алматы қалалық мәслихатының сессиясында қала басшысы Ахметжан Есімов депуттарға қалада төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады. Сонымен қатар, ол мұндағы басты мақсат – сел көшкіні салдарынан зардап шеккен тұрғындардың барлығына шұғыл түрде жедел көмек көрсету екендігін де баса айтты. Әзірге төтенше жағдайлар департаменті лай-көшкінді «ауыздықтауға» екі миллиард теңге бөлді.
Жомарт Молдахметұлы
www.aikyn.k