Қазіргі таңда Сирия аумағында қарулы қақтығыстар болып жатқаны баршаға мәлім. Қарулы қақтығыстар көптеген жергілікті бейбіт тұрғындардың ажал құшуына, әлеуметтік және рухани жағдайдың құлдырауына, жан түршігерлік, адамгершілікке жат әрекеттердің орын алуына алып келді. Ең өкініштісі адамгершілікке жат осындай әрекеттер дін атын жамылып жасалуда.
Сирияның Дамаск, Деръа, Хомс, Алеппо қалаларында 2011 жылдың наурызында басталған шерулердің соңы ушығып, маусым айында ірі қарулы қақтығыстарға ұласты. Оқиғаның бастапқы себебі Сирия президенті Башар Асадтың Әләуиттерден (шииттік бағыттағы ағым) шыққандығын желеулетіп, оның саясатына наразылық танытқан саяси топтардың айыптаулары мен әрекеттері болды. Бұл қақтығыстардың діни сипат алуы соғыстың өршуіне әкеп соқтырды.
Соғыстың діни сипатқа ие болуының салдарынан Сирия аумағында билікке қарсы сүнниттік бағыттағы «Ирак және Шам Ислам мемлекеті» (ИШИМ), «Әл-Жабхат әл-Исламия» (Ислам фронты), «Әл-Жаиш ас-сури ал-хурр» (Еркін Сирия армиясы), «әл-Нусра фронты», «Ахрар әш-Шам», «Жанд әл-Ақса», «Ажнан әш-Шам», «Асалауа әт-Танмия» және билікті қолдайтын шииттік бағыттағы «Муқауамат әс-Суриа», «Шабиха», «Хезболлах» сияқты топтар пайда болды.
Алайда бұл топтардың әрекетіне қарап соғысты шиит мен сүннит арасындағы тайталас деп бағалауға болмайды. Оның басқа да себептері бар.
Біріншіден, сүнниттердің діни көзқарасты (шииттік билікке бағынбауды) сылтауратып билікке қарсы соғысуына негіз жоқ. Өйткені Сирия елі сүнниттік мемлекеттердің қатарына жатады. Халқының 90% мұсылман болса, олардың 87% суннит. Ал шииттік бағыттағы мұсылмандар халықтың 13%-ын ғана құрайды. Соғысқа дейін діни көзқарасына байланысты сүнниттерге қысым көрсетілмеген.
Екіншіден, билікке қарсы алғашқы шерулер діни мәселелерге байланысты емес, халықтың тұрмыс жағдайының төмендігіне, қоғамдағы жемқорлықтың жайылуына, жалпы әлеуметтік мәселелердің ушығуына қатысты орын алған еді. Яғни, Сириядағы қақтығысқа діни сипат таңу орынсыз.
Соғыс салдарынан Сирия халқы үлкен зардап шегіп отыр. Жетім қалған сәбилер мен жесір әйелдер, жан тапсырған бейкүнә жандар мен қансыраған жаралылар, жан сауғалап қимастықпен туған жерін тастауға мәжбүр болған босқындар саны көбеюде.
2011 жылдан 2015 жылдың шілде айына дейінгі уақыт аралығында Сирияда адам өлімі еселеп артты. Қарулы қақтығыстар барысында 4 жыл ішінде жалпы 230 мың адам (оның ішінде 69 494 бейбіт тұрғын, 7 371 әйел кісі, 11 493 кәмелет жасына жетпеген жасөспірім мен жеткіншек) қаза тапқан. Із-түзсіздер саны 3 мың, жаралылар саны 1,6 млн., ИШИМ әскерінің қолынан қаза тапқандар саны 5 мың адамды құраған. Қазіргі кезде бұл сан күн сайын артуда. Ал өлімнен бас сауғалаған халықтың біраз бөлігі өз үй-жайларын тастап кетуге мәжбүр.
БҰҰ-ның босқындар істері бойынша агенттігінің мәліметтеріне сәйкес 11 миллионнан астам тұрғын өз үйлерін тастап, басқа мекенге көшуге мәжбүр болған. Олардың 7,6 миллионы Сирияның ішкі аймақтарына, 4 013 000 шетелге (Түркияға 1,8 млн, Ливанға 1,7 млн, Иорданияға 629 мың, Иракқа 250 мың, Мысырға 132,5 мың, Африкаға 24 мың, Еуропа мемлекеттеріне 270 мың) қоныс аударған. БҰҰ мамандарының болжамы бойынша 2015 жылдың соңына дейін қоныс аударған сириялықтардың саны 4,27 млн адамға жетуі мүмкін.
Соғыс жағдайында Сирияны тастамастан отанында тұрақтаған халықтың ахуалы ауыр. Соғысқа дейін халықтың 33%-ы кедей болып есептелсе, соғыс салдарынан бұл көрсеткіш көбейіп, кедейлер саны күрт арта түсті. Қазіргі уақытта сириялықтардың 65%-ы тіпті ең аз мөлшердегі азық-түлікпен қамтамасыз етілмеген. Күнделікті қолданысқа қажетті қызмет түрлері мен тауарларға қаржылары жеткіліксіз. Сирия баспаналарының 20% және әлеуметтік инфрақұрылымының 27% қираған.
Соғыстың білім беру және денсаулық сақтау салаларына да зардабы тиген. Сириядағы мектеп жасындағы жасөспірімдердің 51% мүлде сабаққа бармайды. Соғысқа дейін сабаққа бармайтындар 7%-ды ғана құрайтын еді. Мектептің 30%-ы қираса, 20-30%-ы баспанасыздарға жатақхана ретінде берілген. Жоғарғы оқу орындарының 80%-ы жұмысын тоқтатқан. Білім саласының бұлайша құлдырауы халықтың келесі буынының сауатсыздығына жол ашуда. Әлем елдері күннен-күнге өркендеп, ғылыми жаңалықтарды игерген заманда, соғыс Сирияның құлдырауына себепкер болуда.
Денсаулық сақтау саласының кенжелеп, медициналық қызметке зәрулік артқан. Медициналық мекемелердің 30%-дан астамы зақымданып, білікті дәрігерлердің тапшылығы 70-80%-ды құрап отыр. Қазіргі кезде медициналық мекемелердің (2010 жылмен салыстырғанда) 20-25%-ы ғана жұмыс істеп тұр. Жаралылардың, тұрмыс жағдайының төмендігінен ауру-сырқау саны 4-6 есеге артып, орта есеппен 1 сырқатқа медициналық қызмет көрсету жиілігі 15 есеге дейін төмендеген.
Мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштер жойылуда. ИШИМ содырларының (Ирак жеріндегі) ислам халифатының екінші халифасы Омар ибн әл-Хаттаб атындағы мешітті қиратуы террористердің мұсылмандықтан мүлдем алыс екендігін көрсетті. Дін атын жамылған қарулы топтардың әрекеттері ислам дініне күйе жағып, әлемдік исламофобияны (исламға жағымсыз сипат беру) күшейтуде.
Соғыс әлі күнге жалғасуда. Қарулы топтар жасап жатқан қанды әрекеттерін дінмен (исламмен) байланыстыруда. Ақиқатында ислам діні бойынша қоғамда бүлік (фитна) тудыру аса ауыр күнә. Бұл жайлы Құранда:
«Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр күнә» («Бақара» сүресі, 217-аят) деп бұйырылды. Өйткені бүлік болған жерде бір емес бірнеше адам өлуі мүмкін.
«Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер» («Әнғам» сүресі, 151-аят);
«… Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» («Мәида» сүресінің 32-аяты) деп нақақтан-нақақ жазықсыз адамдарды өлтіруге ислам қатаң тыйым салады.
Қоғам үшін зарарлы мұндай қырғын дінде құптарлық іс емес. Алайда, бүліктен пайда көргісі келетіндер де табылады. Сүнниттер мен шииттердің, билік пен халықтың бір-бірімен қырқысқаны кейбір саяси күштер мен көлеңкелі бизнес (қару-жарақ, есірткі, адам саудасы) жасаушылар үшін пайдалы болып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан бұл жерде экстремистік және террористік топтардың ұраны «ислам дінін жаю» болғанымен, негізгі мақсаты қаржылық және саяси мүдде болып табылады.
Әрбір елдің ішкі тұрақтылығы мен бейбітшілігін сақтау – сол елдің азаматтарының қасиетті борышы. Діни алауыздық пен саяси арандатушылықтан, бүлікшілік пен төзімсіздіктен бойын аулақ салу ел бірлігін көксейтін азаматтардың бірінші кезектегі міндеті болып табылады. Сонда ғана ел аман, жұрт тыныш болады. Сақ болайық отандастар!
Рашимбетов Р.Т.
ҚР МСМ «Дін мәселелері
жөніндегі ғылыми-зерттеу
және талдау орталығы» РММ
Исламды зерттеу бөлімінің
ғылыми қызметкері
http://alashainasy.kz/