АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН. ЖАЛҒАН КӘСІПКЕРЛІКТІҢ «ҚҰЙРЫҒЫ БІР-АҚ ТҰТАМ»

скачанные файлыЖалған кәсіпкерлікке қарсы прокуратура, құқық қорғау және фисқалдық органдары бірлесіп, елдің экономикасына айтарлықтай шығын келтіретін мұндай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюға бағытталған жұмыстарды ұдайы жүргізіп келеді.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері прокурорлардың арыздары бойынша жалған кәсіпкерлік белгілері бар 197 заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуі күшін жойды,  қазіргі кезде 115 арыз соттардың қарауында жатыр. Мемлекеттік тіркеуінің күші жойылған заңды тұлғалардың контрагенттеріне қадағалау актілері бойынша мемлекеттік кіріс органдары 31 млрд теңге кірісті қайта есептеді, бүгінгі таңда олардың 6,9 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметінен. Сонымен қатар Бас прокуратураның арнайы прокурорларының өндірісіндегі жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істің шеңберінде 4,2 млрд-тан астам теңге көлеміндегі салықтың мемлекет кірісіне өндірілуі қамтамасыз етілді. Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар прокуратура органдарының ерекше бақылауында.

         Қызіргі кезде ел ішінде бірін бірі алдайтын алаяқтар, мемлекетке салық төлеуден жалтаратын жалған кәсіпкерлердің саны көбейе бастады. Мысалы, Қазақстанда өткен жылы 33 мыңдай алаяқтық фактілер тіркелген. Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Марат Сұлтанғазиевтің мәлімдеуінше, алматылық салықшылар соңғы айлардың ішінде мыңнан астам жалған кәсіпкерлерді анықтапты. Жалған кәсіпкерлік әрекеттердің алдын алу үшін салықтық зерттеулер барысында 300 салық төлеушілер ҚҚС бойынша есептен шығарылып, 500-ден астам есепшоттарға шектеу қойылған. Екі жарым мың салық тексерулері барысында мыңнан астам жалған кәсіпкерлер анықталған. Олар өз мекенжайлары бойынша жұмыс істемейтін болып шықты, салық төлеу есебі, жұмысшылары мен активтері жоқ. Мұндай жағдайларда салықшылар фирманы ашқан адамдарға шығып, есептен алып тастау, есепшоттарын жабу шараларына кіріседі.

Алаяқтар көбінесе жұмыссыз жүрген жалғызбасты адамдарды бірігіп фирма ашуға үгіттейді. Кейбіреулердің жоғалтып алған куәліктерін пайдаланады немесе аздаған ақша беріп біреудің  куәлігін алады да, соның атына мемлекетке салық төлемейтін жалған фирманы тіркейді. Куәліктерін жалған кәсіпкерлерлікпен айналысатын алаяқтарға пайдалануға бергендер кәсіпкерден аздап сыйақы алады. Осылайша         жалған фирма ашқан әрбір алаяқ салықтан жалтарудың арқасында миллиондап ақша табады екен. Жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар ақша жасау үшін көбінесе банктердің қызметін де пайдаланады. Мемлекетке салық төлеуден жалтаратын жалған фирмалардан банкке келетін зиян жоқ, керісінше банк арқылы неғұрлым көп ақша өтсе, соғұрлым банкирге мол ақша түседі. Кейбір кездерде жалған кәсіпкерлердің өздері салық органдарына еріксіз келуге мәжбүр болады. Олар кәсіпорынды аздаған ақша табу үшін достарының, таныстарының өтініштері бойынша ашқандарын мойындайды. Мұндай фактілер экономикалық тергеу қызметіне жіберіледі. Жыл басынан бері тек Алматы қаласында осындай істердің 40-қа жуығы тергеу органдарына жіберіліпті.

         Қалай болғанда да, заң бойынша жалған кәсіпорын кімнің атына ашылса, сол адам жауапқа тартылады. Заңды тұлға болсын, жеке тұлға болсын әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік бірдей қарастырылған. Салық қызметі жыл басынан бері қағаз жүзінде тұқрған кәсіпорынды тіркеуге қатысудан бас тартқан немесе бұл кәсіпорынның шаруашылық қызметіне қатысы жоқ 60 лауазымды тұлғаны анықтаған.

         Жалған кәсіпкерлердің басты кәсібі – мемлекет бюджетіне төленетін салықтан жалтарып ақша табу болса алаяқтар өзінің маңайындағы тамыр-таныстарын алдау арқылы ақша жасайды. Мысалы, маңғыстаулық бір әйелді құрбысы бір жарым млн теңгеге отырғызып кетіпті. Былтырғы жылдың басында Мұнайлы ауданының тұрғыны Ақтау қаласындағы 22 ықшам аудандағы базардан бутик алып беремін деп уәде берген екен. Бұл үшін ол 1,5 млн теңге сұраған.  Сөйтіп, ақшаны алып алған әлгі әйел сол күйі жоқ болған. Ақшасынан айырылғанын сезген Ж. бір жылдан кейін құрбысының үстінен полицияға арыз беріп, ұстатыпты. Маңғыстау полициясының хабарлауынша, тағы бір Бейнеу тұрғынын 16 жастағы жаңаөзендік қыз 800 мың теңгеге отырғызып кетіпті. Мұндай алданған адамдар еліміздің әр облысында жетіп жатыр.

         Алаяқтық әрекеттердің негізгі бөлігі (82,5 пайызы) жеңіл және орташа ауыр қылмыстар санатына жатады. ІІМ мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда ең көп тараған алаяқтық әрекеттер –  жалған құжаттар жасап үшінші адамға заңдастыратын кредиттерге байланысты оқиғалар екен. Алаяқтар тіпті ипотекалық қайта қаржыландыру бағдарламасына да білек сыбанып кірісіп, жұртты тақырға отырғызып жатыр. Жұрт оңай несие аламыз деп көп алданады. Банктерді жағалап жүретін алаяқтар «кез келген банктен табысыңызды растайтын құжаттарсыз, қысқа мерзімнің ішінде несиеге ақша алып береміз. Ол үшін бізге несиеге алатын соманың 5-10 пайызын алдын ала бересіз» деп алдайды. Құжаттар мен ақша қолдарына тиген соң ізім-ғайым жоқ болады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін әккі болған алаяқтар клиенттен алған құжаттардың көшірмесімен өздеріне кредит алады да, ізін суытады. Ал құжат иесі несиені қайтару туралы банктен хабар келгенде ғана ақымақ болғанын бірақ түсінеді. Қазір ішкі істер органдарына осындай шағымдар көптеп түсіп жатыр. Сондықтан полиция тұрғындардың осындай аферадан сақ болуға кеңес береді.