АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Мажит Оразалин. Киберқылмыстар мутанттанып жатыр

скачанные файлы (2)Бүгінгі күнде компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы жасалатынкиберқылмыстардың проблемасы әлемдік деңгейге шықты. Осыған байланысты еліміздің құқық қорғау органдары «киберқылмыстар» деп аталатын трансұлттық компьютерлік қылмыстарға қарсы күрестің тиімді әдістерін жасады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі жеке тараумен толықтырылды. Глобалды ғаламтор жүйесін пайдаланумен жасалатын қылмыстық әрекеттерге қарсы тұру мақсатында, Қылмыстық кодекске ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қатысты қылмыстарды анықтайтын баптар енгізілді.

Киберқылмыс – әлемдік ғаламтор арқылы жасалатын қылмыстың мутантталған жаңа түрлері. Бүгінде интернет-алаяқтармен барлық елдер күрес жүргізуде. Өйткені миллиондаған ақша интернет жүйесі арқылы қылмыскерлердің қолында кетіп жатыр. Өткен жылы «Хабрахабр» polym0rph блог-сервисін пайдаланушы Mail.​ru компаниясының пошта қызметіне кіретін 4,5 миллион парольдің интернет желісіне шыққаны туралы мәлімдеді. Қыркүйектің 8-не қараған түнде «Яндекс» поштасының млн жұп логин-паролі интернет желісіне шығарылған. Mail.ru компаниясы бұл туралы «сервистің инфрақұрылымын ешкім бұзбаған, мәліметтер троян бағдарламасымен және фишинг тәсілін пайдалану арқылы компьютер пайдаланушылардан жиналған. Парольдердің ішінде саннан құралған қарапайым «құпия сөздер» көп екен. Мысалы, жеті мыңнан астам пайдаланушы «1234567890» деген пароль қойыпты» деп түсініктеме берді.

Сарапшылар бұл мәселеге қатысты «қысқа, тек қана цифрлардан, клавиатурада қатар орналасқан әріптерден, туған күн немесе қалта телефонның нөмірінен тұратын парольдерді қолданбау керек» деген кеңес береді. Өйткені, оңай парольді хакерлер тез ашып алады, сондықтан оны күрделендіру керек және құпия сөзді үш айда бір рет ауыстырып тұрған жөн. Әйтпесе, интернеттен келетін вирустар, жарнамалар көбейеді, ең қиыны  мойныңызға көп ақша мінуі мүмкін. Ең бастысы, нақты көзіңіз жетпеген соң интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы таратылатын сауда-саттыққа қатысты ақпараттардан абай болу керек. Миллиондаған адамдар осыдан зардап шегуде. Қазақстанда әлеуметтік желілердегі мұндай жобаларға қатаң бақылау жасалады. Бірақ солардың арасында қаржы пирамидасына алдап кіргізетін қаншама ақпараттар жүр.

Әдетте қаржы пирамидасының белгілері желі маркетинг саласында анық байқалады. Олар тұрғындарды компаниясына шақырып, белгілі бір сомада ақша салсаңыз оны екі-үш есеге дейін өз пайдаңызға өндіріп аласыз, деп үгіттейді. Сондай-ақ, әрбір азамат өзінің таныстарына, туыстарына хабарлап, оларды қатарларына шақыруы тиіс. Бұл бизнес басқалардан ашқа тартуға ғана бағытталған, алғашқылары ұтады, соңғылары тұтылады. Тұтылғандар арыз жазып сотқа жүгінеді, алайда алаяқтарға өз қолымен берген ақшасын қайтарып беретін заң жоқ. Қаржы пирамидасына қарсы жаңа заң қабылданғанына бір жылдай болып қалды, оны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Қылмыстық кодексте бұл іспен айналысқан алаяқтарды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жөнінде жаңа бап пайда болды.

Киберқылмыстардың түрі көп. Мысалы, банк жүйесінде жиі кездесетін киберқылмыстар трансұлттық сипатқа ие болған. Сондықтан онымен бірнеше елдер бірігіп күрес жүргізуде.

Қылмыстың түрі дамыған сайын онымен күрес те заманауи технологияларды қолдану арқылы күшеюде. Қазіргі уақытта криминалистика саласында компьютерлік бағдарламалар кеңінен пайдаланылады. Мысалы, іздеудегі қылмыскерлерді табу үшін бұрын суретшілер жәбірленушілердің айтуымен қылмыскердің суретін салатын, ал қазір кез келген қызметкер компьютермен керек адамның суретін өзі жасап алады. ІІМ-де 2003 жылдан бері габитоскопиялық есептер толығымен автоматтандырылған.  Деректердің көлемді базасы куәгерлермен жұмыс жасау кезінде, жыл сайын ауыр қылмыстардың жүздеген фигуранттарын анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде криминалистердің атыс қаруын қолдану арқылы жасалынған қылмыстарды ашу үшін арнайы техникалық құралдарды қолдануға мүмкіндіктері бар. Автоматтандырылған жүйе атыс қаруымен байланысты қылмыстарды ашумен айналысатын мамандардың жұмысын көп жеңілдетті. Егер бұрын оқ пен оқсауыттың белгілі бір мылтықтан атылғандығын анықтаудың ең басты құралы лупа болса, қазір бұл арнайы техниканың көмегімен жүргізіледі және дәл анықталады. Криминалистердің пайдаланатын құралдары мен әдістемелері қылмыс кезінде қолданылған кез келген қаруды анықтап қана қоймай, оның басқа өңірлерде болған  қылмыстарға қатыстылығын да дәлелдеп бере алады. Криминалистикалық зерттеудің жаңа түрінің бірі – фоноскопиялық, адамның даусы мен сөз ерекшелігін зерттейтін аппараттық-бағдарламалық кешені. Криминалистика мамандары қылмыс жасаған адамдарды дыбыс құралдарына жазылған дауысы бойынша анықтай алады. Сондай-ақ криминалистикалық барлық бөлімдерде, ауыр қылмыстарды тергеу кезінде тиімді пайдаланылатын одорологиялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл қылмыс болған жерден иіс алу. Одорологиялық зерттеулер қылмыс болған жердегі иіс пен қылмыс жасаған адамның иісін сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

         Заманауи техникалар мен технологияларды пайдалана отырып қолдан ақша жасайтындарды киберқылмыстың ең қарапайым, жабайы түріне жатқызуға болады. Бірақ олар да экономикаға кәдімгідей залалын келтіреді. Осыдан бір-екі ай бұрын Алматыда жалған ақша жасайтын астыртын цех әшкереленді. Маусым айының ортасында Алматы облыстық Кіріс департаментінің экономикалық тергеу қызметкерлері үш адамнан тұратын жалған ақша жасаумен айналысып жүрген қылмыстық топты ұстады. Олардың екеуі Өзбекстанның азаматтары, біреу алматылық болып шықты. Бұлар компьютерді пайдаланып екі мыңдық купюрлерді түрлі-түсті принтерден шығарып Алматы қаласы және Алматы облысының көлемінде сауда жасаған екен. Үшеуі де қамауға алынып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Мұндай жағдайлар еліміздің үлкен қалаларында жыл аралатып қайталанып жатады. Техниканың жетілген заманында оның тілін жақсы меңгерген адамдарға ақша жасау немесе жалған құжаттар жасау аса қиын болмай қалды. Фальшмонетшілер жасаған ақшаны арнайы құралдың көмегінсіз нағыз ақшадан ажырату қиын. Сондықтан абай болған жөн.

Жалпы алғанда құқық қорғау органдары қылмыспен қаншама қатаң, барлық жағын қамтып, сауатты күрескенімен олардың түрі де жаңарып отырады. Киберқылмыстар сол жетілдірілген қылмыс түрлерінің бірі  және олар вирустардың мутантталған түрі сияқты әлі де жетіле бермек.