Қазақстанға ресми сапармен кубалық делегацияны бастап келген Куба Республикасы мемлекеттік кеңесінің ғылым мәселелері жөніндегі төрағасының және Министрлер кеңесінің кеңесшісі, Ғылым академиясының вице-президенті Фидель Кастро Диас-Баларт Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов бастаған бір топ ғалымдармен кездесті.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов Фидель Кастро Диас-Балартты өзінің кабинетінде қабылдады. Кезінде, 1968 жылы Фидель Кастро Диас-Баларт КСРО-дағы Воронеж мемлекеттік университетінде екі жыл оқып, Мәскеу мемлекеттік университетіне ауысқан. Оны «ядролық физика» мамандығы бойынша бітірген, 1974—1978 жылдары Дубнадағы атомдық энергетика институтында аспирантурада оқиды. Одан кейінгі 1978—1979 жылдары, кандидаттық диссертациясын қорғағаннан соң Кеңес одағында АЭС реакторында ғылыми зерттеулермен айналысқан екен. Ол орыс тілінде жатық сөйлейтін болғандықтан әңгіме осы тілде өрбіді.
Академик алдымен кубалық қонақтарды келесі жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатқан Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының тарихымен қысқаша таныстырып өтті. Бұл ғылым ордасының негізі 1930 жылы қаланғанмен Кеңес Одағының Ғылым академиясының құрамында болды, Қазақ КСР Ғылым академиясы болып 1946 жылы ғана жеке бөлініп шыққанын айтып, құрылғанына неге 70-ақ жыл болғанын түсіндірді. Ғылым академиясының мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің оған қатысты функцияларын жүзеге асыратын органы Білім және ғылым министрлігі болған. 2003 жылдан бері «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі таратылып, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі құрылғанын айтты.
— Біздің Ұлттық ғылым академиямыздың құрамында 45 ғылыми институт бар. Олар бізге тікелей бағынышты емес. Академияда 245 мүше бар, олардың ішіндегі академиктері – 142, ал мүше-корреспонденттерінің саны – 103. Мемлекет басшысы да біздің академияның мүшесі болып табылады. Мы отырған адамдар осы академияның бделді ақсақалдары, — деп Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов қонақтарға әріптестерін таныстырып өтті, — Еліміздің бес ірі қалаларында филиалдарымыз, барлық өңірлерде мүшелеріміз бар. Республикадағы 40 академиялық институттардың 36-сы Алматы қаласында орналасқан, академия мүшелерінің 80 пайызы да осы қалада тұрады. Сондықтан осында қозғалмай отырмыз.
Кубалық делегацияның біздің елге келудегі мақсаты ғылым және жоғары технология саласындағы Қазақстан мен Куба арасындағы ынтымақтастықтың болашағын зерттеу болып табылады. Соған байланысты Ф.Кастро Диас-Баларт бұған дейін еліміздегі ірі жоғары оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен кездесіп, ғылыми-зерттеу институттары мен лабораторияларын аралап шыққан болатын. Өз кезегінде кубалық ғалым өздерінің жағдайларымен таныстырды. Кубада құрметті академик атағын алу үшін ғалымдар төрт жылға сайлану арқылы үш кезеңнен өтуі тиіс екен. Алайда бұған көп уақыт кететіндігін және ұлттың қартайып бара жатқандығын ескеріп, қазіргі кезде 35 жастан асқан жастарды да академик сайлап жатқан көрінеді. Құрметті академик атағын алғандардың саны 80 адамды құрайды. Кубалық академиктер біздің академиктеріміз сияқты стипендия алмайды, ол тек құрметті атақ ретінде саналады.
— Бізде аздап өзгешелеу, академик өмір бойына бірақ рет сайланады. Қазір біздің академиктер 400 долар көлемінде стипендия алады, бұрынғы бағаммен ол 600 доллардай болатын. Мүше-корреспонденттер стипендия алмайды. Бірақ жыл сайын жақсы еңбек етіп көрінген академиктерге, мүше-корреспонденттерге берілетін сыйақы мен алтын медаль бар. Сонымен қатар, ғылым саласына арналған 7 мемлекеттік сыйлықтар бар, — деп түсіндірді Мұрат Жұрынов.
Фидель Кастро Диас-Баларт Кубада ғылым-білім саласының дамып келе жатқанына тоқталды. Бұрынғы кезде 22 мың кубалық шет елдердегі жоғары оқу орындарында, соның ішінде жартысынан көбі Кеңес Одағында оқыған болса, қазіргі кезде өз елдерінде оқуға басымдық беріледі екен. Бүгінгі күні Кубада 220 ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істеп тұрғанын, бұл салаға қатты назар аударылып жатқанынан хабардар етті. Елдегі жұмыс істеп жатқан 64 университеттің біразын алдағы уақытта қысқартпақшы болыпты. Оларды бір-біріне қосып, мықты оқу орындарын жасамақшы.
Кіші Фидель Кастро әңгіме арнасын Кубадағы медицина саласының жетістіктеріне қарай аударды. Қазіргі кезде Кубада 85 мың әртүрлі бағыттарға мамандандырылған жоғары білімді дәрігерлер бар екен. Әрбір бес тұрғынға бір дәрігерден келетін прапорция әлемнің ешқандай елінде жоқ көрінеді. Бұл сала бойынша Куба био-және нанотехнологиялар бойынша тәжірибе алмасуды ұсынып отыр. Кубалықтардың медицина сласында беретіні де мол болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2012 жылы Куба медицинасын әлемдегі ең мықты деп ресми түрде таныған болатын. Кездесу барысында Қазақстан мен Куба арасындағы білім беру мен ғылым саласы бойынша тәжірибе алмасу төңірегінде әңгіме болды. Бұдан жиырма жыл бұрын Гаванада ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Жақында Білім және ғылым министрлігімен де осындай келісім жасалды.
Фидель Кастро Диас-Баларт әлемге белгілі кубалық революционер, саяси қайраткер Фидель Кастро мен Мирта Диас-Баларттың отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Фидель Кастро Қзақ КСР бірінші хатшысы Дінмұхамет Қонаевпен жақын араласқан адам болған. Қонаев ақсақалдың мұражайында Фидель Кастро құндағына «Құрметті досыма» деп жаздырдып, қолын қойған мылтығы тұр. Мұрат Жұрынов екі елдің осындай жақындықтарын айта келіп, Фидель Кастро Диас-Балартты академия алқасы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясыының құрметті мүшесі етіп қабылдағанын жеткізді. Сол жерде кубалық қонаққа мүшелік билет пен төс белгісі табысталып, иығына шапан жабылды.