Моцарт Сальерден әлдеқайда көп
еңбек еткендіктен де Моцарт атанды. Бұл
жұмыс Моцартты рахат сезімге бөледі.
Варлам Шаламов.
«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады…
Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан бақылап, сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады.
Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгендей, темір жолдың алыс-жақын шақырымдарына қарай өлшенеді.
Ал пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйіткіп жатады…».
Бұл – адамзаттың айтулы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының басталар беттерінен үзінді. Әлемдік деңгейдегі әйдік қаламгердің әспетті туындысына өзек болған сол өлкеде әлгінде айтылған шойын жолмен өткен ғасырдың басында жарыса пайда болған Диірментөбе деп аталатын шағын ғана станса бар. Бірақ стансасы қанша шағын болғанымен, оның жері мейлінше киелі еді. Киелі болатыны, ол күллі түркі әлемінің таудай тұлғасы саналатын Қорқыт атаның мәңгілікке дамыл тауып жатқан қорымына табанын төсеп тұрған алақандай айбарлы ауыл еді. Кешегі қылышынан қан тамып тұрған кеңес дәуірінің өзінде бұл маңайдың жұрты байырғы баба әруағын қастерлей жүруден жаңылмап еді. Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кенті мен Байқоңыр қаласының тура орта тұсына орналасқан, сол замандарда да, қазіргі күндері де шағын қалпында қалып қойған сол елді мекенде бұдан жетпіс жыл уақыт шамасы бұрын, тіпті айтылған шығармадағы оқиғалардың өріс алар шағынан да ертеректе біздің бүгінгі кейіпкеріміз шыр етіп дүниеге келген. «Тандыры кепкен өзектер мен тақыр жыралардан қу құлқынға талғау табу үшін зор шыдамды керек» ететін сол өлкеде оның балдай тәтті балалық шағы өткен. Әлбетте, «жерге жел ықтырған ащы кермек түтінін будақтатып, дүр сілкіндіріп иә шығысқа, иә батысқа қарай пойыздары зулап жататын» сол атырапта өткен балалық шақ, бәлкім, тым балдай тәтті бола да қоймаған шығар, бірақ өзін өбектеп өсірген өсиеті мол әке мен қасиеті көп ананың, жанындай жақсы көретін іні-қарындастарының ортасында жаздай жайраңдап жетілген кейіпкеріміз үшін шынында осыдан артық шаттықты шаңырақ, осыдан артық тәтті шақ жоқ та шығар. Сондығынан да болар, «пойыздар өтіп кетіп, келесі пойыз жеткенше құлаққа ұрған танадай тына қалатын» сол даңғайыр даланың қапталдан желі, төбеден күні ұрып тұратын тандырдай тайпақ төсінде келешек белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым және айтулы азамат болып құралып-қалыптасатын бір арманшыл бала өсіп келе жатты. Сол арманшылдығына сай өзі де зерек еді, алғыр еді, пысық еді. Сол еті тірілігінің арқасында аудан орталығына барып оқығанда да, үйін аңсап үрліккен жоқ, қатарынан қашып дүрліккен жоқ, қайта сол ортаға тез бейімделіп, етене сіңісіп кетті. Зеректігінің арқасында бірден сондағы қатарының алды болуға ұмтылды. Сол алғырлығы арқасында қазақ мектебін бітіре жүріп, Кеңес Одағы астанасының төріндегі өте беделді жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу инженерлік-экономикалық институтына оқуға түсіп, оны үздік дипломмен бітіріп шықты. Соңынан осы оқу орны басқару институтына айнала бастаған шағында оның аспирантурасын тәмамдап, ғылымның қия жолына біржола бет бұрды. Айналып келгенде, осының бәрі жаратқанның жарғысына жазылған жазудай бұлжытпай орындалатын өзінше бір заңдылық еді.
Жалпы, өмірде жөн-жосықсыз, ереже-заңдылықсыз ештеңе болмайды. Қазақтың пешенесіне жазылған деген ұғымға сыйдырып айтатын осы заңдылығы сондықтан біздің кейіпкерімізді де аттап өткен жоқ. Сондықтан еліміз егемендік алып, республикадағы әрбір облыс пен олардың орталықтары өзінше өсу мен өркендеудің өткелегіне ендеп еніп жатқан кезде әуелден әңгімемізге әуезе болып отырған Бақберген Досманбетов те Сыр бойындағы бас қалада жүзеге асырылған сол жаңартулар мен жаңғырулар жаңғырығының басында тұрған болатын. Егемендіктің әдепкі елең-алаң шақтарындағы қиындықтары мен күрмеуі қатты түйіндерін шешуге бел шеше кіріскен санаулы шенеуніктердің сапында ол да атойлап, аттан салып жүрді. Сол кезеңдегі суықтан сыны, ыстықтан ыпыны қашқан елдің еңсесін көтеруге еңбек сіңірушілер көшінің басынан табылды. Ақырында сол елімен бірге күлден көктеп көтерілген Феникстей жаңаша түлеп ұшты. Қазір қарап тұрсақ, содан бері де жиырма жылға жуық уақыт аттай арқырап өте шығыпты. Бүгінгі күннің өлшемімен алып қарағанда, бұл – есепсіз көп мерзім. Осы пәйт пәрменінде талай нәрсе өзгеріске түсіп, талай дүние алмасып үлгерді. Сөйткенмен, басында іргесі дұрыс қаланған, атымы түзу түзілген тірліктің таңбасы мен табаны қаншама жылдардың парақтарымен жабылып қалды дегенмен, бәрібір ақшағылға көмілген алтындай болып, әр жерден бір жарқ етіп көрініп қала береді екен. Мен мұны Қызылордаға әр барған сайын сезініп қайтамын. Қаланың әр қиырынан, әр түкпірінен оны осы Бәкең басқарған кезден қалған айшықты қолтаңбаларды анық байқап қаламын. Байқаймын да сол замандарда қала басшылығының тізгіні тап осы Бәкеңе берілгенінен қатты разы боламын. Қандай жұмысты атқарса да, он ойланып, тоғыз толғанбай бастай салмайтыны өз алдына, әрбір іргелі іске шығармашылық тұрғыдан қарамай тұра алмайтын пайымды азаматтың қиын-қыстау күндердің өзінде келешек үшін келімді тірлік істегеніне көзім жетіп, ерекше тәнті тұрамын. Біз білетінде, сонау тоқсаныншы жылдардың басында Қызылорданың көшелерінің бәрі дерлік көліктер сапырылысын көтере алмайтындай өте тар болатын. Бір кездері нобайы ат арба жүруге лайықтанып жасалған үлкен төрт көшеден құралған ежелгі Ақмешіттің содан кейінгі жылдары қатарға қосылған сондай орамдары аз емес еді. Осы күнгі Ахмет Байтұрсынов атындағы көшенің бас жағына, мәселен, мотоциклден үлкен көлік ендеп кіре алмайтын. Ал Әйтеке би көшесі болып Орталық базарға қарай алып баратын жылуан жолдың бір кездері бұдан кемінде үш есе енсіз болғанын бүгінде көзге елестетудің өзі мүмкін емес сияқты. Қазір Абай даңғылы болып тұрған көшенің де бұдан әлдеқайда ширақ болғанын қала тұрғындары жақсы біледі. Мұның арғы жағынан жалғасып кететін Тасбөгет кентіне апаратын трассаның табанына тастан басқа ештеңе жалатылмағанын былай қойғанда, оның екі жағына көк жиденің ну тоғайы самсап өсіп тұратын. Дәл бүгін қаланың орталық көшелерінің біріне айналып, оның күретамыры секілденіп көрінетін Желтоқсан бұрынғы Восстание кезінде қандай еді. Осылардың барлығы да облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев, қаланың басшысы Бақберген Досманбетов болып тұрған шақтарда қолға алынып, жөнге келтірілді. Іргесі қаланып, негізі салынып кеткен сол жобалар кейін облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев, қаланың мэрі Қожахмет Баймаханов болып тұрған уақыттары шегіне жеткізіле атқарылды. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы жаңарған, жасарған Қызылорданың бүгінгі бет-бейнесі осылай қайтадан қашалып шықты. Демек, қазіргі күндері көне шаһардың заман талабына сай жыл санап жаңғырып жатуының ілкі басында аталған тұлғалардың тұрғандығы ешқандай күмән-күдік туғызбаса керек.
Мен осы күндері бүкіл саналы ғұмырын еліміздің білім жүйесіне, ғылым саласына бағыттаған, әлі де арнап келе жатқан Бақберген Досманбетовтің өзін өзгеше бір қырынан жарқыратып көрсеткен, басқаша бейімнен танытқан толайым тұстарының бірі Қызылорда қаласының әкімі болған жылдары-ау деп ойлаймын. Бұдан кейін Бақберген Сәрсенұлының Парламент Сенатының қатарынан екі мәрте депутаты болып сайлануына да осы жылдарда елі мен халқына сіңірген елеулі еңбектері тікелей әсер етті. Бірақ басында бәрі басқаша еді. Бір кездері Н.В.Гогольдің есімімен аталған, қазір Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет болып отырған Қызылорда педагогикалық институтына 1971 жылы оқытушы болып қызметке кірген Бақберген Досманбетовтің бар көздегені ғалым ретінде ғылыммен айналысу, ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеу болғаны айна-қатесіз ақиқат. Сол себепті де ол арада екі жыл өткенде, мана айтылған Мәскеу басқару институтының аспирантурасына аттанды. Оны 1976 жылы аяқтағасын, ғылым кандидаты дәрежесімен институтқа қайта оралды. Бұдан кейінгі жиырма жылға жуық уақыт мұғдарында алдымен аға оқытушы, сосын кафедра меңгерушісі, проректор болып сатылай өсіп келген Бәкең соңынан институт басшылығы тізгініне де қол жеткізді. Алайда, «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел» деген рас екен, 1996 жылдың желтоқсан айында мезгілдің осы ұйтқи соққан самалы Бақберген Сәрсенұлын өзі үшін мүлде басқа болып саналатын ортаға – қала әкімдігіне басшы етіп жетелеп әкелді. Міне, осы кезде оған өзінің іргесін 1885 жылы Мәскеу биржа қоғамына қарасты Александр коммерциялық училищесі деген кәсіптік мектептен алып, 1919 жылы өнеркәсіп-экономикалық техникум болып қайта құрылатын, сосын оның институтына айналатын, 1930 жылы инженерлік-экономикалық институт болып аталатын өте байырғы білім мекенінің қала құрылысы мен шаруашылығы факультетін, ал 1975 жылы С.Орджонокидзе атындағы басқару институты болып өзгерген оқу орнының аспирантурасын инженер-экономист мамандығы бойынша бекерден-бекер бітірмегенін көрсететін күреске толы күндер туып еді. Облыстың сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевты, шамасы, Бәкеңнің қала шаруашылығы үшін таптырмас сирек мамандықтың иесі болғаны өз алдына, сонымен бірге оның қашанда жаңалыққа жаны құштар, іздену мен үйренуден тынбайтын, зерттеу мен зерделеуден танбайтын қасиеттері қызықтырса керек. Мұнда тағы сол кез «құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуы шешуші роль атқарып кетті деп ойлаймын. Олай дейтінім, тек Сыр өңірі ғана емес, бүкіл еліміз үшін жұмбағы мол жүйе болып келіп жатқан әкімшілік құрылымды басқаруға қоғамның өткенінен де, бүгінінен де мол хабары бар, ұйымдастыру қабілеті жоғары, көпшілікпен етене жұмыс жасаса алатын, ең бастысы, нарықтық қатынастардың жай-жапсарын жақсы білетін, демек, экономика мен қала шаруашылығын бірдей меңгерген маман қажет болды. Сол қажеттілік таңдауды профессор болып, ғылыммен шұғылданып отырған Бақберген Досманбетовке түсірді.
Қазір біз бүгінгі күн биігінен қарай отырып, бұл тандемнің қала үшін көп позитивті жақтары болғанын батыл айта аламыз. Бұған жоғарыда айтылған Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуы да, оның басында Бақберген Досманбетов сынды ғылым мен өндірісті, білім мен қала шаруашылығын ұштастыра білген білікті маманның отыруы да айтарлықтай оң серпін берді деп есептейміз. Ал облыс орталығында мұндай құрылымның бой көтеріп, ірге қалауында Бердібек Сапарбаевтың еңбегі ерекше болды. Мұнда облысқа осындай басқару жүйесінің керек екенін дәлелдеу үшін ең алдымен алға аймақтың экологиялық жағынан дағдарысқа ұшырағаны тартылды. Шынында да бұл кезде Арал теңізінің құрғаған табанынан ұшқан тұзды шаң қоршаған ортадағы тепе-теңдікті бұзып, жергілікті халықтың соның зардабын қаттырақ тартып жатқан кезі еді. Бұған қоса, Байқоңыр ғарыш айлағынан күн ара дерлік зымырындар ұшырылып, олардың зеңгір көк зеренінің кенересін сөгіп кетіп жатуы онсыз да мүшкіл хәлді тіпті нашарлатып, аймақтың ауа райы жағдайына тікелей әсер етіп тұрған болатын. Соңғы кездері Сырдария өзенінің жазғы ирригациялық кезеңде тартылып алып, қыс ауасында арнасынан асып шығып, жаға маңындағы елді мекендерді тасқын судың басып қала беруі мұндағы экологиялық ахуалға бұрынғыдан бетер сипат бере түсті. Осының бәрі кешегі Кеңес Одағы уағында облыста еш тынымсыз дүрілдеп жұмыс жасап тұрған әртүрлі өндіріс орындарының тоқтап қалуымен бірге аймақтағы жалпы жағдайды одан әрі қиындатып жіберді. Сондықтан тұралаған өңір үшін сырттан серпін беретін тетік ауадай қажет еді. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бұл тетікті әу бастан біз сөз етіп отырған осы арнайы экономикалық аймақтың қатарға тұруынан іздеді. Территориялық және экономикалық жағынан біртұтас бөлігі, оған бағыныштылықтағы түрлі өндіріс орындары, онда еңбек, экономика-географиялық жайы бойынша маманданатын жұмыс жүйесі бар құрылым жоғарыда келтірілген қиындықтың бәрінен шығарып, аймақтың әрі қаша бастаған келбеті мен тамырларына қан жүгіртетін секілді болып көрінген. Осылайша 1996 жылдың 8 қазанында Президенттің «Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құру туралы» №3123 Жарлығы шықты. Оған басшылық жасау үшін бәріне тәуекел етіп, Бақберген Досманбетов жұмыс басына келді. Аймақтың барша жұмысы Елбасының Жарлықта атап көрсеткен әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі міндеттерін жүзеге асыруға бағытталды. Олардың алдыңғы легінде облысқа инвестиция тарту арқылы экономиканы көтеру, кәсіпкерлік саланы жандандыру, аймақта өндірілетін өнімдердің жаңа түрлерін көбейту, сыртқы экономикалық байланыстар өрісін кеңейту сияқты қадау-қадау шаруалар болды. Мұның арғы жағында табиғи ресурстарды кешенді әрі тиімді игеру, аймақтың экспорттық мүмкіндіктерін арттыру межелері тұрды. Осы бағдарламалық жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында сол жылдары Ресей, АҚШ, Германия, Үндістан, Канада, Оңтүстік Корея, Түркия, Болгария, Чехия, Израиль, Дания, Иран және Қырғызстан тәрізді көптеген елдердің кәсіпкерлерімен және компанияларымен инвестициялық жобалар бойынша қарым-қатынастар жасалды. Облыс аумағында мұнай өндіру жаңаша қарқын алды. Соның сыңайында қаншама жаңа өндіріс орындары құрылды. Осындай жанды жұмыстар арқасында Қызылорда арнайы экономикалық аймағы барынша қысқа мерзім ішінде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетті. Сол жетістіктердің нәтижесінде облыста тұтас елдегідей сияқты жалпы ахуалдың әлі де болса, тұралап жатқан тұстары бар екеніне қарамастан, оның ахуалы оңтүстіктегі екі көрші өңір көрінісіне қарағанда, анағұрлым жоғары болатын. Сол қиын-қыстау деген күндердің өзінде Қызылордада тәуліктеп электр жарығының жанбай қалуы, көп қабатты үйлерде тұратын жұрттың далада қазан көтеруі сықылды деректері мүлдем болған емес. Бұған жеткізбеген, біріншіден, осы айтылып жатқан арнайы экономикалық аймақтың шарапаты болса, екіншіден, сол аймақты қолдан құрып, оның барша жұмысын алға абыроймен апара білген Бердібек Сапарбаев пен Бақберген Досманбетов сынды атпал азаматтар еді. Шыны керек, ел осымен еңсесін тіктеп алды. Облыс жұртына да осы демеу мен қолдау жетпей тұр екен, онымен жан шақырып алғаннан кейін, тіршіліктерін өздері де үлкен керуен жолға салып алды. Сондықтан елге екі жылдан астам уақыт қалтқысыз қызмет еткен құрылым Мемлекет басшысының 1999 жылдың 31 наурызындағы келесі Жарлығымен тарады.
Біздің жоғарыда айтып өткен қала шаруашылығына байланысты алғашқы атап өтерлік іргелі жұмыстар осы арнайы экономикалық аймақ дүрілдеп тұрған жылдары жүргізіліп қалды. Және ол тек шаруашылық-құрылыс тіршіліктерімен ғана шектеліп қала салған жоқ. Осы жылдарда аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында пәрменді жұмыстар қолға алынды. Жергілікті мұнай компанияларымен меморандум жасасып, олардың қаржыларын облыстың әлеуметтік саладағы проблемаларын шешіп алу бағытында да көптеген жұмыстар атқарылды. Біз мақаламызда бұлардың бәрін тізіп шығуды мақсат тұтпағандықтан, бұл жөніндегі тұжырымымызды осымен тиянақтап, сол кезде тікелей Бақберген Сәрсенұлының инициативасы арқасында жүзеге асқан бірер жобаны ғана атап өтейік. Соның бірі қала басшысының қалалық газет пен қалалық телевидение ашуы болды. Бұлардың екеуі де сол жылдары алдымен экономикалық аймаққа, сосын жалпы қалаға қызмет етті. Ал осы жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін өзіне орынбасар етіп белгілі журналист қана емес, жас ғалым, ғылым кандидаты Бауыржан Омаровты алды. Мұның өзі де Бақберген Сәрсенұлының жақсыға үйір, жаңалыққа жаны құштар қасиетін танытатын тірлік-тін. Бәкеңнің расында да осындай басшы екенін оның, университетте ректор болып жүрген кезінде оқу орнына жаңаша леп әкелетін жастарды іздеп Алматыға барып, өзі бұрын жақсы тани қоймаған, бірақ белгілі кісілерден олар жөнінде жақсы пікірлер мен баға алған ғылым кандидаттары осы Бауыржан мен Амантай Шәріповті жанына жеткізуі де осы сөзімізді тірілте түседі. Обалы не керек, екі інісі де ағасы артқан сенімді молынан ақтады. Сол жылдары Бауыржан ұдайы жанында болса, Амантай кейін облыстық телерадиокомпанияны басқарды. Ал жоғарыда айтылған телеарнаға жетекші етіп, сонау Байқоңырда жүрген талантты ақын-журналист Шәкизада Әбдікәрімовті әкелді. Бүгінде «Қоғам ТВ» деген атпен қалың жұртшылыққа жақсы танылып отырған телеарнаның негізін әу басында осылай Бақберген Досманбетов қалап берген еді.
Бәкең кейін Сенат депутаты болған жылдарында да өзінің белсенді қоғамдық позициясын үнемі көрсетумен болды. Осы жылдарда сенаторлық қызметінен бөлек, ғалым-зерттеуші ретінде де өте жемісті жұмыстар жасады. Білім беру жүйесінде өзіндік орны мен өрнегі бар «Болашақ» атты университетті ашып, табанынан тік тұрғызды. Осы оқу орнына сіңірген еңбегі үшін Англиядағы атақты Оксфорд университетінің «Ғылымдағы атағы үшін» аталымы бойынша «Сократ» орденінің иегері атанды. Ол – кәрі құрлықтағы беделді 27 университеттің ректорларынан құралған «Еуропадағы ректорлар клубының» шешімі бойынша берілетін мерейлі марапат. Бұдан қалды, өзінің сонау 1992 жылы докторлық диссертациясына тақырып болған демографиялық және еңбек әуелеті статистикалық бағасы тәсілдемесі бойынша қаншама жұмыстардың оябын келтірді. Бұлардың біразы әр жылдары мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрді. Мұның бір қадау бөлігі сенаторлығы кезінде «Ұстаным» деген атпен жеке жинақ болып басылып шықты. Онда ғалым-депутаттың тәуелсіз еліміз туралы толғаныстары топтастырылды. Ал мұның алдында біршама уақыт бұрын оның «Сүйем сені, Сыр елі» деген естелік іспеттес кітабын оқып, бір сүйсінгенбіз. Бұл жинақтың ерекшелігі де, құндылығы да сол, ондағы көлгірсіген көп кәлиме, өршіп жүрген өтірік сөз жоқ, автор бәрін болған-болғанындай, өзі көріп-қабылдағандай, түйсініп-сезінгендей қалыпта барынша жатық тілмен жатырқамай баяндап береді. Сондықтан да құдды көркем шығарма парақтарын қайырып отырғандай әрбір бетін құныға да қызыға оқисың. Жақсы желіден арқау тарқатқан хикая іспеттес кітап түкпіріндегі шынайылығы мен тазалыққа сүйсінесің. Осы арқылы авторын да тереңірек тани түскеніңді сезінесің. Шыны керек, өз басым Бәкеңді баяғыдан тәп-тәуір білетіндей көріп жүруші едім. Сөйтсем, білмейтінім тіпті де көп екен. Тек мына кітаптан кейін ғана оны бұрынғыдан бетер жақсы тани түскенімді байқадым. Ал ойлап қарап тұрсам, бүгінгі кейіпкерімді алғаш рет көріп, танысқаныма биыл тура ширек ғасыр толыпты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары мен Алматы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, Қызылорда облыстық партия комитетіне қызметке алындым. Бұл – бұрынғы үгіт және насихатқа білім және ғылымның қосылып, «идеология бөлімі» атанған кезі. Мен осы бөлімге тап келдім. Күндердің күнінде бөлім меңгерушісі Жәлел Бәкіровтің алдында осы Бәкеңмен танысып қалудың орайы келді. Сонда-ақ бірден байқалғаны, жұрттың бәрімен тез тіл табысып кететін, ешкімді жатырқай қоймайтын, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, барынша ашық-жарқын, қалжың сөзден қағажуы жоқ, сонымен бірге өте жігерлі адам екені болды. Кейінірек біз облыстық газетке ауыстық. Осыдан кейінгі жылдары кейде аудандарға бірге іссапарға шығып тұратын кездеріміз де кезігіп тұрды. Ал беріректе біз республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілшісі, ол кісі сенатор болып жүрген кездерде мұндай сапарлар бұрынғыдан да жиі болып қалушы еді. Соның бәрінде де Бәкеңнің сонау алғаш көрген кезімдегі жайдары да жаймашуақ қалпынан ешқандай өзгермегенін, бойынан қашанда оңды қуат тарап тұратынын аңғаратынмын. Бұл, бәлкім, хәкім Абай айтатын «асыл адам айнымастың» нақты дәлелі ме екен?!
Абай демекші, Бәкеңнің сүйіп оқитын қаламгерлерінің алдыңғы сапында осы ұлы ақынның тұрғанын да жақсы білеміз. Дала данышпанының көптеген өлеңдерін жатқа оқумен қатар, қара сөздерінен бал тамыза отырып, қаймақ айыра білетін оның өмірлік кредосы да сонда айтылатын тұжырымдармен үндесіп жатады. Әдетте адам өзі сырттай да болса сүйсініп жүретін кісісі жөнінде көбірек білгісі келеді. Біз үшін сондай тұлғаның бірі осы Бақберген Сәрсенұлы еді. Сондықтан оның баяғыда Қызылорда педагогикалық институтына оқытушы болып алғаш қызметке тұрған кезінен бастап, қазірге дейінгі біраз тыныс-тіршілігінен хабарымыз бар сияқты. Оқу орнына келген күнінен оның комсомол комитетін басқарған Бәкеңнің спорттың талай түрімен айналысқанын да, талай концертке көрік бергенін де естігенбіз. Арасында өлең жазып жіберетінін де білеміз. Талай сапарға бірге шығып жүргенде, аңшылықты кәсіби жоғары деңгейге дейін жеткізіп қойғанына да көз жеткіздік. Былайынша айтқанда, Бәкеңде азамат-ердің сойына жарасатын жақсы үрдіс-дәстүрдің бәрі де бар. Сондықтан да мақаламыздың бастақырыбын «Жігіттің сұлтаны» деп қойдық. Өйткені, еңістен салсаң, төске озатын, етектен салсаң кешке озатын оның тіршілікте қолынан келмейтін нәрсесі аз. Егер қылшылдаған жас кезінде тап қазіргідей жігіт-желең арасында жоғарыдағыдай атақ үшін жарысқа түсетін болса, оның да бәйгесінің басын бермейтініне бәс тігуге болады. Сол Бәкең әлі де тұғырынан түсіп тұрған жоқ. Уақыттың қандай да бір жаңалығының көші алдында жүреді. Әлі есімде, ертеректе жұрттың көбі не екенін біле қоймайтын кездері цифрлы фотоаппарат дегенді де өз басым бірінші рет осы кісінің қолынан көріп едім. Ал қазір компьютердің құлағында ойнап отырғанына куә болып жүрміз.
Осыдан бірнеше жыл бұдан Бәкең бірде Қызылордада өзі салып жатқан үйін апарып көрсетті. Оның жобасы, архитектуралық шешімдері түгел өзінікі болып шықты. Салынып жатқан жайдың барлық жай-жапсары қатты ұнады. Сонда дайын тұрған архитектордың өз орнын таппай қалғанын байқағандай болдым. Бірақ тап солай дейін десем, бұл кісі жалғыз бұл сала емес, өзінің білікті экономист-ғалым екендігін айтпағанның өзінде, өмірге қажетті басқа да көптеген тетіктердің тұтқасы бола алатын бесаспап тұлға екен. Таланттың сан қырлы болатыны осылай танылатын шығар.
Шыны керек, мен бұған дейін Бақберген Сәрсенұлы туралы екі рет жазбақшы болып едім. Оның біріншісі – жаңа ғана сөз етілген тұрғын үйін көргеннен кейін болса, екіншісі жоғарыда аталып өткен кітабын оқып шыққан кезде ойға оралып еді. Бірақ екеуі де кезінде әртүрлі себептермен орындалмай қалды. Әйткенмен, «Ештен кеш жақсы» деген, сол екі рет лап етіп көтерілген ойларды қағазға түсіріп шығудың ыңғайы енді келді.
* * *
«Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады…».
Серік ПІРНАЗАР.
http://egemen.kz/