Таяуда Минскіде «норманд төрттігі» бас қосып, Украинадағы дағдарыс жағдайын талқылап жатқан кездерде былайғы көп жұрттың назарынан тыс қалып қойған, бірақ маңыздылығы жағынан Беларусь астанасында Ресей, Франция, Украина және Германия лидерлерінің саналарын сарп еткен мәселеден оншалықты бір төмен емес оқиға болды.
Сол күндері Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу үш күндік мәулетпен Латын Америкасына – Венесуэла, Никарагуа және Куба елдеріне барып қайтты. Ресей әскери ведомствосы басшысының Украинаның өз елімен тікелей шекаралас жатқан оңтүстік-шығысында қызып тұрған азамат соғысының сыңайында мұхиттың арғы жағалауындағы алып мемлекетпен қанаттас аймаққа сапар сызуының астарында не жатыр? Бұл жоғарыда аталған дәулеттердің Ресей үшін әскери стратегия тұрғысындағы маңызының айрықша жоғары екенін байқатпай ма? Ендеше, қорғаныс министрі сапарының себебі мен мақсаты қандай болды?
Неге бұл елдер таңдап алынған?
Бізге бұрыннан белгісі, Венесуэла, Никарагуа және Куба елдері Ресейдің осы аймақтағы біраз уақыттан бергі дәстүрлі әріптестері болып табылады. Айталық, оның Венесуэламен қарым-қатынасының тарихы оншалықты ұзақ болмаса да, аз ғана мерзімнің ішінде біраз мәселені қамтуымен байланысты тереңдете түскен екен. Ресей бұл елге 2001 жылдан 2013 жылға дейін жеткізіп берген қару-жарақтары арқылы оны 11 млрд. долларға қарыздандырып қойыпты. Ал мұның қаншалықты үлес екенін пайымдау үшін күллі Латын Америкасы елдері әскери тауар айналымының 14,5 млрд. долларды құрап отырғанын айтсақ та жеткілікті. Қазір экономикалық ахуалы күрделі қалыпқа жетіп тұрғанына қарамастан, бұл қарым-қатынастың қылуасына титтей де жарықшақ түсіп тұрған жоқ. Алайда, дәл қазіргі таңда Венесуэл да, Никарагуа да, Куба да Мәскеуді сатып алушы тұрғысында ғана емес, сатушы ел рөлінде де қызықтыратын сияқты.
Әлбетте, Ресейдің бұл елдерден сатып алатыны нақтылы тауар болмайды. Оны саяси сарапшылар қазір «саяси қатынас» деп атап отыр. Ал бұл «тауардың» маңыздылығы сондай, Мәскеу оны, өзі де күрделі саяси тығырыққа тіреліп тұрғанына қарамастан, барлық артық шығынымен қоса, толайым сатып алуға бейіл. Тағы бір жайт, осының алдында Венесуэламен жаңа ұзақ мерзімді келісімнің жасалғалы тұрғаны туралы ешқандай да ақпар болған жоқ. Соған қарағанда, бәрі тез, аяқ астынан қозғала қалған сияқты. Ал келіссөздің қорытындысында Ресей Федерациясы мен Венесуэла қарулы күштерінің бірлескен жиыны өткелі тұрғаны, сондай-ақ Ресей әскери корабльдерінің бұл елдің порттарына достық рәуіштегі сапармен келгелі жатқаны айғақ болды. Бір күннен кейін тап осыған ұқсас тиісті келісімге Никарагуада да қол қойылды. Енді Ресей корабльдері бұл елдің екі ірі портына – Тынық мұхиттағы Коринто мен шығыс жағалауда орналасқан Блуфилдске белгіленген тәртіпке сай келе алады.
Бұл PR-акция емес пе?
Ресейдің бұл аймаққа қызығушылық танытуын саяси тұрғыдан да, экономикалық жағынан да толық түсінуге болады. Мәскеудің мұнда қадам басып, қанатын жаюы ең алдымен оған бұл аймақта болып жататын процестерге өзінің ықпалын тигізіп, жағдайды толық бақылап отыруына мүмкіндік береді. Бұл артықшылықтар жақын келешекте Венесуэла мен Кубада билік ауыса қалған жағдайда да мейлінше сақталып қалуы да ықтимал. Мұндағы әңгіме жаңа басшылықтың жеке көзқарастары мен ұстамдарына тәуелді бола қоймайтын ұзақ мерзімді заң жүзіндегі келісімдер турасында болып отыр.
Ресейдің осы қалыптағы саяси мақсаты да айқын. Ол – АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін ерекше маңызды аймақта өз позициясын нығайта түсу. Ал негізгі мәселе тап қазір «бәсекелеске тұз жалатып қоюда» («Ішің күйсе, тұз жала») емес, мәселе Мәскеу мен Вашингтонның арасы алдағы уақытта бұдан да әрі нашарлай түссе, нақтылы қадамдарға бара алатындай мүмкіндіктер жасап алуда. Сол кезде ертеден бұл өңірлерді өзінің қолайсыздау кейіптегі ту сырты сияқты көретін АҚШ үшін көп нәрсені жаңадан қарап, талай жәйт жөнінде қайта ойлануға тура келер еді. Мұның өзі Құрама Штаттарға өзі үшін аса қымбатқа түсетін Кариб теңізі сулары мен Мексика бұғазы бойларындағы оңтүстік қорғаныс жүйесін тұрғызудың қажеттілігі туатынын білдіреді. Бұларды ол Ресейдің бортында қанатты зымырандар сүңгуір қайықтары мен әуе кеңістігінде соғыс ұшақтары бар аймақтан төніп қалуы ықтимал қатерден сақтану үшін өзі-ақ жасауға мәжбүр болады.
Енді Мәскеудің экономикалық тұрғыдағы ынтасына келсек, ол ең алдымен 2014 жылы дайындық жұмыстары басталған, алда орасан ауқымдағы науқанға айналғалы тұрған Никарагуа каналы құрылысы жобасына қатысу түрінде көрінуі де мүмкін. Құны қырық млрд. долларды құрайтын контрактінің негізгі орындаушылары Қытай компаниялары болып отырған жобада Ресей жағына да жұмыс табылып қалатыны анық. Ол негізінен каналдың инфрақұрылымын жасауға қатысу тұрғысында алға тартылмақшы. Ресей қорғаныс министрінің сапарынан кейін алдымен ауызға алынған жұмыстың бір парасы ретінде қазір сол инфрақұрылымның топографиялық орталығын жасау болмақ. Сарапшылардың айтуларынша, мұны ресейлік компаниялар өз құрал-саймандарымен жабдықтап береді. Бұдан бөлек, Ресей канал құрылысы мен оның әуе кеңістігін күзету қызметін де өзіне ала алады. Ал канал құрылысы аяқталып, ол пайдалануға берілген кезде Атлант мұхиты мен Тынық мұхиттың арасына жол салынып, екі жақтан үлкен кемелердің қатынауы Панама каналына қарағанда, екі есеге артады.
Бұл жерде аталған қадамдардың пиар боларлық әсерлері де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Елдердің өз мүдделерін белсенді түрде алға шығарулары, ынтымақтастықты нақтылы ұсыныстармен нығыздай түсу қашанда олардың имиджерін көтеріп алуларына жол ашып беретін болған. Ертеңгі күннің не болып кететіні белгісіз болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде Ресейдің мұндай батыл да оқыс қадамдарға барып жатқанын біз ешқандай әбес көріп отырған жоқпыз. Қалай дегенде де, имиджді көтеру мақсатында қолға алынып жататын сол тірліктердің арғы жағында нақтылы табыстардың да тұрғаны тағы аян.
Кубаға қайта оралатын күн туды ма?
2014 жылдың жазында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Ресей Федерациясы мен Кубаның арасында ресейлік әскерилердің қаржының жетіспеушілігінен және ел басшылығының АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту ниетінен 2001 жылы тастап кеткен Лурдестегі барлау орталығына Ресейдің қайтып оралатыны турасында келісімге қол жеткенін жарыса жазып жатты. Сөйтіп, 2001 жылы Лурдестен кету жөніндегі шешімге қолдау білдірген Владимир Путин 2014 жылы оған қайта оралуға тілек білдірді. Ол сонымен бірге Ресейдің жағдайы мұнсыз да жаман болмайтынын атап өтуді де ұмыта қоймады.
«Біз өзіміздің қорғаныс қабілетімізді күшейту міндетін бұл компонентсіз де шеше аламыз, мұнда бір ерекше ештеңе жоқ», — деп мәлімдеді Ресей лидері. Бірақ мұның шынайы көңілден білдірілген тұжырым екенін де, немесе алдаусырата айтылған шығарып-салма сөз екенін де дөп басып танып, қатесіз қарпу қиын. Оны Сергей Шойгудың сапары қорытындысы да айғақтап бере алған жоқ. Дегенмен, Лурдестің шын мәнінде Ресей үшін қаншалықты маңызы бар екенін біліп қалатын шағымыз да қашық емес. Бірақ қалай дегенде де, «Бостандық аралы» Ресеймен әскери бұрынғыдан да тығыз ынтымақтастықта болу болашағынан бас тартпайтынын соңғы кездері қаншама рет байқатып үлгерді. Мұны Куба революциясының көсемі Фидель Кастроның сөзімен кестелесек, кейінгі кездері бұл елмен бірден жақындаса қалуды көксеген АҚШ-пен ендігі жердегі қарым-қатынастың «найзағайлы болмаса да, бұлтсыз болатынына» мұндағылардың айрықша бір сенім артып отырғаны шамалы.
Осының бәрі бір полярлы әлемнің күні келмеске кетіп бара жатқанын байқатып отыр. Соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы «әлем жандармы» деген рөлді ойнап келген елдің көкке сермеген жалаң қылышын жерге түсіретін кезі келіп қалды.
Серік Пірназар.
http://egemen.kz/