АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Мәңгілік ел»

скачанные файлы (1)ұлттық идеясының заңнамалық негізі қалануда

Парламент Мәжілісінің Төр­аға­сы Қабиболла Жақыповтың бас­шы­лығымен еліміздегі мемлекеттік биліктің заң шығарушы тармағында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі идеяларын жүзеге асыру мақсатында биылдың өзінде көптеген қажетті заңдар қабылдау бағытында пәрменді және сапалы жұмыстар жасалғаны белгілі. Қазіргі заманның ең биік саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани, экономикалық және құқықтық талаптарына барынша сәйкес келетін заңдар топтамасын қалыптастыру бүгінгі күннің өзек­ті және маңызды мәселесі. Өйт­кені, өркениетті елдердің қатары­на қосылуға ұмтылған еліміз­дің құқықтық кеңістігінде өрелі мақ­саттарға сәйкес келетін, ұлттық тәуел­сіздікті нығайта түсетін «Мәң­гілік Ел» ұлттық идеясына құқықтық база болу керек. Сондай кешенді заңнамалық тұғыр, түбегейлі іргетас Қазақстан Парламентінің депутаттар корпусының қажырлы еңбегінің арқасында қалануда.

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Жол­дау­лар­ын­да атап көрсеткеніндей, еліміз тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен бері үш маңызды тарихи кезеңнен өтті. Алғашқы қезең – еліміз егемендігінің іргетасы қалана бастаған жылдар, екіншісі – қалыптасқан мемлекетке қол жеткізген уақыт, ал енді ең жауапты үшінші кезең – жа­һандық сын-қатерлер мен еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық кеңістігіне келіп жеткен дағ­да­рыстық үдерістер дәуіріндегі сындарлы әрекеттер заманы. Жаңа тарихи кезең туындатқан заманауи қиыншылықтар мен сын-қатерлерге лайықты деңгейде төтеп беруге ар­налған бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік тетіктері мен талаптары заңнамалық деңгейде, құқық жүзінде қамтамасыз етілмесе, онда олардың әлеуметтік практика саласында жоғарыда аталған маңызды міндеттердің жүзеге асырылуы қиындықтарға ұшырауы мүмкін.

фото Нурмуратов С.Парламент Мәжілісінің әрбір отырысында талқыланатын кез келген заңның түпкі тұжырымдамалық іргетасы Мемлекет басшысы анықтап берген, тіпті, БҰҰ-ның аса ірі халықаралық форумында хабардар етілген бес институттық реформаның «100 нақты қадаммен» тікелей астасып жатқанына күмән келтіруге болмайды. Әсіресе, Пре­зи­денттің «Ұлт жоспарын практика жүзінде нақты іске асыру жөніндегі ең шұғыл заңдардың алғашқы топтамасы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеуге тиіс» деген тапсырмасы заң саласында, мем­лекеттік органдарда қызмет атқарып жүрген қоғам қайраткерлері үшін құнды бағдар екенін атап өтуге болады. Еліміз Парламентінің қос палатасы жоғарыдағы тарихи маңызды құжаттардағы ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін заң шығару жұмысының нақты жоспары жасалғаны белгілі. Парламент заң жобаларының топтамасын Президент Әкімшілігінің жұмыс кестесімен үйлестіре отырып, Прези­денттің қол қоюына ұсынады. Бұл өз кезегінде биліктің әртүрлі тармақтарының қызметін барынша сәйкестендіреді.

Заңнамалық базаны үнемі жаңар­тып, жаңғыртып отыру – заман талабы. Әрине, кез келген заң қазіргі кезеңнің мүддесіне ғана сәйкес келіп қана қоймай, заманнан біршама озың­қы сипатта қалыптасқаны тиімді. Міне, сонда ғана алға қарай даму­дың пәрменділігі арта түседі, қоғам­дық күштер әлеуетінің ашылуы­на қолайлы мүмкіндіктер жасала­ды, еліміздің заңдары әр қилы сала­дағы прогрестің тиімді тетігіне айналады.

Жалпы, дағдарыстан шығудың жолдарын таба білу кез келген мемлекет үшін біршама қиындығы бар маңызды сынақ екені белгілі. Бірақ мемлекет өзінің қызметін жеке-дара жүргізбейді, ол баршаның көмегіне сүйенуі тиіс және жұртшылық то­лық­тай қолдау білдіргенде ғана барлық реформалардың өнімділігі, тиімділігі арта түсері анық. Ал осы орайда, Парламент Мәжілісіндегі жұмыс топтарының құрамындағы қызметке үнемі отандық және шетелдік сарапшылар мен мамандардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғалымдар мен азаматтық қоғамның көптеген өкіл­дерінің тартылатындығы жақсы нышан екенін атап өту керек және бұл қадамдар нағыз демократиялық си­паттағы маңызды құжаттардың қабылдануына негіз болады. Де­мек, еліміздің депутаттар корпусы барынша кәсіби және ашық түр­де жұмыс істеуге талпынады, халық­тың шынайы мұң-мұқтажы мен мүд­­делерін анықтап, еліміздің өрке­ниетті болашағы үшін қызмет етуге ұмтылады.

Бұқаралық ақпарат құрал­дары­мен, жұртшылықтың өкілдерімен тығыз қарым-қатынастардың арқа­сында Мәжіліс жұмысының біршама маңызды бөлігі қоғамымызға бел­гілі болып отырады. Дегенмен, заң шығару жұмысына байланыс­ты жұмыс топтарының көптеген күнделікті отырыстары көпшілік үшін белгісіз болып қала береді. Өйткені, ондай басқосуларда мамандарымыз әрбір заңды барынша екшейді, сыни түзетпелер енгізеді. Мәселен, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов өзінің 8 қазанда «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласында атап өткендей, «2015 жылғы қыркүйектің басы мен 7 қазан аралығында жұмыс топтарының 500-ден астам отырысы, бас комитеттердің 22 кеңейтілген отырысы өткізілді. Депутаттар заң жобаларының бүкіл топтамасы бойынша 11 мыңға жуық түзетулерді қарастырды, олардың жартысынан астамы қабылданды». Бұл еліміздің саяси жүйесінің заң шығару саласы қызметінің қысқаша бір сәті ғана. Сондықтан еліміздің зиятты кеңістігінде биліктің заң шығарушы тармағының табысты еңбегін лайықты бағалап, оның сая­си үрдістегі оңды имиджін, халық алдындағы беделін нығайта түсуге толыққанды үн қосуымыз керек деген ойдамыз.

Парламентте соңғы уақытта біртұтас Қазақстан халқының ортақ мүддесін қалып­тастыру және азаматтары күтетін, күнделікті тіршілігінде қолданатын нормаларды анықтап отыру белгілі бір сындарлы құндылықтық-мағыналық бағытта жүзеге асуда. Әсіресе, Ұлт жос­парын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жүйелі жүргізілгені байқалады. Мысалы, мемлекеттік құрылыс мәселелері бойынша 13 заң жобасы; қаржы, салық және кеден ісі мәселелері бойынша 9 заң жобасы; еңбек, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру, сонымен қатар, шаруашылық қызметті мемлекеттік реттеу мәселелерін бірге алғанда 21 заң жобасы; білім беру, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау салалары бойынша 5 заң жобасы; ауыл шаруашылығы бойынша 4 заң жобасы және басқа да қоғамның әлеуметтік салалары бойынша көптеген маңызды заңнамалық құжаттар қабылданды.

Еліміздің ұлттық стратегиялық бағдарламаларында индустриялық-инновациялық даму негізгі бағдар болып отырғанына байланысты «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мәтінінің жартысы экономикалық мәселелерді қамтиды. Ал Парламентте қабыл­дан­ған заң жобаларының жартысын­дайы осы экономикалық мәселелерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудің, қайшылықтарды шешудің нор­маларын анықтауға арналғаны кездейсоқ емес. Сонымен қатар, Парла­мент үнемі мемлекеттік қыз­мет туралы заңнама мен сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы жетілдіріп келеді. Соңғы уақытта мемлекеттік заңдардың өза­ра байланыстылығына, сабақ­тас­­тығына баса назар аударылып жатқанын атап өту керек. Мәсе­лен, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабыл­да­нарда олардың арасындағы өзара байланыс өте жақсы деңгейде еске­рілді. Әрине, «сыбайластық пен жем­қорлық» сияқты келеңсіз құбы­лыс­тармен тек заң жүзінде немесе құ­қық­тың күшімен ғана күресу аз­дық етеді. Бұл салада жалпы мә­де­­ние­тіміз бен руханиятымызды өр­кен­дету арқылы, рухани тәрбие бе­ру, оқу және тәрбие саласының бар­­лық дең­гейінде өнімді жұмыстар атқа­ру ар­қылы жеңістерге жетуге тиіс­тіміз.

Мәдениет, ғылым, білім беру және дін салаларының беделді қыз­меткерлері де сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы күрестің жалпы үдерісіне лайықты деңгейде атсалысуы қажет. Парламенттің атқарып отырған маңызды және жауапты қадамдары Қазақстан Республикасы Президенті мен «Нұр Отан» партия­сы тарапынан үнемі қолдау тауып отыратындығы қуантады. Ен­ді әрбір аймақтарда, өндіріс ұжым­дарында құқықтық мәдениеті жоға­ры азаматтар көбейіп, еліміздің Конс­ти­туциясын және маңызды заңна­малық құжаттарын сыйлайтын, азамат­тық парыздарын мүлтіксіз орын­дайтын тұлғалардан тұратын қауым­дастықтың қалыптасуы біздің қо­ға­мымыздың стратегиялық болаша­ғына тиімді. Дамыған 30 елдің қа­та­рына қосылудың алғышарты тек экономикалық дамумен байланысты ғана емес, ол, сонымен қатар, жан-жақты дамыған азаматтық қоға­мымыздың іс-әрекетімен, тыныс-тіршілігімен астасып жататыны бел­гілі. Қоғамға адал қызмет етудің үл­гілері үнемі насихатталуы тиіс, сондықтан, елімізге құқықтық сала­ның, жас­тар арасында құқықтық мәде­ниет­ті қалыптастыру мен дамы­ту­дың маңыздылығы күн сайын арта түседі.

Қазақстанның ғылым саласы бір­неше жылдан бері «Ғылым туралы» Заңның ауқымында дамып келе жатқаны белгілі. Еліміздегі ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми жобалар гранттық, бағ­дарламалық-нысаналы және базалық қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жүр. Ал қазіргі заманның талаптарына сәйкес, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына үндес Парламенттің қабылдануында «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» Заң дүниеге келді.

Оған еліміздегі ғылым мен өндіріс саласының арасындағы қарым-қа­ты­насты барынша үйлестіруге, өзара жақындастыруға деген талпы­ныс деп баға береміз. Әрине, ғылымның практикалық тиімділігін арттыра түсуіміз керек. Ғалымдар өз жа­ңа­­лықтарының нәтижесін нақты сезі­нуі тиіс. Тек осы жерде айта кете­тін жағдай – осы коммерциялан­дыру контексіне тікелей жата қой­май­тын, дегенмен, халқымыздың руха­ният әлемінің құрылымын нығай­туға қомақты үлес қосатын гума­нитарлық ғылымдардың ерекше мәр­тебесін нақтылай түсуіміз керек. Сонда ғана еліміздегі материал­дық дүниенің қалыптасуы мен руха­ният әлемінің өркендеуі арасын­дағы өзара толықтырулар болады және қоғамымыздың пәрменді және жан-жақты дамуына іргетас қала­на­ты­нына күмән келтірмейміз.

Заңдарды сыйлау арқылы тек өр­кендеп қана қоймай, өзіміздің әлемдік қоғамдастық алдында қаді­рі­міздің арта түсетіні анық.

Серік НҰРМҰРАТОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары.

http://egemen.kz/