АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Нұрлы Жол» – ел өңірлерінің жаңа даму кезеңінің негізі

4b12306cada4450710158b39cedeb2d395b580a4Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі «2050» Стратегиясының басты мақсаты ретінде бірқатар стратегиялық, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуді талап етеді. Осыған байланысты алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға бағытталған, соның ішінде өңірлік деңгейде бағдарламалық құжаттар қабылданды. Осындай құжаттардың бірі ағымдағы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы бекіткен, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – бағдарлама) болып табылады. Бұл бағдарламада өңірлерде көлік-логистика, индустриялық, энергетикалық және тұрғын үй инфрақұрылымын кешенді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, кәсіпкерлік пен іскерлік белсенділікті қолдау көзделген. Бағдарламада жаңа кәсіпорындар ашып, халық үшін кеңінен жұмыс орындарын құратын, дағдарысқа қарсы шаралар қамтылған, сондай-ақ ол алдағы жылдары экономиканың өсуі үшін тұрақты негіз қалыптастырады. Мәселен, бағдарламаға сай 2019 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2014 жылмен салыстырғанда 15,7%-ға ұлғаяды, бұл 400 мың жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның негізгі инфрақұрылым сапасының рейтингі бойынша 62-орыннан 57-орынға дейін көтеріліп, көрсеткішін жақсартады.

Елдің даму қарқыны көптеген факторларға және негізінен жұмыс күшінің, тауарлардың, жүктердің және қызметтердің өңірлер арасында еркін әрі жедел алмасуы үшін жасалған жағдайларға байланысты болады.

Осындай мақсатпен бағдарламаға сай Қазақстанда көліктің барлық түрлерінің – автомобиль, теміржол және әуе жолдарының, теңіз порт­тарының инфрақұрылымын кең көлемде дамыту басталды. Мәселен, Президенттің тапсырмасымен автожолдар сәулелік қағидаты бойынша салынады, Қазақстанның солтүстігін, оңтүстігін, батысы пен шығысын Астанамен байланыстырады. Жалпы, жаңа жол жүйесі Азия мен Еуропа арасындағы жоғары жылдамдықты көлік дәлізі, жаңа Жібек жолының бір бөлігі болады. Тек биылғы жылы автожол саласына 2 мың км автожолдың құрылысына және жөндеуіне 178 млрд. теңге бөлінді (барлығы 11 жоба, 7 мың км). Бүгінгі таңда негізгі жұмыстар Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Астана – Алматы, Астана – Өскемен жобаларында жүргізілуде. Автожол жобаларында 99 ұйым, 72 мың адам, 10 мың бірлік техника жұмыс істейді. Бұл ретте, жаңа магистральдар бо­йында қызмет көрсету саласында (дәмханалар, қонақ үйлер, техникалық қызмет көрсету және т.б.) қалалар мен аудандардың шағын және орта бизнесі үшін жол инфрақұрылымын дамытудан жоғары әсер күтілуде.

Бұған қоса, бағдарлама бойынша әуе, теміржол және теңіз жолдарымен жолаушылар мен жүктер тасымалын кеңейту үшін Астананың әуежайында жаңа терминал мен ұшу-қону жолағын (29 млрд. теңге), Алматы – Шу учаскесінде екінші теміржолын (8,3 млрд. теңге), Боржақты – Ерсай теміржол желісін (6,7 млрд. теңге), сондай-ақ Құрық портында сал кешенін (4,8 млрд. теңге) салу көзделген.

Сонымен бірге, өңірлерде бизнесті тиімді әрі тұрақты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды болып отыр. Осыған байланысты облыстарда 10 арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын салу басталды. Олардың ең ірісі теміржол жүктеріне арналған терминалдарымен, логистикалық жә­не индустриалдық аймақтардың ин­фрақұрылымдық объектілерімен «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА (68,5 млрд. теңге) және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА (12,5 млрд. теңге) болып табылады. Бұл тек Қорғас арқылы 150 млрд. теңге инвестицияларды тартып, 20 мың жұмыс орындарын құрып, жүк айналымын 8 есе, жылына 4 млн. тоннаға дейін ұлғайтады.

Осындай арнайы экономикалық аймақтар «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы бойынша салынған инфра­құ­рылымымен ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті әрі сұранысқа ие өнімді жасау және тарату ісінде бизнестің жылдам қарқынмен дамуына мүмкіндік береді.

Алайда, осындай өнімді ғылыми-зерттеу базасынсыз шығару мүмкін емес. Осыған байланысты мемлекет өнім сапасының инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы кен орындарын барлау, инфекцияға қарсы препараттар жасау, минералдық шикізатты кешенді өңдеу, өрт қауіпсіздігі саласында инновациялық әзірлемелер жасау, сараптамалар жүргізу және т.б. салаларда қажетті сынау жабдықтарын сатып алуға 11 млрд. теңге бөлді.

Халықты электр энергиясымен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мәселелері жеке қамтылған. «Нұрлы Жол» бағдарламасына сай Екібастұздан Өскеменге дейін 500 кВт екі электр желісінің (43,3 млрд. теңге) және Шүлбі СЭС-інен (Семей) Алматыға дейін (76,8 млрд. теңге) электр желілерінің құрылысы энергия тапшылығы бар өңір болып табылатын елдің бүкіл оңтүстік-шығысын жарықпен және жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылықты дамытуға, сумен, жылу­мен жабдықтау және су құбыры желі­лерін жөндеуге 2015 жылы 60 млрд. теңге бөлінді. Әртүрлі өңір­лерден 96 жоба іріктеп алынды (су құбырлары, су жүйелері, кәріз және т.б.). Жалпы, желілерді жаңғырту олардың тозуын 2020 жылға қарай 65%-дан 53%-ға дейін төмендетуге, шы­ғындарды едәуір азайтуға мүм­кін­дік береді, бұл халыққа су мен жылу беру бойынша қызмет сапасын арттырады.

Елдің индустриалдық дамуына жағ­дайлар жасаумен қатар бағдарлама маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бағдарлама шеңберінде 2020 жылға дейін 1,5 млн. шаршы метр жалдамалы тұрғын үй немесе бүкіл ел бойынша 29 мыңнан астам пәтер салынады. Бұл ретте, тұрғын үй бастапқы жарнасыз, төмен сыйақы мөлшерлемесімен 20 жылға жалға беріледі. Мәселен, 50 шаршы метр 2 бөлмелі пәтердің жалдау ақысы өңірге және тұрғын үйді алу тетігіне (сатып алу немесе сатып алмауға) байланыс­ты айына 23 мыңнан 56 мың теңгеге дейін құрайды. Бағдарламамен барлық өңірлер қамтылған.

Мысалы, Қызылордада «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 84 мың шаршы метр алаңымен 6 объектінің немесе 1 200 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Жылдың соңына дейін қалада 46 мың шаршы метр алаңымен 4 объект (720 пәтер) пайдалануға беріледі.

Жақында Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы облыс орталығында «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысымен танысты. Елбасы «күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, мемлекет халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту және әл-ауқатын арттыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасауды жалғастыратын болады» деп тағы да баса айтты.

Жалпы, ағымдағы жылы Қазақстан бойынша шамамен 7 мың жалдамалы пәтер пайдалануға беріледі (400 мың шаршы метр). Бүгінгі таңда 4 мың пәтер пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін тағы 3 мыңдай қазақстандық жаңа қонысқа ие болады.

Тағы бір маңызды әлеуметтік мәселе білім беру саласында инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Бөлінген 33 млрд. теңгенің 14,3 млрд. теңгесі үш ауысымда оқытуды және апатты жағдайдағы мектептерді жою үшін 34 мектептің құрылысына жұмсалады. 8 өңірде 22 объект бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Бұл, әсіресе, халқы тығыз орналасқан Алматы сияқты ірі мегаполистерге маңызды. Мәселен, Алатау ауданындағы 1200 орындық № 26 мектепте іс жүзінде 2670 бала оқиды. Осы ретте, оқушы орнының тапшылығы бойынша әлеуметтік мәселені шешу үшін жергілікті бюджет есебінен 900 орынға арналған мектепке қосымша құрылыс 2014 жылдың қарашасында басталған. Бірақ осы мақсатқа 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп отырған бағдарламаның арқасында үш ауысымда оқыту мәселесі жақын арада шешімін табады.

Балабақшалар құрылысына 3 млрд. теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таң­да 8 өңірде 16 объект салынуда. Мәселен, Маңғыстау облысында Же­тібай ауылының бүлдіршіндеріне «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында салынған, 280 орындық жаңа балабақша 2016 жылдың сәуі­рінде пайдалануға беріледі.

Әлемдік экономикадағы дағ­дарыстық құбылыстарды ескере отырып, сондай-ақ, бағдарламада машина жасау, экспорт, агроөнеркәсіп кешені саласында ұлттық бизнесті қолдау және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша шаралар қамтылған.

Мәселен, бағдарлама шеңберінде 2015 жылы шағын және орта биз­нес­ті, сондай-ақ ірі кәсіпкерлікті 100 млрд. теңгеге жеңілдікпен несие­леу көзделген. Қаражаттың жарты­сы шағын және орта бизнес субъек­тілеріне, екінші жартысы ірі биз­неске арналған. Қаржы инвес­тициялық мақсаттарға, кәсіп­орындардың айналымдағы қа­ра­жатын толықтыруға, екінші дең­гей­дегі банк­тердің қарызын қайта қар­жы­лан­дыруға, қолданыстағы өндіріс­тердің жүктемесін ұлғайтуға жұмсалады.

Бұл шаралар дағдарыс жағ­дай­ында ел бойынша мыңдаған қазақ­стан­дықтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отырған өңірлік қала құраушы кәсіпорындарға елеу­лі көмек болып табылады. «RG Brands Kazakhstan» ЖШС, «Ақтау құю зауыты» ЖШС, «Кентау транс­фор­маторлық зауыты» АҚ, «Баян сұлу» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС және т.б. объектілер бойынша 30 млрд. теңгеге қаржыландыру мәселесі шешілуде.

Бұған қоса, Үкімет пен халық­аралық даму ұйымдары арасындағы келісімдер шеңберінде 2017 жылдың соңына дейін шағын және орта бизнесті кредиттеуге 155 млрд. теңгеден астам тартылады. Бизнеске көрсетілген қолдау 2019 жылға қарай жергілікті өндірістің көлемдерін 2 есе (351 млрд. теңгеге дейін) ұлғайтуға, 21,5 мың жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Бүгінгі таңда елдің барлық өңірлерінде өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығының түрлі салаларында 200-ден астам жоба қаралып, қолдау тапты.

Бағдарлама шеңберінде отандық автомобильдер, тікұшақтар, локомотивтер, жолаушылар вагондарын шығаратын кәсіпорындарға 35 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Мәселен, «БРК-Лизинг» АҚ «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ-тың «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ шығарған 10 локомотивті 3 млрд. теңгеге сатып алу бойынша лизингтік мәмілені мақұлдады.

Бағдарлама арқылы жеңілдік шарттармен халықтың отандық автомобильдерге қол жеткізуі қамтамасыз етілді: кредиттеу мерзімі 5 жылдан, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7,5%-дан, міндетті бастапқы жарнасы 20%-дан аспайды. Осылайша, 5900 отандық автомобильдер сатуға шығарылады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық автомобильдерді сату 2 есе, айына 2,5 мың машинаға дейін артты.

2015 жылы агроөнеркәсіп ке­ше­ніне, соның ішінде кредиттер бой­ынша пайыздық мөлшерлемені суб­сидиялауға, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, оның өні­мінің сапасын арттыруға және т.б. бюджеттен 20 млрд. теңге бөлінді.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасының жаңа өндірістерді құруға, қолда­ныс­та­ғы­ларды жаңғыртуға және кеңей­туге бағытталған жобаларының инфра­құ­ры­лымын қаржыландыру басталды. Өңірлердің индустриялық аймақ­тарында 5,1 млрд. теңгеге инфра­құ­рылымы жасалады, бұл кәсіпкер­лерді кең көлемде қажетті инфра­құ­ры­лыммен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерліктің 40 жобасына 4,8 млрд. теңгеге инфрақұрылымын салу басталды.

Тұтастай алғанда, «Нұрлы Жол – бо­лашаққа бастар жол» бағдарламасы ірі, орта және шағын бизнесті, сондай-ақ, халықты кеңінен қолдау бойынша нақты шешімдерімен және қаржылық қаражатымен елдің дағдарысқа қарсы дамуының айқын жоспары болып табылады.

Мемлекет басшысы айтқандай, «Нұрлы жол» кәсіптік-техникалық білім беру арқылы жаңа мамандықтар алу мүмкіндіктерін кеңейте отырып, жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Қажет бол­ған жағдайда жұмыскерге өз кәсіп­орнында жаңа мамандық алуға мүмкіндік беріледі.

Алдағы бес жылға арналған бағ­дарлама Мемлекет басшысының Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру бойынша қойған мақсатына қол жеткізу жолында ұлттық экономиканың барлық саласында табысты дамуы­на тікелей ықпал ететін болады. Бұл ретте, бағдарламаны табысты жүзеге асырудың маңызды факторы жергілікті жерлерде бағдарламалық құжаттың тиімді орындалуын бақылау, сондай-ақ, тиімді инвестициялық және жобалық шешімдерді таңдау бойынша жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар, азаматтық қоғамды, қоғамдық кеңестерді тарту болып табылады.

Оңдасын Оразалин,

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттікбақылау

және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі.