АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Күнделіктегі көңіл сырлары

ESKOZHIN-KAYRAT-agaЕсімі Қызылжар өңіріне жақсы таныс Есқожин Қайрат ағамызды бір кісідей білетін сияқты едім. «Қойын дәптер» мен күнделіктегі көңіл сырларын оқи отырып, өзгеше қырынан танығандай болдым. Партия, комсомол ұйымдарында, шаруашылық салаларында 45 жыл басшылық қызмет атқарған абзал азаматтың өнегелі өмір жолы үлгілі ғибраттарға толы екені өз алдына, қолы қалт еткен сәттерде жазылған эсселер мен естеліктер, сезімнен туған өлең-жырлар сыршыл жүректің, әсершіл мінездің қыл пернесін шерткендей көрінеді.

Олай болса, күнделіктегі көңіл сырларының кей қалтарыстарына үңіліп көрейік.

«Әкеден тым ерте айырылып, жетімдіктің ащы зардабын бала кезімнен жете сезінгендіктен бе, әлде бәз біреулердің «өзі тойса да көзі тоймайды» деген жаман қы­лыққа баратындықтарын көп бай­қағандықтан ба, саналы өмі­рімде маған адами қасиеттері мол адамдарды кездестіргенімді маңдайыма жазылған бақыт санаймын. Алдымен жан анама мәңгі қарыздармын».

Төрт жылға жуық уақытқа со­зылған Ұлы Отан соғысының соң­ғы оғы атылған жылы дүние есігін ашқан Қайраттың туған жері – жер жәннаты Көкшетау өңірі. Алтын құрсақты анасы Қаншайым он бала көтеріп, шетіней бергеннен кейін оны тіл-көздің сұғынан сақтап, жұрт назарынан тасалау ұстауға тырысады. Бес жасқа толғанда талай жыл ұжымшар басқарған асқар тау­дай әкесі Шаймерден мезгілсіз көз жұмады. Нағашы атасы Сәдуақас жиендерді жетім, қарындасын жесір атандырмаймын деп көшіріп алады. Содан бергі ғұмыры нағашы жұртымен біте қайнасып, жалғасып келеді.

Анасы ерекше жаратылған жан болатын. Ауыл-аймақ оны таза­лықтың, кірпияздықтың ерек­ше үлгісіндей көретін. Ауыл-аймақ құрмет тұтып, «золотая бабушка» атап кеткен. Келін-кепшік оған еліктеуге тырысатын. Іні­сі Ба­­қытжан екеуін тістелеп өсі­ріп, азамат қатарына қосудағы та­бан­­дылығы мен жанкештілігі та­лай­­ларды таңғалдыратын. Түбіт мұр­ты енді тебіндеп келе жат­қан бозбала жігіттің арманы – инженер-конструктор болу еді. Содан «шүу, қарақұйрық!» деп, Мәс­кеудің энергетикалық институтына тартып кетеді. Екі пәнді үздік тапсырғанымен, құжаттарды кері алуға тура келеді. Аттестаттағы «ағыл­шын тілін 6 сынып көлемінде меңгерді» деген бір ауыз сөз кесір болып тиеді. Білімге шөліркеп келген ауыл баласы қайсар міне­зіне басып, сол кездегі КСРО Ғы­­лым және оқу министрі Елю­тин­нің қабылдауына кіреді. Сөй­тіп, Харьков политехникалық инс­титутының студенті атанады. Үшінші курста Отан алдындағы мін­детті борышын өтеуге шақы­рылып, үш жыл үш ай әскери өмір­ді бастан өткереді. Отбасылық тұрмыс жағдайы келмегендіктен, сырттай оқу жүйесіне ауысуды жөн көреді. «Ебепке-себеп» деген. Сергеев аудандық әскери комиссариатына тіркеуге тұруға келген ол комиссардың жөн сіл­теуімен аудандық комсомол коми­тетіне келеді. Ондағыларға тепсе темір үзетін жас жігіттің сөз мәнері мен іс-қимылы ұнап қалса керек, аупарткомның бірінші хатшысы Ніл Болатбаевқа алып ке­леді. Не керек, аудандық комсомол комитетіне нұсқаушылыққа қа­­былданып, кейін бөлім меңгерушілігіне жоғарылатылады. Жамбыл аудандық, облыстық партия комитеттерінде шыңдалып, тә­жі­рибе жинақтағаннан кейін Воз­вышен аупарткомының екінші хат­шылығына сайланады. Қай өн­діріс орындарына жұмсаса да, ұйым­дас­ты­­рушылық қарым-қабілеті мол, бі­­лік­ті, білгір басшы ретінде танылады.

– Кейбір азаматтарды көзіміз көрді ғой. Бірде олай, бірде былай шауып, тындырғаны шамалы болса да ісінен сөзі зор, тілі майда, сонысымен басшылардың көзіне түскіш, шынайы еңбеккердің алдын орағыш келеді. Өзінікін де, өзгенікін де өзіне теліп алады. Қайраттың біреуді ғайбаттап, сыртынан сөз жүгірткенін естіген емеспін. Бірақ, айтарын анық айтатын, ешкімнен қаймықпайтын турашыл мінезін ел-жұрт сыйлай­ды, – дейді төл құрдасы, жан досы, облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев ағамыз. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

«Тіршілікте адам баласының ақыл-ой парасатының бір биік шыңы – төзімділік. Осы қасиетті бойына дарытқан адам жамандықтан майыс­пайды, сатқындыққа қайыспайды».

1986 жылы Қайрекеңнің біраз сергелдеңге түсіп, қысымға ұшы­рағаны бар. Онда облыстық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқаратын. 225 мүшесі бар кәсіподақ ұйымының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, баяндаманы талқылауға келгенде зал ішінде шыбынның ызыңы естілетіндей өлі тыныштық орнаған. Идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшының неліктен кейбір жөнсіздіктер біздің ортақ үйіміз – партия комитетінде орын алады деген сөзін арқаланды ма, мінбеге бірінші болып көте­рілген орда бұзар жастағы ол бас­пана бөлу төңірегіндегі жол­сыз­дық­тарды бүкпесіз жайып салған. Кәсіподақ ұйымының ше­шімін бір ғана адам өзгертіп, басқаша ұйғарым шығаратынын, ол осы залда отыр­ған А.Дягтеров екенін, оның орнын басқан В.Волков та кәсіподақ пікірімен мүлдем санас­пайтынын батыл сынап, мұнда бір күн жұмыс істемеген үлкен бастықтардың балалары кезексіз пәтер алады. Бұл әділдік пе деген сауалды төтесінен қойған. Жастар жағы ризашылықтарын жасырмаса, үлкендер «тым қатты кетті-ау, келешегіне балта шапты ғой» деп аяушылық білдірген. Жұмыс аяқталмай жатып хатшылардың алдында өз көзқарасын қорғауға тура келген. «Үнсіз қудалау» партиялық-ұйымдық бөлімнің жетекшісі И.Проценко тарапынан жалғасып, артта қалған кеңшарға директорлық болуды, енді бірде ешқандай қатысы болмаса да су шаруашылығы сала­сындағы кәсіподақты басқаруды ұсынған. Басқа біреу болса қысымға шыдамай, көніп салар ма еді. Ешқандай қызметке ауыспаймын. Жұмысымды бір адамдай білемін деген өзінен кейін турашыл азаматты иліктіре алмасын соңына шырақ алып түскендер білген. Ол кезде партиялық номенклатураға жақпағандардың жазасы ауыр болатын. Сірә, ағамыздың екі тілге жүйріктігі, өз ісіне беріктігі, жұмыс десе жанып сала беретін болмысынан әлдекімдер қаймықса керек.

1988 жылы Возвышен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқаратын. Егіс алқаптарын аралап жүрген жаздың жадыраған бір күнінде аупарткомға шұғыл түрде шақыртылды. Келсе, Орталық комитеттің инспекторы тағатсыздана күтіп отыр екен. Оның сөзінен ұққаны, «орталық аппаратқа жұмысқа алу үшін жергілікті кадр­ларды іріктеуге келіпті. Облыс бас­шылары тізімге Қ.Есқожинді де қосыпты. Алматыдан келген өкіл­дің сауалдарына жазбаша жауап беріп, жұмыс бабымен жүріп кеткен. Енді мына шыжықты қараңыз. Мінездеме берген үш коммунистің бірі «қызметіне мығым» деп сипаттай келіп, «ұлтшылдығын» тізіп берген. Қазақ кадрларын көбірек жақтайды, бүйрегі бұрып тұрады. Олардың өскенін құптайды, қате­ліктеріне кешіріммен қарайды», деп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай еткен. Ол болса, өсу баспалдағының кесілгеніне емес, негізсіз жабылған жалаға налыды.

«Өмірімнің ең бір бақытты шақ­тары отбасын құрудан басталған сияқты. Адал жар, шын махаббат бәрін жеңеді».

Қайраттың бірге оқыған 15 сыныптас қыздың арасынан айдай сұлу Гүлмәзияны таңдап алуы – өз алдына әңгіме. Оқуға алғыр, бірбеткей өрімдей қыз өзінен кейінгі сіңлі-інілерінің жағдайына қарайлап, тезірек мамандық алуды ойлайды. Петропавл медицина училищесін бітіріп, жас маман ретінде Социал ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктіне жіберіледі. Бірде шұғыл дәрігерлік шақыртумен Мұрат деген кісінің үйіне келген ол Қайраттың әскери формадағы суретін көріп: «Мына жігітті жақсы білемін. Қа­зақ мектебінде бірге оқығанбыз. Сіздерге қандай туыстығы бар?» деп сұрайды. Осы сөз құлағына тиісімен Бибізара жеңгей: «Мына әдемі фельд­шер қайнымды таниды екен. Ешкім сөз салмай тұрғанда ініңді дереу шақырт. Бәлкім, дәм-тұздары жарасып кетер» – деп күйеуінің екі аяғын бір етікке тығады. Аңқау отағасы да бірден елп ете түсіп, «ауырғанын» себеп етеді. Аудандық әскери комиссариат арқылы жеделхат жолдап, сонау Ашхабад қаласында әскери борышын өтеп жүрген немере інісін шұғыл алдыртады. 4 жылдан соң кездескен сыныптастар бір-бірін ұнатып, сөз байласады. Содан бері бір шаңырақ астында 47 жыл түтін түтетіп, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Үш баланың әкесі мен анасы, жеті немеренің сүйікті атасы мен әжесі атанды.Бұл отбасыда үлгі-өнеге боларлық жақсы дәстүрлер көп. Солардың бірі – айтулы мерекелерді, мерейтойларды, қуаныштарды әу­лет болып қарсы алу. Тұңғыштары Айгүл мектепті алтын медальмен бітіргеннен кейін Алматыдағы тех­нологиялық инс­титуттың тамақ өнеркәсібі фа­культетіне түсті. Ин­женер-технолог мамандығын ал­ды. «Рахат» кондитер фабрикасында ширек ғасырға жуық еңбек етуде, үлкен беделге ие. Ұлдары Ра­шид та орта мектепті кілең 5-ке аяқтап, Мәскеудің энергетикалық институтын, Халықаралық бизнес академиясының магистратурасын тәмамдады. Қазір жауапты қызметте. Динара университетті үздік бітіріп, банк саласында абыройлы қызмет етіп жүр. Келіні мен күйеу балалары да әдепті, биязы.

Сарғыш тартқан күнделіктегі көңіл сырлары бір-біріне жалғасып кете береді. Былай аяқталыпты:

Бірінен бірі биік кезеңдерім,

Аямай алдан тосты белең-белің.

Тайғақ та қия-құзды қиын жолдар,

Ернімнің талай көрді кезергенін.

Бірінен бірі өктем дәуірлерім,

Сіңірді жазды әкелер сәуір лебін.

Үміті, арманы да, шыдамы да,

Ұсынып, тепе-тең қып артық-кемін.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

ПЕТРОПАВЛ.