Биыл бүкіл түркі халықтарының бостандығы үшін күрескен, туғанына 125 жыл толатын, сонау 1942 жылы Еуропа төрінде, Германия жерінде қайтыс болған Мұстафа Шоқайдың өмірін тәуелсіздік ұғымынан бөліп қарай алмаймыз.
Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік идеясы сол кездегі патшалық Ресейдің отарлық саясатынан туындады. Ойы сергек, ары таза жанның санасында ең алғаш өзі өсіп-өнген саяси-әлеуметтік ортада болған жайлар терең із қалдырды. Мәңгілік серігі болған Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде бала Мұстафаның саяси түсінігіне елдегі орыс қоныс аударушыларының халықты басынған озбыр әрекеттері әсер еткенін атап көрсетеді. Патшаның жергілікті шенеуніктері Шоқай әулетінің кірпіштен салынған үйін екі рет ақысыз-пұлсыз иеленсе, ал егістігін тіпті тартып алған. Сонан соң Мұстафа Ташкенттегі гимназияны өте жақсы бітіргенде оған тиісті алтын медальді генерал Самсоновтың баласына жаздыруы ұлыдержавалық шовинизмнің айқын көрінісі еді.
Сондай-ақ, сол кездегі қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, орыс және басқа түрлі ұлт өкілдері тұратын Орталық Азияның кіндігі, Түркістан аймағының бас қаласы – Ташкентке елден келген кісілердің түрлі өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті жұртшылық арасындағы әлеуметтік, құқықтық теңсіздікті көзімен көрді, жүрегімен сезді. Осындай отаршылдықтың өктемдігі мен әр деңгейдегі әділетсіздігі гимназистің бойындағы ұлтжандылықты күшейтіп, осындай озбырлықты басынан өткізіп отырған қазақтан басқа туыстас түркі өкілдеріне деген сезімін арттыра түсті.
Болашақ саясаткердің өмірінде оның Петербургте оқыған, қызмет атқарған жылдары ерекше рөл атқарды. Ең алдымен ол терең білім алды, сонан соң орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Оның әлеуметтік-саяси санасының өсе түсуіне және қоғамдық күрес сахнасына шығуына Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламалары, олардың революциялық-демократиялық және либералистiк зиялы қауымы игі әсер етті.
Мұстафа Шоқай 1933 жылғы «Есімдегілерден…» атты мақаласында «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз – студенттер саяси бой көрсетулерге шығатынбыз.Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз», деп жазуы өзінің студенттер арасындағы саяси қозғалыстар ортасында болғандығын айғақтайды.
Мұны бір топ студентпен бірге 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құттықтау хаттарынан да аңғаруға болады. Олар Орынборда шықпақшы болып жатқан «Қазақ» газетінің «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдіре отырып, қазақ жұрты үшін аса маңызды екі мәселені көтереді. Оның бірі – «Қазақ» газетін «бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан сөз шығарып», «мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемдесу». Екіншісі – «бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандас, туыс деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазу».
Петербургтегі кезеңнің Мұстафа Шоқай үшін тағы бір тағылымды жағы өз халқын азат ету – басқа да түркі тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екендігін түсіне бастауы болды. Осы таным оның бойында Әлихан Бөкейханның көмегімен Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін күшейе түседі. Кейін азаттық үшін айқын күрес жолына түскенде ол Ресейдің езгісіндегі Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын – Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеп, ал шетелде жүргенде оның өзге аймақтардағы халықтардың отарлық езгіден құтылуын да армандауы жайдан-жай емес еді.
Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік санасын Петербургте оқып, қызмет жасап, осында келіп-кетіп жүрген отандастары да жетілдіре түсті. Әсіресе, 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік думаның мүшесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы қызметін атқарған Әлихан Бөкейханның ерекше ықпалын айтпай кетуге болмайды. Алаш жетекшілері 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патшалық монархияның тақтан түсуін қызу қолдады. Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы және М.Шоқай қол қойған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяу арман қалған жоқ. Россия қол астындағы халықтардың бәріне: дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай, азаттық әперді» деп жазылған болатын.
Алайда, көп ұзамай-ақ Уақытша үкіметтің саяси әрекетіне баға бере отырып, Мұстафа Шоқай өзінің «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген туындысында: «Біз бұл тұста 1917 жылғы революция ұлттық мемлекет құруымызға мүмкіндік береді деп үміттеніп, сеніп едік. Бұл үмітіміз бен сеніміміз ақталмай, алданып қалдық» деп жазған-тұғын. Сондықтан Ресейде қалыптасқан саяси жағдайды ескере отырып, Алаш жетекшілері бүкіл қазақ халқын біріктіру, оның мұқтаждарын анықтап, шешу үшін жалпы қазақ құрылтайын ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кетеді. Содан 1917 жылғы 21-26 шілде күндері Орынбор қаласында Бірінші Бүкілқазақ съезі өтеді. Белгілі себептермен университетті мерзімінен кештеу болса да ойдағыдай бітіріп, елге оралған Мұстафа Шоқай съезге қатысып, қазақтың тұңғыш «Алаш» ұлттық-демократиялық саяси партияcын құру туралы шешіміне дауыс береді. Содан Ташкентке келгенде саяси қозғалыстың қайнаған қазанына түседі де кетеді.
1917 жылы 22 қарашада Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің өлкелік съезі Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы Кеңес өкіметінің отаршылдық сипатын бірден танытты. Съезде Түркістан Халық Комиссарлар кеңесінің (өлке өкіметінің) құрамына жергілікті халықтардың бірде-бір өкілі сайланбады. Большевиктердің өкімет басына келердегі «халықтардың өзін өзі басқару туралы» уәдесі саналы түрде ұмыт қалдырылды. Бұл туралы аймақтық «Бірлік туы» газеті былай деп жазды: «Түркістан аймағында 100-ге екеуден келетін 5 орыс, оның бәрі емес, оннан бірі-ақ келетін солдат пен жұмыскерлер мұсылманның бір адамын да ішіне алмай, үкіметті өздерінен ғана сайлап, мұсылмандарды адам санына алмай, азар-безер бастағаны өзгеріс, бостандық дегендерді естен шығарып, ескі заманнан да таршылық күндер тудырды».
Бұрыннан Түркістан автономиясын ойластырып жүрген Мұстафа Шоқай бастаған топ осы оқиғадан кейін, 1917 жылы 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IV төтенше съезінде Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан, Түркістан аймағын Ресей демократиялық республикасымен бірлікте, жұрт өзін өзі басқаруға, бөлек жасауға ерікті территориялық автономия етіп жариялайды. Бұл, шын мәнісінде, Түркістан халықтарының саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының көрінісі еді. Бірақ Мұстафа Шоқай автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктердің барлығын съезде сөйлеген сөзінде жан-жақты айтады. Дегенмен, сол кездегі баспасөз материалдарына қарағанда, съезд жұрттың шын көңілін, нақ тілегін тап басқаны анық байқалады.
Автономия жарияланғаннан кейін іле-шала басылған Түркістан мұсылмандарының жалпы съезінің шешімдері туралы «Түркістан автономиясы» атты редакциялық мақалада: «Автономия иғлан (жарияланған – Ә.Б.) болғаны Түркістан барша шаһарларын шаһар халқы һәм дала ұлы болып қуаныш қылып, манифестация жасап, Түркістан автономиясына һәм сиез сайлаған Уақытша үкіметіне ант ішіп, мойынсұнып жатыр» деп жазылды. Алайда, 1918 жылғы 18-23 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің IV съезі «Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Осыны жүзеге асыруды қолға алған большевиктер бар-жоғы екі ай ғана өмір сүрген Қоқан автономиясын қанды қырғынға ұшыратты. Сөйтіп, Мұстафа Шоқайдың өз отанында қалуы қауіпті болды. Кеңес өкіметінің саясатын бар жан-тәнімен жек көретін, ондай бітіспес жаумен келісе алмайтынына көзі әбден жеткеннен кейін ол эмиграцияға кетуге мәжбүр болады.
Мұстафа Шоқай жат жердегі эмиграциялық өмірдің тауқыметін тарта отырып, ұлтының азаттығы үшін күресін бір сәт толастатқан емес. Айырмасы енді күресті негізінен қалам ұшымен жалғастырды. Сөйтіп, қазақ тарихындағы азаттық үшін күрестің жаңа түрі мен кезеңі басталады. Ол өзі тәуелсіздік үшін күрестің стратегиясын 1929 жылы жазған «Біздің жол» атты мақаласында былай деп айқындаған еді: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды. Бұдан кейінгі мұрат Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ, сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады», деп атап көрсеткен еді. Осыдан сегіз жыл кейін жазылған «Жауларымыз біздің қызметтеріміз туралы не айтады?» атты мақаласында «Бұл – біздің ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддеміз. Біз тек осы идея үшін ғана қызмет етеміз. Атамекеніміздің ішіндегі және сыртындағы барлық ұлттық күштерімізді осы идея төңірегінде топтастыруға барынша тырысамыз», деп жазды.
Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін күрестің тактикасын да нақты көрсете алды. Ол ұлттық жаудың тым күшті екенін, сондықтан большевиктер тепкісінде жатқан Түркістанды ұлттық ұйымсыз құтқару мүмкін еместігін түсінді. Ел ішіндегі кеңестік саясатқа қарсы әртүрлі бас көтерулерден хабардар Мұстафа Шоқай 1930 жылы жазған «Көтерілістен – ұйымшылдыққа» деген мақаласында өзара байланысы жоқ жергілікті сипаттағы бой көтерулермен атамекенді азат етуге болмайтындығын ескерте отырып, ол күшті бір саяси ұйымға бірігуді алға тартты. Сондай «Түркiстан ұлттық бiрлiгi (ТҰБ)» атты ұйымның Орталық комитетiнiң алдымен мүшесi, кейін жетекшiсі ретінде ол алда тұрған ең маңызды міндетті былай айқындап еді: «1) Түркістанды орыс пролетариаты үстемдігінен құтқару; 2) Түркістанда орыстың кез келген үстемдігінің орнауына жол бермеу; 3) Бәрінен бұрын ұлттық, тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру».
Бұл әр тарапта бытырап жүрген жас түркістандықтарды тәуелсіздік мұраттары жолындағы қасиетті күрес майданына топтастырудың бірден-бір жолы болатын.
Мұстафа Шоқай азаттық пен тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайта отырып, оны ұлт-азаттығы үшін күрес жүргізіп жатқан басқа халықтардың күрес орталықтарымен тығыз үйлестіру қажеттігін, онсыз азаттық пен бостандық бос сөз болып қалатынын ескертті. Осы орайда, Еділ-Орал, Қырым, Әзербайжанда тұратын бауырлармен қатар, Кавказ халықтары, Украина және орыс казактарының тәуелсіз мемлекет құру жолына түскен бөлігімен ұйымдық тұрғыдан тығыз байланыстар орнату қажеттігін, бір орталыққа біріккен бірыңғай майдан құру керектігін де алға тартты. Бұл бағытта «Достық комитеті» құрылып, онда Шоқай белсенді қызмет атқарды.
Сонымен бірге, 1928 жылы Варшавада Польшаның бас штабы мен сыртқы iстер министрлiгiнiң шығыс бөлiмi эмигранттардың барлық топтарын бiрiктiру және КСРО-ға қарсы пайдалану туралы Ю.Пильсудскийдiң алға қойған мiндеттерiне байланысты құрылған «Прометей» (Ресейдiң езгiсiндегi халықтар лигасы) халықаралық ұйымында да жұмыс істеді. Бұл ұйымға Әзербайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстiк Кавказ, Түркiстан, Украинаның және басқалардың өкiлдерi кiрген еді. 1934 жылы жазылған «Кавказия федерациялық келісімі» атты мақалада бұл ұйымға мынандай сенім көрсетілді: «Біздерге, Ресейден бөлініп өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құру мақсатында күресіп келе жатқан халықтарға, Ресейге қарсы бағытталған ұлттық күресіміздің мүддесі тұрғысынан қарағанда Кавказ мәселесі айрықша маңызды. Біз бұл келісімді таяу болашақта өз рөлін толық атқарып, атамекенімізді орыс империализмінің бұғауынан құтқаруға көмектеседі деген үміттеміз».
Осы міндетті жүзеге асыру үшін саяси күрестің мынандай тамаша тактикасын ұсынды: «Орыс империализміне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық». Мұндай тәсілдерді таңдап алу да ұлттық талап-тілектердің толық жүзеге асырылуына көмектесетінін саяси күрес тәжірибесі талай рет дәлелдеген болатын.
Көреген саясаткер Мұстафа Шоқайдың 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында айтылған «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген асыл арманы араға алпыс жылдан астам уақыт салып барып жүзеге асты. 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi» деген қағидалар тайға таңба басқандай айқын жазылды.
Тәуелсіздік жылдары «халқымыздың қолы неге жетті?» дегенде, ең бірінші ойға еліміздегі әлеуметтік тұтастық, ұлтаралық түсіністік оралады. Жаңа заманның алғашқы құжаттарының бірі – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда елімізде тұратын этностарды топтастыру мен олардың достығын нығайту бірінші дәрежелі міндет деп көрсетілгеніндей, халқымыздың бірлігі, көпэтносты Қазақстанның ынтымағы бүгінде шындыққа айналып, мемлекетіміздің, Елбасымыздың дара саясаты болып отыр. Сөйтіп, кезінде ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нағыз тәуелсіздік пен азаттыққа апаратын және оны қорғап қала алатын төте жол деп ұғынған Мұстафа Шоқайдың да асыл арманы орындалды.
Дегенмен, ұлттың ұлы тұлғасы еліне деген сарғайған шексіз сағынышын баса алмай, жат жерді мәңгілік мекен етті. Бірақ соңында тәуелсіздікке аман жеткен сүйікті халқы барына шүкір дейміз. Сол халқына мәңгі өлмейтін шығармаларының 12 томдық толық жинағы жетті. Шоқайдың телегей-теңіз бұл мол мұрасы тәуелсіз Қазақстанның келешегін кемелдендіре түсуге игі ықпал етері сөзсіз.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры.
АСТАНА.
http://egemen.kz/