Жақында журналистік сапармен Солтүстік өңірді аралап қайттым. Қарағанды, Павлодар, Ақмола… тек облыс орталықтарында ғана болмай, ауыл-ауылдарды да араладық. Дәл осы мезгілде Президентіміз Нұрекең де АҚШ-та болып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 70-сессиясында сөз сөйледі. Сөйлегенде сөзінің басынан бастап, аяғына дейін қазақ тілінде көсілді. Солтүстіктегі көкірегі ояу қазекеңнің қуанып, мәз болғанын көрдім. Тіптен, кейбір көңілшектері көздеріне жас та алды. Шынында да, айтып-айтпай не керек, қайран қазекеңнің мәртебесі бір өсті. Енді баз біреулер: «Е-е, онда тұрған не бар екен? Қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Өзі қазақ болса, өзі Президентіміз болса, онда неге қазақша сөйлемеске?! Ә-әй, елге келген соң, қай тілде сөйлер екен?» — деген күмән-күдігін де айтуды ұмытқан жоқ. Мейлі, не болса о болсын, Нұрекең БҰҰ-ның мінберінде қазақ тілінде де сөйлеуге болатынын, тек сөйлеп қана қоймай, ұлы идеяларды бүкіл төрткүл әлемге паш етуге тіліміздің қауқары жететінін бір дәлелдеді. «Қазақ тілі — ауылдық тіл. Оны биік мінберлерде, ғылым, білім салаларында қолдануға болмайды» деп сәуегейсінгендердің ауыздарына құм құйылды-ау, сірә.
Бай ауылдар да бар, бірақ…
Ендігі менің айтайын деп отырғаным да осы айтылғандардың солтүстік өңірдегі көргендерімнен сабақтас екендігі. Рас, соның 90-жылдардағы ауылдың жағдайы мен қазіргі жағдайды салыстыруға болмайды. Ауылда қазір өмір сүруге болады. Мемлекеттік тұрғыдан жасалып жатқан қамқорлықтар жетерлік. Атаулы көмекті айтпағанда, субсидия, “Сыбаға”, “2020” дейсің бе, сондай-ақ ұзақ жылдарға жасалған несиелер де шаруаның көсегесін көгертуге жетіп, артылып жатыр. Тек көзін тап, жалқаулықты қой. Тәубе мен шүкірлік қатар жүрсін. Мұны айтып отырғанымыз, тірлік етсең, өлмейсің. Тіптен, төрт түлік малды өргізіп, егін егіп байып жатқандарды көрдік. Қарағанды облысындағы Шахтер, Павлодарда Максимовка, Ақмола облысында Родина ауылдары тек мал мен егіннің арқасында әлемдегі ең бай ауылдарға айналған. Асылтұқымды сиырлары компьютерлендірген кешенді заманауи қораларда тұрғанын, 30 мыңнан 40 мың еуроға дейін қаржыға сатып алынған шетелдің ғажайып комбайндары мен техникаларын көргенде таң қалдық. Родина ауылының тіптен он шақты ұшағы да бар. Үйлері бір орталықтан жылынады. Орташа айлықтары — 80 мың теңге. Егін орағында комбайншылар жарты миллионға дейін айлық алады. Спорттық кешендер, жүзу бассейні, сүт, шұжық зауыттарына дейін бар жағдай жасалған. Жұмыссыздық атымен жоқ. Ондағы ауылдардың тұрғындары қаланы менсінбейді. Басқаны айтпағанда, бұл ауылдар тұрғындарына исі аңқыған нан ең төменгі бағамен сатылады. Бірақ осы аталған ауылдарда қазақтар өте аз. Соған сәйкес қазақ мектебі де жоқ бұл ауылдарда.
Әрине, осы ауылдардан үлгі алған қазағы көп ауылдардың ішінде алға ұмтылып, байлықтың дәмін татып жүргендер де баршылық. Біздің тілейтініміз де осы. Мемлекеттік қамқорлықтарды пайдалана отырып, олардың да байығандары жөн деп білеміз.
«Шіркін, — деп ойлайсың мұндайды өкінішпен, — тоқсаныншы жылдары бүкіл ауылдың іргесі бұзылмай тұрған кезде осындай жағдай жасалса, бұл күндері бай ауылдарымыз, яғни малын мыңғыртып айдаған, телегей егінін еккен байлар көп болар еді-ау! Ауылдарымыз азып-тозбай, қазағымыз ала қоржын арқаламай, қалаларда олар кісі есігінде телміріп жүрмей, ел қатарлы өмір сүретіні айдан анық болатын…»
Өткен нәрсе өтті, кетті. Сол қателік енді қайталанбасын де. Қалай болғанда да жастары қалаға кетіп, қартайып бара жатқан ауылдарды аралағанда ішің удай ашып, жүрегің ауырып қалады.
«Жүрек жұтқан 1000 бала» және өктемсіген қазақтар
Павлодарға өткен жылы “Серпін” бағдарламасымен 1000 бала оқу орындарына келгенде біздің газетіміз елден бұрын шаттанып «жүрек жұтқан 1000 бала Солтүстікке аттанды» деп сүйінші сұрағанбыз. Бұл бастамаға көп адамдар күдікпен қарады. «Бәрі бос әурешілік. Ертең-ақ оңтүстіктіктер солтүстіктің аязына шыдамай қайтып кетеді» дегендер де табылды. Осы жолы біз сол 1000 баланың жағдайын сұрап, олармен тілдестік. Жағдайлары жақсы, әбден орныққан. Солтүстікке үйренгендіктері соншама, олардың біразы осында жұмыс табылса, қалмақ ойлары бар екен. Ақмолалықтар да осы бағдарламамен жемісті жұмыс істеп жатыр. Зеренді ауданындағы колледждің студенттерінің жартысынан астамы Қызылордадан, Оңтүстік Қазақстаннан келген. Оның директоры Қайыркелді бауырымыз ол облыстарға барып, жата-жастана насихат жүргізген. Нәтижесі оңды. Жастармен тілдескенде «осында қалып, жұмыс істейміз» деп берік байламын жеткізді. Яғни біз бұл бастаманы одан әрі жандандыра бергеніміз абзал.
Жақында ғаламтордан білгеніміздей, Қостанай облысының Ульянов ауылына Сібір қазақтары келіпті. Ойлары — иесіз қалған ауылдарды жандандыру. Үлкендерін былай қойғанда, балалары автомат асынып, белдеріне қылыш тағынып алыпты. Сонда біздің күніміз сол қазаққа жаны ашымас қазақтарға қарап қалып па?! Оларды құтыртып, біздің қасиетті жерімізге жіберген кім? Сондықтан жерімізді кім көрінген иемденбес үшін біз рухты, намысты болып, ондай көлденең көк аттыларды жолатпауға тиіспіз.
Ертай Айғалиұлы
www.kazakhstanzaman.kz/