АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Аласармас асыл аға

Malik1943 жылдың жазында Калинин майданында соғысып жүрген ақын Дихан Әбілев командировкаға шығып, ойда жоқта өзінің Алматысына келді. Астаналық ақын-жазушылар мен ғалымдар, әртістер ақынға сәлем беруге ағылып келіп жатты.

Ол Алматыға жайдан-жай және құрқол келген жоқ-ты. Жақында жазып бітірген «Майданбек» поэмасының колжазбасын ала келіпті. Қалтасында сол туындыны жеке кітапша етіп бастырып, бір мың данасын соғыстағы қазақ жауынгерлеріне жіберуді сұрап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан Жазу­шылар одағының басқармасына Калинин майданы саяси басқармасы бастығының жазған хаты және бар. Республика бас­шы­лары ақынды жылы қабылдады. Жазу­шылар одағының басқармасы поэманы талқылауды ұйымдастырды. Артық жерлерін қырып-жонып, кем-кетіктерін толықтыру жөнінде ұсыныстар жасалды. Қолжазбаны дайындап баспаханаға жіберу, гранка, версткаларды оқу жұмыстарының бәрі де шапшаң жүргізіліп жатты. Кітап басылып дайын болды. Екі айдай үйінде, ағайын-туыс, дос-жолдастарының ара­сында болған, «Майданбегі» басылып көңілі үлкен Алматы суындай тасыған ақын кітаптың бір мың данасын алып майданға қайта аттанды.

Ал, мұның алдында ше? Мұның алдын­да Дихан ақынның аспанын қара бұлт торлап, күні мен айы қосыла тұтылып тұрған-ды. «Басқа пәле тілден» деген. Өзі жазған «Майданбек» поэмасы, оның армиялық газетте жарияланған үзінділері өзіне қара күйе болып жабыса кетті. Қатардағы жауынгерлер мен орта буын командирлер ризашылықпен оқып, мақтасып-ақ еді. Бірақ «қырағылық көрсеткісі» келген шені үлкен кейбір әскери бастықтар поэманың кем-кетігін шұқшия іздеп, «тапқандарын» жіпке тізе беріпті. Оны залалды шығарма деп тауып, авторын қатаң жазаға тарту жөнінде «қорытынды» дайындала бастаған. Ақын тағдыры жалғыз қылдың үстінде тұрған. Сол кезде ол жанұшырып Калинин май­даны саяси басқармасының үгітшісі, Кеңес Одағының Батыры, майор Мәлік Ғабдуллинге барыпты. Майдан өмірінен дастан жазам деп пәлеге қалғанын айтып, қол ұшын беріп, көмектесуін сұраған. Мәлік поэманы қолжазба күйінде оқып, ұнатқан екен. Оны жаладан арашалауға батыл кіріскен. Газетте жарияланған үзін­ділерін орысшаға жолма-жол аудартып алған да, саяси басқарма бастығы генерал Дребедневке барған. Қазіргі қазақ поэ­зиясында соғыстағы жауынгерлер өмірін бейнелейтін сүбелі шығарма жоқ екенін, Дихан Әбілевтің «Майданбегі» сол олқылықтың орнын толтыру жолындағы үлкен істің бастамасы екенін түсіндірген. Сонда генерал осы поэма және оның авторы жөнінде қандай ұсынысыңыз бар деп сұраған ғой. Мәлік рұқсат алып орнынан тұрған да былай деген:

– Әбілевтің поэмасы құнды және майданда соғысып жатқан жауынгерлерге қажет шығарма. Соғыста ерлік жасап жүрген қазақ жігіттерінің қаһармандығын суреттейтін баспа жүзінде шыққан туынды бізде жоқ деуге болады. Сондықтан менің ұсынысым – Әбілев поэмасын өң­деп, баспаға дайындасын. Ол үшін ақынға командировка берілсін. Ол Алматыға барып, поэмасын кітапша етіп шығарып әкелетін болсын. Екіншіден, бұл туындыны жеке кітапша етіп шығару жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағының басқармасына хат жазылсын.

Сөйтіп, Мәліктің көмегі арқасында ақын жазадан құтылған. Құтылып қана қой­май, «Майданбегі» де, өзі де абыройға бөленген.

Дихан ағамыз 1907 жылы туған, Мәлік­тен 8 жас үлкен. Белгілі әдебиетші, ғалым, академик Серік Қирабаев 1943 жылы сегізінші класты ғана бітірген 16 жастағы өрімтал екен. Қиын күндерде ағасына қол ұшын беріп, қара күйедей жабысқан пәледен құтқарған, ақындық бақытын ашқан Мәлік бейбіт күндерде өзінен мүшел кіші інінің талантын таныған да, оған ұстаз ғана емес пана болған. Ізгі жанды батыр аға сенімін, үмітін талантты іні адал ақтаған. Ғалым, ұстаз, азамат ретінде қазір оның орны шырқау биікте тұрғанын жұрттың бәрі біледі. Сол Серік 1973 жылғы 5 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Мәлікпен қоштасу сөзінде былай деп жазды: «Соғыста жауын тітіреткен Батыр Мәлік бейбіт күндерде қандай жұмсақ мінезді, жайдары, мейірімді еді. Сен бір адамның көңілін қалдырды деп ешкім айта алар ма екен. Өзің үшін істегеніңнен жұрт үшін істегенің көп болушы еді. Кісі көңілін қалдыруды білмейтін сен әркімнің шаруасына жалықпай жүгіруші едің. Жетектеп жүріп жақсылармен жанастырған күндеріңді қалай ұмытармын! Осы күнгі жағдайым үшін қарыздар сезінуші ем саған».

Мәліктің ең жас шәкірттерінің бірі, филология ғылымдарының кандидаты Серік Негимовтың қолында сақталып қалған бір папкада қаһарман ғалымның 1967-1969 жылдары жазған хаттары, сөйлеген сөздері, мақалалары, кандидаттық, докторлық диссертацияларға жазған пікірлері бар екен. Біздің назарымызды аударған Лұқпан Бәдәуамұлының тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Шығыс Түркістан қазақтарының гоминьдандық тобына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы (1940 – 1949 жж.)» деген тақырыпта дайындаған диссертацияға жазған пікірі болды. Мәлік, Мәкең филология ғылымдарының докторы, профессор ғой. Ол әдебиеттану, фольклористика, педагогика ғылымдары бойынша аспиранттарға ғылыми жетекші, докторанттарға ғылыми кеңесші, оппонент бола беретін Жоғары аттестациялық комиссияның эксперті ретінде де көптеген диссертациялар қолынан өтетін. Бәрі де филология мен педагогикаға қатысты, оның жұмысына, мамандығына тікелей байланысты дейік. Дегенмен, Мәкең тарихшы емес қой.

Солай бола тұра ол диссертацияны үлкен ризашылықпен оқып шыққанын ашық айтқан да батыл қолдаған. Шығыс Түркістан қазақтарының азаттық жолын­дағы революциялық күресінің бір кезеңін бейнелейтін еңбектің құндылығын, кеңес­тік тарих ғылымына қосатын үлесін атап көрсеткен. Л.Бәдәуамұлына тарих ғылым­дары­ның кандидаты ғылыми дәрежесін беруге болады деп ұсыныс жасаған. Содан кейін диссертацияға қарсылар үн­демей қалған да оны жақтаушылардың жалдары күдірейіп шыға келген. «Қай жеңгені менікі» дейтін әрі-сәрілер соларға қосылған. Мәкең қолдаған диссертацияны ВАК бар болғаны екі апта ұстап, бекітіп беріпті. Лұқпан Бәдәуамұлы Қазақтың педагогикалық қыздар институтының доценті болып, талай жыл жемісті жұмыс істеді. 1985 жылдың көктемінде дүние салды.

Мәкеңнің жақсылығын мен де көп көрген едім. Солардың бірін айтайын. Ха­лық ақыны Нұрхан Ахметбеков твор­чес­тво­сы мені көптен қызықтырып жүруші еді. Оны зерттеу үшін үлкен бір ғалымның ақыл-кеңесі, жетекшілігі керек екен. Ғы­лыми атақ-дәрежелері, даңқы бар сондай ағаларымыздың бірін сырттай таңдадым да аңқалаңдап алдына жетіп бардым. Кім дейсіз ғой. Мұхамеджан Қаратаев.

Бұл кісі жетекші болуға өзінің қолы тимейтінін көзімді жеткізе дәлелдеп шықты. Менің қабағым түсіп, жалым жығылып қалды. Сергек те, сезімтал аға соны аңғарып қалды ма, қалай:

– Мәлік Ғабдуллинді білуші ме едің? – деп сұрады.

– Білгенде қандай! Ол кісі…

Мұхаң сәл ойланып алып үн қатты.

– Кім жетекші болса да жұмысың Мәліктің бөліміне соқпай өте алмайды. Мәлікке бар, өзінен ақыл сұра.

Ол жолы Мәкеңе жолығудың сәті түс­педі. Жүрегім күпті болып, өзімнің Қостанайыма қайтып кеттім. 1968 жылы желтоқсанда Алматыда баспасөз және тіл мәдениеті мәселелеріне арналған ғылыми-практикалық конференция өткізілетін болды. Сол жиынға Қостанайдан шақы­рыл­ған алты адамның бірі болып менің де қатысуыма тура келді.

Қазақ КСР Ғылым академиясының үлкен мәжіліс залы. Конференция жұмы­сы­ның екінші күні түстен кейін бұрынырақ келіп үшінші қатардың оң жақ шетіне отырып алғанмын. Өйткені, Мәлік аға осы жиналысқа қатысып отыр. Мақсат – жолығып қалу.

Көп күткен үзіліс те жарияланды. Вестибюльге Мәкеңмен ере шықтым да озыңқырап барып қайта оралып алдына тұра қалдым.

– Ассалаумағалайкүм, Мәке!

– Уәғалайкүмассалам! Иә, аман-сау барсыз ба? Алыстан келген, ағайынның бірісіз ғой, шамасы. Қайдан келдіңіз?

– Қостанайдан келіп едім, – дей бастадым да шапшаң аты-жөнімді айттым. – Сізде шаруам бар еді…

– Ертең таңертеңгі сағат 11-де осы үйдің үшінші қабатындағы 76-шы бөлмеге келіңіз. Шаруаңызды сонда айтарсыз.

Ертесінде ағамыз айтқан бөлмеге келдім. Мен кіргенде Мәкең қалың ақ пап­каны ашып қойып, қолжазба оқып отыр екен. Басын көтеріп сәлемімді алды да:

– Алыстан келген ағайын, мына жерге отыр, – деп терезенің алдындағы екі орын­дықтың өз үстелі жағындағысын көрсетті. Даусы жұмсақ, құлаққа жағымды-ақ.

– Енді әңгімеңізді айта отырыңыз.

– Шаруам бар еді. Сізге қатысы болған соң келіп отырмын, Мәке. Топжарған ақын атанған Нұрхан Ахметбеков твор­чество­сын зерттегім келеді. Соған белгілі се­бептермен кірісе алмай жүрмін. Енді сізден жәрдем болмаса бұл ойдан қайтқалы отырмын.

– Бәрі жақсы. Бірақ бастамай жатып тастамақ болғаныңыз жаман екен. Нұр­ханды зерттеймін дегеніңізді өз басым құптаймын. Әзірге ғылым ол кісінің твор­чество­сы былай тұрсын, өмір тарихын да жөнді білмейді. Мен қолымнан келген көме­гімді көрсетейін. Керек десеңіз ғылы­ми жетекші болайын. Жұмысқа кірісіңіз..

– Рахмет, Мәке! Бүгіннен бастап кірісуге әзірмін.

– Әзір болсаңыз тағы біраз тыңдап алыңыз. Мен Нұрханды білгенмен сізді әлі білмеймін. Ақын творчествосы жайын­да 10-11 беттік шолу жазып, алып келіңіз. Ғылыми-зерттеу жұмысына шама­ңыз келе ме, жоқ па? Сонсоң ай­тайын. Жазғаныңызды ұнатпасам маған өкпелемессіз.

– Қашан әкелейін?

– Дайын болған күні әкеліңіз. Алдын-ала хабарласыңыз.

Сонсоң үйінің адресін айтты. Қызмет және үй телефондарының нөмірлерін берді.

Үшінші күннің кешінде Мәкең үйіне телефон соқтым.

– Алыстан келген ағайынбысыз, – деп ол менің сөзімді бөлді. – Жазатыныңызды жазып бітірдіңіз бе?

– Бітіріп, машинкаға бастырып қойып едім.

– Ертең сағат он бірде институтқа алып келіңіз.

Ертесінде академияға жақындағанымда вестибюль жақ бұрыштан Мәкең шыға келді. Адымы ірі, жүрісі тым ширақ. Қоңыр костюмі денесіне құйып қойғандай жарасады. Бұл жастағылардың көбінде болатын томпиып, алдына өңгеріле қала­тын қарын жоқ. 30-35 жастағы спортшы жігіт сияқты мүсіні әлі сыптай екен. Өзі көңілді көрінді. Есікке тақай бере:

– Амансың ба? Жүр, жазғаныңды оқиық, – деп бөлмеге мені ерте кірді. – Мына жерге отыр, – деді. Сонсоң үстелі­нің үстінде жатқан көзілдірігін алып киді де жайлап, ойлана оқи бастады. Көзімнің қиығын салып қоям. Қас-қабағында көңіл күйін аңғартарлық бір белгі болсайшы. Қолына не қарындаш, не қалам алып белгі салу да әдетінде жоқ болса керек. Көзімді Мәкеңнің жүздер мен мыңдарды таңдандырған бейнесі тарта берді. Аздап бурыл тартқан ірі де қайратты шашын артына қайыра тараған. Қою қара қастары да жарты қарыс жазық маңдайына жараса қалған. Қырлы мұрыны түп-түзу. Жұқа да, қалың да емес, келісті біткен еріндері қандай. Беттің ажарын аша түскендей әдемі иегі де, әжімсіз күшті мойыны да қырынан қарағанда тым сұлу көрінеді екен. Ақылды да сабырлы көздері жанындағы адамға әрқашан ізгілік шуағын шашқандай әсер ететінін қайтерсің.

– Оқып шықтым.

Мен ұйқыдан оянғандай селк етіп басымды көтеріп алдым. Орындығымды қозғап, Мәкеңе жақындаңқырап отырдым.

– Журналиссің. Саған жазу қиын бол­мас. Талдауларың да жаман емес екен. Енді іске кірісе беруіңізге болады.

Сөйтті де: «Тақырыпты жан-жақты зерттеп, түбегейлі талдау үшін фоль­клористика аталатын ғылыммен мықтап қарулану керек, – деді. – Алдымен қазақ кеңес фольклористи­касын, оның даму тарихын, қазіргі ізде­ністері мен бағыт-бағдарын бес саусақтай білмей тұрып зерттеу жұмысына кірісу әбестік болады. Белгілі бір проблеманы кандидаттық диссертация ауқымында шешу үшін бұл да аздық етеді. Ғалым болғысы келген адамның мейірін қандыра сусындататын кәусар бұлақ бар – ол орыс совет фольклористикасы. Бұдан да әрі барып, орыс фольклористикасын, туысқан халықтар көрнекті фольклористерінің еңбектерін оқу да көптік қылмайды. Егер уақытыңыз болып Алматыға келіп тұра алсаңыз шетел фольклористикасына да көз салып қоюыңызға болады. Олай болмаған күнде кітапханааралық абонемент арқылы алдырып оқу да қиын емес. Мұның бәрі айтуға оңай, әрине. Оқи бастағанда көп адам шиырдан із шығара алмай қалады. Ғылым болған соң пікір, болжамдар айтылады, белгілі бір байламдар жасалады. Ғалымдардың бір тобы бір концепцияны ұсынса, екінші топ оған қарсы шығып жатады. Сіз бұл жолда талай талас-тартыстарға да тап боласыз. Солардың ішінен дұрысын таңдап алу ақыл-білім таразысына байланысты. Талапкердің ғылымға келер жолын қияметтің қыл көпіріндей тарылтатын қиыншылықтардың бірі осы».

– Бұл жалпы міндеттеріңіз ғой, – деді одан әрі ғалым. Енді нақты іске көшейік. Зерттеу жұмысына кіріспес бұрын сіз Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқанов пен Қажым Жұмалиевтің, Есмағамбет Ысмайылов пен Нина Смирнованың қазақ ауыз әдебиетін зерттеуге арналған еңбектерін оқыңыз.

Осылай деген Мәкең алдында жатқан қаламын қолына алды. Оны ортаңғы және сұқ саусақтарының арасына қыстырды да тұқыл жағымен қағазды түртіп-түртіп қойды.

– Алматыда екі үлкен кітапхана бар. Бірі академияның орталық ғылыми кітапханасы. Астананың ғылыми кеңес­терінде қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялардың рефераттары осыларда сақталады. Одақтың орталығында, одақ­тас республикаларда жүргізіліп жат­қан ғылыми жұмыстар жөніндегі деректер де бұларға түсіп жатады. Арнайы каталогтарда әрбір авторефераттың тақырыбы, авторы, оппоненттері, қай жерде қорғалғанына дейін көрсетілген карточкалар болады. Қазақ кеңес фольклористикасы бойынша соғыстан кейінгі жылдарда отыз шақты диссертация қорғалды. Солардың авторефераттары да осы кітапхана қорына түскен. Бұл еңбектерді қаншалықты жақсы білсеңіз, жұмысыңыз соншалықты жемісті болуға тиіс. Ол авторефераттарды іздеп табуыңыз жеңіл болуы үшін авторларының аты-жөндерін жазып алыңыз.

– Жазайын, Мәке.

– Әмина Мәметова, Әлкей Марғұлан, Манап Хасенов, Қасым Бисембиев, Мәлике Ғұмарова, Оразгүл Нұрмағамбетова, Ысқақ Дүйсембаев, Тұрлыбек Сыдықов, Балтабай Адамбаев, Мұқамедрақым Жармұхамедов, Сұлтанғали Садырбаев, Нысанбек Төреқұлов, Көбей Сейдеханов…

Ұзын саны 29 адамның тізімін жазып алдым. Мәкең аздап тыныстағысы келгендей орындығына шалқайыңқырап отырды.

– Енді негізгі шаруамыз – Нұрхан творчествосын қалай талдау жағына келейік.

Мәкең ойын жинақтағысы келген­дей біраз үндемей отырды да үстеліне еңкейіңкірей түсіп сөзін жалғады. – Диссертациялық жұмысыңыз кіріспе, қорытындысынан басқа төрт тараудан құрылуға тиіс. Бұлардың біріншісін ақынның творчестволық өмір жолын, тәрбие алған ақындық ортасын баяндауға арнаған дұрыс. Келесі тарауда өлең-термелері мен толғауларына, олардың шығу тарихын айта отырып, саяси-идеялық мазмұнына, көркемдік ерекшеліктеріне талдау жасағайсыз. Ал үшінші тарауды дастандарға берерсіз. Жұмыстың жаманы болмаса керек. Сонда да солардың ішіндегі сүбелісі осы тарау болар-ақ. Нұрхан дастандарында революциядан бұрынғы қазақ халқының өміріндегі әлеуметтік қайшылықтар, теңсіздік пен зорлық-зомбылық, жастардың махаббат бостандығы жолындағы күресі, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, Торғай даласында Кеңес өкіметін орнату және оны нығайту үшін жүргізілген қанды шайқастар тартымды баяндалған. Әсіресе, «Амангелді дастаны» поэмасының басты құндылығы – ұлттық батырымыздың бейнесін өлең тілімен сомдап соғуы ғой. Ақынның осы ерекшелігін көрсетуге күш салу керек-ақ. Соңғы тарау айтыстарға арналатынын өзіңіз де біліп отырған боларсыз. Айтыстар жайында жазылған мақалалар, зерттеулер аз емес. Ақындардың айтыс өнері біріне-бірі ұқсай бермейтін, сыры терең, өрелі өнер. Бізде айтыскер ақындар көп. Сонда Нұрханның олардан қандай айырмашылық, ерекшелігі бар? Әділ таразыға тартып, байыпты салыстыра отырып өнер сырын ашып көрсеткен дұрыс. Айтыс өлеңдері тілінің шұрайлы көркемдігімен, сахналық көріністерімен де тыңдаушы жұртшылыққа айрықша әсер ететін жауынгер поэзия. Осылардың бәрін терең талдап, көрсете алсаңыз ісім оңға басты дей беріңіз.

– Енді жазуға болмайтын, бірақ жа­дыңызда қатты сақтайтын бір әңгіме айтайын, – деді Мәкең. – Соны жақсылап тыңдап алыңыз. Ертең еліңізге барғанда: «Мен Мәлік Ғабдуллиннің қабылдауында болдым. Ол кісі маған ғылыми жетекші болуға келісімін берді. Мен енді доктор болам, академик болам», – деп жар салып жүрмеңіз. Манадан бері айтылып жатқан жұмыстарды қанша істесеңіз де істей беріңіз. Бірақ не істеп жүргеніңізді өзіңізден бөтен ешкімнің білмегені жақсы. Қолыңыздағы адрес бойынша хабарласып, түсінбеген мәселелеріңізді сұрап алып тұрыңыз. Айтқаным айтқан, қолыңыздан бірдеме келетін болса көмек көрсетуге мен әзірмін. Жұмысыңыз жарамаса өзіңізге өкпелерсіз.

– О, не дегеніңіз, Мәке. Сізге алғыстан бөтен айтарым жоқ. Бүгінгі айтқандарыңыз маған адастырмас құбыланамадай болды…

– Алғысты қорғағаннан кейін айтарсыз, – деп күлді Мәкең. – Сұрағыңыз бар ма?

– Жоқ.

– Ендеше, іске кірісіңіз, – деп қолын ұсынды.

Қия жолға түскеннің қысылған шағын­да ақылдасатын, қол ұшын бере­тін адамы жоғы да қиын екен. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, оның фольклор бөлімінде Мәкеңнен бөтен «танысым» жоқ еді. Шала-шарпы білетінім филология ғылымдарының кан­дидаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасов деген жас жігіт. Өткен 1969 жылғы күзде бір шаруамен Қостанайға келгенде аздап жүзтаныс болып қалғанбыз. Осыған дейін ешкімге сездірмеген, бірақ ішіме сыймай жүрген сырымды соған ақтарып салғам. Жұмыстың қаншасын «жәукемдеп» тастағанымды да айтқам. Сонсоң ол маған:

– Мәкең бос сөзді ұнатпайды. Құрқол барып мазасын алмаңыз. Папкаларыңызды қолтықтап келіп сөйлесіңіз, – деген. Алма­тыға барғаннан кейін осы ойын қайталап хат жазған. Одан кейін де бір жыл өтті. 1970 жылғы 22 желтоқсанда Алма­тыға келдім. Екі жыл бойы апта сайын келетін екі күндік, жыл сайын берілетін бір ай­лық демалыстарымда күн сайын дер­лік түн ортасы ауғанша отырып жаса­ған шимайларымды машинкаға бастыр­ға­ным­да 348 бет болды. Сонсоң нар тәуекел деп Мәкеңнің үйіне телефон соқтым.

– Е, алыстағы ағайынбысыз, – деді Мәкең аты-жөнімді айтқаннан кейін көңіл­ді тіл қатып. – Қалай, жұмысыңыз жүріп жатыр ма?

– Ептеп жүріп жатыр.

– Нобайын қашан бітіре аласыз?

– Нобайы бітті. Машинкаға бастырып қойдым.

– Бітіргеніңіз жақсы екен. Әкеліңіз, қарап шығайық.

– Құп болады, Мәке. Апарайын.

Келесі күні келгенімде Мәкең өзінің бөліміндегі орнында отыр екен. Әркімге әртүрлі тапсырма беріп жатса керек. Бұрын­ғыша «алыстан келген ағайын, аман-сау жүрсің бе» деп жылы амандасты.

Ол күні Мәкең мені көп ұстаған жоқ. Қолжазбаның бірінші, екінші дана­лары са­лынған папкаларды, қажетті доку­мент­терді алғаннан кейін алдындағы кален­дарының беттерін аударып біреуіне белгі салды да:

– 29 желтоқсан күні сағат 11-де келіңіз, – деді.

Мен орнымнан тұра бергенімде қоңы­рауды басып қалып еді, ауызғы үйдегі әйел кіріп келді. Есіктің алдына бара бер­генімде Мәкеңнің:

– Фольклор бөлімінен Көбей Сейде­хановты шақырыңыз, – дегенін құлағым шалып қалды.

– Алыстан келген ағайын, – деді өзі айтқан күні келгенімде Мәкең жайдары күлімсіреп, – диссертацияңыздың нобайы жаман емес екен.

– Рахмет, Мәке.

Қуанғаннан отырған орнымнан ұшып тұрып ғалым ағаны құшақтай ала жаз­да­дым. Төбем көкке төрт-ақ елі жетпей қалды.

– Мынау сіздің жұмысыңыз жөніндегі пікіріміз. Үш данасын өзіңізде сақтаңыз. Талай жерде керек болады әлі.

Сонсоң алдында жатқан менің ісімді алды да бірінші бетінде тұрған өтінішімнің бұрышына: «В приказ» деп жазып, қолын қойды. Қоңырауды басты да:

– Бейсенғали Наурызбаевты ша­қы­ры­ңыз, – деді.

Ол кісі филология ғылымдарының кандидаты, институттың ғылыми хат­шы­сы екен. Мәкең менің еңбегімді соған берді де бұйрық жазуды тапсырды. Бей­секеңнің шыққаны сол еді әлгідей болмай бұйрықтың жобасын машинкаға бастырып әкеліп Мәкеңе қол қойдырды. Маған қарап езу тартып:

– Талабыңыз құтты болсын, – деп қолын ұсынды. Орнымнан атып тұрып:

– Рахмет, рахмет, – деп қалбалақтап жатырмын.

Бейсекең шығып кеткеннен кейін Мәкең креслосынан тұрып, менің қасыма келіп отырды:

– Ғылым оңай жасалатын шаруа емес қой, – деді ол, – әсіресе, сіздер сияқты аста­на­дан алыста тұратын ағайындарға қиын. Жұмысыңыз талай талқыға түсіп, талай жөнделеді. Қажет болған уақыт­та Алматыға келіп тұра аласыз ба, жоқ па?­ Ол жағы облыстық партия коми­те­ті­не, жұмыс істейтін мекемеңізге бай­ланысты. Егер олар оң көздерімен қа­рап, жұмысыңыз қаралатын кездерде жіберіп тұрса белгіленген уақытта қорғап кетерсіз. Тағы да есіңізге салып қояйын: мынау біз қол қойып берген пікірді арқаланып өзіңіздің өзгелерден артылғалы тұрғаныңызды көрсете көрмеңіз. Алдын-ала мақтанғаннан сізге келер пайда жоқ, кейбіреулердің күндестігін қоздырғаннан тиер зияны көп. Ғалым болу – бұл жалғанның жұмағына кіру емес, мойнына ауыр жүк арту. Оны қалай көтересіз? Әуелі өзіңіз, сонсоң келешек көрсетер. Қа­зір Көбей Сейдеханов деген ғылыми қызметкерімізді шақырамын. Бұл жолы сол жігіттің ескертулерін тыңдаңыз да, қолжазбаңызға тиісті түзетулер енгізіңіз. Мен де пікірімді айтқанмын. Оны сол Көбейден білерсіз.

Сонсоң Көбейді шақырып алып:

– Алыстан келген мынау ағайынды екеуміздің ұсыныс-пікіріміз бойынша институт екі жылдық мерзіммен талап­керлікке қабылдады. Енді сол ұсынысты жазар алдында екеуміз келісіп, қорытқан пікірлерімізді жақсылап айтып беріңіз, – деді.

– Құп болады, Мәке.

Көбейге еріп фольклор бөліміне келе жатырмын. Жанымдағы жігіт сірә, кандидат болғанда да жай кандидат емес шығар. Салқындау қара торы жүзі бетті адам екенін аңғарт­қандай. Оты бар қырағы көздері кісінің кем-кетігін көргіш те болар деп ойлаймын. Есіме жаңа түсті: «Лениншіл жас» және басқа да республикалық газеттерге жазып жүретін қаламы ұшқыр бір журналист болушы еді. Оның да аты Көбей, фами­лиясы Сейдеханов болатын. Соны біл­генше асығып:

– Сіз бұрын газетте істеген жоқсыз ба? – деп сұрадым.

– Мамандығым – журналист. Кейін ғылыми жұмысқа ауысып кеткем.

– Онда әріптес ағайын екенбіз.

– Сондықтан да Мәкең сіздің жұмысыңызды маған тапсырған.

Бөлмеге кіргеннен кейін ол әңгімесін бастады. Кәдімгі жоғары оқу орындарының аудиторияларында лекция оқып жаттығып қалған профессорлар сияқты. Асықпай жазып алсыншы дегендей кейбір тұс­тарда жайлап айтады. Ойлары орамды, сөйлемдері жатық-ақ. Осы қалпында ма­шинкаға бастырып, газетке берсең үтір, нүктелеріне дейін өзгермей, қаз-қалпында, жұтынып шыға келетіндей. Сөз арасында, Мәкең мыналарды алып тастасын, мына мәселелерге назар аударсын деген деп қояды. Екі сағаттай сөйлегеннен кейін:

– Бұл айтылғандарды орындау үшін сізге ең кемі үш ай уақыт керек болар. Түзетіп болғаннан кейін Мәкеңмен хабар­ласыңыз. Кел десе келіп, тағы бір қаратып әкетерсіз, – деді де орнына отырды. – Сұрағыңыз бар ма?

– Осы сын ескертпелеріңізді орында­ғанша сұрағым жоқ.

– Ендеше, қош сау болыңыз!

Көбейден шыққаннан кейін қонақүйге барғанша шыдамай, академия үйінің алдындағы Шоқан ескерткішінің қасына тұра қалып еңбегім жайлы жазылған пікірді оқыдым. Қысқартылған нұсқасы мынау:

«Аса көрнекті халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің (1903-1964) творчестволық мұрасы бай. Ол жасынан ел арасында өлең айтып, айтыстарға қатысып, ақындық өнердің үлкен мектебінен өткен. Бүкіл өмір бойы советтік өмір шындығын жыр­лап келген. Тарихи тақырыптарға бір­неше дастандар шығарған, айтыстарға қаты­сып жүлде алған, көптеген өлең-жыр­лар, толғау-термелер шығарған. Ақын твор­чествосы кандидаттық диссертация көлемінде зерттеуге әбден лайық екендігі дау туғызбайды.

Қостанай облыстық газетінің қызмет­кері Сапабек Әсіпов жолдастың Нұрхан Ахметбековтің ақындық өнері туралы жазған зерттеу еңбегі көңіл аударарлық. Зерттеуде ақын творчествосының ерек­ше­ліктері ғылыми тұрғыдан едәуір дұрыс баяндалған. Біздің ойымызша, Әсіповтің осы диссертациялық тақырыбын мақұлдау орынды.

Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің меңгерушісі, фило­логия ғылымдарының докторы, профессор, М.Ғабдуллин. Бөлім қызметкері, фило­ло­гия ғылымдарының кандидаты, К.Сей­деханов. 29.12.1970 ж».

Кейін осы пікір диссертация тақырыбы­ның институт ғылыми кеңесінде бекі­тілуіне де негіз болды. Жоғарыда айтқа­ным – Мәкеңнің жақсылығы. Кім-кімге де жаны жомарт жан еді. Сол себепті ұмыт­пай, осы естелікті жазып отырмын.

 Сапабек ӘСІПҰЛЫ.

Алматы.

http://egemen.kz/