«Туған күніне не сыйлаймын?». Бұл сұрақ жыл сайын біраз қазақстандықты қинайтыны мәлім. Отандық автомектептер бұл қиындықтан шығудың бір жолын ұсынады екен.Кеше Мәжілісте «Жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіру» тақырыбында өткен алқасөзде Қазақстанда жүргізуші куәлігі туған күнге сыйлық ретінде ұсынылатыны айтылды. Мұны естігенде ТРАСЕКА халықаралық ұйымының «Жол қозғалысының қауіпсіздігі ІІ» жобасының басшысы доктор Алан Росстың өзі бас шайқап, қайран қалды.
– Автомектептер жүргізуші куәліктерін сататын болған, – дейді Қазақстанның көлік жүргізушілері одағының төрағасы Талғат Жанабаев. – Тіпті бұл куәлікті туған күнге сыйға тартады. Бұл – бізде қалыптасқан тәжірибе. Естігенім бар: «Міне, ұлым 18-ге толды. Біз оған көлікті және оған қосып, жүргізуші куәлігін сыйламақпыз» дейді. Ендеше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен осы тәжірибемен қатал күресу керек!
Айтқандай, бұл ұсыныс ретінде қабылданды: қазір «Жол жүрісі» туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілуде. Ол бойынша жұмыс тобына шетелдік эксперт-мамандар да кіреді.
Талғат Мұқашұлының байламынша, Қазақстанда жүргізушілердің небәрі он пайызы ғана жол жүрісінің жаңарған, өзгерген ережелерін егжей-тегжейлі біледі. Қалғандары, оның айтуынша, «тұспалдап жүреді».
– Біз арнайы сынақ жүргіздік. Жүз жүргізушінің тек 13-і ғана жол жүрісі ережелерін жазбай танып, тапсыра алды. Ал олардың барлығы қазір көлік айдап жүргендер! Бұл мемлекеттік проблемаға айналды. Сіздер білесіздер, кеңес кезінде жүргізушілерді жылына бір немесе екі рет «техминимумнан» өтуге міндеттейтін. Бүгінде ондай талап жоқ. Бұған қоса, заңнама да түбегейлі өзгерді: жүргізушілер ережелерді қасақана бұзбайды, көбісі ережелердің өзгеріп кеткенін де білмейді, – деді салалық одақ төрағасы.
Оның тұжырымдауынша, куәлікті сатып алған «надан» жүргізушілердің көбеюі және тәжірибелі жүргізушілердің жаңа ережелерді білмеуі кесірінен жол-көлік оқиғаларының саны өсуде.
Оның үстіне, елімізде «темір тұлпарлар» саны таяуда тірі жылқылар санынан екі есе асып түсті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 2 миллион 132,5 мың жылқы бар. Ал Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Кениспаевтың дерегінше, «темір тұлпарлар» қатары 4,5 миллионнан асып жығылды.
–Тек өткен жылы ғана елімізде автокөліктер саны 440 мың бірлікке артты. Биылғы 9 айда тағы 260 мың көлік құралы тіркеуге қойылды. Осылайша, бүгінде Қазақстанның автопаркі 4,5 миллион бірлікке жетті. Бұл ретте өсу қарқыны артты. Небәрі 5-10 жыл бұрын тек 2 миллион көлік бар деп сөз ететінбіз. Яғни қысқа уақытта екі еселенді! – деді ІІМ өкілі.
Оның айтуынша, көлік қарасының осынша артуы жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) өсуіне соқтыруда. Себебі жолда жүрген автомобильдердің «шамамен жартысы техникалық көнерген және қауіпсіз емес саналады».
Мұндай түйткілдің түйінін өзге елдер «утилизациялық бағдарлама» арқылы шешеді. Мысалы, көрші Ресей ескі көлігін тапсырған адамдарға отандық жаңа көлік сатып алуына «50 мың рубльдік сертификат» (250 мың теңге) тапсырды. Қазақстан Үкіметі де «утилизациялық бағдарлама» әзірлеу үстінде.
Қалай болғанда, онсыз да саны аз Қазақстан халқы қара жолда жыл сайын мыңдап кемуде.
– 2015 жылғы тоғыз айда ғана 14 мыңдай жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 мың 792 адам мерт болды, 17 мың 463 адам мертікті. Бұл ретте ЖКО кезінде қаза тапқан әрбір үшінші адам – жаяу жүргіншілер, – деді Ә.Кениспаев.
Әкімшілік комитетінің дерегінше, «жол-көлік оқиғаларына, негізінен, Жол жүрісі ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің нашар тәртібі» себеп болады. Мысалға, былтырғы жыл қорытындысында жүргізушілер кінәсінен 18 мың 828 апат орын алған, соның кесірінен 2 мың 331 қазақстандық о дүниеге аттанды. Мұның сыртында 24 мың 508 адам жараланған.
Ең қорқыныштысы сол, мас күйде рөлге отырған жүргізушілер 502 жол-көлік оқиғасына себепкер болыпты. Олар соның барысында 96 адамды өлтірді, 700 адамды мертіктірді. ІІМ-нің жауапты комитеті мас күйде көлік басқарғандар кесірінен болған ЖКО-лар саны Маңғыстау (180%-ға), Атырау (75%-ға), Қостанай (47,8%-ға) және Батыс Қазақстан (21,7%-ға) облыстарында өскенін хабарлайды.
«Халықаралық бағалау бойынша Қазақстан жолдағы өлім-жітімі көп, ЖКО қаупі жоғары елдерге жатады» деді Ә.Кениспаев.
ТРАСЕКА халықаралық ұйымының «Жол қозғалысының қауіпсіздігі ІІ» жобасының басшысы доктор Алан Росстың айтуынша, бұдан Қазақстан үлкен экономикалық шығын шегіп отыр: «Адамдар да, экономика да зардабын тартуда. Сіздердің елдеріңіз ЖКО-лар кесірінен жыл сайын 7 миллиард доллар жоғалтады. Экономикаларыңыздың 5% пайызына парапар бұл сома – орасан зор қаржы. Әсіресе, дағдарыс уақытында. Қазақстанда жол апатына ұшырау қаупі Нидерландыға қарағанда 12 есе жоғары! Жер аумағы үлкен, бірақ халқы аз ел ойлануға тиіс. ЖКО-лар 15 – 44 жастағы ең жас, жалынды, дарынды азаматтарды әкетуде» деді ол.
А.Росс 5 жыл ішінде осындай мәселені шеше алған Францияның тәжірибесін зерттеуді ұсынды. Ол бойынша мәліметтерді бұл ұйым ел Үкіметіне беруге дайын.
Айхан ШӘРІП
http://aikyn.kz/