Француз Республикасында ресми сапармен жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның 38-ші Бас конференциясына қатысты. Бұл конференцияның аталған халықаралық ұйымның 70 жылдық мерейтойымен сәйкес ұйымдастырылғанын айта кеткен абзал.
ЮНЕСКО – Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі құрылымы. Ол 1945 жылы 16 қарашада құрылған, штаб-пәтері, жоғарыда айтқанымыздай, Францияның астанасында орналасқан. ЮНЕСКО-ға 195 мемлекет мүше болса, 9 мемлекет серіктес мүше саналады. Оған мүше әрбір елдің үкіметі осы халықаралық ұйыммен жұмыс істейтін өздерінің ұлттық комиссияларын құрады. Қазіргі күні осындай 198 ұлттық комиссия бар. Ұйым жанында 184 мемлекеттің тұрақты өкілдігі жұмыс істейді. Қазақстан тарапынан осындай қызметті ұзақ жылдар бойы Олжас Сүлейменовтің атқарып келгені белгілі. 2013 жылдан бастап бұл міндетті Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов атқаруда.
Сондай-ақ, ЮНЕСКО құрамына әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 50-ден астам бюро мен бөлімшелер кіреді.
ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы оның жоғары басқару органы болып табылады. Ол екі жылда бір рет шақырылады. Әрбір мүше мемлекет Бас конференциядағы дауыс беру кезінде бір дауысқа иелік етеді. Конференция ЮНЕСКО-ның бағдарламасы мен бюджетін бекітеді. Маңызды мәселелер жөнінде шешімдер қабылдайды.
ЮНЕСКО-ның ХХ ғасырдағы аса мәнді жобалары мыналар: Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында әскери әрекеттерден зардап шеккен кітапхана және мұражай қорларын қалпына келтіру; Азияда, Африкада, Латын Америкасында бастауыш білім беру жүйелерін дамыту; құнды еңбектерді аудару, тікелей байланыстар орнату арқылы Батыс пен Шығыстың арасында мәдени алмасуды дамыту; дамушы елдердегі сауатсыздықты жойып, «негізгі білім беру» жүйесін қалыптастыру (оқу орталықтары Камбоджада, Үндістанда, Таиландта, Оңтүстік Кореяда, Либерияда, Түркияда, сондай-ақ, бірқатар Латын Америкасы елдерінде, Таяу Шығыс елдерінде орын тепкен); өркениет ескерткіштерін сақтау.
ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен 1959 жылдан бастап Мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру бойынша халықаралық комитет жұмыс істеп келеді.
ЮНЕСКО-ның негізгі мақсаты – бейбітшілік пен қауіпсіздікті, елдердің білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын дамыту, БҰҰ Қаулысында айтылғандай, жалпыға бірдей құрметпен қарап, адам құқы мен бостандықтар негізінде түрі-түсіне, жынысына, тілі мен дініне қарамастан, барлық елде әділеттілік пен заңдылықтың орындалуын қамтамасыз ету.
Ал Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық мәселесіне келсек, 2012 жылдың мамырында ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова елімізге алғаш рет ресми сапармен келді. ЮНЕСКО басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты. Сонымен қатар, сапар барысында И.Бокованың Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен, Парламент Сенатының сол кездегі Төрағасы – Съезд Хатшылығының басшысы Қайрат Мәмимен, сол кездегі Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен және сол кездегі Ұлттық комиссияның төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездесулері өтті. Осы кездесулердің барлығында Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығы және оның алдағы уақытта барлық бағыттар бойынша даму перспективаларына жоғары баға берілді.
2012 жылғы қыркүйекте елордада Ұлттық комиссияның және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ТҮРКСОЙ мүшелерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялар мен комитеттерінің үшінші отырысы өткізілді. Отырыс «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» атты жылдың аясында өткізілді.
2013 жылғы тамызда Астана қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-сессиясында Қазақстанның бастамасымен қолға алынған 2013-2022 жылдарға арналған Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын ұлықтауға байланысты халықаралық форум өткізілді. Форумның құрметті қонақтарының қатарында ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова, БҰҰ Бас хатшылығының Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Насир Абдулазиз Әл-Нассер, ТҮРКСОЙ Бас директоры Дүйсен Қасейінов, БҰҰ Білім алуға құқық жөніндегі арнайы баяндамашысы К.Сингх, Латын Мәдениет академиясының Бас хатшысы К.Мендес, 1986 жылғы әдебиет жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты, нигериялық жазушы В.Шойинка болды.
Сонымен қатар, ЮНЕСКО Бас директоры И.Бокованың Қазақстанға сапары шеңберінде қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы С.Сәпиевке «ЮНЕСКО-ның спорт саласы бойынша Ізгі ниет елшісі» атағын беру, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ЮНЕСКО-ның толеранттылық жөніндегі кафедрасын ашу салтанаты өткізілді.
2013 жылғы қарашада ЮНЕСКО Бас конференциясының 37-сессиясы барысында Казақстанның кандидатурасы 2013-2017 жылдарға ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне, Халықаралық үйлестіру кеңесінің «Адам және биосфера» (МАБ) бағдарламасына және Үкіметаралық кеңестің коммуникациялардың дамуы халықаралық бағдарламасына сайланды. Сонымен қатар, Бас конференция 2014-2015 жылдарға режиссер және әртіс Шәкен Аймановтың туғанына – 100 жыл (2014 ж.), жазушы І.Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай бұл шаралардың ЮНЕСКО-ның Естелік және мерейтойлық даталар күнтізбесіне енгізілуін бекітті.
Осы жолғы сапарында Қазақстан басшысы ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Боковамен кездесті. Кездесу барысында мәдени және тарихи мұраларды сақтау ісінде, білім және ғылым саласында халықаралық байланыстар аясын кеңейтудегі Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның өзара ықпалдастығы мәселелері талқыланды.
Елбасы Қазақстанның ЮНЕСКО-ны қолдайтынын және белсене ынтымақтасып келе жатқанын айтты. Н.Назарбаев И.Бокованың 2012 жылы Астанаға сапары аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуының маңыздылығын атап өтті. «ЮНЕСКО-мен біздің арамызда жақсы қарым-қатынас орныққан. «Адамзаттың ар-ұжданы» аталған бұл ұйым дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды қорғайды. Қазақстан мәдениетінің көптеген айшықты даталары ЮНЕСКО-да атап өтілді», – деді Қазақстан Президенті.
И.Бокова өз сөзінде Қазақстан ЮНЕСКО-ның ең белсенді әрі ілкімді серіктесі саналатынын айта келіп, соған байланысты ұйымның 70 жылдығында оның Бас конференциясының Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтуін елестету мүмкін еместігіне назар аударды. ЮНЕСКО Бас директоры Қазақстанның мәдениеттерді жақындастыруға байланысты ұсынған бастамалары мен жобаларының әлемдегі келісімді нығайту ісінде зор маңызы бар екенін де атап өтті.
Елбасы ұйымның Бас конференциясына қатысуы барысында сөз сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлы бастан-аяқ мемлекеттік тілде сөйледі. Қазақстан Президенті өзінің сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін, осыдан 70 жыл бұрын құрылған бұл ұйым «адамзаттың ар-ұжданы» деп аталатынын атап өтті. Сондай-ақ, ұйымның адамзаттық тарихи-мәдени мұраларды сақтау ісіне, білім, ғылым, коммуникация салаларындағы халықаралық байланыстар аясын кеңейтуге зор үлес қосқандығына тоқталды. Қазақстанның ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайтынын айтты.
«Бұл ұйымның негізгі басымдығы Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналады. Мен осы мінберден 20 жыл бұрын, тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағында жас мемлекеттің мақсат-міндеттері туралы баяндаған едім. Бүгінде біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық даму мақсаттарының көбіне қол жеткіздік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттердің күйреуі мен қақтығысы ушығып кеткеніне арнайы тоқталды. «Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында өткен дебаттар әлем дамуының жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін дәлелдеп берді. Қазақстанның халықаралық бастамалары осы маңызды міндетті орындауға бағытталған. Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045» жоспарын ұсынамыз. Оның мәнісі – соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себептеріне жол бермейтін бүкіләлемдік даму стратегиясын жасау», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің мақсаты ядролық қарусыз әлемді орнықтыру екенін, сол үшін БҰҰ Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларация қабылдауды ұсынатынын айтты. «2016 жылы менің Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғаныма 25 жыл толады. Бұл әлемдік қоғамдастықтың ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолында күш жұмылдыруы үшін маңызды себеп бола алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы терроризм мен діни экстремизмге қарсы біртұтас халықаралық майдан ашу мәселесіне де тоқталды. «Әлемдік өркениеттер мен негізгі діндердің бесігі болған ежелгі Месопотамия жері бүгінде аяусыз бүлініп, тонауға түсті. «Ислам мемлекеті» деген атты жамылғандар Таяу Шығыстың бірегей тарихи-мәдени мұрасына орны толмас зиян келтіруде. Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін батыл айыптайды. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттің әлемдік бірыңғай желісін құруды ұсынамыз», – деді Қазақстан Президенті.
Ислам радикализмімен күрес кезінде оны бейбітсүйгіш исламмен шатастырып алмау маңызды екені, ал экстремизмге тек мәдениетаралық және дінаралық үнқатысулар негізінде ғана қарсы тұруға болатыны да атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, біздің ел ұсынған «Ислам терроризмге қарсы» атты форум нақ осы мақсатқа бағытталған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезін өткізгеніне, онда түрлі конфессиялардың өкілдері бейбітшілік пен келісімге, зорлық-зомбылық қолданбауға шақыратынына назар аударды.
Қазақстан Президенті бейбітшілік пен халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында ЮНЕСКО-ның әлеуетін кеңінен пайдалану қажеттігіне тоқтала отырып, ұйым жанынан Бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөніндегі халықаралық академия құруды ұсынды. «Академия озық әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөнінде прогрессивті идеялар мен тиімді шаралар әзірлей алар еді. ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік мәдениеті» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы қақтығыстардың ертерек алдын алу жолын іздестірудің ерекше маңызы бар. Аталған тұжырымдама қағидаттары Қазақстанның БҰҰ қолдауымен «Жаңа Болашақ» тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі бастамасымен үндеседі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы француз монахы Гильом Рубрук XIII ғасырдың ортасында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болғанын еске салды. «Былтыр Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне Ұлы Жібек жолында орналасқан сегіз археологиялық нысан енгізілді. Бұл тізімде толеранттылықтың, діни төзімділік пен достықтың символы – Қойлық қаласы да бар. Еліміз таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Біз Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын жаңғыртып жатырмыз. ЮНЕСКО-ның алдын ала есепке алу тізіміндегі ескерткіштер мұқият қорғалуда. Олардың қатарында Отырар, Түркістан, Сауран және Сығанақ бар», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы өз сөзінде Ұлы Жібек жолы дәстүрлерін жаңғыртудың айрықша маңыздылығын атап өтті. «Оның тарихына қарап, тығыз ынтымақтастық пен өзара мәдени байланыс бүкіл адамзат үшін бейбітшілік пен даму негізі екеніне көз жеткіземіз. ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі тоғысу орталығы болған Алматы қаласының 1000 жылдығы енгізілгенін ризашылықпен атап өткім келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның ЮНЕСКО-ға біздің ел бастамашылық еткен 2013-2022 жылдарға арналған мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын жүзеге асыру ісі бойынша қолдау көрсетіп отырғаны туралы да айтып берді.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздегі білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформаларға және Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындық барысына тоқталып, барша делегаттарды осы көрмені келіп көруге шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев конференцияда сөз сөйлегеннен кейін журналистермен кездесіп, Францияға жасаған ресми сапарының қорытындысына арналған брифинг өткізді.
Қазақстан Президенті брифингте сапарының жоғары деңгейде өткенін және француз тарапы айрықша қонақжайлық көрсеткенін, бұл екі елдің тығыз серіктестік орнатып отырғанының айғағы екенін атап өтті. «Біз Францияның бұрынғы басшылығымен стратегиялық серіктестік туралы уағдаласқан едік. Бүгінде 34 ірі жоба іске асырылды, 24-і жүзеге асырылу кезеңінде тұр, кешегі бизнес-форумда жасалған келісімшарттар мен келісімдерге сәйкес тағы ондаған жоба болашаққа жоспарланған», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Францияның Еуропа аренасында салмақты орны бар ел екеніне, экономиканың көптеген салаларында, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда келе жатқанына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық сектордағы бірлескен жобалар жөнінде жасалған уағдаластықтардың біздің ел үшін зор мәні бар екенін де айтты. «Біз машина жасау, химия индустриясы, энергетика, білім беру және медицина салаларында да ынтымақтасатын боламыз. Индустриялық және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне Ұлыбританияның да, Францияның да атсалысқаны біз үшін аса маңызды. Осы сапар және оның барысында өткен келіссөздер елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты бұрынғыдан да жоғары деңгейге көтерді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кәрі құрлықтың басты мемлекеттеріне жасаған және маңызды халықаралық ұйымның Бас конференциясына қатысқан бұл жолғы сапары үлкен табыспен қорытындыланды. Алдағы уақытта Ұлыбритания мен Франциядан келетін жаңа инвестициялар бұл сапардың құндылығы мен маңызын арттыра береді деген сенімдеміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан» – Парижден.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.