Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания мен Францияға сапарының нәтижесі – он бір миллиард доллар
Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптадағы Ұлыбритания мен Францияға ресми сапарлары, жетекші экономист-сарапшылардың пікірлерінше, Қазақстанның аталған алдыңғы қатарлы әлемдік индустриялық державалармен инвестициялық және сауда ынтымақтастығында шешуші рөл атқарды. Қазақстан делегациясы бұрын-соңды болмаған табысты келіссөздер жүргізсе, нәтижесінде орасан зор сомаға – 11 млрд.-тан астам доллардың келісімшарттарына қол қойылды. Алайда, Қазақстан Президентінің табысты турнесінен дивидендтер тек ақшалай көрсеткішпен ғана шектелмейді. Бұл арада Қазақстанның Ұлыбританиямен және Франциямен ынтымақтастығында сапалық тұрғыдан жаңа дәуір басталғаны анағұрлым маңызды. Осылайша, бұдан былай қарай жетекші рөл шикізаттық емес секторларға, өңдеуші өнеркәсіпке, жоғары технологиялы өндіріске берілетін болады.
Лондон және Париж уағдаластықтарының нәтижесінде өмірге жолдама алатын жобалар Бес институттық реформаның, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және индустрияландыру бағдарламаларының негізіне айналады. Қазақстан алдыңғы қатарлы технологияларға қол жеткізіп, елімізде жоғары қосымша құн салығы бар жаңа өндіріс орындары пайда болады, жоғары білікті мамандар оқытылады. Қол жеткізілген келісімдерден келетін әлеуметтік тиімділіктің құны да аса жоғары. Жаңа бірлескен Қазақстан-Британия және Қазақстан-Франция жобаларының арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылып, тұтастай өңірлер тұрғындарының әл-ауқаты артатын болады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарынан соң Еуропада Қазақстан туралы «Жаңа Жібек жолы» жобасының шешуші қатысушысы ретінде әңгіме айтыла бастады. Еуропа бизнесінің еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалануы да қазақстандықтарға кең ауқымды экономикалық тиімділік әкеледі.
Қазақстан Көшбасшысына деген терең құрметтің белгісі
Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары Ұлыбритания мен Францияның саяси және іскер топтары үшін айтулы оқиға болды. Лондонда және Парижде Мемлекет басшысы үлкен сый-құрмет көрсетіліп, қарсы алынды. Осылайша, Қазақстан Президентінің аса жоғары саяси және моральдық беделі мойындалды.
Ұлыбритания астанасында Қазақстан басшысы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Патшайымы Елизавета ІІ-мен кездесті. Британия тәжінің басшысы Ұлыбританияға келген мемлекет басшыларымен аса сирек кездеседі, тек әлемдік ауқымдағы аса көрнекті саясаткерлер ғана осындай құрметке ие бола алады. Букингем сарайында Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалған ерекше қабылдау Қазақстан Көшбасшысы мен біздің елімізге деген терең құрметтің белгісі екені сөзсіз. Британия монархтарының резиденциясында алғаш рет Қазақстанның Әнұраны шырқалып, қарауыл басшысы алғаш рет қазақ тілінде сәлем берді.
Қазақстан Президентінің Ұлыбритания Премьер-министрімен кездесуі жылы шырайлы достық рәуіште өтті. Қазақстан Президенті Дэвид Кэмеронды парламенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтап, оған Британия премьерінің елдеріміз арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан орасан зор үлесін танудың белгісі ретінде І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Париждегі Елисей сарайында да ерекше сән-салтанатымен қарсы алынды. Мұнда Қазақстан Президенті құрмет қарауылы сапын айналып өткен соң, оның басшысының есебін тыңдады. Бұл рәсім келген мейманға деген ерекше құрметтің белгісін білдіріп қана қоймай, Франция мен Қазақстан әріптестігінің стратегиялық сипатын да атап көрсетті.
«Біз ештеңе сұрамаймыз – біз бірлесе табыс табуға шақырамыз»
Қазақстан Президентінің сапары Лондон мен Париждің іскер дегдарлары тарапынан да үлкен құрмет пен шексіз қызығушылық туғызды. Қазақстан Көшбасшысының британдық және француздық бизнес «капитандарымен» және әлемдік индустриялық алыптар басшыларымен кездесулері де ине шаншар бос орын жоқ залдарда өтті. Лондонда Royal Dutch Shell, BG Group, Barclays Bank, Vitol Group, De La Rue, Glencore компанияларының, Парижде Airbus, Alstom Transport, Vicat, Soufflet, Rothschild Group, Veolia Asia, Areva компанияларының басшылары Қазақстан, жиырма жыл ішіндегі адам айтқысыз экономикалық өсім, еліміздің әлеуеті мен шетел бизнесі мен инвесторлары үшін мүмкіндіктер туралы айтқандарын үлкен қызығушылықпен тыңдады.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы әріптестеріне әлемдік экономикадағы дағдарысты құбылыстарға жедел жауап ретінде ойластырылған Қазақстан экономикасын жаңғыртудың Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жобаларын ұсынды.
Шынтуайтында, Қазақстанның табыстары түсіндіруді қажетсінбейтін еді: «Қазақстанның экономикалық ғажайыбы» термині халықаралық сарапшылардың сөз қолданысына дамудың тиімді көрсеткіші ретінде айналымға әлдеқашан еніп үлгерген еді. Оның үстіне, Ұлыбритания мен Франция – көп жылдан бері Қазақстанның инвестиция мен сауда саласындағы сенімді әріптесі. Британиялық инвесторлар Қазақстанға 11,2 млрд., француздық инвесторлар 11 млрд. доллар салды.
Алайда, біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықта энергетикалық және тау-кен өндірісі салаларына қарай ауытқушылық байқалды. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев қуат көздеріне бағаның төмендеуіне байланысты Қазақстанның шикізаттық емес секторларға, өңдеуші өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, көлік инфрақұрылымы жобалары мен «жасыл» технологияларға басымдық бере бастағанына назар аудартты. Дәл осы себепті Елбасы ақшаны Қазақстан экономикасының аталған салаларына салуды ұсынды.
Мәселен, Елбасы француздық бизнесмендерді ауыл шаруашылығында, әсіресе, ет, сүт, жүн, тері, жеміс-жидек өңдеу секілді салаларда жұмыс істеуге шақырды.
– Француздық шарап жасаушылармен бірге біз Қазақстанның оңтүстігінде жоғары сапалы 2,5 млн. бөтелке шарап шығаратын алғашқы зауытты іске қостық, бұл жұмысты жалғастыру керек. Ауыл шаруашылығы да ұлан-ғайыр аумақ, онда да біз бірге жұмыс істейтін боламыз, – деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Лондонда да, Парижде де британиялық және франциялық бизнесмендерді Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған, Еуропа мен Қытайды, сондай-ақ, Тынық мұхиты өңіріндегі басқа да елдер арасын жалғайтын трансқұрлықтық транзиттік дәлізді пайдалануға шақыра келіп, еліміздің транзиттік мүмкіндігі зор екеніне екпін түсірді.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Қытай бастамашылық танытқан кең ауқымды «Жаңа Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасын жүзеге асыруға қатысатынын атап өтті.
– Екі теміржол желісі бізді Қытай Халық Республикасымен байланыстыра келіп, Тынық мұхитындағы порттарға шығады. Контейнерлер сол жақтан біздің аумағымыз арқылы Еуропаға жол тартады, – деп суреттеп берді трансқұрлықтық дәліз маршрутын Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазірдің өзінде осы бағытпен 250 мың контейнер тасымалданғанын, ал жақын болашақта тасымал көлемі екі еселенетінін хабарлады. Оның үстіне, құрғақтағы транзиттік дәлізді пайдалану жүктерді жеткізу уақытын: теңіздегі 40 тәулікті теміржолмен 12-14 тәулікке дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Оның үстіне Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін пайдаланудан тек еуропалық бизнес қана пайда тауып қоймайды: елдің көлік артерияларымен ағылатын жаңа жүк ағындары бүтіндей бір өңірлердің өміріне жан бітіреді. Ол ондаған мың қазақстандықтардың қызмет көрсету саласында жұмыс табуына немесе өз бизнестерін құруына жағдай жасайды.
Оның сыртында Президент британдық және француз бизнесмендеріне ірі қазақстандық кәсіпорындарды жекешелендіруге қатысуды ұсынды. Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір айтқаны Қазақстанда инвесторлар үшін айрықша жағдайлар жасау жөніндегі уәде болды.
– Біз Лондоннан ештеңе сұрамаймыз. Біз бар болғаны сіздерді Қазақстанға келіп, бізбен бірге ақша табуға шақырамыз, – Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан-Британ бизнес форуымында сөйлеген сөзін осылай деп аяқтады.
Бұл сөздер Қазақстан Президентінің бизнестің және индустрияландырудың британдық және француз «капитандарымен» түрлі пішіндерде – тет-а-тет, «дөңгелек үстел» басында, тұсаукесер түрінде өткен кездесулерінде талай рет қайталанды. Іс жүзінде олар Нұрсұлтан Назарбаевтың еуропалық сапарының лейтмотивіне айналды. Және барлық кезде де Қазақстан Көшбасшысының жоғары беделінің, оның тамаша шешендік шеберлігі мен сендіре білу қабілетінің арқасында қазақстандық тарап келіссөздердің мақсатына жетіп отырды.
«Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жобасын Ұлыбританияның қаржы элитасының мойындауы Қазақстан үшін нағыз жеңіс болды. Нұрсұлтан Назарбаев J Rothschild Capital Management-тің басқарма төрағасы лорд Джейкоб Ротшильдпен ЭКСПО-2017 инфрақұрылымы базасында АХҚО құру туралы жоспарымен бөлісті. Д.Ротшильд идеяға қолдау көрсетті және Орталық Азия өңірі қаржылық хабының мәртебеге ие болуының Қазақстан үшін тамаша перспективалар ашатынын атап өтті.
Әлемнің ең ықпалды банк құрылымдарының бірінің басшысы қолдау білдірген қарардың болуы Қазақстанның Ұлттық банкіне Ұлыбританияның TheCityUK ассоциациясымен және Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) меморандум бекітуге жағдай жасады. Бұл АХҚО ендігі жерде қаржылық хаб, бүкіл Орталық Азия өңіріне шетел капиталын тартатын орталық ретінде Ұлыбританияның қаржылық және іскерлік топтарында ілгері басады дегенді білдіреді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарының тағы бір маңызды нәтижесі Ұлыбритания мен Францияның Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға дайын екендігін білдіруі болды. Ал «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ келіссөздер нәтижесінде Лондонда «Шелл» корпорациясы атынан көрменің жаһандық әріптесіне ие болды.
Лондон мен Париж инвестициялауға дайын
Қазақстан Президентінің ресми сапары алаңындағы келіссөздер қорытындылары нәтижелі болды. Қазақстандық делегация өзімен бірге Лондон мен Парижде қол қойылған алдын ала уағдаластықтардың бүтіндей бір пакетін алып келді.
Индустрияландыру бағдарламасы, инфрақұрылымды және өңдеу секторын дамыту бағдарламасы тұрғысынан неғұрлым маңызды болып табылатын кейбіреулерін ғана келтіре кетейік. Осылайша, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ (ТДҰА) Innovator Capital Ltd.-мен өзара түсіністік жөнінде меморандум бекітті. Осылайша, ағылшындық компания ТДҰА-ға болашақта қазақстандық кәсіпорындарда енгізілетін технологиялар туралы ақпаратты беруге дайын екендіктерін білдірді.
Оның сыртында Лондонда қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында британдық инвесторлар Астананы газдандыруға атсалысатын болады. Әңгіме Қазақстанның астанасын, сондай-ақ, республиканың солтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» магистральды газ құбыры бойында газ-турбиналы электр стансасын салу жөнінде болып отыр.
«ҚазТрансГаз»АҚ-тың бас директоры мен Independent Power Corporation PLC қол қойған меморандум британдық әріптестердің Астанада, Қарағандыда, Теміртау мен Жезқазғанда әрқайсысының номиналдық қуаты 400 МВт болатын төрт газ-турбиналы электр стансаларын тұрғызуға 3,1 млрд. доллар салуын қарастырады.
Бұл жобаның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәні орасан зор. Біріншіден, астана мен өңірлердің тұрғындары үнемді және қолайлы жылыту жүйесіне қолжетімділікке ие болады. Екіншіден, электр қуатын өндіру көлемі артады. Үшіншіден, табиғи газ отынның өзге түрлеріне қарағанда экологиялық жағынан таза, демек, бұл қалалардағы ауа да әлдеқайда таза болады.
Президенттің елорда мен республиканың орталық бөлігін газдандыру туралы 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында тапсырма бергенін еске сала кеткен жөн. Бұл жоба «ҚазТрансГаз» үшін басымдықты жобалардың бірі болып табылады. Түрлі нұсқалар мен жобаларды зерттегеннен кейін компания қазіргі уақытта консервацияда тұрған жұмыс істейтін газ құбырларын пайдалану арқылы неғұрлым үнемді жолды таңдады. Соның арқасында газ құбыры құрылысының құны айтарлықтай төмен болады, демек, тұтынушылар үйлеріне де газ қолайлы жағдайларда қымбат емес тарифтер бойынша келіп тұрмақ.
Қазақстандық «Бәйтерек» холдингі мен Allur Group және француздық PSA Peugeot Citroën арасында қол қойылған келесі бір келісім болашақта отандық автоөнеркәсіптің нағыз технологиялық серпіліс жасауы үшін жағдайлар туғызады. Уағдаластықтың мәні Peugeot Citroën-ді қостанайлық «Сарыарқа Автопром» зауытының қуаттарында толық циклді режімде шығару мүмкіндігін қарастыру болып табылады.
– Экономикалық ортаның өзгергеніне қарамастан, PSA Peugeot Citroën тобы ТМД өңірінде қабылданған бизнес бағытқа адал күйінде қалып отыр. Концерн Қазақстанда коммерциялық және өнеркәсіптік қатысуын кеңейте түсуді жоспарлауда, 2016 жылдың соңына белгіленген Қостанайда толық циклді өндірісті іске қосу оның шешуші сатысы болмақ. Қазақстанда толық циклді өндірісті іске қосу топтың өңірдегі позициясын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге, автожиынтықтарды жеткізушілерді дамытуға және бүтіндей алғанда саланың шоғырлану деңгейін арттыруға жағдай жасайды, – деп атап көрсетті PSA Peugeot Citroën тобының вице-президенті Кристоф Бержеран.
Бұлар да Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания мен Францияға ресми сапары алаңында қол жеткізілген бірлескен жобалар мен өндірістердің, уағдаластықтардың толық тізімі емес. Біздің еліміздің алдында энергетика, мұнай-газ, кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау және қалдықтарды жою саласында жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.
Париж бен Лондонда қол қойылған жобалар, келісімдер елді индустрияландырудың, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың берік іргетасына айналмақ. Қазақстанға заманауи технологиялар мен өндірістер келетін болады. Мыңдаған және мыңдаған қазақстандықтар жаңа қазақстандық-британдық және қазақстандық-француздық бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істеп, оқи алатын болады. Ал «Жаңа Жібек жолы» жобасы шеңберінде Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін пайдалану бүтіндей бір өңірлердің экономикасын түрлендіріп, оларда қызмет көрсету саласы мен бизнесті жандандыра түспек.
Болат МАЙЛИН,
саясаттанушы.
http://egemen.kz/