Көру мүшесі – біздің көзіміз.Көздің адам ағзасында қаншалықты маңызды екенін білеміз. Біз онымен бәрін істейміз – көреміз, оқимыз, ойнаймыз, демаламыз.
Адам көздері арқылы қоршаған орта жайлы ақпараттың 90%-ын алады. Ал көз терісі адамның, әсіресе, әйелдің жасының бірден-бір көрсеткіші. Сондықтан көз саулығы мен қабақ терісінің күтімі ерекше маңызды болуы керек. Жағымды заттарды көргенде, адамның қарашығы 45 пайызға дейін ұлғаяды екен. Адам көзінің мүйізгек қабығы акуланыкіне қатты ұқсағаны сонша, акуланың мүйізгек қабығын көзге ота жасағанда алмастырушы ретінде пайдаланады. Адам көзі сұр түстің 500 реңкін ажырата алады, сонымен бірге көзді ашып тұрып түшкіру мүмкін емес. Адамның әр көзінде 107 миллион жасуша болса, соның барлығы жарыққа сезімтал келеді. Ал еркектердің көпшлігі – дальтоник. Адамның көзі тек үш спектрдің ғана аумағын қабылдайды: қызыл, көк және жасыл. Қалған түстер осы түстердің үйлесімі болып саналады. Адам көзінің диаметрі шамамен 2,5 см, салмағы – 8 гр. Барлық бұлшық еттердің ішінде көзді бақылайтын бұлшық еттер – ең белсенділері. Адам көзінің көлемі туғанда қандай болса, қартайғанша сол қалыпты сақтайды. Біз бүкіл өмірімізде орташа есеппен алғанда, 24 миллионнан астам әртүрлі сурет көреді екенбіз. Саусақ таңбаларының ерекше 40 сипаты болса, көздің сыртқы мөлдір қабығы 256 сипаттамаға ие. Сол себепті көздің ішкі тор қабығын түсіру қауіпсіздік мақсатында қолданылады. «Көзді ашып-жұмғанша» деп бекер айтылмаса керек. Себебі көзді бақылайтын бұлшық ет денедегі ең жылдам бұлшық ет болып саналады. Жыпылықтау шамамен 100-150 миллисекундқа созылады және сіз де көзіңізді бір секундта бес рет жыпылықтата аласыз. Көз миға сағат сайын көп ақпарат беріп отырады. Бұл каналдың қажетті орындау мүмкіншілігі бір үлкен қаланың интернет-провайдерлерінің каналдарымен салыстыруға келеді. Біздің көзіміз бір секундтың ішінде шамамен 50 затты көре алады. Көз адам миын басқа дене мүшелеріне қарағанда, көп шаршатады. Адам көзіндегі әрбір кірпік шамамен бес ай өмір сүреді. Алғашында адамдардың барлығының көздері қоңыр болған деген болжам бар. Шамамен
10 000 жыл Қара теңіз аумағында тұратын адамдардың көзінде генетикалық өзгеріс байқалып, осылайша көк көз пайда болған дейді. Егер суретке түскен кезде жарқылынан тек бір көзіңіз қызыл болып қалса, онда көзіңізде ісік болуы ықтимал (егер екі көз де бір бағытқа қарап тұрған жағдайда). Әйел адамдардың екі пайызында сирек кездесетін генетикалық өзгеріс – көздің қосымша торы болады. Ол 100 миллион түсті көруге мүмкіндік береді. Ғарышкерлер гравитацияның әсерінен ғарышта жылай алмайды. Жас кішкентай шарға жиналып, көзді жыбырлата бастайды. Көз шамамен 550 миллион жыл бұрын дами бастаған. Ең қарапайым көз бір жасушалы жануарлардағы фоторецептор ақуызының бөлігі болған. Аралардың көздерінде сызық болады. Олар желдің бағыты мен ұшу жылдамдығын анықтауға көмектеседі. Біз көзімізбен емес, миымызбен «көреміз». Сапасыз бейне – ол бұрмаланған сурет қабылдаушы тетік сияқты көздің ауруы.Көздері көк ақ түсті мысықтардың шамамен 65-85%-ы саңырау болып келеді. Бетіңізді жастыққа қаратып ұйықтамаңыз. Бұл көз маңындағы әжімдердің қалыптасуына бір себебін тигізеді. Шалқаңыздан жатып, не бір қырыңызбен ұйықтап үйреніңіз. Ұйықтар алдыңда бір қасық бал қосылған стақан су ішсеңіз болады.Тым биік жастық қабақ терісінің ісінуіне әкеліп, көз астындағы күңгірт дақтар пайда болуына себепші болады. Мұндай кезде жұқа жастық – таптырмас шешім. Ояна сала алдымен көзіңізді ұқалайсыз ба? Олай істеуші болмаңыз! Бұл да көз қасындағы әжімдердің ерте пайда болуына әкелуі мүмкін. Одан да бетіңізді жуып, мұз кесектермен сүртіп шығыңыз. Артынан қабақ терісіне арналған крем жақсаңыз, көзіңіздің қышығаны қояды. Жаздыгүні күннен қорғаныс көзілдірігін тастамай, киіп жүріңіз. Күн сәулелерінің әсерінен көз маңындағы тері ерте қартаяды.Күнделікті мынадай әдіс жасасаңыз, көзіңіздің саулығына пайдасы сөзсіз. Түймедақ қайнатпасын жылы сумен араластырып, осы суды көзге жақындатып жыпылықтатыңыз. Бұл көз саулығын да, терінің созылғыштығын да қамтамасыз етеді. Ал қабақ терісіне крем жаққан кезде бір саусақпен байыппен жағыңыз. Қабақ терісін тартып, созып, зақымдамаңыз. Кремді саусақпен шапалақтау арқылы жаққан жөн. Қыздардың бояуды ең көп жағатын жері – қабағы. Ал қабақ терісі өте нәзік және құрғақ болғандықтан, бұл жердегі косметиканы ерекше байыппен сүрту керек. Сүрме мен бояуды мақтаға тамызылған көз терісіне арналған сұйықтықпен астыдан жоғарыға қарай бағыттап, жаймен кетіріңіз. Көздің ісінуі мен қара дақтардың пайда болуы жүрек, бүйрек аурулары салдарынан болуы мүмкін. Егер сіз осындай қиындыққа тап болсаңыз, тұзсыз ас пайдаланғаныңыз жөн. Бұл жағдайда түймедақ пен жалбыз компрестері жақсы көмектеседі. Шөпті 1,5 стақан қайнатылған суға бетін жауып 15 минутқа бұқтырып қойыңыз. Сүзгіден өткізілген қайнатпаға мақтаны малып, көзіңізге 10 минутқа қойыңыз. Компрестен кейін өзіңізді әжептәуір демалғандай сезінетін боласыз. Көзіңіздің шаршағаны басылып, ісігі кетеді. Көз астындағы ісіктен құтылудың тағы да біржолы – жеңіл массаж. Екі саусақ көмегімен көздің қасындағы теріні жеңіл басып қойыңыз. Бұл лимфатикалық қан айналымын ретке келтіріп, қабақтың ісігенін басады. Көзге арналған косметика таңдағанда мына ережелерді ұстанған жөн. Олар:
• қабаққа арналған бояудың крем тәріздес түрін таңдаңыз;
• бояу кетіретін сұйықтығыңыз көзіңізді ашытпауы керек;
• сумен кетпейтін сүрмелерді қолданбаңыз;
• қабаққа бөлек, арнайы крем алыңыз.
Қияр кесектерін көзге 15-20 минутқа қойып қойсаңыз көз терісін қартаюдан сақтап қала алады. Жұмыс істеп отырғанда шам адамның сол жағында тұруы тиіс. Кітапты көзге тым жақын ұстап оқуға болмайды. Кітапқа еңкейіп қарау омыртқаны қисайтып, алыстан көрмеушілікке ұшыратады.
Көзден қағазға дейінгі аралық 35-40 сантиметр болуы шарт. Телехабарларды көргенде экраннан 2,5 метр алысырақ отырған дұрыс. Көлікте кітап, журнал, газет оқуға болмайды. Өйткені оны ұстап отыру ыңғайсыз, әрі оқуға жарық жеткіліксіз. Егер көзіңіз қызарып кетсе, мына жаттығуды жасап көріңіз. Пиязды суға қайнатып, аздаған бал немесе бор қышқылын қосады да, көзді күніне сонымен 4-5 рет шаяды. Тағы бір тәсіл: шыны ыдысқа екі шай қасық жолжелкеннің (подорожник) піскен дәнін сеуіп, үстіне 2 шай қасық салқын су құяды. Араластырып, тағы да алты ас қасық қайнаған су қосады. Суығанға дейін шайқап тұру керек. Сүзгіден өткізіп, көздің қабынған тұсына дәкеге малып басады. Осындай әдістер арқылы көзіңізді қорғауға болады. Көз адам ағзасындағы ең нағыз орган болса, оған күтім жасау да соншалықты күрделі және қажет екенін ұмытпағанымыз абзал.
Нұргүл САБАҚАНОВА
http://aikyn.kz/