АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Арман қуып, Америкаға аттанғандардың үміті қаншалықты ақталуда

скачанные файлы (1)Мыңдаған мигрант үшін қиял-ғажайыптай көрінген Америка! Кіндік қаны тамған туған жерлерінен қоныс аударып, арман қуып шетел асқан азаматтардың үміті шын мәнінде ақталып жатыр ма? Манхэттоннан метроға отырсаңыз болғаны, 40 минуттың ішінде басқа әлемге тап боласыз. Бұл азаматтардың басым бөлігі Кеңес одағынан 70-жылдары көшіп келген. Ал мигранттардың екінші толқыны Америкаға 80-жылдары қоныс аударды. Кіші Одесса аталып кеткен аудан тұрғындары орыс тілінде сөйлеп, баршамызға жақын таныс тағамдарды тұтынады. Валентин, Киевтен келген тұрғын: — Осы аймақта тұратындар үшін ағылшын тілі тіптен қажет емес. Дүкен сатушылары орысша сөйлейді, хабарландырулар да орыс тілінде. Өз басым ағылшынша бірнеше сөз ғана білемін. Тілді үйрену ойымда да жоқ. Ауа райы жылы күндері мынадай көріністі тамашалауға болады. Домино мен шахмат ойнауды әдетке айналдырған егде жастағы адамдар мұнда бірнеше жыл қатарынан келеді. Алайда көбі журналистермен сұхбаттасуға ниетті емес. Тамара, Минскіден келген тұрғын: — Баспана бағасы қымбат. Сондықтан пәтер жалдап тұруға тура келеді. Пәтер ақысын төлеу үшін де жақсы жұмыс табу қажет. Осы ауданда қазақстандықтардың қатары аз. Биыл жазда грузиндер өте көп көшіп келді. Брайтон Бич аймағына басым бөлігі Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан және Армения азаматтары қоныс аударады. Сондай-ақ жыл сайын Қырғызстаннан келетін мигранттар саны артып отыр. Яков, Ферғанадан келген тұрғын: — Мен Брайтон-3 аймағында тұрамын. Осы уақытқа дейін түрлі мекемелерде жұмыс істедім. Тіпті, әжетхана жуған кездерім де болды. Америкада ешбір проблемасыз, жайбарақат өмір сүруге болады дегенді естуші едік. Алайда бұл пікір шындыққа жанаспайды. Брайтон Бич ауданында өткізген бірнеше сағаттың ішінде бар болғаны бір ғана жерлесімізді кездестірдік. Жамбыл облысының тумасы Гүлдана соңғы 10 жыл бойы Астанада жұмыс істеген. Кезекті несиесін өтей алмаған бойжеткен сосын арман қуып Америкаға аттанған. Бұл азаматтар өзге елде тұрғанымен, өз халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпын барынша сақтап қалуға тырысады. Талай қиыншылықты бастан өткергенімен, ертеңгі күнге сеніммен қарайды.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Майк Джоел

http://24.kz/