АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сәбит БИТАЕВ: ЖАСАҚ КЕЗ-КЕЛГЕН АДАМҒА КӨМЕККЕ КЕЛУГЕ ДАЙЫН

????????????????????????????????????

Төтенше жағдайлар жөніндегі мекеменің қызметкерлері жыл он екі ай қауырт жұмыс істейді. Дегенмен, әртүрлі табиғи және техногендік апаттар қыс мезгілінде жиі болады. Осыған орай еліміздегі ең ірі облыстардың бірі болып саналатын Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, ішкі істер қызметінің полковнигі Сәбит Кенжеханұлы Битаевпен әңгімелесіп, құтқару қызметінің қысқа қандай дайындықтар жасап жатқанын білдік.

 

Сәбит Кенжеханұлы, жақында сіздердің мекемелеріңіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті құрылғанына 20 толғанын атап өтті. Жиырма жыл аз уақыт емес, құтқарушылар ведомствосында осы жылдардың ішінде талай өзгерістер болды. Әңгімені Төтенше жағдайлар жөніндегі құрылымның тарихынан бастасақ…

–  Биылғы жылдың 19 қазан күні Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс қызметіне 20 жыл толды. Осы жиырма жыл ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жүйесінің негізгі құрылымдарының бірі құрылу және жетілу жолында үлкен белестерден өткені белгілі. Оның тарихын қысқаша айтып  кетейін. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитеті «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19 қазандағы №2541 жарлығына сәйкес, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы орталық атқарушы орган ретінде құрылған болатын. Кейіннен ол агенттік болды, одан кейін кеңейіп министрлік дәрежесіне жетті, бүгінде комитет болып өзгерді.  Қазіргі уақытта ол өзінің аумақтық және құтқарушы бөлімшелері бар, арнайы жабдықтарымен, құрал-күштерімен республика халқын, мемлекет мүлігін табиғи және техногенді апаттардан қорғайтын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті.

– Өзіңіз басқарып отырған департаментте қандай құтқару құрылымдары бар, олар арнайы құралдармен, техникалармен қалай жабдықталған?

– Алматы облысының Төтенше жағдайлар басқармасын 1996-2005 жылдары Владимир Николаевич Работягов басқарды. Владимир Николаевичтің мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті өңірдегі Азаматтық қорғаныстың құрылуы мен дамуына өз септігін тигізді. Одан кейінгі басшылар да осы құрылымның қалыптасуына қомақты үлестерін қосты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 қаңтардағы №5 қаулысымен басқару базасында құрылған Төтенше жағдайлар департаментінің басшылары подполковник Кизат Ермекұлы Қыстаубаев (2005-2006 ж.ж.), полковник Марат Каниұлы Құндақбаевтардың (2006-2008 ж.ж.) есімдерін осындайда атап өткім келеді. 2008 жылы «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 шілдедегі қаулысына сәйкес, «Алматы облысының төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау басқармасы», «Алматы облысының Өртке қарсы қызмет департаменті» мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ «Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік басқарудың бір органы ретінде біріктіріліп, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті қайта құрылды. Департамент бастығы болып 2008-2011 жылдары өртке қарсы қызмет полковнигі Дәурен Төлегенұлы Данаев  тағайындалды. Бүгінгі таңда Алматы облысы ТЖД авариялық-құтқару қызметтері – бұл күш-құралдары тәулік бойғы әзір тұратын құрылым. Олардың құрамында – өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, жедел-құтқару жасағы, апаттар медицинасы орталығының бөлімшелері бар.

Елбасы құрған тұрақты экономикалық жағдай табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға жедел түрде ден қою үшін авариялық-құтқару бөлімшелерін заманауи техникалық ресурстарын кезең-кезеңмен жаңғырту және қайта қаруландыруға қатысты саясатты үйлестіруге мүмкіндік берді. Мысалға, 2014 жылы облыс әкімдігі есебінен жергілікті бюджеттен 106 — бірлік автокөлік құралдары, оның ішінде 34 — бірлік арнайы бағыттағы құтқару техникасы және қосалқы бағыттағы техникалары (өрт сөндіру сатылары, автоцистерналар, өрт сөндіру-сорғы станциялары, сорғы-жеңқұбыр және жеңқұбыр автокөліктері, байланыс және жарық түсіру автокөліктері, авариялық-құтқару автокөліктері, жол талғамайтын-тасымалдауыш, өтімі жоғары тартқыштар), 30 — бірлік жедел қызметтік автокөліктер (төтелегіш, пикаптар, микроавтобустар), 4 — жол талғамайтын, 7 — қаржүргіш, 31 — жүзу құралдары сатып алынды. Сондай-ақ 2 — модульді ғимарат сатып алынып облыстың суда-құтқару станцияларында орнатылды, өрт сөндіруші құтқарушыларды дайындау және жаттықтыру үшін 1 – жүксауыт түріндегі жылу түтін камерасы және өрт сөндіру бөлімдеріне 10 — бірлік жиналмалы-ағытылмалы мұнаралар сатып алынды, сонымен қатар республикада бірінші болып, халықты төтенше жағдай қауіпі туындаған кезде құлақтандыру үшін жан-жақты құлақтандыру жүесі алынды.

– Алматы облысында табиғи апаттардың көптеген түрі дайындықтар жасалады, мысалы жойқын күші бар зілзала болуы мүмкін таулы аймақтар, өрт қаупі жиі туындайтын шөлейт немесе көктемде топан су басатын жерлер бар, шілденің ыстығында тау басына жиналған қар суының сел болып ағатын  аумақтар, жаздың адамдар шомылуға баратын өзен-көлдер де жеткілікті. Осындай төтенше жағдайлардың алдын алу, күтпеген жерден болатын апат кездерінде облыс тұрғындарына бірінші болып көмекке келу сіздердің жұмыстарыңыз. Бұл міндеттерді жергілікті жерлерде атқаратын құрылымдар қалай жабдықталған? Қысқы төтенше жағдайларға қаншалықты дайын?

– Бүгінгі таңда тұрғындарды өрттерден және өзгеде төтенше жағдайлардан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстың елді мекендерінде 32 өрт сөндіру бөлімдері жұмыс істеуде, өртке қарсы қызмет парктерінде 195 — бірлік техника бар. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері жыл сайын 20 мыңнан астам рет төтенше жағдайлар орнына шығады, 1,5 мыңнан астам адамдарды құтқарып қауіпсіз жерге эвакуациялайды. Сондай-ақ облыстың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін  Алматы облысы ТЖД-нің жедел-құтқару жасағының 5 жедел-құтқару бөлімшелері жұмыс істейді. Қазіргі кезде Жедел-құтқару жасағының жарағында «ТРЭКОЛ»  базасындағы батпақта жүргіш-жол талғамайтын көлік, жедел-техникалық және авариялық-құтқару автомобильдері, тез жүргіш жүзу құралдары мен қарда жүргіштер, тұрғындарды қарлы борасындардан, суда және таулы аймақта  құтқаруға арналған өтімі жоғары автомобильдер. Ал жасақ жауынгерлері кез-келген адамға оның тұрған орнына қарамастан, көмекке келуге дайын.

 Жақында ғана Алакөл жағалауы мен Қапшағай су қоймасында барлық заманауи техникалық және санитарлық талаптарға сай  кәсіптік қызмет үшін барлық жағдай жасалған екі теңдесі жоқ модульді суда-құтқару станциялары салынды. Суда салынған құтқару жүйесі жылсайын су кеңістігінде зардап шеккен жүздеген адамдарды құтқаруға  мүмкіндік береді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс бойынша 6 күрежол медициналық-құтқару  бекеттері сәтті қызмет етуде. Олардың кезекші бригадалары төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді, олардың көпшілігі жол-көлік оқиғалары. Күрежол бекеттерін құрғалы бері Алматы облысы бойынша 950 ден астам шығу жүзеге асырылды, 2000-нан астам зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсетілді. Алдағы қыста осы құрылымдар барлық күшін салып табиғи апаттарға қарсы тұрады.

– Сәбит Кенжеханұлы, құтқару қызметінде кейбір кездерде күн-түн демей жұмыс істейтін қауырт шақтар болады. Бұл қызметке алғаш келген жастар біраз қиналатын шығар, кадрларды тарту мәселесі қалай? Тағы бір маңызы бар мәселе – өмірлерін адамдарды құтқаруға арнаған ардагерлерге қандай құрмет керсетіледі?

– Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер деген – бұл негізінен құтқару миссиясын жүрек қалауымен таңдаған жастар. Жас қызметкерлерге үлгі алатын адамдар бар. Олар ұдайы қызметтің ардагерлерімен кездесіп тұрады, ал мерекелер кезінде, мерейтойларында өздерінің тәлімгерлерін тұрақты түрде үйлеріне барып құттықтайды. Алматы облысының Төтенше жағдайлар жүйесінің ардагерлер қатарындағы соғыста болған және тылда еңбек еткен адамдар да бар, Ұлы отан соғысының 7  ардагері азаматтық қорғаныс органдарында жұмысын жалғастырған. Біз оларды ешқашан ұмытқан емеспіз. Департаменттің бастамасымен «ТЖ органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы қоғамдық бірлестігінің» облыстық филиалы құрылды, оған жыл сайын ардагерлердің қажеттілігіне жарату үшін Департамент қызметкерлері бір күндік жалақыларын бөліп береді. Мысалы, жыл сайын онға жуық ардагер республиканың әр жеріндегі түрлі курорттарына жіберіледі, опат болған ардагерлердің жанұяларына материалдық көмек көрсетіледі, биылғы жылы да Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне бағалы сыйлықтар мен ақшалай  сый  табысталды. Облыс құтқарушылары сол сияқты Талдықорған қаласында орналасқан Айналайын балалар үйінің «Бөбек» тобының балаларына көмек көрсетеді, құтқарушылар ұдайы балаларға барып тұрады, өздерінің мерекелеріне шақырып бүлдіршіндерді ойыншықтармен, жиhаз және оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отырады.

– Құтқарушыларға қойылатын кәсіби талаптардың бірі – қызметкердің дене бітімі шымыр, шыныққан болуы керек. Қайратты, төзімді, шымыр құтқарушы кез-келген төтенше жағдайда ұтымды әрекет жасайтыны заңды. Бірақ өмір мен өлім қатар келіп жатқан қас қағым сәтте есеңгіреп қалмай дұрыс шешімге келіп, тікелей келген ажалдан өзгені де, өзін де құтқару қалу үшін бұл да аз болуы мүмкін. Сондықтан әрбір құтқарушы теориялық білім, психикалық дайындық, физикалық жаттығулардан өтіп, белгілі бір деңгейде тәжірибе жинақтауы тиіс шығар?

– Әрине, әрбір құтқарушы белгіленген нормативтер бойынша дайындықтан өтеді. Ол үшін оқытатын құтқарушыларды оқытатын арнайы курстартар, жаттыығу орталықтары бар. Департаменттің ерекше мақтанышы «Жартасты қала – Астана» атты оқу-жаттығу полигоны. Онда жыл сайын құтқарушы бөлімшелерінің халықаралық жиын-семинарлары «Қазқұтқару», Шанхай ұйымының мүшелері-мемлекеттердің құтқарушы қызметтерінің  халықаралық жаттығулары және Қауіпсіздік комитет департаментінің ұйымының мүшелерінің-мемлекеттердің құтқарушы бөлімшелерінің бірлескен оқу-жаттығулары өтеді. Біздің құтқарушылар көптеген оқу-жаттығуларға белсене қатысып, жақсы жетістік көрсетіп келеді. Жаттығулар, жиындар, жарыстардың нәтижесінде кәсіби дайындық, практикалық дағдылары жетілдіріледі, түрлі жағдайлардағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде тәжірибелерімен алмасады.

Биылғы жылдың 10 айы  ішінде «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бөлімшелерімен облыс гарнизонының жеке құрамының жауынгерлік әзірлігін және жауынгерлік қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар  ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар өткізілді.  Жауынгерлік дайындық жоспар-кестесіне сәйкес жеке құрам аса маңызды объектілер және  тіршілікті қамтамассыз ету объектілерінде  12 жоспарлы гарнизонды өрт-тактикалық оқу-жаттығулары, 98 объектілік оқу-жаттығулар және 437 өрт-тактикалық сабақтары өткізілді.

Алматы облысы аумағында орын алуы мүмкін ірі масшабтағы дала және орман өрттерін жою кезінде өрт сөндіру қызметінің күштер мен құралдарының практиткалық әрекеттестігі және жедел әрекет ету мәселелерін қайталау мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында орман шаруашылықтарымен және ұйымдарымен бірлескен  19 өрт тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді. Осы жылдың 10 мамыры мен 6 маусымы аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖК «Тамғалы тас — Астана» полигонында іздеу-құтқару құрамалары арасында  құтқару көпсайысы бойынша «Қазқұтқару-2015» ашық халықаралық жарысы, ШЫҰ және ӘҚКҰ шеңберінде бірлескен халықаралық оқу-жаттығу өткізілді. Жарыстардың аяқталуы бойынша «Қазқұтқару-2015» құтқару бөлімшелерінің халықаралық жиын-семинарана дайындыққа және өткізілуіне белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖК басшылары мен ұйымдастыру комитеті тарапынан «Алматы облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ» ММ жеке құрамына жоғары баға беріліп, жеке құрам мен өрт сөндіру қызметіне аталған жиын-семинардың өткізілуіне қосқан үлкен үлесі үшін құрмет мадақтамасымен марапатталды.

Кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында 2015 жылдың маусым айында Сарқан ауданы Сарқан қаласында Алматы-2 темір жол станциясында 1989 жылдың 20 мамыры күні орын алған апатты жою кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған өрт сөндіру құтқару спортының 4 түрі бойынша жарыс өткізілді, жарысқа Қызмет бөлімшелерінен 20 команда қатысты. Жарыстың қортындысы бойынша 1-орынды Талдықорған қаласындағы 1-МӨСБ, 2-ші орынды Талдықорған қаласындағы 21-ӨСБ, 3-ші орынды Өтеген батыр кентіндегі 3-ӨСБ жеңіп алды.

– Жаттығуда қиын болса, шайқаста оңай болады, деген екен орыстың тақты қолбасшысы Суворов. Жауынгерлеріңіз іс жүзінде қандай нәтижелерге жетті? Биылғы жылды қандай көрсеткіштермен аяқтайын деп отырсыздар?

– Жаhандық сипаттағы қауіп қатерге сәйкес бүгінгі таңда Азаматтық қорғау қызметі табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою сияқты жарылғыш және химиялық заттарды пайдалану арқылы террорлық акті қаупіне көңіл аударады, эвакуациялау шараларын ұйымдастыру бойынша  әрекеттер алгоритмін шыңдап жатыр. Уақыт өте келе қызметтің міндеттерінің түрі өзгеріске ұшырады, бірақ негізгі мақсат-алдын алу, қорғау, тұрғындарды кез-келген төтенше жағдайдан құтқару жұмыстары өзгеріссіз қалды.

Өңірлік деңгейде Азаматтық қорғаныстың бүгінгі күнін көрсеткіштерге қарап бағалауға болады.  Биылғы жылғы тоғыз айдың ішінде облыс аумағында 1183 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша материалдық шығын 104 млн 100 мың теңгені құрайды, өрттер 95 оқиғаға немесе 8 пайызға, өрттерде жарақаттанғандар санының 38,1 пайызға төмендегенін байқауға болады. Департаментің және оның ведомствалық бағынысты бөлімшелерінің күшімен 2015 жылғы есептік кезеңінде 3330 астам жедел шығулар жасалды, жеке құрам күшімен 388 адам құтқарылды, ТЖ аймағынан 51 адам эвакуацияланды, 22 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сапалы өткізілген алдын-алу-профилактикалық шаралардың арқасында 2014 жылмен салыстырғанда: табиғи және техногенді сипаттағы ТЖ 8 пайызға, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шегушілердің саны 13 пайызға төмендеді.

– От пен су – тілсіз жау деп бекер айтпайды. Тұрғындардың ең көп душар болатын апаттарының бірі – өрт болып саналады. Ендігі әңгімені осы өрт сөндіру қызметіне қарай бұрайықшы. Биылғы жылы облыс аумағында болған қанша өртті сөндіріп, қанша адамды құтқардыңыздар?

– Үстіміздегі жылдың қараша айына дейін Алматы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі»  мемлекеттік мекемесі атқарған жұмысын мынандай көрсеткіштен байқауға болады. Осы жылдың 10 айында Алматы облысы өртке қарсы қызмет гарнизонының бөлімшелері дабыл бойынша 17512 (он жеті мың бес жүз он екі) рет шықты, оның ішінде: гарнизон аумағындағы өрттерге – 1219 (барлығы 1241 өрт тіркелді), оның ішінде 22 өрт Ерікті өрт сөндіру құрылымының күшімен, тұрғындардың көмегімен сөндірілді. Жалпы өрт сөндіруге дабылмен көтеру:

  • авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге – 219;
  • жалған шығулар – 8;
  • жану оқиғаларына – 1806 рет болды.

Өрт сөндіру және алғашқы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде Құтқару қызметкерлері  96 адамды құтқарды.

– Өрт сөндірушілер басқа құтқару құрылымдарына қарағанда дабылмен жиі шығатынын мына көрсеткіштен көріп отырмыз, бұлар қажетті техникалармен толықтай жабдықталған шығлар?

– Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіру автокөліктері паркінде әр түрлі мақсаттағы 195 дана техника бар, оның ішінде 109 дана негізгі өрт сөндіру автокөлігі, 24 дана арнайы автокөлік және 62 дана көмекші техника. Сарыөзек ауылындағы 31-ӨСБ, Үшарал қаласындағы 26-ӨСБ, Қапал ауылындағы 29-ӨСЖП, Шелек ауылындағы 9-ӨСБ, Кеген ауылындағы 11-ӨСБ бокстарында 5 дана «ГТ-ТБ» маркалы шынжыр-табан тасымалдаушы-тартқыш бар және тұрақты дайындықта тұр, сондай-ақ Сарқан қаласындағы 34-ӨСБ жарағында адамдарды жеткізуге  және жолдың қиын бөліктерінде және шалғай аудандар мен таулы-батпақты жағдайда жүруге арналған жол талғамайтын «Трэкол» автокөліктері Талғар қаласының 2-МӨСБ және Талдықорған қаласындағы 1-МӨСБ «МУЛ» және «ШАМАН» маркалы қар кешкіш-батпақта жүретін көліктер бар, бұл алғашқы кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жағдай жасайды. Қызмет жарағында барлығы 30 метрге дейінгі биіктікте жұмысқа арналған 5 бірлік автосаты, 32 метрге дейінгі биіктіктегі жұмысқа арналған 1 автосаты және 3  иінді көтергіш бар, олардың ішінде 2 бірлік- 28 метрге дейінгі және 1 бірлік-54 метрге дейінгі биіктікте жұмысқа арналған.

– Сәбит Кенжеханұлы, әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз нәтижелі болсын! Жиырма жылдық мерейтойларыңызға байланысты бізідің басылымды пайдаланып әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

– Құрметті әріптестер! Шын жүректен сіздерді кәсіби мерекеміз Азаматтық қорғау жүйесінің құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға амандық, Отанымыздың игілігіне атқарып отырған қызметтеріңізге жаңа табыс тілеймін!,- дегім келеді.  

 

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН