1962 жыл. Көктем. Күн жайма-шуақ еді. Алматы аспанында ала бұлт ойнап шықты да жарқыраған күннен ұялғандай ығып ала жөнелді. Жайма-шуақ ауа шырайы зеңгір көктен нұрын төккен күйге ауысты. С.М.Киров атындағы университеттің профессоры Бейсембай Кенжебайұлы Төлебаев көшесіне орналасқан үйінің пәтерінен шығып өзі сабақ беретін университетке қарай аяңдап келеді. Университет жайында ойлайды. «Негізі 1934 жылы қаланды деп жүрміз-ау. Шындығында одан әріде жатыр ғой бұл университеттің тарихы. Жалпы қазақ ағарту ошақтарының тарихы Ташкеннен бастау алады…». Кенет бір қара бура бұлт оңтүстіктен ойнақтап шыға келсін. Асқан бір жылдамдықпен зеңгір көкті тұмшалап алып барады. «Апыр-ай, мұнысы несі? Тіпті де табиғи емес-ау мына қара бұлттың аспанды жапқаны. Бірақ, Алматы аспанында, қазақ аспанында бәрі де бола береді…». Аспанды бұлт басқаны сонша түн-түнекке айналып барады. Танауға шаң аралас жаңбыр иісі келеді. Профессор тыжырынды. Адымды жылдамырақ алды.
Дәрісханаға кіргені сол еді. Соңынан хабаршы жетті.
– Бейсембай Кенжебаевич, сізді Орталық Комитетке шақырады.
– Орталық Комитет? Кімге?
– Секретарь Соломенцевке!
– Не үшін?
– Білмедік. Өте жедел жетсін дейді.
– Сабақты, мына отырған балаларды қайтемін?
– Ректор тез барсын деп жатыр.
– Ректор?
– Сабақтан кейін барады де, қарағым! Мына балалардан үлкен емеспін. Сабақтан кейін…
Бұл кезде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінде айқай басталып кеткен еді. Екінші хатшы Михаил Сергеевич Соломенцев тізгінді қолға алған.
Еңсегей бойлы қызыл шырайлы секретарь екпіндеп сөйлеп тұр.
– Секретариатқа хат келді, жолдастар. Биыл «Жазушы» баспасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың екі томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарған екен. Іші тола саяси қате көрінеді.
Орталық Комитеттің секретары қабағын түйіп, ұйқы-тұйқы қасын жиырып, әлгі хатты оқи жөнелді.
«Жазушы» баспасы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың екі томдығын жарыққа шығарды. Жинақта жасампаз коммунистік партияға нұқсан келетін ұлтшыл, халықтар достығы – шынайы интернационализмге көлеңке түсіретін сасық пиғылды материалдар жымысқы жолмен енгізілген. Шынайы коммунистік арымды алға ұстап айтқанда олар мынадай:
«Алаш ұранын» атын өзгертіп, жинаққа кіргізген. Ұлтшыл Бейсембай Кенжебаевтың арамзалығы! Жинаққа Алашорда көсемінің бірі болған, ұлтшыл Әлімхан Ермековтің Сұлтанмахмұт жайында естелігін кіргізген. Ұлтшыл Бейсембай Кенжебаевтың арамзалығы! Ол Алашорданың жұртта қалған жетім күшігі!
Талантсыз бейшара зерттеушісымақ бұл әрекетімен орталық «Правда» газеті мақтап жазған Сұлтанмахмұтты Алашорда батпағына батырмақ…
Екі томдық жинақтың «Алғысөзінде» Алашорданың басты жазушысы болған, 1932 жылы атылған «халық жауы» Жүсіпбек Аймауытовтың Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы отызыншы жылдары жазған мақаласын жымысқы түрде сыналап енгізіп жіберген.
Ұлтшыл Бейсембай Кенжебаевқа шара көрілуі керек. Кітапты құрастырған сол Бейсембай Кенжебаев. Шара көрілмесе, ол КазГУ-де профессор ретінде сабақ береді, өзі ұлтшылдық батпағына батқанымен тұрмай, жас өркен дүниетанымын да былғауы әбден мүмкін…».
Хат иесінің коммунистік қырағылығына рахмет. Ал, мына Бейсембай Кенжебаевтың жасап отырған арамзалығын жазасыз қалдырмауымыз керек. А, а, – деді есіне бірдеңе түскендей. – Ұлтшыл профессордың өзі қайда?
Жандайшап Жанділдин орнынан атып тұрып:
– Хабарлағанбыз. Әлі келмей жатыр… – деді.
– ЦК-ның Секретариатына келмейтін ол қай құдай? Көкесін танымай жүр екен… Коммунистік партияға нұқсан келтіреді, идиот. Националист…
Секретарьдың қызыл шырайлы өңі қуқыл тартып тұлан тұта ашуға мінді. Сөйтті де іле столдың астына қолын сұғып жіберіп шүріппені басты келіп, басты келіп…
Секретарьдың хатшысы шошаң етіп кіріп келді. Көзі шатынаған секретарь оған:
– Позвоните ректору университета, чтобы он не пустил на лекцию профессора Кенжебаева за его поведение, за неявку на секретариат ЦК – быстро! – деп ақырып-шақырып сөйледі.
Қыз бала басын иіп иіліп шығып кетті.
Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі Қ.Әбілханов кітаптағы қателерді сипаттап, бірсыпыра мәлімдеме жасады. Секретарьдың ығына жығыла жасаған мәлімдеме. Кітапты құрастырушы Бейсембай Кенжебаевқа зәрін төге сөйлеу басым. Осындай зиянды кітапты жарыққа шығарған «Жазушы» баспасын да ғайбаттап бақты.
Кітапты бір адам ғана шығармайды. Осындай залалды кітап шығарғаны үшін баспа директорынан бастап бәрі де жауапты.
– Сіз қайда қарадыңыз, жолдас Сармурзин? Коммунистік арыңызбен айтыңызшы, кәне?!
– Жолдас Михаил Сергеевич, мен «Жазушы» баспасына директор болып келгеніме небәрі екі айдың жүзі. Не болса да маған дейін болған іс. Оның үстіне құрастырушы Бейсембай Кенжебаев Сұлтанмахмұттың жайын білетін кісі…
– А, «білетін кісі?» Білгеніне болайын? Бас редактор қайда қараған?
– Дихан Әбілев жолдас?
Секретарь қағаздан басын көтеріп Диханға шүйліге қарады.
– Сұлтанмахмұт өмірін роман жазсам деген оймен зерттеп жүрген жайым бар. Орталық «Правда» газеті Сұлтанмахмұтты өмірі қызықты қазақ ақыны деп жазған. Өз басым бұл екі томдықтан бәлендей саяси қате көріп тұрған жоқпын… Оның үстіне құрастырушы профессор Бейсембай Кенжебаев жауапты, соның ісі…
Директор да, бас редактор да ұзынды-қысқалы болып тікесінен тік тұр. «Отыр» деген ишарат тарпаң секретарь тарапынан болар емес.
– «Саяси қате көріп тұрған жоқпын?». Атылып кеткен Алашорда өкілі Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі жүр. Сотты болған Ермековтің өзі жүр. «Алаш ұраны» өлеңі кіреді жинаққа… Одан артық қандай саяси қате керек, саған? Босатыңыз директор жолдас, мына бас редакторды қызметінен! Босатыңыз! Кітап редакторы не дейді?
Домаланған Құланбай Көпішев орнынан көтеріле берді де:
– Біз ғалым адам емеспіз. Бар болғаны редактор ғанамыз. Заң бойынша мұндай жағдайда жауапкер құрастырушы болуға тиісті… Біз әріп, сөз, сөйлем қатесіне ғана жауап беруге тиіспіз ғой…
Ақын жортақтады.
Секретарь ақырды.
Зал жым-жырт.
Арқалы ақын Ғафу Қайырбеков қолын шошайтты. Сөз сұрағаны.
Сөз берілді.
– Сұлтанмахмұт Торайғыров, сөз жоқ, қазақтың көрнекті ақыны. Өзі небәрі 27 жыл ғана өмір сүрген. Әрине, қиын уақытта тіршілік кешті. Арпалысты ғұмыр. Әдеби мұрасының күрделілігіне байланысты кітапты шығару үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Ол 11-12 адамнан тұрады. Басшысы сұлтанмахмұттанушы профессор Бейсембай Кенжебайұлы. Өз басым кітап дайындалып жатқанда баспаның поэзия редакциясының меңгерушісі едім. Өкінішке қарай, кітап терімге берілгенше мені «Қазақ әдебиеті» газетінің орынбасары қызметіне ауыстырып жіберді.
Кітапта саяси қате кетіп қалғаны дұрыс болмаған, әрине. Алайда, ұлтшылдарға арналған өлең дегені екеу-ақ. Оның өзінің кімге арналғаны белгісіз. Осы бірді-екілі өлеңге бола кітапты турауға жіберу («под нож») обал болатын секілді. Кітапты «под нож» жібермей-ақ, сол өлеңдер орналасқан беттерді, парақтарды ішінара жыртып алып тастауға да болады емес пе?! Оны баспа тілінде «выдирка» атайды. Ол көп қиынға, көп шығынға түспейді.
Тума шешен ақын орыс тілінде суырылды. Елге еркелігіне салып, Соломенцевпен көзтаныстығына бағып еркін көсілді.
Бірақ, секретарьдың қабағы жазылар емес. Алдын-ала өлшеп, кесіп-пішіп қойған жазасынан қия басар түрі көрінбейді. Алайда, сала секретары Мельник жібіген секілді.
– Мына ақынның сөзінің жаны бар. Кімге арналғанда да сол бір-екі өлеңді жыртып, иә кітапты тұтас турап жату обал емес пе?! Комментарий берсе жетпей ме? – дегені.
Бір секретарьдан ұрыс естімеу, екінші секретарьдан қолдау көру арқалы ақынды еркінсітті. Таяу отырған Рахым Байғалиевке сыбырлады: «Ағатай-ау, қазақсыз ғой, мынаны сіз оқып айтсаңызшы, арашаласаңызшы» – деді.
«Қазақсыз ғой» деген сөзге селт ете қалған өндіріс саласының секретары: «Ешкім естіп қойған жоқ па?» дегендей жан-жағына қарап алды да, көңіліндегі секемді басып: «Саяси қырағы болған дұрыс қой. Қате жібермеуге тырысу керек еді. Қате болғанда да ұлтшылдық… Масқара… Жазушылар идеология майданының адамдары. Мельник жолдастікі де дұрыс секілді…» Сөзін сиырқұйымшақтап бастаған секретарь аяғын орыс хатшыға сүйеніп аяқтады…
Соломенцев қазақ ақынына: «Сен өзі біздің қарқынымызды басып тастадың ғой», дегендей жақтырмай қарады да: «Отырыңыз!» – деді жарамсыз дауыспен.
Сөйлеуге ешкімнің батылы барар емес. Тұнжыр тыныштық. Кітапты құрастырушы «бөжек» профессор Бейсембай Кенжебаев әлі жоқ, жоқ…
Соломенцев стол астындағы түймешікті қайта-қайта ызбарлана басты. Сопаң етіп көмекші жігіт кіріп келді.
– В течении 5-ти минут доставьте мне профессора Кенжебаева, – деп айқай салды. Айқай салды да сағатына қарады. Көмекші жирен «есть» деді де, зыта жөнелді.
О, ғажап! Айтса айтқандай бес минут өтер-өтпесте есіктен «бөжек» Бейсембай Кенжебайұлы кіріп келді. Кіріп келді де «здрәсти» деді. Деді де есікке таман отырған Ғафу ақынның қасындағы бос орындыққа жайғаса берді… Бейне есіктің арғы бетіндегі қуыстан суырып алып ішке кіргізе салғандай… Жеткені сол болуы керек.
Соломенцев: «Мынау кім?» дегендей жұртқа қарады бой салып.
«Кенжебаев!» деді залдан бірнеше дауыс қосамжарласа. Бейне қылмыскерді ұстағандай…
Соломенцев бишікеш әдетіне салып айқай салды:
– Встать!. Руки по швам! – деді. Бас кінәліні көріп түгі сыртына түгел шықты. Түтігіп кеткен.
Бұл кезде Бейсекеңнің де келгірі келіп-ақ қалып еді. Сабаққа аудиторияға кіріп бара жатқан жерінен соңынан қуып жеткен хатшысынан бастап, ректорға дейін: «Бейсембай Кенжебаевич, барыңыз. Сізді Соломенцевтың өзі секретариатқа шақырып отыр. Ол бәлен, ол түген…». Масадай ызыңдаған қорқыту, үркіту сөзі титығына тиіп болған. Ендігісі мынау аюша ақырып…
Профессор орнынан атып тұрды. Ашуы тереңнен қайнап шықты. Момын, момын да болса – мығым, жуас, жуас та болса намысшыл адамның ашуы қайсарлыққа бастады.
– Ай, ай, һай – деді қатулана. Дауысы қатты шығып кетті. «Әй, әй! Товарищ Соломенцев, не кричи, не кричи на меня! Я большевик ленинского призыва, старый коммунист, а ты кто? Не кричи на меня! – деді. Сөйтті де дауысын сәл баяулатып, үнін үзе, салмақтай сөйлеп түйді: «Шаңыраққа қара! Где ты находишься?».
Акценті орысша, «Шаңыраққа қара!» деген қайқайған қазақшаны айтып салып, басын қайқайтып оқ жыланша ысылдап тұрып алды.
Мұндай шақарлықты, қайтпас қайсарлықты күтпеді ме, әлде Қазақ елінің ұлы шаңырағының киесі соқты ма, әйтеуір секретарьдың жүні жығылып, әп-сәтте екі қолы дірілдеп, орнына отыра кетті.
Орынбасары бола тұра республиканың бірінші басшысы алдында да өзін астам ұстап, үстем қарайтын Михаил Сергеевич Соломенцев өзім жұртқа айқайлауға құқылымын, маған тірі жанның айқайлауға құқы жоқ деп білетін және соған жұртты әбден сендіріп үлгергені соншалық өзі де сеніп кеткен астам жан еді. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар! Абдырады, алдырды!
Ақырында өзінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары екені, Сұлтанмахмұттай ақын кітабынан ұлтшылдық тауып, профессор Бейсембай Кенжебайұлындай Алашорданың құйыршығына ұлтшылдық жарғысын тағу үшін Секретариат өткізіп отырғаны есіне түсті. Есіне түсті де есін жиып алды. Бодан қазақтар арасында жүні жығылғанына намысы келді. Мансап буын бойына қайта жиған Соломенцев: «Профессору Кенжебаеву строгий выговор, остальным всем без исключения по выговору. Книги пустить под нож. Все! Вы свободны!» – деді демін әзер алып.
Жұрт асығып-үсігіп, бір-біріне жалтақ-жалтақ қарасып, үрпиісіп тысқа сығылыса, бірін-бірі қағыса тұра қашқандай болып сыртқа атып-ытып шықты да алды-артына қарамай жан-жаққа безе жөнелді….
Іле ағымдағы баспасөз бетінде ұлтшыл Бейсембай Кенжебайұлын қаралаған науқан басталып кетті… Ол бөлек әңгіме.
Сол жолы ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың екі томдық шығармалар жинағы түгел туралып кетті. «Түгел туралды» деп «Жазушы» баспасы Қазақстан Коммунистік Орталық партия комитетіне ләббай-тақсырлады. Алайда, олар қателескен еді. Екі томдықтың бір данасы профессор Бейсембай Кенжебайұлы, екіншісі оның сүйікті шәкірті Мұхтар Мағауин қолында қалған еді…
1986 жылы Желтоқсан қозғалысына байланысты КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросынан арнайы комиссия құрылды. Басшысы М.С.Соломенцев. Комиссия Алматыға дегбірсіздене келіп, дігірлеп жұмысын бастады. Міне, осы уақытта ауру-сырқаулы Бейсекең Мұхтар шәкіртін шақырып алып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың баяғы (1962 жылғы) туралып кеткен екі томдығын «Жазушы» баспасынан қайта шығару мәселесін алдына тартты. Мұхтар Мағауин «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары. Екі томдық кітап 1987 жылы «Жазушы» баспасынан қайыра жарық көрді. Алғысөзін жазып, құрастырған – профессор Бейсембай Кенжебайұлы!..
Құлбек ЕРГӨБЕК.
ТҮРКІСТАН.