АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Елдік сананы тарих тағылымы бекітеді

kazak-0050-680x273Еуразияның ұлан-ғайыр даласы тарихи-мәдени айғақтарға тас дәуірінен бастап толы. Археологиялық қазбаларға бір сәт назар салсаңыз идеологиялық ұстанымдардың, тұрмыс-тіршіліктің тамшысындай болған заттарды қатар-қатар көз алдыңыздан өткізе бастайсыз. Алып қорғандар, обалар, кесенелер, сымға тізгендей керуен жолындағы қалалар, көшіп-қонған жұрттың тіршілік-тынысын бейнелейтін таңбалар, наным-сенімдік, культтік заттар, т.б.

Ортағасырлық дәуір осы үдерістің бел ортасына, ал арғы тарихпен тоқайластыр­ғанда бізге жа­қын дә­уірдің шағын бір бөлігіне жатады.

Осы ортағасырлық дәуір іс жүзінде түр­кілік тұтастықтың ыдырап, қазіргі түркі тіл­дерінде сөйлейтін этностардың жеке-жеке отау тігуіне дөп келді. Бұл үрдіс арғы ата-бабалардан қоныс болып келе жатқан еуразиялық кеңістіктегі түркі жұртының кейінгі тағдыр-талайының бастамасы еді. Анығы – қазіргі түркі мемлекеттерінің іргетасының қалануы, ғасырлар бойғы саяси-мәдени, шаруашылық, территориялық тілдік жіктелуінің белгі-бедерін бекітетін кезеңі келді. Ерте орта ғасырлардан, тіпті, одан бұрын басталған ішкі этностық жіктелудің бұдан былай саяси аренаға шығатын дәуірі туды.

Осыдан бес жарым ғасыр бұрын Керей мен Жәнібек басқарған Қазақ хандығы құрылған тұста бұл мемлекет бірер адамның бас көтеруімен немесе мақсат-мүддесімен ұйымдастыра салмағаны айдан анық.

Бұл хандық өзіне дейінгі тоқтаусыз жүріп жатқан ұлы үдерістердің заңды нәтижесі, соның табиғи жалғасы болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен биылғы жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан қабыр­ғалы жиындардың жыл аяғында қорыты­н­дыланатыны кездейсоқ емес. Бұл елдіктің, мемлекеттіктің, тәуелсіздіктің туын желбі­ретіп, іргетасын одан әрі бекемдей түсу үшін жасалынып жатқан айтулы іс-шаралардың бірі. Осыдан 550 жыл бұрын жаңа межелермен, ұғымдармен, территориялық өлшем­дермен белгіленген мемлекет іс жүзінде қазіргі ұлан-ғайыр Қазақстанның тікелей мұраға қалған жері, мазмұнға толы тарихы, тағдыр-талайының бүгінгі тәуелсіз елге ұласқан көрінісі.

Мемлекет – тарихымен көрікті. Тарих мемлекеттік идеологияның бастамасы, тұ­ғырлы негізі. Тарихсыз елдің тіршілігін әркім әр саққа жүгіртіп, шекарасына көз салатынын өмір тәжірибесі дәлелдеуде. Ал Қазақ елі тарихы бұл тұрғыдан келгенде аса бай, толымды оқиғаларға толы. Ең бастысы, шынайы, өмірде болған, бұлтарыссыз деректермен бекітілген, әлемдік тарихи үдерістердің құрамдас бөлігі ретінде қалыптасқан орны бар тарих. Тек жетіспейтіні дұрыстап зерттелмейтіндігі, таным-түсінігіміздің кемшіндігі, қоғам болып насихаттаудың аздығы.

Қазақ хандығы өзіне дейінгі мемлекеттер мен саяси-әлеуметтік құрылымдардың заңды жалғасы дедік. Тағы да шегелеп айтар болсақ, ХV ғасыр осы жерді әлімсақтан бері мекен етіп келе жатқан рулар мен тайпалар бір жақтан келмегені айдан анық. Шын мәнінде бұл ұзақ ғасырлық этностық және мемлекеттік үдерістердің нәтижесі болатын, әрі осы нәтиже ресми түрде межеленген болатын.

Бұл тұста ең алдымен тілге тиек ететін сая­си-этностық дәстүр – ол Жошы ұлысының ұлан-ғайыр территориядағы саяси түзілісі, со­ның Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы тарихи таралымы еді.

Тарихтан белгілі, жер бетіндегі мемлекеттер, хандықтар, корольдіктер табиғатында билеушілерді көз жұмар-жұмбастан таққа талас басталып кетіп, соңы жаңа мемлекеттің ыдырауымен аяқталып жатады. Бұл жерде Шыңғыс хан құрған алып империяның билік жүйесінің ауысуы бұдан басқашалау болды. Шыңғыс хан өзінің көзі тірісінде ұлдарына билік жүргізетін аймақтарын бөліп берді. Империя ыдырағаннан кейін оның ұлдарының иеліктері жеке-жеке мемлекет ретінде дамуға мүмкіндік алды. Жошы ұлысы осы жүйеге сәйкес ең үлкен құрылымға айналды. Оның оң қанатының негізінде атақты Алтын Орда мемлекеті құрылса, сол қанаты болып далалық аймақта, Шығыс Дешті Қыпшақта Ақ Орда, немесе Көк Орда іргетасын қалады.

Жошы ұлысының орталығы бастапқы кезде қазіргі Шығыс Қазақстан жерінде, Ертіс өзенінің бойында Шыңғыстау маңында болса, кейін Шыңғыс хан әскерінің батысқа қарай жылжуына байланысты ұлан-ғайыр ұлыстың орталығы Ұлытау төңірегіне, Кеңгір өзенінің бойына жайғасты.

Қазіргі Қазақстан жерінің көбі сол заман­да Жошы ұлысының сол қанатына қарайтын болды, әрі бұл иелікті Жошының үлкен ұлы Орда-Ежен басқарды. Ал батысқа қа­рай жау­лап алынған жерлерге келесі ұлы Бату билік жүргізді. Бұл биліктің Алтын Орда мем­лекетінің құрылуына ұласқанын жұртшылық жақсы біледі.

Алтын Орда әртүрлі халықтарды, дінді, шаруашылықтың отырықшы, көшпелі, жартылай көшпелі типтерін қолданған этностарды қамтыды.

Алтын Орда күшейген тұста Ақ Ордаға үс­темдік жүргізген. Кейін Алтын Орда әл­сі­ре­­генде оған Ақ Орда, артынан Көк орда­ның ық­палы артқан. Ағайындылар бас­қарған бұл екі мемлекеттің алыс-берісі, қа­рым-қаты­на­сы, тілдік, рухани-мәдени, шаруа­шылық жүйе­сінің жақындығы тарихи-ғы­лыми зерттеулерде оларды бір-бірінің бөлі­мі есебінде, кейде бір мемлекет ретінде қарас­тыруға жол берген. Қазір олардың ұқсас тарихы зерттелу үстінде.

Тарихи деректерге жүгінсек, Алтын Орда тараған кезде ағайын жұрттың үлкен бөлігі қайтадан Сарыарқаға көшкен. Жошы ұлысының кешегі дәстүрін әлі ұмыт­паған­дықтан да осылай болған. Көшпелі өмір салтын жалғастыруға Ақ Орданы әрі қолайлы, әрі өз елі санаған.

Бұл жерде даусыз бір мәселе Ақ Орданың саяси тарихы мен дәстүрі Қазақ хандығының құрылуына тікелей жол салды. Басқаша айтқанда, Қазақ хандығы Ақ Орданың саяси дәстүрін жалғастырды.

Міне, осы үдерістер аясында қазақ хал­қының жеке этнос ретінде тарих аренасына шығу ерекшеліктерін де жинақтауымызға болады. Атап айтқанда, Қазақ хандығы құрылғанда оның құрамын жергілікті және шапқыншы­лық кезінде келген түріктектес тайпалардың бірігуінен жаңа бірлестік құрудың алғышарты қалыптасты. Жошы ұлысының сол қанаты Ақ Орданың билеушісі Орда-Еженнің және оның інілері Шайбан, Шұңқұр, Тоқайтемірдің тұсындағы біріктірудің нәтижесінде ортақ сая­си дәстүр орнықты.

Сөйтіп, жинақтай келгенде төмендегідей тұжырымдамаға келуімізге болады:

Біріншіден, ХV ғасырда көпұлтты және әртүрлі типтегі шаруашылық жүйеде болған Жошы ұлысының ішінен көшпелі және жартылай көшпелі тайпаларға жаңадан бірлестік құруға мүмкіндік туды. Бұған Ақ Орда немесе Көк Орданың саяси дәстүрі сәйкес келді.

Екіншіден, мұндай бірлестікке негізінен туыстас түркі және түркіленген моңғол тайпалары бірыңғай жинақталып шықты. Бұл орайда байырғы түркілік, Дешті Қыпшақ даласына тән дәстүрлер де айрықша рөл атқарған. Осыдан болар Шыңғыс хан жүйесіне тән оң және сол қанат ұғымы бұрынғы түркілік үштік ұғымына сәйкес ұлы, кіші және орта болып бірікті.

Үшіншіден, барлық рулар мен тайпаларды біріктірудің мықты идеологиялық құралы ауызша шежіре жаңарып түзелді. Көшпелілер арасында шежіре әрі тарихи, әрі саяси, әрі құрылымдық жүйенің қызметін атқарды. Бұл бір өз заманында түбегейлі ойластырылған, астын сызып айтар болсам, тек қана көш­пелілер үшін, әрі сол заман үшін өте тиімді болған бірден-бір құрылымдық жүйе еді. Жеріңізді, облысыңызды, ауданыңызды айту мүмкін емес жағдайда кез келген адамның, кімнің кім екенін тек тамырына дейін таратып беретін, немесе бетке ұстайтын куәлігі еді. Өтірік айтсаңыз одан да жаман. Отырған жұрт мұны бірден аңғарады. Сонымен қоса, шежіре этностың біртұтас саяси бірлестігінің негіздемесіне айналды. Ешкім де бұл жүйеден өгейсіп, сырттап қалмайтын.

Төртіншіден, мемлекет басқару жүйесінде дала жағдайына, көшпелілер табиғатына сәйкес демократиялық жүйе күшіне енді. Елді деспотизммен басқарудан гөрі, рулық, тайпалық түзілісіне қарай басқару әлдеқайда тиімді болды. Ағайындылық, туыстық сезімге негізделген қарым-қатынас жалпы этностық біртұтастықты да қамтамасыз етті. «Қарға тамырлы қазақ» ұғымы қалыптасты.

Бесіншіден, көшіп-қонған елдің жаз жайлауы, қыс қыстауы қатаң тәртіппен белгіленіп, жазда солтүстікке Арқаға қарай, қыста оңтүс­тікке Сыр бойы, Жетісуға қарай ауысып отырды. Бұл жағдай қазақ руларының аралас-құралас құдандалы жекжат болуына мүмкіндік жасады. Нәтижесінде мыңдаған шақырым жерде алшақ жатқанына қарамастан бірыңғай түсінік, ортақ дүниетаным, әдет-ғұрып, салт-дәс­түр қалыптасты. Әсіресе, бұл жағдай ешқан­дай айырмашылығы жоқ тіл тұтастығын қамтамасыз етті.

Міне, байыптап қарасақ, мемлекеттік құры­лымда кездейсоқтық та, мағынасыз ұғым да жоқ. Әр жүйе, әр түсінік, әр құрылым өз заманына қарай. Бұл жерде мезгіл мен мекен ұғымын бір-бірінен ажыратуға болмайды. Философиялық категория ретінде бұл екеуі бірлікте ғана заңдастырылған жүйеге өте алады.

Араға уақыт салып жібергеннен кейін оның парқы өзгереді. Қоғам ауысып, құндылық өз­гер­ген тұста жаңа дәуірдің тұғырынан қара­ғанда түсінбейтін мәселенің көбейетіні заңды.

Алайда, бір мәселе біздің санамыздан мықтап орын алуы тиіс. Ол – еліміздің тари­хын жақсы білу және оны айрықша құр­мет­теу. Бұл қасиет біздің де, бізден кейін­гілердің де ой-өрісінен, азаматтық санасынан неғұрлым мықтап орын алса, соғұрлым елдік санамыздың көк туы биіктен желбіреп, әнұранымыз асқақтай түсетін болады.

Мемлекеттің күші сол мемлекетті құрайтын халықтың рухында. Қазақ мемлекетінің өткен тарихынан алатын басты тағылымымыз да осы.

Тарихымызға қарап бой түзеп, рухымызды асқақтату абыройлы іс. Елдік санамыз тарихтан өрбісе ұтылмасымыз анық.

Шәкір ИБРАЕВ,

филология ғылымдарының
докторы, профессор.