…Бірде, Арқаның сағындырып келетін көктемінің бір жұмсақ, жайлы кешінде бес және алты жастағы немерелеріммен серуендеп жүрсем, алдымыздан екі әріптесім – Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов кездесті. Амандасып, хал сұрасып, әзілдесіп, шүйіркелесіп қалдық. Әскери басшылықта болған қос генерал немерелерімнің қол беріп, «Ассалаумағалейкум» деп ашық, жарқын, дауыстап амандасқандарына риза болысып, оларға көңіл бөліп, жөн сұрасып, «Ой, мына жігіттер генерал болатын жігіттер ғой, аға!», – деп қолпаш көрсетті… «Аман болсын» десіп, серуенімізді жалғастырдық.
…Оңаша қалғанда немерелерім, әдеттегі балалық қызығушылықпен:
– Ата, олар кімдер? – деп сұрайды.
– Олар өте жақсы, күшті азаматтар. Ағалар. Аталар. Батырлар. Генералдар. Депутаттар. Сендер де тіл алып жүрсеңдер өскенде солардай боласыңдар.
– А қалай генерал болады? – деп, немерелерім тәптіштей түседі. Білгенімше түсіндірем. Олар әдетінше сол түсіндіргенімнен тағы сұрап, білгісі келеді. Немерелерімнің нені болса да сұрап, қызығып, әңгімеге құлақ салғанын мен де жек көрмеймін. Сөз тыңдап, түсінгісі келгендеріне тәубе деймін. Әңгімемді айта берем. Бір мезгілде Бейбарыс:
– Ата, генерал аталар ұша ма? – деді.
– Жоқ. Бұлар танкімен жүретін генералдар. Ұшатын – Алтынбаев. Ол үлкен генерал. Армия генералы – Мұхтар Алтынбаев. Халық қаһарманы.
– Ол «Бәйтеректен» биік ұша ала ма? (Астанадағы «Бәйтерек» мұнарасы қазіргі ұрпақ санасында биіктіктің, сұлулықтың, қуаттылықтың символындай дүниетаным қалыптастырып келеді.)
– Әрине. Ол он бес, тіпті жиырма мың метр биіктікке ұша алады.
– Керемет!.. – деп таңғалысады қиялшыл бөбектер…
…Осы әңгімеден біраз күн өткен соң бір күні кешке үйге келсем, екі немерем жетінші қабаттағы үйіміздің үлкен терезесінің алдына орындық қойып, үстеріне балаларға арналған «Спайдерменнің» костюмін киіп, екі қолдарына ұзын қағаздарды қанатқа ұқсатып желімдеп:
– Ата, біз қазір «Бәйтерекке» ұшамыз, – деп бекініп жүр.
– Әй, ұшқандарың не? Қалай ұшасыңдар? – деймін сасқанымнан.
– Мына терезеден. Сен айттың ғой «Алтынбаев Бәйтеректен биік ұшады», – деп. Біз де Алтынбаев сияқты ұшамыз…
Ал керек болса!.. «Балаға байқап сөйле» деген ақиқат осы.
Сол кезде ғана есіме біздің әңгімеміз түсіп, ұшу дегеннің мағынасын екі түрлі түсінгенімізді білдім.
– Өй, сендер… Алтынбаев өйтіп терезеден секірмейді. Ол өзі ұшқыш, білесіңдер ме? «Ұшқыш», «летчик» – деген ұшақты, самолетті жүргізетін, ұшыратын адам, мамандық, кәсіп. Ол кәдімгі, ұшақпен, самолетпен ұшады. Сондай болу үшін ол өсті, оқыды, атасының тілін алды. Содан барып самолет ұшыруды үйренді. Сендердің теледидардан көргендерің ол – кино, қиял, фантастика, компьютер. Адам өзі құс сияқты ұша алмайды. Ол алдымен оқиды, үйренеді. Сендердің мамаң, папаң машина айдағанындай. Түсіндіңдер ме?!.
Іштей «қалай дәл мезгілде үйге келгем, сәл кешіксем тынымсыз тентек немерелерім мына түрлерімен «ұшамыз» деп терезеден секіріп кетулері де мүмкін екен ғой», деп маңдайымнан шыққан суық терді сүрттім…
…Балалық қиял арманға жетелейді, арман өнеге, үлгі деген қасиетті ұғымдармен астасып, ұштасып, жалғасып жататыны адам болып қалыптасудың, сананың өсу жолдарының бірі болса керек…
Баланың өзінен үлкендерден көріп, үйреніп, еліктеп өсуі де табиғи заңдылық. Сондықтан да, біздің аталарымыз ұрпақтарына жаман мінез, қылығын көрсетпеген.
…Әрбір тірі жан үшін өмір деген ұғымның өзі өмір үшін күрес, дүниені тану, білу, үйрену қағидаларынан тұратыны да хақ. Ұрпақ тәрбиесінде адамдардың тұлғалық өнегесінің де мәні де, маңызы зор екені әлдеқашан дәлелденген ақиқат.
Тәуелсіз мемлекетіміздің, қоғамымыздың өткен тарихында да, бүгінгі өмірімізде де азаматтыққа, игілікке, адалдыққа, жасампаздыққа, тазалыққа бейім өнегесі халқымыздың сарқылмас қазынасы, рухани дәстүрі.
Жас ұрпақ тәрбиесінде Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғибратты өмір жолы, қажырлы еңбегі, орасан жасампаз қайраткерлігінің орны бөлек. Елбасы тұлғасы халық сыйлап, құрметтеп, сөзіне құлақ түріп, айтқанын орындап, ұсынысын қолдап, ынтымаққа жұмылдыратын ерекше тұлға. Әсіресе, жастар кез келген ең биік саяси, мемлекеттік лауазым иелерін өз дүниетанымдарында идеал тұта бермейді. Бұл тұрғыда қазақстандықтардың абсолютті тұлғасы – Нұрсұлтан Назарбаев. Президентке ұқсағысы келген жастардың бәрі бірдей ресми лауазымын ғана айтпайды. Ең алдымен Президенттің адами болмысынан, яғни өмірдегі өз орнын таба білуінен, еңбектегі қажырлылығынан, қиындықтан тайсалмайтындығынан, білімділігінен, жан-жақтылығынан, қандай жағдайда да жол тапқыштығынан үлгі алуға тырысады.
Біздің тарихымызда Отанын, елін қалтқысыз сүйе білу, ұлттың намысын, арын сақтау үшін бас тігер қайрат, жігер, мінез қалыптастырудың да маңызы ерекше, өнегесі мол.
Бүгінгі сөзіміздің мақсаты – ел ішінде жүрген мемлекетшіл, ержүрек, еңбегі ерен замандасымыз, әріптесіміз туралы болғанымен оны мақтау, мадақтау емес. Оның ешкімге қажеті де шамалы. Әділін, шынын айту парыз. Ұшқыш, генерал Мұхтар Алтынбаев туралы жақсы сөз айтсақ – жастардың бәрін «генерал бол, ұшқыш бол» деп үгіттеу емес. Еліміздің сондай тұлғаларын қоғам, әсіресе, өмірге аяқ басқан жас ұрпақ азамат болу үлгісін көрсе, білсе, үйренсе деген ниеттен. Жастардың ұстанымы мықты, өзін өзі тәрбиелеп, ел қатарына ертерек қосылып, өмірден өз жолын, орнын тауып кетуіне Мұхтар Қапашұлы сияқты тұлғалардың оң әсер етерін тағы бір еске салу. Мәселен, он сегіз жастағы Мұхтардың шахта жұмысшысы болып, табан тіреп, алты жыл еңбек етуінің өзі де көп нәрсені аңғартса керек. Шахта жұмысынан хабарым бар – ол жастағы балаң жігіттердің көбі бір-екі жылдан артып, жерасты ауыр жұмысқа да шыдай бермейді. Текті атаның қаны, қайраткер әкенің тәрбиесі мен өнегесі болар. Осы сынақтан абыроймен өткен жас жігіт өзінің болашақ мамандығын да жаңылмай тапқан. Әскери ұшқыш болу да кез келген болғысы келген адамның қолынан келе бермейді. Жалпы, ұшқыш болу – ерекше адамдардың үлесі.
…Осыдан 70 жыл бұрын аяқталған Екінші дүниежүзілік соғыста айрықша ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды батырларға қарап, жүздеген, мыңдаған жастарымыз өз өмірлерін Отан қорғау қызметіне арнап, көрнекті тұлғалар дәрежесіне көтерілді. Олардың өмірі мен ерлігінен талай ұрпақ үлгі, өнеге алып өсті. Соларға қарап, Отанын сүюді, Отанын қорғауды үйренді…
… Тұңғыш ғарышкер ұшқышымыз Тоқтар Әубәкіров – Халық қаһарманы, Кеңес Одағының саусақпен санарлық сынақшы ұшқыштарының бірі болып, сол кездің мәртебені ұлтына, этностық ерекшеліктеріне қарап, бір ұлттың басымдығына ашық екпін беріліп тұрған тұста өзінің ұшқыштық шеберлігімен басқа әріптестерінен оқ бойы озық тұрғандығын дәлелдеп, сол кездегі ең мықты сынақшылардың қолынан келмеген күрделі бағдарламаны сәтті орындап, Кеңес Одағының Батыры деген ең жоғарғы құрметті атаққа ие болды.
Қазақ халқының екінші ержүрек батыр ұлы, кезінде ғарышқа үш рет ұшып, ашық космосқа шығып, орасан маңызды бағдарламалар орындаған, бүгін космос саласының жауапты басшысы Талғат Мұсабаевтың есімін әкесі ұлым соғыста екі мәрте Батыр атағын алған, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтей батыр-ұшқыш болсын деп армандап қойыпты. Ол арманға жас Талғаттың қолы жетті. Айрықша ерлігі үшін замандасымыз Талғат Мұсабаев та Қазақстанның Халық қаһарманы, әрі Ресейдің Батыры – қос алтын жұлдыз иегері.
Қазақ елінің кең аспанында шарықтап, әуе қорғау сынды абыройлы әрі күрделі міндетті қалтқысыз орындап жүрген бүгінгі ең жас буын әскери ұшқыштарымыз халық дәстүрінен, аға буын батырлар есімдерінен үлгі, өнеге алып, солардай болсам деп арман қуып, сынақтардан сүрінбей өтіп жүрген қырандар – ел қорғаны. Солардың қатарынан алдына үлкен мақсат қойып, суырылып шығып, қазақ халқының үшінші ғарышкер ұшқышы атанған – Халық қаһарманы Айдын Айымбетов те ұлт мақтанышына айналды.
Міне, осы тұлғалардың әрқайсысы да өнегемен өскен жас ұрпақ тәрбие алатын, солардай болсам дейтін толымды тұлғалар, ұлттық келбеттер.
…Тұлпардай шауып, қырандай қалқып, «алты күндік» қашықтықты алты сағатта еңсеру қазақ жастарына, қиял-ғажайып ертегілеріне, батырлар жырларының бас бейнелеріне тән құбылыс. Ондай ұғым қазақ балаларының қанында бар, сондықтан да бала кезінде ұшқыш болуды армандап, қиялымен әлемнің ғажайыптарын шарықтап жүрген балалар тіпті, тікелей ұшқыш бола қоймаса да өмірден өз орнын табады, қолға алған ісінен нәтиже шығарады.
Нұрсұлтан Әбішұлының да әуелгі арманы – ұшқыш болу екенін бүкіл халқымыз біледі. Бұл желі «Елбасы жолы» көркем фильмінде шынайы әрі сәтті келтірілген.
Мемлекет құру, оны заман, тіршілік тынысына қабілетті етудің сан салалы қажеттіліктері мен талаптарына сәйкестендіру жұмысы да күрделі бағыттардың бірі екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Жас мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен қорғанысы кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып, оны жүзеге асыратын білікті мамандар қажеттігіне де Елбасы айрықша маңыз беріп, өткен ғасырдың 90-шы жылдардың бірінші жартысында елімізден тысқары жерде әртүрлі лауазымда жүрген біздің азаматтарымыздың елге келуіне тиянақты қамқорлық жасады.
Туған халқыма туған жерімде еңбек етсем деп Қазақстанға бет түзеген азаматтардың алғашқы тобында әскери-ұшқыш, генерал Алтынбаев Мұхтар Қапашұлы да келді. Ол әскери ұшқыш, тәжірибелі басшы, ұйымдастырушы ретінде кемеліне келіп, толысқан шағында өз туған жеріне, еліне келіп, Елбасының үлкен сеніміне ие болып, қорғаныс саласында әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусының командирінен мемлекетіміздің қорғаныс министріне дейінгі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. («Егемен Қазақстан», 13.05.2015 ж.) Нұрсұлтан Әбішұлы Мұхтар Қапашұлына зор сенім көрсетумен қатар оған айрықша қамқорлық жасап, патриоттық еңбегін жоғары бағалап, еліміздің ең жоғарғы Халық қаһарманы атағын берді.
Министр Алтынбаев Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі – Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, Сағадат Нұрмағамбетовтың жақсы дәстүрін жалғастырып, жас мемлекетіміздің қарулы күштерін реформалап, жаңа талаптарға сай ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды. Әсіресе, маман офицерлер құрамында ұлттық кадрлар дайындау жұмысын қолға алды. Елімізде жаңа буындағы реактивті самолеттерде ұшатын әскери ұшқыштар дайындауға маңыз берілді. Бір жылда таңдаулы деген он алты қазақ жігіті Ресейдің әскери ұшқыштар әзірлейтін жоғары оқу орындарына жіберілді. Сол дәстүр бүгін де жалғастырылып келеді. Еліміздің бейбіт тіршілігін, әуе қауіпсіздігін күзетіп, мерекелік шерулерде алмас қанаттарын жарқылдатып, көк аспанда ғажайып өнер көрсетіп жүрген шебер ұшқыштар солар екенін күнде жариялап, айтып жүргеніміз жоқ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сырт мемлекеттермен, әсіресе, Ресеймен әскери мәселелер жайлы келіссөздер жүргізу оңай болған жоқ. Оның бірнеше себептері болды. Біріншіден, бұрынғы Кеңес Одағының қорғаныс саласы ресейліктер басымдығымен болғаны белгілі. Екіншіден, Қазақстан жеріндегі барлық әскерилер тек Мәскеуге бағынатын. Үшіншіден, басқарушы командирлердің басым көпшілігі басқа ұлттар өкілі. Осы, тағы басқа қиындықтарды еңсеру оңайға түспегені белгілі.
Сондай-ақ, бұрын түгелдей Мәскеудің бағыныштылығында болған әскери бөлімшелер, құрылымдар, оқу орындары, қару-жарақ, басқа да техникалық жабдықтарды, әскери-саяси тәртіп, тәрбие мәселелерін өз ұлтымыз бен мемлекетіміздің талап-тілектеріне сай қалыптастыру оңай жұмыс болмағаны белгілі. Тіпті, Ресейдегі бұрынғы әріптестер, дос, жарандармен қызмет бабындағы қарым-қатынастардың мазмұны да жаңаша болу керектігін айтсақ та жеткілікті. Осыған байланысты бір оқиғаны еске ала кетудің де жөні келіп тұр. Ресей Қорғаныс министрінің Бас штабы кезекті бір жиындарына Мұхтар Алтынбаевты да бұрынғы әдетпен телеграммамен шақырған. Ол шақыруына ресейліктер Алтынбаевтан келудің орнына: «Кешіріңіздер. Мен Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің министрімін. Алдымен ресми сапармен шақырыңыздар. Сосын мен де жауап сапарға шақырамын. Сол кездесулерде сөйлесерміз» – деп жауап берген. Ресей әріптестері өз қателіктерін түсініп, кешірім сұрап, ресми шақырып, мемлекеттік дәрежеде құрмет көрсетіп, Қазақстан Қарулы Күштерін әріптес ретінде мойындап, жаңа кезеңнің қарым-қатынасына айрықша мән берген.
Бұл бір ғана көріністің өзі біздің мемлекетімізді, тәуелсіздігімізді мойындау, сыйласу, санасу, құрметтеу. Ол дәреже нақты тұлға арқылы, сол адамның дәреже, деңгейі, білімі арқылы келеді.
Қорғаныс қызметі қазақ тілінде сөйлеп, бұйрықтар мемлекеттік тілде жүргізілді. Өзінің орыс тіліндегі оқу орындарында білім алып, жиырма жылдан астам Қазақстаннан тыс жерде, орыс тілінің ортасында қызмет еткеніне қарамастан, Мұхаң Парламентте, ресми жиналыстарда өзінің ана тілінде, мемлекеттік тілде сөйлеп, баяндама жасағаны елдің есінде ризалықпен қалды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Н.Ә.Назарбаев: «Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол – қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын!» – деп ұлттың рухын көтеретін ұлы сөз айтты.
…Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғаннан соң, алғашқы он жылдықта Нұрсұлтан Әбішұлы көршілес елдермен шекараларымызды түбегейлі анықтап, оны заман талаптарына сай жабдықтау жұмысын қолға алып, айрықша маңыз берді.
Мұхтар Қапашұлымен Қытай Халық Республикасында Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі қызметінде жүрген жылдары жұмыс бабында жақын танысып, дидарласа алдық. Сол жылдары Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Мұхтар Алтынбаевқа зор сенім көрсетіп, Қорғаныс министрлігінің тізгінін ұстатты. Бұл – жас тәуелсіз мемлекетіміздің ең бір сезімтал буыны еді. Министрдің алдында тәуелсіз, жаңару жорығындағы еліміздің қорғаныс доктринасын жасап, оның жаңа технологиямен қаруланып, әскери оқу, білім, отаншылдық сана, рухын, ұлттық сапасын көтеріп, қалыптастыру міндеттері тұрды. Әскери қорғаныс доктринасының басты мақсаты – мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен қорғанысын әскери күштің санымен емес, сапасымен, білімімен қандай да бәсекелестікке қабілеттілігін қамтамасыз ету. Біз көршілес елдермен тату, бейбіт қарым-қатынастар орнатып, бірлесе даму ауанын ұстанып, насихаттаймыз. Әскери доктринамыз көп жақты халықаралық мемлекеттік бейбіт саясатымыздың құрамды бөлігі.
Қандай да саланың, өңірдің, елдің, мемлекеттің танылуы оның бірінші басшысына, сол тұлғаның біліміне, білігіне, деңгейіне, қабілет, қарымына байланысты екені де бесенеден белгілі. Мәселен, қазір дүниежүзінің қай мемлекетіне барсаңыз да Қазақ Елін, Қазақстанды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арқылы танитыны хақ.
Сол сияқты әсіресе, әскер басшыларының беделі қалың қолға бір басшылық тәртіп арқылы жүргізіледі, сақталады, құрметтеледі. Әрине, оның бәрі жайдан-жай келмейді. Әскер басының беделі білікті, білімді бұйрық, қатаң тәртіп, әділ талап, таза ар сақтаумен астасып жатады.
Мұхтар Қапашұлының бойында осы айтылған қасиеттердің бәрі молынан сақталып қана қоймай, жылдан-жылға еселеп толығып келе жатқан берекелі тұлға десем, артық та, асыра мақтау да емес. Нағыз мемлекетшіл, мемлекеттік тұлғаның бейнесі. Мұхаң қорғаныс министрі кезінде Қазақстан-Қытай қарулы күштері арасында екі-жақты қарым-қатынастың бейбіт, әріптестік әрі достастық негізде дамуына бастамашы болып, тиянақты ықпал ете алды. Сол кездегі Қытай министрі генерал-полковник Чи Хао Тян өз елінде қарулы күштер санатында өте беделді әскери қолбасшы болатын. Чи Хао Тян кезінде Қытай әскери мектебінің барлық сатысынан өткен, білімдар, жаңа заманның жақсы өзгерістеріне сергек, әрі ынталы басшылардың бірі болды. Ол әскерилер арасында да, қоғамда да көрнекті қайраткер еді. Қызметіне қарай Қытай Коммунистік партиясы Саяси Бюросының Орталық Әскери Кеңесінің мүшесі болды. Кезінде мен Қытайға елшілік қызметіне барғанда ҚХР Төрағасы Цзянь Цзяминге Сенім грамотасын тапсырғаннан кейін ізеттілік кездесуде Қазақстан туралы, Президентіміз туралы тереңірек, көбірек білгісі келетінін айтып, протоколдық пішімнен шығып, емін-еркін кездесіп, пікірлесіп тұруға ықылас білдірді. Жаңадан болған министр Алтынбаевпен көп ұзартпай кездескісі келетінін, оны зор құрметпен шақыратынын шегеледі. Ондай ресми сапар ұйымдастырылды да. Екі елдің министрлері өзара түсінісіп, достық ниетпен жыл сайын кездесуді дәстүрге айналдырып, көршілес екі мемлекет басшыларының жасампаз даму келісімдерінің орындалуына нәтижелі қомақты үлес қосты. Өткен ғасырдың үшінші ширегіндегі қайшылықтарды болашақта болдырмау шараларына екпін беріліп, жаңа дәуірде ашық саясат, шекара аумағында өзара сенім, әріптестік дәстүр қалыптастыруға уағдаласты. Сол кездесулерде екі министрдің тек қана әскери тіл, бұлтартпас протокол шеңберінде қалып қоймай, өркениетке ортақ тарихи, мәдени құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесіне, әлемдегі халықаралық жағдай бағыттарына білгірлікпен өз көзқарастарын ортаға салып, зиялы әңгіменің өрбуіне ықыластыларына қанағаттанарлықпен куә болғанымыз да бар.
… Біздің бір бірімізді жақынырақ, тереңірек сыйласып, түсінісіп, білуіміз Парламент Сенатының бір комитетінде әріптес, қызметтес болған жылдары қоюлана түсті. Елбасының Жарлығымен бір жылдары Сенаттың халықаралық қатынас, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінде еліміздің белгілі азаматтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Әділ Ахметов, Мұхтар Алтынбаев, Ғани Қасымов, Бауыржан Мұхаметжанов, Аманжол Бөлекпаев еліміздің құқықтық кеңістігін нығайтуға, оның халықаралық беделінің өсуіне зор ынтымақтастықпен, жауапкершілікпен жұмылып, жұмыс жасау мақсатында бірге жүрдік.
Біз үшін – жайшылықта әзіл, қалжыңымыз жарасып, заң жобасын талқылауға келгенде мемлекетшіл жауапкершілік сынға түсіп, біліктілікпен, білімділікпен орынды пікір ортаға шығып, Елбасының, ел-жұрттың сенімін ақтау сананың төрінде тұрып, бір бірімізді парасаттылықпен тыңдай біліп, өз ұстанымымызды, ұсынысымызды ашық айту арқылы ортақ пікірге жүгіну – саяси мәдениеттің көрінісі болатын.
Мұхтар Алтынбаев біздің елімізде Сағадат Нұрмағамбетовтен кейінгі армия генералы атағына ие болған екінші тұлға.
«Халық қаһарманы» сынды ерекше құрмет белгісіне ие болған азаматтар саусақпен санарлық. Соның бірі де, бірегейі де біздің замандасымыз, әріптесіміз Мұхтар Алтынбаев. Мұхтар Қапашұлының өмірі өнеге. Жас ұрпақ осындай тұғырлы адамдардың өмірінен үлгі алып өссе, ұлтымыздың сапасы да күшейе түспек.
Мұхаңа қарап, Мұхаңа ұқсағысы келіп қаншама жас өскін өмірден өз жолын, өз орнын табады. Мұхаңдай еліміздің ержүрек ұландарын біздің қоғамда насихаттау да абыройлы парызымыз болар.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.
АСТАНА.