Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратураның тексеру нәтижесінде биылғы жылы 1318 заң бұзушылық анықталып, 147 прокурорлық ықпал ету актілері енгізілді, түрлі жауапкершілікке 66 тұлға тартылды, жалпы 29,8 млн теңгенің ісі бойынша арыз түсірген 81 талап қанағаттандырылды. Жыл басынан бері мемлекет пайдасына 232 млн теңге өндіріліп, мемлекетке жалпы сомасы 472 млн теңге болатын 24 мың га жер телімдері қайтарылды. Сонымн қатар 17 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде.
Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында облыс әкімі аппараты басшылығының, қала және аудан прокурорлары мен әкімдерінің, өкілетті мемлекеттік мекемелер басшыларының қатысуымен өткен Жер қатынастары саласындағы жүргізілген прокурорлық тексерулер нәтижелері мен қаралған істер бойынша кеңейтілген алқа мәжілісінде осындай ақпараттар айтылды.
Алқа мәжілісінің отырысында жер қатынастары саласындағы жүргізілген прокурорлық тексерулердің нәтижелері қаралды. Алқа мәжілісінде жер заңнамасының қолданылуының 5 өзекті мәселесіне назар аударылды, олар:
1) жер учаскелерін бөлшектеу (сегментациялау) және оларды нысаналы мақсатына сай пайдаланбау;
2) жер учаскелеріне заңсыз өз бетінше иелік ету;
3) жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер алуға үміткерлер кезектілігі;
4) пайдаланылмаған жер учаскелерін мемлекетке қайтару мәселесі;
5) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің деградациялануы.
Осы мәселелер бойынша бірқатар заң бұзушылықтар анықталып отыр. Мысалы, Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандары жер телімдерінің бір бөлігі Шымкент қаласына қосылуына байланысты, 2011-2013 жылдар аралығында ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімдері кейбір тұлғалармен сегментацияланған, яғни бөлшектерге бөлініп, кейіннен жеке тұлғаларға мақсатты пайдалануы өзгертілмей, жеке тұрғын үй салу үшін сатылған. Тексеру нәтижесінде жалпы 500 гектарға жуық ауыл шаруашылық мақсатындағы жер шамамен 5000 учаскіге бөлшектеніп, оның ішінде 1000-ға жуық тұрғын үйлердің тұрғызылғаны анықталды. Сонымен бірге, жер учаскелерін заңсыз өз бетінше иелік ету, яғни тиісті құқық беретін құжаттарсыз заңсыз құрылыс салу деректері анықталған. Жалпы көлемі 39 гектарға салынған осындай 452 тұрғын үй анықталыпты. Көрсетілген деректер құзырлы мемлекеттік органдардардың салғырттығынан және өкілетті мекемелер қызметкерлерінің қылмыстық құқық бұзушылығы себебінен орын алған. Мысалы, 2012-2015 жылдар аралығында 16 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олар бойынша айыптау үкімдері шығарылған.
Алқа мәжілісінде құзырлы мемлекеттік органдарымен жерді мүлдем пайдаланбайтын, немесе ұтымды пайдаланбайтын жосықсыз жер пайдаланушылардан мемлекет меншігіне жер телімдерін қайтару бағытындағы құқықтық механизмі туралы мәселелер және олардың дұрыс жұмыс атқармағандығы талқыланды.
Сондай-ақ, жер теліміне кезекте тұрған азаматтардың жер телімдерін алу мәселесі де көтерілді. Жалпы облыс бойынша 137 мыңнан астам адам кезекте тұр, оның 65 мыңы Шымкент қаласында екен. Жергілікті атқарушы органдарына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бөлуге инфрақұрылымдық жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жандандыру ұсынылды. Сонымен бірге, мәжілісте жердің сапалылық жағдайы мен оның деградациялану (тозуы) мәселесі қаралды.
Облыс бойынша ауыспалы егістік жерлері үлесінің төмендігі байқалады, ол суармалы жерлердің 33 пайызы ғана құрайды, жердің құнарлылығын ұстау бойынша тиісті жұмыстардың атқарылмағандығы, мал санының ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлермен салыстырғанда жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің шекті нормаларының сақталмағандығы анықталды. Аталған жәйттар жердің ұтымды пайдаланбау салдарынан, оның тозуына әкеп соқтырғанын көрсетті.
Жиында қаралған осындай мәселелер облыс әкімі аппараты басшылығының, қала және аудан әкімдерінің, «ЖерҒӨО» РМК-ның аумақтық бөлімшелері басшыларының және басқа мүдделі ведомство басшыларының назарына ұсынылды.