Мәлік Ғабдуллин! Кеңес Одағының Батыры, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, жазушы, қоғам қайраткері… Иә, оның есімін халқымыз осындай еңбек, атақтарымен мақтан етеді, елі қадір тұтады. Ол туралы аз жазылған жоқ, әлі де жазыла береді. Бұл кісі менің әкем! Қандай жақсы! Бақыт қой бұл!
Мен 1941 жылы желтоқсан айында дүниеге келгенімде ол соғыста жүріпті. Майданға аттанар алдында әкесі Ғабдолла Елемесұлына: «Егер ұл туса сәбидің атын Майдан қойыңдар», деп тілек білдіріп, аманат етіп кеткен екен. Бірақ мен қыз болып туыппын. Бәрібір маған сол есім бұйырыпты. Кішкентай кезімде ер баланың есімімен аталғаныма ыңғайсызданып та жүрдім. Келе-келе үйреніп те кеттім. Бойжетіп дәрігер болғанда науқас кісілерге өзімді Майдан Мәлікқызы деп таныстыратынмын. Сонда жұрт батырдың қызы екенімді біліп, маған ерекше құрметпен қарайтын еді.
Соғыс біткеннен кейін менің Баттал есімді інім болды. Әкем оны сәби кезінде көкке лақтырып, жерге түсірмей қағып алым еркелетуші еді. Өте жақсы көрді. Біз Баттал екеуміз әкеміз жоқ жерде әзер шыдайтынбыз. Ол болғанда үй іші толып тұратындай көрінетін. Әкеміз іссапарға жиі шығатын. Сағынсақ, ілулі тұрған киімдерінің жағасын иіскейтінбіз. Әкеміздің иісі француз әтірінің иісінен де жақсы ма деуші едік.
Әкем Мәскеуден Алматыға біржола келгеннен кейін біз опера және балет театрының қарсысында тұрдық. Төрт бөлмелі үйдің екі бөлмесінде біз, ал қалған екеуінде театр артисі Зинаида Игнатьевна Морская деген апай бес кішкентай итімен бірге тұрды. Ас бөлме мен жуынатын жер ортақ еді. Әрине, мұндай көршімен бірнеше жыл бірге тұру да оңай емес-ті. Бірақ та әкеміздің жақсылығының арқасында біз қиыншылықты сезбедік. Кейін жаңа пәтер алып көшіп кеткенде Зинаида Игнатьевна орнымызға келген басқа көршісімен көпке дейін үйренісе алмай, бізді жиі-жиі есіне алып жүрді.
Әкем майданнан оралысымен бірден академиядағы Тіл және әдебиет институтына қызметке орналасты. Кеш бойы ол ғылыми жұмыстарын, майдан естеліктерін жазады. Бос уақыты мүлде болмайтын.
Үшінші класта оқып жүргенде бізді пионерге қабылдады. Қуанышта шек жоқ. Әкем мойныма қызыл галстукты тағып тұрып, неше түрлі тәрбиелі сөз айтатын. Ол жалпы бізге дауыс көтеріп ұрсып көрген адам емес. Егер ыңғайсыздау бірдеңе жасап қойсақ: «Сен пионер емессің бе, ол атқа кір келтірмеу керек», десе болды бізге сол сөз жетіп жататын.
Әкемді қала мектептері оқушылармен кездесуге жиі шақыратын. Уақытының аздығына қарамастан, мен оқитын мектепке де келіп тұрды. Бірде үйге келе жатып: «Әке, сен соңдай мейірімді, жұмсақсың. Ешкімнің көңілін қалдырғың келмейді. Немістермен қалай соғыстың?» деп сұраған кезім де болды. Сонда ол: «Қызым, халықта «керек», «азаматтың міндеті» деген сөз бар. Егер өз халқыңды, жерінді, еліңді, бала-шағаны қорғау керек, ол азамат жігіттің міндеті дейтін сөз айтылатын болса, онда сол сөз сені қанаттандырып та, қайраттандырып та, жігеріңді жанып та жібереді. Алдыңа қойылған міндетті орындау үшін қолдан келгеннің бәрін де жасайсың, бәрін де сол жолға жұмылдырасың», деді. Әкемнің осы айтқанын кейін мен өз балаларымның құлағына құятын болдым.
Бастауыш кластарда оқып жүргенде мен бір күні ауырып қалып, ауруханаға түстім. Әкем жиі келіп, халімді біліп тұрды. Бірде мені басымнан сипап, арқамнан қағып отырды, маңдайымнан әкелік мейіріммен құшырлана иіскеді. Өзінің жан жадыратар жылы сөздерін айтты. Көп кешікпей жазылып, тәуір болатыныма сенім білдірді. Сол жолы бір әдемі де әсем кітап ала келіпті. Оның суреттері мені қатты қызықтырды. Ол А.С.Пушкиннің «Ұйқыдағы ару және жеті батыр» деген ертегісі екен. Мен бұл кітапты бас алмастан бірнеше қайталап оқып шықтым. Оның оқиғалары күні бүгінге дейін есте жақсы сақталған. Осылайша әкем бізді кітап оқуға баулыды. Біздің үйде кітап өте көп болатын. Кітапханамыз өте бай еді. Онда қазақ, орыс, батыс классиктерінің кітаптары жинақталған-ды. Біз ініміз Баттал екеуміз бірте-бірте кітап әлеміне қызыға бердік, барған сайын сүңги бердік. Ал, әкеміз болса, қандай кітап оқитынымызды бақылап, бағыт-бағдар берін отыратын. Бертін келе кітап біздің күнделікті қажетімізге айналды.
Мектепте мен жақсы оқыдым. Барлық пионер, комсомол жұмысына араласып, белсенділер қатарында жүрдім. Бұл әкеме қатты ұнады. Ол үнемі мені ынталандырып отырды. Сурет салу да менің сүйікті ісім еді. Оған баулып, үйретуші де әкем. Ол әрбір іссапардан оралғанда үлкенді-кішілі альбомдар, қағаз, қарындаш және бояулар ала келетін.
Әрбір жаңа оқу жылында ол біздің мектепке ұстайтын портфелімізді жаңартуды да ұмытпайтын. Балаларға барынша көңіл бөліп қуантып отыруды ол өзінің бірінші кезектегі міндеті санайтын.
50-ші жылдары таудағы Медеу мұз айдынынан бері 5 шақырымдай жерде жазушылар мен ғалымдарға, артистерге арналған демалыс үйі болды. Онда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Жүсіпбек Елебеков, Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Дмитрий Снегин және басқа көптеген көрнекті адамдар өз отбасыларымен бірге тұрды. Біз де бүкіл жазды сонда өткізетінбіз. Мұнда ол үлкен кісілермен, достарымен бильярд, преферанс ойнап, әңгіме дүкен құратын. Асханаға барғанда көкөністен жасалған сорпа мен қарақұмық ботқасын ішіп жейтін.
Жаңа жылды үнемі үйде әсем жабдықталған жасыл шырша маңайында көңілді қарсы алушы едік. Сондай-ақ, 1 мамыр, 7 қараша мерекелері де есімде жақсы сақталып қалыпты. Мұндай күндері әкеміз Баттал екеумізді ертіп алып, алаңға апаратын. Онда біз әскери техника мен еңбекшілер шеруін тамашалайтынбыз. Трибунадағы және жердегі үлкен-кіші адамдардың қай-қайсысы болмасын әкеме келіп, ілтипатпен амандасып жататын. Біз осының өзінен-ақ ол кісінің елге, жұртқа беделінің қандай жоғары екенін аңғаратынбыз. Кейде бізді өзі жұмыс істейтін институтқа, студенттердің мерекелік концертіне апарып тұратын.
Бірнеше рет әке-шешемізге еріп, Мәскеуге, Сочиге және басқа үлкен-үлкен қалаларға бардық. Халықаралық вагонмен 4-5 тәулік бойы жүрген кездер аз болған жоқ. Сонда ол бізді еш жалықтырып, не жабырқатпаушы еді. Қажетті салқын сусындар мен көкөніс жемістерді алдымызға толтырып қоятын.
Көрші купелерде әкемді танитын адамдар да көптеп кездесіп жататын. Бірде атақты әнші Күләш Байсейітова, ғалым Смет Кеңесбаевпен Мәскеуге бірге бардық. Олар да өз отбасыларымен еді. Сонда Мәскеуде әкемізге қандай сый-сияпат көрсетілгенін өз көзімізбен көрдік. Сол жолы Мәскеуге Дрезден галереясының көрмесі келіп жатыр екен. Оны тамашалауға жиналған халықта есеп жоқ. Кезекке тұрсаң тұтас бір күннің жетер-жетпеуі де екіталай. Смет аға дирекцияға барып, осында Мәскеуді қорғаушы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин тұр дегенде кезектегі халық екі айырылып жол берді. Неткен құрмет десеңізші! Әкеміздің арқасында көрмегенді көрдік, жүрмеген жеріміз болмады десек, еш артықтығы жоқ. Оның шапағаты тимеген адам кемде-кем шығар деймін. Ол біреу бірдеңе айтса, ерінбей-жалықпай баратын. Ешкімге бұлданып көрген емес. Біреуге жақсылық жасаса, міндетсінбей шын ниетімен, ақ көңілімен кірісетін. Сондықтан халық та оған ағылып келіп жататын.
Әкеміз бізді шахмат пен дойбыға да үйретті. Шахматты өзі де жақсы әрі көп ойнайтын. Сирек ұтылатын. Өкінішке қарай, әкеміздің бұл қасиетті бізге дари қоймады.
Орта мектепті бітіргеннен соң әкемнің ақыл-кеңесі бойынша медицина институтына оқуға түстім, оны тәмамдап, ақ халатты дәрігер мамандығына ие болдым. Көптеген адамдарды емдеп, көмегімді бердім, қатарға қостым. Өзекті өртейтін өкініштің бірі және ең бастысы өзі ақыл-кеңес беріп, дәрігерлік жолды ұсынған әкеме қысылтаяң кезде тиісті көмек бере алмадым. Сол күні мен жұмыста едім. Кешке қарай үйден телефон шалынып, әкең қысылып жатыр деген хабар келді. Жұбайым Алмас екеуміз өкпемізді қолымызға алып жетсек, әкеміз диванның жанында кілем үстінде жатыр екен. Бірден жасанды дем беруге кірістік. Жүректі қозғап жұмысқа қоссақ деп әрекет жасап жатырмыз. Осы кезде жедел жәрдем де келіп жетті. Олардың да жасаған ем-домынан еш нәрсе шықпады. Қас қағым сәтте өмір бойы пана болған, өте жақсы көретін қадірлі де қайран әке жарық дүниемен қош айтысты. Екі көзге ерік беріп артында біз қала бердік.
Артынан медициналық анықтама көрсеткеніндей кең көлемдегі инфаркт болыпты. Жүректің артқы қабырғасы түгелдей айырылып кеткен. Ал әкем болса ешқашанда жүрегім ауырды деген емес еді. Ойлап отырсақ, шыдап жүре беріпті ғой. Әрдайым көңілді, ақжарқын екенін көріп, біз де ештеңе ойламаппыз. Небәрі 58-ге қараған жаста бұл дүниеден өтіп кетеді деген ой кімге келген.
Әкем қатарынан үш рет Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Сондықтан да жылына бірнеше рет Мәскеуге барып тұратын. Оны вокзалға шығарып салуға үйге көп адам жиналатын. Содан сол кісілер түгел пойызға дейін бірге барады. Вагон жанында тұрып суретке түседі. Мәскеуден қайтқанда да дәл солай. Сессияға шығарып салу, қарсы алу адам айтқысыз салтанат болатын.
Бірде ол үкіметтік делегациямен бірге Финляндияға сапар шекті. Қайтарда түн болды да мен үйде ұйықтап қалыппын. Дауыс шыққанға оянсам, әкем үйге келіп қалыпты. Үйдің іші жап-жарық болды да кетті. Әкем алдымен мен жатқан төсекке келіп, мені ыстық құшағына алды, маңдайымнан иіскеді. Қолыма шетелдің сағатын тақты. Мұның бәрі адам тілімен айтып жеткізе алмайтын зор қуаныш еді.
Әкемнің жұмыс істейтін күн тәртібі де ерекше болатын. Ол таңертең 8-де тұрып, жуынады. Шай ішеді. 9-да жұмысқа барады. Сағат 1-де тағы да жеңіл-желпі шай. Тағы да жұмыс. Кешкі 6-да кешкі ас ішіледі. Бәріміз дастарқан басына бірге отырамыз. Әртүрлі әңгімелер айтылады. Содан әкем кешкі 9-ға дейін тынығып дем алады да таңғы 3-4-ке дейін отырып жұмыс істейді. Осылайша ол докторлық диссертациясын, майдан естеліктерін, әртүрлі әңгімелер мен хикаяларын жазды.
Әкемнің докторлық диссертациясын қорғағаны да есімде жақсы сақталған. Ол сол күні мамам екеуі академияға кетті де үйде үй күтуші Дина апай екеуміз ғана қалдық. Дастарқан жайдық. Көпке дейін хабар болмады. Ақыры шыдамым таусылған соң, мен жүгіріп академияға бардым. Бұл ғимарат ерекше ғой. Ішіне кіріп барсаң аяқ басқаныңа дейін сыңғырлап естіліп тұрады. Есік жақта тұр едім, бір уақытта тез-тез басып әкем, оның артында бірнеше адам келе жатыр.
– Әке, не болды, – деппін мен.
– Жеңіс қызым, жеңіс! – деп әкем мені құшақтай алды.
Қуанышта шек жоқ. Дереу көлікке мініп үйге тарттық…
Біздің үйде күтуші Дина Федоровна Ионина деген кісі болғанын жоғарыда айтып кеттім. Ол апай көп жыл бізбен бірге тұрды. Шаңырақтағы бір адам сияқты болып кеткен. Ол кісі әкемді: «Мәлік балам», деп ерекше жақсы көретін. Әкем де оған мейірімді еді. Жалпы, ол бүкіл жұртқа солай еді ғой. Бұл жерде әкемді таситын жүргізуші Борис Васильевич Летнинов туралы да айтып кетпесе болмайды деп ойлаймын. Ол әкемнің майдандас досы еді. Күнде таңертең үйге келіп: «Сәлем Мәлік», деп қатты дауыстап амандасатын. Ол да біздің үйдің бір туғаны сияқты болып кетті.
Біздің әке-шешеміз атақты адамдар Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғайниса Сәтбаева, Қайнекей Жармағамбетов және басқалармен өте тығыз қарым-қатынаста өмір сүрді. Дәм-тұздары жиі араласты.
Отбасындағы жақсы дәстүрдің бірі жылда алғашқы қар жауғанда әкемнің туған күнін атап өтетінбіз. Ол: «Мен алғашқы қар жауғанда туыппын», дейтін. Сондықтан да, алғаш қар жауғанда бәріміз болып қуанатынбыз. Сол күні үйге телефон шалушылар да көп болатын. Бәрі де әкемді құттықтайды. Сол дәстүр қазір әкем жоқ болса да күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
1973-тің Жаңа жылы әкем үшін ең соңғы мереке еді. Сол күні кеш бойы олар біздің үйде еді. Әкемнің өңі сынық, көңілсіздеу сияқты көрінді. Бірақ отырып, Алмаспен шахмат ойнады. Одан соң дастарқан басына отырдық. Сағат тілі 12-ге жеткенде бәрімізді құттықтап, игі тілегін айтты. Содан соң жігіттер оларды үйлеріне шығарып салды. Бұл әкеммен ең соңғы кездесу болғанын ешқайсымыз білген де аңғарған да жоқ едік.
Қайран өмір-ай, десейші. Не деуге болады жалған дүниеге?
Майдан ҮСЕНОВА.
АЛМАТЫ.
Суреттерде: М.Ғабдуллин қызы Майданмен бірге, 60-шы жылдардың ортасы; М.Ғабдуллин немересі Әрсенмен демалыс сәтінде , 70-ші жылдардың басы.
Бастау
Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллинге
Бірқыздың қалың қамысы
Уілдеп әнге салады.
Қарауытып салқын тау іші
Желтаудың бауырын шолады.
Сықырлап табан темірі,
Желеді борт-борт шаналы.
Жолаушы қарттың серігі
Балғын жас – ойлы жанары.
Ақыл мен өрті тұтасқан
Қой көздер ондай сирек-ау.
Шолпаны жанған сүт аспан
Жол болсын деуді білмеді-ау!
Қараңғы таңда жосылған
Көрмеді-ау ешкім шана ізін.
Ұға алмай қалды-ау тосыннан
Жұлдызы сөнбес таң азын.
Әшейін жай бір күн деппіз
Сағызын созған баяғы.
Басталған таңды білмеппіз
Батырдың өмірбаяны.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
АЛМАТЫ.