АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Тарихты тарлан тұлғалар жасайды

01-05-.02-680x291Барлық ел, барша халық үшін дүниеде азаттықтан асқан асыл мұрат, Тәуелсіздіктен биік мақсат жоқ екені әмбеге аян.

Тәуелсіздік жолында ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бес қаруын беліне байлап, қаһармандықпен күресті. Азаттық аңсаған бабалар тілегі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында елімізге бақ болып қонды.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде жаңа мемлекет құру, оны дүние жүзіне таныту оңайға түспеді. Бар ауыртпалық пен жауапкершілік жүгі Елбасына жүктелді. Күлтегін бабамыздың «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды» дегеніндей, Елбасы өтпелі қиын кезеңдерден елімізді дамудың жаңа сатысына алып шықты.

Сол сындарлы сәтте жас мемлекеттің буынын бекітіп, келешегін айқындауда жаңа тұрпатты мемлекет құрған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің іргесі бекіген тұста айтқан: «Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар» деген сөзі баршамызға рух берді, жүрегімізге сенім ұялатты.

Мұндай ұлан-ғайыр істерді мемлекет тізгінін нық ұстаған ұлы тұлғалар ғана қысқа мерзімде жүзеге асыра алатынын тарихтың өзі дәлелдеп берді. Біз соған көз жеткізген, қолымыз жеткен бақытты елміз, Қызыр қолдаған халықпыз.

Бұдан жиырма төрт жыл бұрын халқымыздың Тұңғыш Президентін жалпы­халықтық сайлауда таңдауы азат еліміздің арда ұлы Нұрсұлтан Назарбаев­қа түскеніне төрткүл дүние куә болды. Елбасымыздың дара тұлғасына, қай­раткерлік қызметіне әлем елдерінің басшылары мен зиялы қауымы жоғары бағасын сол кезде-ақ берген еді. Қазақстан басшысының әлемдік деңгей­дегі қайраткерлік тұлғасы жайлы бүгінде де жақсы пікірлер үнемі айтылуда. Сырт көз сыншы бола тұра, Кувейт мемле­кетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тарек Абдулла әл-Фарадж жақында Елбасымыз туралы: «Ұлт көшбасшысының арқасында Қазақстан Республикасы қол жеткізген тамаша жетістіктері тарихта алтын әріптермен жазылады әрі Қазақстанды әлемнің көрнекті мемлекеттерінің біріне айналдырған басшылығы мәңгі сақталады», деген жүрекжарды пікір айтқан екен.

Иә, тарихты ірі тұлғалар жасайды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда мемлекет тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев сынды дана перзентіне сеніп тапсырған ел үміті ақталды. Тұңғыш Президентіміздің халықтың болашағына, мемлекеттің тұтастығына, Конституцияның мызғы­мас­тығына кепіл болған кемел ісінің арқа­сында, еліміз әлемдік даму сатысын­да өз орнын алды. Осы жылдар ішінде Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген осындай барлық табыстары мен жетістіктерінің басы-қасында Елбасының тұрғаны ертеңіміз үшін – тарих, болашақ ұрпақ үшін – ұмытылмас шежіре.

Елбасының өлшеусіз еңбегінің арқасында бір ғасырда атқарылар орасан істерді, еліміз ширек ғасырдың көлемінде жүзеге асыра білді. Осындай еселі еңбегін ерекше қадірлей білген халқымыздың қалауымен Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі қарсаңында тарихи миссия үшін бірауыздан шешім қабылданды.

Республика Парламентінің Сенаты 2011 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік тәуел­сіз­дігінің жиырма жылдығы Деклара­циясын» салтанатты түрде қабылдады. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылы Қазақ елінің өсіп-өркендеуі мен игілігі жолында заманымыздың аса көрнекті мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назарбаев­тың басшылығымен, қазақ­стан­дық­тардың ерен еңбегінің арқасында республиканың қол жеткізген толағай табыстарын бүкіл әлемге паш еткенін атап көрсеткен.

Сонымен қатар, Республика Парламенті «1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні» ретінде атап өтуді заңдастырды. Халық қалаулылары бұл мемлекеттік мерекенің мән-маңызын Қазақстан Республикасы 1991 жылғы 1 желтоқсанда президенттік институтқа қадам басқандығымен түсіндірді. Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісінше қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде «Тұңғыш Президент күні» болып белгіленді.

«Тұңғыш Президент күнін» мерекелеу – әлемнің көптеген елдерінде бар үрдіс. Атап айтқанда, АҚШ-та ақпанның әрбір үшінші дүйсенбісі «Президенттер күні» деп атап өтіледі. Ол мемлекеттік мереке ретінде сонау 1782 жылдың 22 ақпанынан бастап тойланатыны тарихтан белгілі.

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Елбасы – біреу, халқы – тіреу» деген даналық сөзіне сай, туған елі Елбасын әрдайым қолдаумен келеді. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында еліміз бүгіндері қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты, экономикасы өркендеген, халықаралық деңгейде беделі зор мемлекетке айналғанын бүкіл әлем біліп отыр.

Бүгінде Қазақстан – әлемнің ең дамыған елу елінің қатарында. Еліміздің бағындырар асулары әлі алда. Ең бас­ты межеміз – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу. Осынау биік белеске қол жеткізу мақсатында Елбасы Н.Назарбаев Бес институттық реформаны жүзеге асыруда «100 нақты қадамды» анықтап берді. «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет – 100 қадам» атты Ұлт жоспарында жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап берілді. «2050 Стратегиясын» жүзеге асырудың алғышарттары жасалынды.

Осы реформалық құжатта еліміздегі құқық қорғау жүйесін дамытуға бағытталған тұжырымдардың орны ерекше. Ұлт жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші тармағында заңдылықты нығайту жөніндегі мәсе­ле­лер он тоғыз мақсатты қадамдарға негіз­делген. Оның ішінде сот жүйесін рефор­малау бойынша он бір қадамды жүзеге асыру міндеті Жоғарғы Сотқа жүктелген. Таратып айтсақ, 16-қадамда бұрынғы бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) алда үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу қарастырылған. Бұл қадам азаматтардың сот әділдігіне қолжетімділігін жеңіл­дету үшін сот жүйесі сатыларын оңтай­лан­дыруға бағытталған.

Аталған қадамды іске асыру биылғы 31 қазанда Елбасы тұңғыш рет жария түрде БАҚ өкілдерінің қатысуымен қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде» көрініс тапты. Мемлекет басшысы осы рәсімдегі сөзінде Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін 59 жаңа заңнамалық акті қабылдау қажеттігін атап өтті. Келесі жылдың қаңтарынан реформаларды бас­тау үшін, қазірдің өзінде он алты заңға қол қойғанын, жаңа кодекс – соның он жетіншісі екенін айтты. Президент жаңа Азаматтық процестік кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатынын айта келе, «Жаңа кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады. Заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтық институттар қамтылған. Сонымен қатар, біздің құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген» деп, оның маңыздылығына тоқталған болатын.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту мәселесі 17-қадамда нақтыланған. Мұнда қойылатын басты талаптың бірі – сот істерін жүргізетін судьяның бес жылдық жұмыс өтілінің болуы шарт. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру барысында ахуалдық тестілеу жүйесі енгізіліп, судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі қарастырылған. Жаңа заң бойынша судьялық лауазымға тағайындалған адам бір жылдық сынақтан өткізіледі. Ол мерзім аяқталғаннан кейін судьяның қызметі міндетті бағалауға жатады. Мұндай бағалау кейіннен әрбір бес жыл сайын өткізіліп тұрады.

Біз судьялыққа іріктеу талаптарын қатайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргіздік. Мысалы, жоғары заңгерлік білімі бар, адамгершілік ұстанымы берік, кемінде бес жыл сот отырыстарының хатшысы, судьяның, прокурордың, адвокаттың консультанты (көмекшісі) немесе заңгерлік мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар үміткерлер судьялық қызметке таңдалып алынады. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын біліктілік емтихандарын тапсырады. Бірінші кезеңде еліміздің заңдарын білуге арналған компьютерлік тестілеуден өтеді. Екіншісінде сот практикасына қатысты сұрақтарға жауап береді. Содан кейін психологиялық тестілеу жүргізіледі.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 18-қадамы бойынша сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінеді. Аталған институт Жоғарғы Сот жанынан құрылып, судьялардың біліктілігін арттыруда тұрақты жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Академия түрінде жоғары оқу орнын қайта құру еліміздің «Білім туралы» Заңының талаптарына сәйкестендірілетінін баса айтқым келеді. Академия қызметінің негізгі бағыты – мамандандырылған магистуратурада жоғары білімнен кейінгі бағдарламаны жүзеге асыру, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, сот қызметі саласында ғылыми зерттеулерді жүргізу болмақ. Осы мақсатқа орай, Академияны үш институттың: Заң институты (мамандандырылған магистратура), Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты және Ғылыми-зерттеу институты базасында құру көзделіп отыр. Білім беру мекемесінің мұндай моделін құру ғылым, оқу және тәжірибе арасында тығыз байланыс болуын қамтамасыз етіп, өзіндік ғылыми зерттеулер жүргізуге, республикамызда судьялар корпусын даярлау және қайта даярлауды жетілдіруге жаңаша серпін береді деп есептейміз.

Елбасының Ұлт жоспары аясында берген тапсырмасына сәйкес, 19-қадам бойынша судьялардың есеп беру тәртібі күшейтіліп, судьялардың жаңа этикалық кодексі әзірленбек. Соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша Жоғарғы Соттың жанынан құрылатын арнайы сот алқасына шағымдана алады. Судьялардың жаңа Әдеп кодексі судьялар тәртібінің Бангалор қағидаттарының (Гаага, 2002 жылғы 26 қараша) және өзге де кәсіби судьялар әдебінің халықаралық стандарттары негізінде әзірленеді. Судьялардың кәсіби қызметін бағалауды Сот жюриі жүзеге асырмақ.

«100 нақты қадамның» 20-қадамында барлық сот процестерін аудио-бейне жазбаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу көзделінген. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Оған сәйкес, қаралатын сот отырыстарының барлығы аудио-бейне жазбаларға түсірілетін болады. Елбасы негіздеп берген осы заңдық ереже елімізде сот әділдігін жүзеге асырудың бірден-бір кепілі болып табылады. Өйткені, сот өндірісіне енгізілген жаңа технологиялар, ең алдымен, қағазбастылықты, екіншіден, процессуалдық емес байланыстарды азайтады. Арыздар және өзге де құжаттар электронды форматта қабылданады. Сөйтіп, әрбір қазақстандық электронды кілт арқылы сот кабинетіне кіріп, өз ісін қашықтықтан қадағалап отыру мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, өзінің ісі қай кезеңде тұрғандығын көріп, сот тәжірибесімен, хаттамамен және сот шешімімен таныса алады.

Заң үстемдігін қамтамасыз етуде басымдық берілген «100 нақты қадам­ның» 21-қадамында алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңей­туге, алқа билер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің кате­горияларын анықтауға аса мән беріл­ген. Мемлекет басшысы биылғы 31 қазанда қол қойған Заңға сәйкес, алқа билер қатыстырылатын соттардың қарау­ын­дағы істердің аясы ұлғайтылып, қосымша төрт құраммен толықтырылды.

Ұлт жоспарының 22-қадамында адамның және азаматтардың консти­туциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету көзделген. Осы арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Осы жылғы 31 қазандағы заңға сәйкес, тергеу судьясына қосымша төрт процессуалдық әрекетке рұқсат етілген. Бұдан бұлай тергеу судьясы тексеру, тінту, алу және жеке адамды тінту әрекеттерін жүзеге асыруға құқылы.

Елімізде сот жүйесін реформалауға арналған басымдықтар қатарында инвестициялық даулар бойынша ірі инвес­торлар қатысатын дауларды қарау үшін Жоғарғы Сотта инвестициялық алқаны ұйымдастыру 23-қадамда баяндалған. Ұлт жоспарының аталған қадамын іске асыруда ірі инвесторлардың қатысуларымен инвестициялық дауларды Жоғарғы Сот жанынан құрылатын мамандандырылған алқа қарайтын болады. Құқықтық қорғаудың бұл жаңа деңгейі бизнестің жүргізілуіне қолайлы жағдай туғызады, инвесторлардың қазақстандық сот әділдігіне сенімін арттырады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміздің инвестициялық тартымдылығын одан әрі ұлғайта бермек. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қою рәсімінде «Еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартуға бағытталған инвестициялық дауларды қараудың, жекеменшік институтын нығайтудың жаңа тәртібі енгізіледі, бұл алдағы экономикалық өсім үшін маңызды», деп ерекше атап өткен болатын.

Реформалық құжаттың 24-қадамы Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында aifc халықаралық арбитраждық орталығын құруды қарастырады. Мемлекет басшысы Астана қаласында қаржы орталығы аясында қаржы сотын құруға бағытталған Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ол сот ерекше мәртебеге ие, еліміздің сот жүйесінен дербес, Дубай қаржы орталығы сотының үлгісінде құрылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) «жалпы құқық» нормалары (ағылшын-саксондық жүйе) қолданылатын дербес әкімшілік-құқықтық реттеу негізінде жұмыс істейді. Оның жұмысына шетелдік судьялар, арбитрлар және заң саласының білікті мамандары тартылады.

«100 нақты қадамның» 25-қадамы шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құруды көздейді. Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады.

Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту, Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізу жөнінде 26-қадамда барынша қамтылған. Осыған сай, жаңа сипатта көптеген іргелі істер жасалды. Мемлекет басшысы осы жылғы 31 қазанда жаңа кодекстегі маңызды жаңа өзгерістерді атап өтті. Мысалы, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурордың қатысуын азайту, іс жүргізудің жеңілдетілген түрін кеңінен қолдану, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа жағдаяттарға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу мәселелері жаңа заңда тұжырымдалды.

Еліміздің сот жүйесі жаңа жылдан бас­тап осы реформалық келелі міндеттерді белсенділікпен және табандылықпен жүзеге асыруға жұмыла кірісетін болады.

Бүгінде ұлттық сот жүйесі өзінің тиімділігін көрсетуде. Бұған көптеген халықаралық деңгейде берілген бағалар мен әлеуметтік сауалнамалардың қорытындылары айқын дәлел. Мәселен, 2002 жылдан бастап Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» жобасы аясында әлемдегі 189 елдің экономикасына қатысты жыл сайынғы рейтинг шығарылады. Рейтинг кәсіпкерлік қызметке қатысты нормативтік құқықтық актілерді және оның нормаларының орындалуын бағалау нәтижесі бойынша қалыптасады.

Қазақстан аталған рейтингке 2009 жылдан бастап қатысып келеді. Бұл рейтинг әлемдік инвесторлардың инвестициялық шешім қабылдауына және көптеген мемлекеттер үшін өздерінің экономикалық әлеуетін бағалауына оң ықпал етеді. Рейтинг көптеген елдер үшін бір қала және 10 негізгі индикатор бойынша есептеледі. Қазақстанда Алматы қаласының көрсеткіштері негізге алынды. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінің есебі бойынша Қазақстан өзінің былтырғы рейтингісін 12 позицияға жақсартып, 53-тен 41-орынға көтерілді.

Сондай-ақ, осы рейтингте сот жүйесінің қызметі «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша да бағаланады. Қазақстан бұл индикатор бойынша өз көрсеткішін 5 позицияға жақсартып, 14-орыннан 9-орынға көтерілді.

Бұл – республика бойынша сот жүйесін дамыту жөніндегі атқарылып жатқан Елбасы саясатының тікелей нәтижесі.

Ұлт жоспарын орындау барысында соттардың жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Олар неғұрлым кәсіби, жедел, ашық, қолжетімді, әділ әрі тәуелсіз бола түседі. Соттардың ашықтығын арттыру жөніндегі практикалық құралдар күшейтілуде. Еліміздің кез келген азаматы өздерінің заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіне алады. Сөйтіп, заң жолымен конституциялық құқықтарының қорғалуын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қамтамасыз ететін болады.

Біздер үшін, барлық қазақстандықтар үшін ең басты құндылық – ел Тәуелсіздігінің ғұмырлы әрі баянды болуы! Елбасы айтқандай, «Қазақстан тәуелсіздігі – ең алдымен ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі» екенін мақтан тұтып, оны көзіміздің қарашығындай әрдайым қастерлеп жүрейік.

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының Төрағасы.

АСТАНА.

http://egemen.kz/