Бұл елді мекенді осындай жерұйыққа айналдырған шаруашылық басшысы
Борис Павлович Князевке елдің айтар алғысы мол
Қамысты ауданындағы «Алтынсарино» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықта жатыр. Жеңіл көлікпен сағатына 80 шақырымнан алып отырғанда, 4 сағатқа жуық жүреді. Ауыл шаруашылығының іргесі шайқалған 90-шы жылдары облыста бірнеше кеңшар директорлары шаруашылықты шашау шығармай ұстап қалды. Соның бірі Борис Князев болатын. Сол жылдары алтынсариндіктер өзгелер секілді үріккен киіктей үдере көшкен жоқ. Өйткені, білікті басшысы бар ауыл адамдары арқасын үйге сүйегендей бір сенімнің жетегінде болды.
Князевтің өмірден түйгені – алдымен адамның қарны тоқ болуы керек. Ол ауыл адамдарын түгелге жуық жұмыспен қамтуға тырысты. Егін егуге қазақтың даласы жетеді. Мал ұстайды. Бүгінде Алтынсарин ауылында тұратын барлық адам саны 1800-дей болса, соның шаруашылықта еңбек ететіні 700! Жұмыс жоқ деп екі қолын қалтасына салып, қарап отырған ешкім жоқ, қалған бірен-сараны өз қорасындағы малын айналдырады. Ол да табыс. Ауылдастарына шөптің тоннасын 5 мың теңгеден түсіріп береді, жемі де дайын. Шаруашылық 86 мың гектарға дәнді дақылдар, 10 мың гектарға жем-азықтық шөп, Ақтөбе облысының жеріне тағы да 24 мың гектар бидай егеді. Биыл күзде «Алтынсарино» шаруашылығы Ақтөбе облысындағы астық алқабынан гектарына 15 центнерден, Қамысты ауданындағы жерінен 12 центнерден қызыл бидай жинады. Шөлейт аймақ үшін бұл аз көрсеткіш емес. Осының барлығы маңдайдан терді бұршақтап ағызатын еңбек, бейнет. Жерді күтпей, барын қырғыштап сыпырып ала бергенді Князев диқан қатарына қоспайды, жерге азар берген деп есептейді. Білікті басшы ауыл шаруашылығын дамытудың бүгінгі бағытын жақсы түсінген. Мал шаруашылығында мал тұқымын асылдандыру ғана табысқа жеткізеді. Қазір ет бағытындағы малдың саны шаруашылықта 2 мың басқа жетті. Борис Павлович 2017 жылы ол 3 мың бас болатынын айтты. Сондықтан еңбек еткеннің уыстап алары да бар. «Алтынсарино» шаруашылығының жұмысшылары 2015 жылды орташа алғанда 101 мың теңге жалақымен жапқалы отыр.
– Табыс мол болған соң да, ауылдастарымның әлеуметтік жағдайы жақсы. Мысалы, Алтынсарин ауылында 320 түтін бар, осы 320 үйде 450 жеңіл машина бар. Ауылдағылар ешнәрсеге зәру емес, бақуатты тұрады. Соңғы жылдары тек жаңа үйлер салып жатырмыз. Келген жас мамандарды жаңа үйге кіргіземіз. Ауылдың да, шаруашылықтың да болашағы солар болған соң, олардан аяйтын да ештеңем жоқ, – дейді Борис Павлович.
Мектеп болмаған жерде қай ауылың да тұл болады. Сондықтан Князев алдымен мектеп пен балабақшаны қолға алды. Кеңес уақыты кезінен жүдеп тұрған мектепті еуростандартпен жөндеді. «Қарлығаш» балабақшасын да ойыншықтай етіп қойды. Қаладағы балабақшалардан бір де кем түспейді. Қалада да, ауылда да адамдар рухани азықсыз тұра алмайды. Руханият болмаған жердегі тоқшылық азғындыққа әкеледі. Князев мұны да ойлаған, сондықтан клубты жөндеді. Ішіне кірсең шыққысыз. Оған мамандар алып, ауылда айта қаларлық көркемөнерпаздар ансамблі, үйірмелер жұмыс істеуін талап етті. Қазір ауылдағы мереке ауыл өнерпаздарының концертінсіз өтпейді. Ауыл әртістерінің сұрағанын шаруашылық басшысы екі сөзге келмей алып береді. Бұл ауылдағы мейрамхананы көрсеңіз. Алтынсарин ауылынан 30 шақырым жерде жатқан Орқаш, Свободный ауылындағылар аудан орталығы Қамысты селосын алыссынып, той-томалағын осы мейрамханаға келіп өткізеді. Осыдан-ақ оның қандай дәрежеде екенін білуге болар.
«Уақыттың құм сағаттай сусып кететінін байқай бермейміз. Уақытпен санаспағандықтан да істен ұтылып жатамыз». Бұл Князев жұмысындағы басты қағидалардың бірі. Бүгінгі механизаторлар да, мамандар да өмірдің заңынан тыс тұра алмас, қартаяр, өзі де жағаға шығар.Сондықтан ол әлеуметтік жұмыстарды жастар мен балалардың сұранысына қарай бұруды ойлады. Жаз айларында бұл ауылға келген адам оазиске жолыққандай әсерде қалады. Тал-терегі жайқалып, ауылдың ішінде бірнеше жерде субұрқақтар атқылап тұр. Ауылдың қақ ортасында бассейн бар. Каникулға шыққан балалар суға түсіп, күнге күйіп демалады. Әрі оның қауіпсіздігі мен тазалығын айтыңыз. Ауылдың қарадомалақтарын, сарыүрпектерін тек стадионнан көресіз. Ал егін жиылып болған соң, қыстыгүні ауыл жастарының бос уақыты көптеу болады. Осыны байқаған Князев бірер жыл бұрын шаруашылықтың мамандарына: «Спорт кешенін саламыз», деп гүр ете қалған.
– «Бәліш пісірген етікші болмайды», деген орыс мақалы бар. Шаруашылықтың негізгі міндеті егін егу, астық өндіру ғой. Құрылыс жұмысын жүргізу оңай емес екен. Спорт кешені шаруашылыққа 100 миллион теңгеге жуық қаржыға түсті. Бұл оңай ма? Ал қазір ол ауылдастардың игілігіне, жастардың, балалардың сүйікті орнына айналды. Ішінде себезгі дейсіз бе, тренажер дейсіз бе – спортқа керектің бәрі бар. Волейбол, баскетбол, күрес залдарында жарыс қызып жатады. Тіпті, командаларға бұрын сыртқа шыға қоймайтын үй шаруасындағы әйелдерді де қосып алған. Қызықтың бәрі сонда, – дейді Борис Павлович.
Алтынсарин ауылында небір майталман механизаторлар тұрады. Олар қазір бұрынғыдай «Енисей» комбайны мен «Беларусь» тракторын қойған, шетелдік озық техникалармен ғана жұмыс істейді. Білетіндер «Алтынсарино» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі техника паркінде шаруашылықтың механизаторлар даярлайтын өз курсы бар дейді. Оларға сабақ өткізетін білгірдің бірі Борис Князевтің өзі. Ал шаруашылықтағы әлгі «Енисей» мен «Беларусь» тракторлары, бұрынғы шағын жүк машиналары, ауылдастар мінген «Запорожецтер» қайда кетті дейсіз ғой. Айтайық.
Алтынсарин ауылында ескі машина-трактор стансасы бар. Ауылға сырттан келген кісі ойлағандай, бұл шаруашылықтың техника сақтайтын паркі емес, ауыл музейінің бір бөлімі. Өткен ғасырдың ортасында құрылған Алтынсарин атындағы кеңшар, одан бергі уақытта шаруашылық пайдаланған техниканың неше атасын осы музейден табасыз. 40 ескі техника ауыл музейінің жәдігеріне айналған. Жәдігер техникалардың ең «кәрісі» осы өңірде Ұлы Отан соғысынан бұрынғы жылдары жүрген машиналар екен. Князевтің «қиялилығын» қайтерсіз. 1956 жылы бір трактор ауыл сыртындағы көлге батып кеткен дегенді ауыл ақсақалдарынан естіп, соны іздейді ғой. Судың астында, батпаққа батып жатқан тракторды сүйреп шығарып, сырлап музей техникаларын толықтырып қойды. Мамыр айында бұл өңір құлпырып кетеді, Алтынсарин ауылының сырты қызғалдақ жамылады. Топырақ исініп, дән себер кезде ауылдастар да еңбекке жұдырықтай жұмылып ұмтылады. Жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – 1 мамыр күнін тойлау Алтынсарин ауылында музейде тұрған техникалар шеруінен басталады. Өмір ағымынан шығып қалған техника маркалары ауылдастарға тұтас дәуір тарихын, еңбек пен ерліктің жырын айтып бара жатқандай әсер береді. Музейде қазақ даласының тарихынан басталып, соғыс, тың көтеру, Тәуелсіздіктің келу кезеңдерін қамтыған, Алтынсарин ауылында тұратын әр ұлттың дәстүр-салты, еңбек майталмандары, ауылы үлгі тұтқан адамдар туралы деректер жетеді. Музей жәдігерлерінің барлығы тек осы ауылдан жиналған.
Шаруашылық биыл егінін дер уақытында егіп, астықты дер уақытында жинап алды. Ауылдың өнертапқыштары жасаған қойманы да жұрт айта алмай жүр. Астыққа су, қар тимейді, шаруашылық қашан сатса да дән бүлінейін деп тұрған жоқ. Шаруашылық теміржол тұйығын тартып алғалы да шамалы жыл болды. Олар астықты шаруашылықтың өзінен бірден вагонға артады.
– Алтынсарин-Хромтау теміржолының біздің ауылдан өтуі біз жайлап отырған жердің құтына айналды. Қазір Алтынсарин стансасынан көмір аламыз, бұрынғыдай жүздеген шақырым жерден тасымаймыз, жанар-жағармайды да осы стансадан тасимыз. Теміржолдың арқасында егін алқабын да кеңейттік. Сатқан астықты осы стансадан өзге өңірлерге, элеваторларға бірден артамыз. Қысқасы, теміржолдың келуі шаруашылықтың екінші тынысын ашты. Теміржолдан жолаушылар пойызы жүреді, ауылдастар стансадан пойызға отырады. Астана, Қостанай, Ақтөбе бізге алыс болмай қалды, – дейді Борис Павлович.
Князев – облыстағы меценаттардың бірі. Ол өткен жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин Торғайда ашқан тұңғыш мектептің 150 жылдық мерекесіне орай білім ұясына 2 миллион теңге тұратын телескоп сыйлады.
– Мен шаруашылықты қайта тіркеткенде оның атын өзгерткен жоқпын. Алтынсарин атында аудан, мектеп, институт, көше, тағы басқалары болған соң, өзім «Алтынсарино» деп атағанды жөн көрдім. Мен осы ұлы адамның есімін ерекше құрметтеймін. Алтынсариннің халқы үшін істеген еңбегінің барлығына қанықтым, қайран қалдым. Ыбырай 19-20 жасында мектеп ашып, алфавит тізіп, әліппе жазды! Бұл оның жасы үшін өте үлкен іс еді. Қазіргі сол жастағы балалардың қайсыбірі жыламай тамағын ішпейді. Ыбырай ағартушының осыдан бір жарым ғасыр бұрын бастаған ісі бүгін де маңызын жойған жоқ. Мысалы кәсіптік білімді айтамын. Алтынсариннің көрген бейнеті де аз болмаған. Ол тек қазақ балаларын ғана емес, орыс балалары үшін де мектеп ашты. Ұлы адамдар барлығына ортақ болады, – деді Борис Павлович.
Қоштасарда ірі шаруашылық ұйымдастырушыдан ауылдың ертеңі туралы пікірін білгіміз келген.
– Ауыл шаруашылығы, бұл алдымен азық-түлік деген сөз. Мен агроном мамандығын игергеніме еш өкінбеймін, мақтанамын. Адам үшін ең керегі не? Нан! Сол үшін ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек. Ол дегеніңіз жаңа технология, малды асылдандыру, озық техника, жаңа тұқымдар шығару, ғылымды дамыту емес пе? Біздің мақсат – елімізде азық-түлік молшылығын жасау. Адамдар тоқ болса, алаң болмайды. Адамдар өмірі жақсарған елде соғыс, қантөгіс, ұлт араздығы, берекесіздік орын алмайды. Бәріміз ауыл-селодан шыққанбыз, ауыл-село – береке, – деді Борис Павлович.
Еңбек – байлық – жақсы тұрмыс – ұрпақ тәрбиесі. Князев жұмысының схемасы осындай.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Қамысты ауданы,
Алтынсарин ауылы.
http://egemen.kz/