Оған мемлекеттен қолдау бар.
Инвесторлар тарапынан да қадамдар жасалуда. Енді ондағы елдің өзінен ұсыныс, құлшыныс қажет.
Жұмыр жерді елесі кезген экономикалық дағдарысты еңсеру өндірісті қалалардың да, мал бағып, егін еккен, терін топыраққа сіңірген ауыл тұрғындарын да айналып өтпейтіні айқын. Осындай алмағайып кезеңде мұнайлы елдің халқы мұнай бағасы түскен уақытта нендей сынақтарға төтеп беруге тиіс? Осы мәселе туралы «KazService» Қазақстандағы мұнайсервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВтың пікірін білген едік.
– Рашид Хасенұлы, өзіңізді әңгімеге тартып, ойларыңызбен бөліссек деп едік. Әлемді кеулеген дағдарыс ойлы адамды түрлі тереңге батыратыны анық. Осы бір кезде қай тұсқа назар аударғанды маңызды санайсыз?
– Әлемдік нарықта шикізат бағасының арзандауы Қазақстан экономикасы үшін сынақ қана емес, сабақ та болды. Мұнайдың қазіргі бағасы 50 доллардан аспай тұр, ол алдағы уақытта көтеріле ме және қанша межеге дейін көтерілуі мүмкін, мұның барлығы қазіргі күні беймәлімнің бақшасындағы жеміс. Бұл жалғыз біздің елімізге тән емес, бүкіл дүниежүзіне қатысты. Тіпті, көмірсутегі шикізаты қымбаттаған күннің өзінде, бұл жиі құбылып тұратын сектор. Бағаның аумалы-төкпелілігі тек көмірсутегіне ғана емес, шикізатқа тәуелді кез келген салаға да қатысты.
Қазіргі күні шикізатқа иек артып үйренген компаниялардың жағдайы аса мәз емес. Қазақстан енді шикізатқа ғана сүйенбей, экономиканың басқа салаларын, атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алады. Демек, дағдарысты сынақ қана емес, мүмкіндік ретінде қарастырған жөн. Көзін тапса, ауыл шаруашылығынан түсетін табыс шикізаттан аз емес. Түбінде жер игеріп, мал баққан озады. Төрт түлігін түгендеген кәсіпкер төрге шығады. Халқымыз Қаз дауысты Қазыбек баба айтқандай, ежелден мал баққан ел емес пе. Сондықтан да, атакәсіпті өркендету еліміз үшін аса маңызды іс дер едім. Оның үстіне планетада жыл өткен сайын адам санының артуы азық-түліктің қажеттігін жақын 10-15 жылдың ішінде алдыңғы орындарға шығаратыны анық. Көршіміз Қытай мемлекеті өзінің демографиялық саясатындағы шектеуді алып тастағанын да естіп-біліп отырмыз. Үндістанда да халық өсімі өте жоғары. Ал бұлар біздің аймаққа жақын жатқан елдер.
– Ойыңыз орынды, алайда, ауылдағы бүгінгі тыныс сол жүкті көтеріп шыға ала ма? Мемлекет тарапынан ауылдың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған бірқатар арнайы бағдарламалар қабылданды. Алайда, ауыл халқы әлі де әлеуметтік жағынан әлжуаз.
– Мемлекет ауылдың жағдайын оңалту үшін көп шаруа жасаған жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте алмаймыз, көп шаралар атқарылды. Ауызсу, көгілдір отын тарту, ескірген әлеуметтік нысандарды жаңарту сияқты жұмыстар тындырылып жатыр. Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында кешенді жұмыстар жасалуда.
Меніңше, негізгі проблема ауыл тұрғындарының, мамандарының нарықтық экономикадан өз орындарын таба алмауында. Мемлекет тарапынан қолдау бар, инвесторлар тарапынан да нақты қадамдар бар. Бірақ, кей кезде ауылдың өзінен де ұсыныс, құлшыныс күту керек сияқты.
Экономикалық дағдарыс кезінде басқасын айтпағанда, ауылдық елді мекендерге айрықша көңіл бөлу керек. Себебі, шикізаттың бағасы түскен кезеңде ауыл шаруашылығына иек артуға мәжбүрміз. Өкінішке қарай, еліміздің экономикасына миллиардтаған пайда әкеліп отырған өңірлерде өлместің күнін кешіп отырған ауылдар бар. Қазақстанда мұнайдың 35 пайызы Жылыой ауданында өндіріледі. «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген мақалды осы Жылыойға қатысты айтуға болатын шығар. Сенсеңіз, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отырған осы ауданда басқасын айтпағанда, ауызсудың өзі сағатпен беріледі, қателеспесем тәулігіне 5 сағат болу керек. Су тартатын құбырлардың тозығы жеткен, судың сапасы нашар.
– Ауылдың өзіңіз айтқандай, нарықтық экономикаға бейімделе алмауына не себеп?
– Бірінші себеп, халықтың кеңестік кезеңнен қалған көзқарастан толық арылмауы. Яғни, адамдар әлі де болса мемлекеттен көмек күтіп отыруға пейіл. Үкімет келіп барлығын жасап беру керек деп ойлайды. Ал нарықтық экономиканың ойын тәртібі мүлде бөлек. Онда керісінше, адам өзінің мемлекетке пайдалы екендігін дәлелдеуі тиіс. Мемлекетке пайдалы екендігін көрсету арқылы ол өзінің пайдалы екендігін сезінеді. Дегенмен, ауылдың халқын «Сендер дұрыс ойламайсыңдар, дұрыс істемейсіңдер», деп жазғыруға да біздің аузымыз бармайды. Егер ауылдың балаларына қаладан кем түспейтін сапалы білім берілсе, ақпараттандыру жолға қойылса, олардың тарапынан да құлшыныс, ілгері ұмтылулар күшейер еді.
Мемлекет халықтың денсаулығына және білім алуына жауапты. Жоғары оқу орнын бітірген білімді жастарды ауылға зорлап апара алмайсың. «Жастар – ауылға!» деген арнайы жоба жүзеге асырылды, соның арқасында ауыл халқының біршама жағдайы жақсарып, жастар жұмыспен қамтылды. Дегенмен, бұл әлі де болса аздық етеді. Егер жас мамандарға қаладағы дәрігерлер мен мұғалімдерден бірнеше есе мол жалақы тағайындап ауылға шақырсақ, олар қуана барар еді. Ол үшін аса көп қаражат кете де қоймайды. Қазір елімізде екі жарым мың ауыл бар десек, егер ірілендіру ісі жолға қойылса, олардың ұзын саны мың жарымға жуықтауы мүмкін. Егер ауыл халқының үлесі жалпы халықтың 43 пайызын құрайтынын, 99 пайызы қазақтар екенін ескерсек, дәл осы мәселеден қаржы аяп қалуға болмайды деп санаймын.
– Сонда сіздің ойыңызша ауылдың экономикалық, әлеуметтік жағынан өз бетінше дамитын жағдайға жетуі үшін нақты қандай жұмыстарды атқарған жөн?
–Бірінші кезекте, халықты өзінің әлеуетін көрсете алатын, өзін өзі дамытуға жол ашатын мамандықтарға баулу керек дер едім. Ол үшін алдымен кеңестік кезден қалған кәсіптік-техникалық училищелердің бәрін зерттеп, білім базаларын дамытуға тиіспіз. Неге қалаларда ашылған «арнайы экономикалық аймақтарды» ауылдық жерлерде іске асырмасқа? Сізге бір мысал келтірейін. Алматы облысы Ақсу ауданында үлкен қант зауыты бар. КСРО кезеңіндегі 148 қант зауытының ішінде ең ірі тоғыз қант зауыты болған, сол тоғыздың біреуі. Қазір сол зауыт өзінің бұрынғы қуатының 10 пайызын да орындап жатқан жоқ. Осы зауыттың базасындағы орындарды ауылдың еті тірі жігіттеріне неге бермеске?! Ынтасы бар, білімді жігіттер тігін өндірісін ашсын, нан шығаратын, ет шығаратын өндіріс ошақтарын ашсын. Айта берсек, мұндай мысалдар көп.
Екіншіден, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың жауапкершілігін ауылдықтардың өздерінің мойнына салмайынша, оларды жұмыс істету қиын. Осыған дейін ауылды өркендетуге арналған бағдарламалар, құжаттар қабылданды. Олар өз дәрежесінде жеміс берді. Алайда, бағдарлама мерзімі аяқталғаннан кейін ауылдықтар бәз-баяғы қалпынша мемлекетке қарап аузын ашып отыратын әдетіне басады. Себебі, жауапкершілікті өздері арқалап үйренбеген, жасалған көмектерді пайдаланып одан әрі өзі дамытып әкетуге дағдыланбаған.
Үшіншіден, ауылды көтеруге бөлінген қаражаттың қайтарымы да алдын ала есептелу керек. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, қаражат нақты пайда әкелетін іске жұмсалуға тиіс. Әрине, 10 мың доллар салып, оны еселеп қайтарамыз деу артық айтқандық болар. Дегенмен, егер бөлінген 100 мың доллардың үстінен ең болмаса 10 мың доллар табыс алуға болса, одан қаржы аяуға болмайды. Өкінішке қарай, ауылда бәленбай мың түп көшет отырғызу үшін қаражат бөлінеді, келесі жылы ол көшеттер көктеп өсті ме, әлде көктей солды ма? Оны да қадағалап жатқан ешкім жоқ.
Төртіншіден, шағын несие беретін мекемелер ауылмен тиімді жұмыс істеу формасын әзірлеп, мемлекетке өткізу керек. Қазір ауылда өз бизнесін бастағысы келетін, бастаған бизнесін дамытқысы келетін жастар өсіп келеді. Тәуелсіздік жылдары туған балалардың ойлау қабілеті кеңестік кезде өмір сүргендерден мүлде бөлек, масылдық психологияға бой алдыра қоймаған. Сәл мүмкіндік берсең, жеке шаруаларын бастауға құлшынып тұр.
– Жасыратыны жоқ, тоқсаныншы жылдары көптеген шағын ауылдар жоғалып кетті. Қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде тағы сол «сценарий» қайталануы мүмкін бе?
– 2400 ауылдық елді мекенді аз уақыт ішінде аяғынан тік тұрғызу қиын шаруа. Сол үшін ауылдарды ірілендіру мәселесін қолға алу керек деп санаймын. Оны ауыл халқын қалаға көшіру деп қате түсінбеу керек. Тоқсаныншы жылдары назардан тыс қалған ауылдардың халқы қалаға босып көшкенін көрдік. Егер өзіміз жүйелі түрде ірілендіру жұмысын қолға алмасақ, дағдарыс бәрібір дегенін істеуі мүмкін. Яғни, тоқсаныншы жылдардағы жағдайдың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Оны болдырмау үшін көршілес орналасқан шағын елді мекендерді қосып, ірілендіру қажет.
Ауыл халқының әлеуметтік тыныс-тіршілігіне ең үлкен ықпал етіп жатқан салалардың бірі – теміржол. Ірі теміржол желілерінің, тас жолдардың бойында орналасқан ауылдардың жағдайы түкпірдегі елді мекендермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Жолдың бойынан оларға жұмыс табылады, сауда жасауға да мүмкіндік бар, коммункациядан да қиналмайды. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген аталарымыздың сөзін бүгінгі теміржолға қатысты айтуға болады.
– Ал теміржолдан шалғайда жатқан жүздеген, бәлкім, мыңға жуықтайтын ауылдардың жайы не болмақ?
– Бізде Зайсан, Балқаш, Каспий сынды балығы көп теңіз, көлдер бар. Сол көлдердің маңында қоныс теуіп, балық аулаумен айналысып жатқан ірі компаниялар да бар. Қазір сондай компаниялар балық аулауға лицензия алып алды да, ауыл халқы балықшы болып алды. Әлгі ірі компаниялар өзен-көлдерде балық өсірумен айналыспайды, төңірегіндегі ауылдардың инфрақұрылымына инвестиция құюмен жұмысы да жоқ, жергілікті балықшылардың ауын немесе қайығын жаңартып беруге де бастарын ауыртпайды. Олардың айналысатыны – өнімді дайындау ғана. Алпауыт компаниялар жергілікті балықшылардың балығын 250 теңгеден сатып алып, жақын шетелдерге 650 теңгеге сатады, сөйтіп 400 теңге пайда табады. Бір сөзбен айтқанда, олар таза алыпсатарлықпен айналысып отыр. Оларға лицензия бермес бұрын қанша ау-құралы, қайығы, тоңазытқышы бар екенін ғана тексеру аздық етеді. Мұнай, қара металл секторындағы компанияларға қандай талап қойылса, оларға да сондай талап қою керек. Олар өздері жұмыс істейтін ауыл немесе аудан орталығын көркейту үшін қаражат бөлуге міндеттелуі тиіс. Себебі, олар да елдің байлығын өндіріп жатыр.
Елбасы жариялаған Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» 56-шы қадамында «Зәкірлік инвесторлармен» бірлескен кәсіпорындар құру туралы айтылған. Әлгіндей алпауыт компаниялар өздері ғана пайда тауып қоймай, өңірлерде бизнестің өркендеуіне де септігін тигізуі керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы.
Тағы бір мысал айтайын. «Теңізшевройл» компаниясында бір ауысымда 5 мың адам жұмыс істейді. Осы 5 мың жұмысшы күн сайын 350 грамм ет жейді, ол етті компания шетелден алдырады. Есептеп көрсек, тек ет сатып алу үшін жыл сайын 100 миллион доллардан астам тапсырыс шетелге кетеді екен. Қазақстанда ет бар, соятын мал да жетеді. Ауылдың халқы малдарын қара базарда арзанға саудалап жүргенде, не үшін шетелден миллиондаған долларға ет алдыруға тиіспіз? «ТШО» ғана емес, Қазақстанда басқа да алпауыт компаниялар бар, бір ғана Еуразиялық топтың өзінде 60 мыңнан астам металлург, энергетик, кенші жұмыс істейді. Қазақстанның барлық өңірінде мыңдаған адам жұмыс істейтін ірі компаниялар бар. Олардың барлығы тамағын шетелден алдыруға әдеттенген. Осынша жұмыскерлердің барлығын етпен қамтуды шетелсіз-ақ, өз елімізде ұйымдастыруға болмай ма?! Болады, әрине. Басқасын қоя тұрып, тек ет өндіруді жолға қою арқылы жүздеген миллион, бәлкім миллиард пайда тауып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға болар еді.
– Сіз жоғарыда ауылдық жерлердің халқы нарықтық экономикаға бейімделіп үлгермегенін айттыңыз. Компанияларға жауапкершілік жүктегеннен олар масылдық психологияға одан сайын бой алдырмай ма?
– Егер шалғайдағы елді мекендерді ірілендіруді қолға алсақ, халық көп шығынданбайды. Біріншіден, екі қолға бір күрек табылады. Екіншіден, жұмысы болғасын, баспана салып алуға да соншалықты көп қиналмайды. Яғни, өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ауыл адамдарына экономикалық пайда табу көздерін ашып берсек, соғұрлым мемлекеттің әлеуметтік пакеті жеңілдейді. Өз еңбегінің жемісін көруді үйренген адамдар керісінше, масылдық психологиядан арылар еді.
Ауылда үйін жаңалауға 10 мың доллар таба алмаған адамдар Астанаға немесе Алматыға келіп қалай 50 мың долларға үй алады?! Логика қайда?! Ауылдан қалаға келген бала жұмыс таппай үш күн аш жүреді, төртінші күні ұрлық жасайды, қылмысқа барады. Не болмаса, жат ағымдардың жетегіне еріп кетуі мүмкін. Ауылдарды ірілендіру арқылы осындай күрделі проблемалардың да алдын алуға болар еді.
Ендігі уақытта ауыл шаруашылығы – еліміздің экономикасының тірегі болуға әбден лайықты сала. Қала халқын енді күштеп ауылға көшіріп, ауыл шаруашылығына бейімдей алмаспыз. Есесіне, ауылдың халқына жағдай туғыза аламыз. Ауыл шаруашылығы дамыған елдерде миллиондаған халқы бар қалаларды фермерлер асырап отыр. Қазақстанның демографиясына үлес қосып отырған да қарапайым ауыл халқы. Сол ауылда өсіп жатқан жастар болашақта еліміздің әскери, экономикалық, саяси тұғыры болуға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».