АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ықшамауданда дым жоқ

13451Газетіміздің өткен аптадағы санында (№49 (569) 04.12.2015) «Ықшамауданда мектеп жоқ» деген мақала жариялаған едік. Онда Алматының Алатау ауданына қарасты Дархан мен Байбесік ықшамаудандарындағы түйткілді мәселе айтылған. Ықшамауданда мектептің жоқтығы, оқушылардың көрші ауылдарға қатынап оқитыны, көлік мәселесінің қиындығы тақырыпқа арқау болды. Газетіміздің бүгінгі санында Алматының тағы бір ықшамауданындағы көкейкесті мәселе қаралып отыр…

Алматының Түрксіб ауданына қарасты «Әлмерек» ықшамауданы ескерусіз мекен дерсің. Тас жолдың белгісі әр жерде қарауытады. Бұдан 30-40 жыл бұрын төселген асфальттан қалған жұрнақ болса керек. Ал солтүстік-шығыс бөлігіндегі жаңа құрылыс тұрғындары жыл он екі ай қара балшық кешеді. Игерілмеген бос жер көп. «Бұл шаруа қожалығына қарасты жер» деп түсіндірді тұрғындар. Қожалыққа қожа боп отырған адам жоқ сияқты. 4-5 гектар жерді сора басқан.
Әлмерек ықшамауданының тұрғыны Ермек Бөлтіріков «Әлмеректің» қала құрамына енгеніне екі жыл өтті. Бірақ көрген күніміз осы. Жылда жаңадан жол салатын шығар деп үміттенеміз. Үмітіміз жыл соңында сағымға айналады. Әсіресе, сонау 1,5 шақырым жердегі мектепке таң қараңғысынан жаяу қатынайтын оқушы балаларымызға обал!» – деп отыр. Мейрамгүл Шырбанбайқызы есімді тағы бір тұрғын сөзге араласты. Ол «Осы жаңа құрылыста қазір жаңадан салынған үйдің саны жүзге жуық. Бірақ жол болмаған соң мұнда қоғамдық көлік те қатынамайды. Қоғамдық көлік қатынамағандықтан, үш шақырым жерде орналасқан аялдамаға әзер жетеміз. Қаладан су мен газ тартады деген сыбыс шығып еді. Қайдағы? Тым-тырыс! Тіпті су мен газ тұрмақ, жарықпен де қамтамасыз етпей отыр. Соның кесірінен, тұрғындар болып жиналып, тартып алған мына электр қуаты күн сайын жалп-жалп сөніп қалады. Қаншама техникамыз күйіп кетті. Шағымданбаған, бармаған жеріміз қалмады. Біз бір жұртта қалған ел болдық!» – деп мұңын шақты.
Ықшамауданда дым жоқҚұралай Нұрбекова «Мына әуежай қол созым жерде. Қыс болса, түтін мен тұманнан ұшақ ұшпай қалады. Ал «Әлмерек» пен анау сайдың арғы бетіндегі қара темірді қайта қорытатын зауыттың түтіні кінәлі. Неге бізге газды кіргізбей жатыр? Пәленбай миллион долларға жаңа әуежай салғанша, осы маңайды газдандырған экологияға да тиімді емес пе?» – дейді.
Тұрғындардың айтуынша, «Әлмерек» Талғар ауданынан Алматы қаласының құрамына көшкен сәтте-ақ, ұсақ-түйек дүкен мен кәсіпкерді Түрксіб аудандық салық инспекциясы шұғыл балансқа алыпты. Қоқыс жинаушылар да әбжіл екен. Дереу, тұрғындардың тізімін жазып алып, адам басына 500 теңгеден ақша жинауға кіріскен. Ықшамаудандағы халық «Алматы әкімдігіне «Сонда біз ақша мен салық төлеуші ретінде ғана керек болыппыз да, қала тұрғыны ретінде керек емеспіз бе?» – деп күйінеді.
Тұрғындарды тығырыққа тіреген мәселе жайлы «Жас қазақ» басылымы 2007 жылдан бері тынымсыз жазып келеді. Республикалық «31 арна», «КТК», «Еуразия бірінші арнасы» да бірнеше мәрте дабыл қақты. Бірақ сең қозғалған жоқ. Енді, Алматы қаласының жаңа әкімі Бауыржан Байбек тұрғындардың зарына құлақ асады деп сенеміз.

Тоқтар Жақаш, журналист
Алматы қаласы, Әлмерек ықшамауданы

«Жас қазақ» ұлттық апталық газеті